• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 09:06:29
+35°

11 Тамыз, 2017 Ұлт болмысы

Интернаттың баласы (Хикаят)

– Пах, шіркін! Жұпар аңқыған шұғынықтың иісін-ай!– деп қояды Қарашаш апай. Өзі қолына екі тал күрең қызыл шұғынық ұстап алыпты

«Ұлт болмысы» журналының «Алаш жолы»

әдеби шығармашылық бәйгесіне

Проза (повесть (хикаят), әңгіме) жанры бойынша:

Бүркеншік есім: Сарыбауыр

Сен баланы бала екен деп ойлама,

Сен оларсыз тойыңды да тойлама!

Батпырауық ұшыратын балалар

Бай болады бақытқа да, ойға да.

Ә. Қайран.

1.Мұқаншыны бәрі де қала дейтін...

Аудан орталығы Мұқаншыны айналасындағы ауыл адамдарының көпшілігі қала дейтін. Десе дегендей-ақ екен. Көшелері оқтай түзу әрі тақтайдай тегіс асфальт. Аттап басқан сайын атағаштай шошайған темір құдық. Шөлдедің бе, тұтқасын басып тұр да, шүмегінен сарылдаған тұп-тұнық, тастай суды қылқылдатып жұта бер. Оны місе тұтпасаң, әр бұрыш сайын кезігер дүкендерде газдалған тәтті сусын бар. Қырлы стақанмен жұтып салсаң, қос танауыңнан шыққан жалбыз тектес өткір иіс мұрныңды жара жаздайды. Әйтпесе, аузыңа салсаң, еріп қоя беретін сұп-суық, балдай тәтті балмұздақ сатып же. Ал қарның ашса, тәтті тоқаш, бәліш, самса, пірәндік, пешеней дегендерің де дүкендерде самсап тұр. Ақысын төле де алып жей бер. Қойшы, әйтеуір, қу жаныңа не қаласаң, бәрі бар...

Мұқаншыға алғаш рет аяқ басқан Нұрәділ үшін бәрі қызық, бәрі таңсық. Енді қайтсін, Қызылбұлақта мұның бірі де жоқ. Ауыл ортасындағы жалғыз дүкеннің ашылғанынан жабық тұрғаны көп. Басқасын қайдам, әйтеуір бастауышты бітіргенше сол дүкеннен бірде-бір рет балмұздақ пен лимонадтың сатылғанын көрмепті. Содан ба екен, таңертең автобустан түсе салысымен таңсық тәттілерге жауша тиген. Бір тәуірі бес жыл бойы осында оқып, жартылай мұқаншылық болып үлгерген әпкесі қолын қаққан жоқ. Күліп қойып, сұрағанын әперіп-ақ келеді.

Әпкесі екеуі түске шейін мектеп-интернатқа да барып, барлық құжаттарды тапсырып қайтты. Нұрәділ енді 5-сыныптан бастап осында оқымақ. Қызылбұлақтағы мектеп 4 жылдық қана. Оны бітірген бала оқуын не Көктеректен, не Мұқаншыдан жалғайды. Мәселен, Мұрат ағасы әлі күнге дейін Көктеректегі интернатта тұрып оқиды. Каникул мен мереке сайын келіп, киімдерін бүтіндетіп, кір-қоңын жуғызып кететін... Мұрат демалысқа келген сайын Нұрәділ оның жанын қоймай «Аға, айтшы, интернат дегенің өзі қандай болады?» деп сұрайтын. Ақыр баратын жері болған соң біле бергісі келеді ғой баяғы. Ағасы да ешқашан бәлсінген емес. Білгенін жыр қылып айтады. Бірде тіпті интернатты майын тамызып тұрып мақтағаны сонша, Нұрәділ дереу ауылды қойып, Көктерекке барып оқығысы келіп кеткен. Алайда ағасы қызды-қыздымен артықтау сілтеп жібергенін сезді ме, кім білсін: «Қой-ей, әшейін айтам. Сен сәл қарның ашса, бір күн де тоқтамай осында безетін шығарсың...» деп, қайта кері толқыған. Бұл да індете түсті: «Неге, онда тамақ бермей ме, немене?!» «Береді ғой, неге бермесін. Бірақ үйдің тамағындай қайдан болсын... Оның үстіне бәрі өлшеулі... Кейде қарның шұрылдағанда бар ғой, білесің бе, бәріне қол сілтеп, үйге қарай безіп кеткің кеп тұрады...– бала құсап шошаңдауды білмейтін, салмақты Мұрат үлкендерше кеңкілдеп тұрып күлді.

– Солай ма?!

  • Енді қалай ойлап ең?! Әйтпесе:

 Интернатский форма,

Екі жүз грамм норма.

Аш та қылмайт, тоқ та қылмайт,

Қашып кетсең, боқ та қылмайт...–

деген өлең тектен-текке шыға ма?!

Әйтсе де әлгі әңгімеден соң Нұрәділді интернат дегенің қилы-қилы қызықтың ордасындай арбады. Сыры мол сиқырлы әлемдей көрінген. «Несі бар, ел көргенді мен де көремін. «Көппен көрген ұлы той» деп бекер айтты деймісің? Шыдамай не көрініпті сонша?!» деп түйген ақыры. Биыл 5-сыныпқа барарда Көктерекке жиналып жүрсе, анасы аяқ астынан: «Жоқ, онда бармайсың. Дүние күйіп кетсе де биыл аудан орталығына, Мұқаншыға көшеміз. Шеттеріңнен қаңғырып, жаутаңкөз болып біттіңдер. Әзірше аудандағы интернатта оқи тұр. Көп ұзамай біз де жетеміз»,– деген еді. Содан бұл дәм тартып, оқуға осында аттанды...

2.Көрмегенге көсеу таң

Нұрәділдің интернатқа бірден бойы үйреніп кете қойған жоқ. Әуелде бәрі тосын, бәрі бөтен көрінген. Алғашқы күні-ақ шырт ұйқыда жатқанда ащы айқай естілген. Бұл – балалардың түнгі тәртібіне жауапты Қарлығаш апайдың дауысы екен:

– По-дь-е-е-м! Қане, тұрың-дар! Бол! Жылдам!– Бөлмелес балалар дереу атып-атып тұрысып, асығыс-үсігіс киімдерін киіп, төсектерін жинай бастаған. Енді біреулер сүлгі-сабынын қолтығына қысып, жуынатын бөлмеге жөнелді. Нұрәділ да елден көргенін істеп бақты. Дәлізге шыққанда көрді, екі қабатты жатақхананың іші араның ұясындай гу-гу етеді. Ерсілі-қарсылы қайшыласқан бала. Жуынатын бөлмеге бас сұғып еді, иін тірескен жұрт. Он шүмектің әрқайсына екі-үш баладан жабысып алған. Одан бері кезек тосқандар тіпті есіктің сыртына дейін шығып кеткен. Байқаса, жоғары сыныптағылар кезексіз-ақ өтіп, жуынып жатыр да, кішіректері еш амалсыз мөлиіп тұр. Нұрәділ де не істерін білмей тосылып тұр еді, біреу жеңінен тартты. Қатарлас төсекте жататын көк көзді, сап-сары шашты Нұрыш деген бала екен:

– Жүр, кеттік! Мына кезек бізге жеткенше, сапқа шақырады. Одан кешіксең, аш қаласың!– деді. Бұл аң-таң:

– Жуынбаймыз ба сонда!?

–Үндеме, сосын айтам, жүр, жүр!– Амал жоқ, үн-түнсіз Нұрыштың соңынан емпеңдей жөнелді. Асхананың арғы жағында қазандық бар екен. Мұндағы орыс шалыс жұрт оны «Кочегар» дейді. Сол жерде елеусіздеу бір шүмек тұр. Нұрыш екеуі содан дұрыстап жуынып алды.

– Байқа, мұнда менсіз келем деп арандап қалма! От жағатын ағай көрсе, оңдырмайды!

– Неге?! Тегін суды да аяй ма?

– Жо-ға...аямайды ғой...Көп бала жуынса, мына жер ми батпақ болып кетеді. Әлгінде үндеме дегенім де сол! Біздің мұнда кеткенімізді білсе, соңымыздан бір қора бала ере келер еді...

Иә, «Көрмегенге – көсеу таң» деген рас екен. Интернаттың кейбір тәртібі түк көрмеген ауыл баласына алғашында мүлдем ерсі көрінді... Әсіресе, асхана жағы. Бір қызығы, тамаққа бәрі үйрек-қаздың балапандарындай тізіліп, сапқа тұрып барады екен. Бір сынып кіріп, орналасып болғанша екіншісі күтіп тұрады. Ат шаптырым асханада темір табаққа қалайы қасығын тақырлатып, желімдей жабысқан ботқа жейді. Қырлы ыстақаннан ауыздарын күйдіре-мүйдіре қант салған қара шайды сораптайды. Соңғылары тамақтанып болғанша, бұрын болып қойғандар тықыршып күтіп отырады. Барлығы ішіп болған соң ғана бір кісідей орындарынан дүрік көтеріліп, аспаз апайларға хормен рахмет айтып, жол-жөнекей ыдыстарын жуатын терезеге тапсырып, сыртқа шығады. Онда да әркім өз бетімен кете бермей, сапқа тұрып, оқу ғимаратындағы сабаққа беттейді. Құдды саптағы сарбаз сияқтысың. Баршаға ортақ темірдей тәртіп.

Бір тәуірі мұнда арлы-берлі сөмке тасып, әуре болмайды екенсің. Кітабың да, дәптерің де сыныпта қалады. Әр сыныптың бір-бір меншікті бөлмесі бар. Түске дейін сонда сабақ оқисың. Түстеніп алған соң кітапханаға барасың ба, доп қуасың ба,– өз еркің. Төртте бүкіл бала тәрбиешінің басшылығымен ертеңгі сабаққа дайындыққа отырады. Содан барлық бала үй тапсырмасын орындап болғанша аттап бастырмайды. Есесіне кешкі тамақтан соң еркіндікке шығасың.

Иә, интернаттың ең қызық кезі – кешкі тамақтан кейінгі шақ. Құс базары сияқты у-шу. Қайшалысып, ерсілі-қарсылы шапқылаған бала. Әсіресе, бірін-бірі қуалаған ұсақ балаларда тыным жоқ. Үлкендердің аяғына шалынып, жығылып-сүрінгеніне де қарамайды. Ал қатар-қатар тізіліп тұрған баскетбол, валейбол алаңдарына жоғары сыныптың оқушылары қожа. Олардың да әрқайсысының өз қызығы өзінде. Қарсыластар бір-бірінен айласын асырған сайын тамашалап тұрған қошаметші-жанкүйерлері шу ете қалады.

Доп тимеген орташа сыныптағылар шілдек, он таяқ, ләңгінің қызығына батады. Одан төмендері қуаласпақ, тығылмаш ойнап мәре-сәре. Аула кең. Қалаған ойыныңды соға бер. Алайда қас қылғандай дәл осы кешкі уақыт көзді ашып-жұмғанша зу-у етіп өте шығып, әп сәтте көз байланады. Соны ғана күтіп, тықыршып жүрген тәрбиешілер дереу өз сыныбындағы балаларды сапқа тізіп, түгелдей бастайды. Қатаң бақылауда беті-қолдарын жудырып, төсекке жатқызады да, үйді-үйлеріне тарайды. Одан кейін түнгі тәртіпке жауапты Қарлығаш апайдың құзырына көшесің. Осылайша күн мен түн алмасып, интернат өмірі жалғаса береді.

3.«Көп ит жеңе ме, көк ит жеңе ме?»

Бүгін күн жарықтық не жаумай, не ашылмай күреңітіп, сазарып тұрып алды. Жаңа ортаға толық сіңісіп кете алмай жүрген Нұрәділдің көңілі де дәл осы күзгі күндей құлазулы еді. Көп ұзамай көшіп келеміз деген ата-анасынан да әлі хабар жоқ. 8-сыныптағы ағасы Болат мана түскі астан соң сыныптас жолдастарымен бірге жиде теруге кеткен. Мұны ертпеу себебін де тәтпіштеп тұрып түсіндірді. Жол ұзақ, әрі қауіпті көрінеді. Жолай «үйдің балалары» (интернаттықтар үйде тұрып оқитын жергілікті балаларды солай атайтын) соқтығуы мүмкін. Сондықтан кішкентайларды ертпеуге келісіпті. Оған жабысып, қалмай қоятын бұл ақымақ емес қой. «Мейлі, бара бер. Маған алаң болма!» деген. Тете өскендікі ме, ауылда жүргенде жоқтан өзгеге қитығып, әлімжеттік қылатын ағасының бүгін бұған кәдімгідей қамқорлық танытқанына іші жылып қалды. Қарап тұрса, оның қалқиып осында жүргенінің өзі көңіліне көп-көрім демеу екен-ау...

Анадайдан әлдекім айғай салды.

– Ей, Рақымбай! Рақы-ы-ы-ым-бай-и! Құлағың керең бе, немене?– Нұрәділдің қаны басына тепті. Өктем үннің иесі Қоңқай деген сотқар бала екен. Өткенде сыныптасы Нұрыш оны сыртынан таныстырған. «4-сыныптың атаманы. Нағыз қызылкөздің өзі! Одан біздің атаман Есеннің өзі жасқанады. Сондықтан соқтыға қалса, үндемей құтыл...»,– деген болатын. Нұрәділ таңданысын жасыра алмаған: «Не дейсің?! Сонда өздеріңнен кішкене баладан да қорқасыңдар ма?!» «Жо-ға, ол – кішкене емес... шындығында ол төртінші емес, алтыншы оқу керек,– деді Нұрыш.– Рас айтамын. Қазақшадан орысшаға, одан қайта қазақшаға ауысам деп, екі жылға қалып қойған».

...Енді осы «4-сыныптың атаманы» мұның Рақымбай деген фамилиясын есімінің орнына атап, астамси сөйлеп тұр. Қалай үндемесін?! Бұл тұрғай ауылда атасының атын бірде-бір жан, тіпті құрдастарының өзі атамайтын. Мынау болса, кетпектей қылып: «Ей, Рақымбай!» дейді. Қасақана соқтығып, үндемесе, басынып алу үшін айтып тұрғаны анық.

– Ей, Рақымбай! Өле алмай жүрмісің? Нұржанға неге тисесің, а?

Нұржан дегені – осы Қоңқайдан екі елі қалмайтын тентек бала.

Онсыз да сіркесі су көтермей отырған Нұрәділдің жүйкесі сыр берді:

– Әуелі атамның атында шаруаң болмасын! Соқтықсаң, өзіме соқтық! Ал Нұржаныңа мен тигем жоқ, өзі сүйкеніп, жай ғана ескерту естіп кеткен...

– О-һо-о! Мынаның сөздері кесек екен, ә?!– Шегір көз, сары бала сауысқанша шықылықтап өп-өтірік күлді. Нөкерлері іліп ала жөнелді. Іштері пысып, ұрынарға қара таппай жүрген он шақты бала төбелестің исін сезіп, қаумалай бастады. Көптігіне сеніп, сөзбен ықтырып алғысы бар:

– Қарай гөр пәлесін... Атасын қорғаштайды-ей!..

– Өй, атасының баласы! Сен кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе өзі?– Нұрәділ оларға қарағаны болмаса, жауап қатқан жоқ. Бар ықыласы шегір көз, сары балада...

– Танымасаң, танысып қояйық. Мен – 4-кластың атаманы Қоңқай деген көкең болам. Ал сен кімсің? Бестің жаңа атаманысың ба?

Енді Нұрәділ да қитықты. Дәл соның мақамына салып былай деді:

– Мен – атаман-сатаманыңды ұқпайтын Нұрәділ деген көкең боламын...

Сары бала «мынаны қайтеміз» дегендей, қасына ерген нөкерлеріне жағалай көз жүгіртті. Бәрі де іздегенге сұраған деп, құлшынып тұр екен. Сосын төтелей тартты:

– Ә-ә, солай ма! Онда өз обалың өзіңе! Шық жекпе-жекке.

– Шықсаң, шық!

– Жүр кеттік анда, – ол иегімен қазандық жақты нұсқады.

Бәрі топталып, қазандықтың артындағы сырт көзден таса алаңқайға келді. Қоңқайды қаумалаған бір топ бала шеңбер жасап тұра-тұра қалысты.

– Сендер – көпсің, мен – жалғыз. Жабылу деген болмасын! Кім жабылса, сол – «шакал»! – деді Нұрәділ. Олар Қызылбұлақта осылай серттесуші еді. «Шакал» аталған баланы ешкім де көзге ілмейтін, қатарға да қоспайтын.

Тұрғандар шулап ала жөнелді:

– Өй, ақылгөйсімей-ақ қой, оны сенсіз-ақ білеміз...!

– Сезікті секіреді деген...Таяқ жеп қалса, жабылып кетті демек қой?!

Бұл алая қарағаны балмаса, үндеген жоқ. Қоңқай былай деді:

– Саспа, бұлар жабылмайды! Бірақ біз әуелі күресіп көрейік, жарай ма? Қалғанын сосын көрерміз...

– Мақұл!– Қулық-сұмдықтан бейхабар Нұрәділ бұл ұсынысқа қуана келісті. Еш алаңсыз қарсыласының оңтайын аңдып, оң жамбасқа келдің-ау деп ішке кіре берген... кеңсірігінен бірдеңе сарт етіп, көзінің оты жарқ етті. Бет-аузының бәрін қан жуып, жұдырық жаңбырдай жауып ала жөнелді. «Оһ!» деп айтты ма, айтпады ма, есінде жоқ. Бір ес жиғанда ұстаса кетіп, қарсыласын алып ұрғанын біледі. Біреулер аяғынан сүйрелеп, кейін тартып әкетті. «Қап! Әлгінде өзімді жақтайтын бір-екі бала ертіп алмағанымды қарашы! Қас қылғандай, Есен де, Нұрыш та бүгін туыстарыныкіне кете қалыпты...» деп өкініп, іші удай ашып қоя берді. Мыналар көпе-көрнеу қараулық жасап, кеу-кеулейді:

– Өй, бұлай күресуге болмайды!

– Төбелесте күрес жоқ!

– Атаңның басы,– деді бұл күйіп кетіп.– Жаңа ғана мыналарың «әуелі күресіп көрейік» деп алдап, аңдаусызда тұмсықтан қойып жіберген жоқ па?!

Әлгі аярлығы аздай қарсыласының да беті бүлк етпейді екен:

– Өй, сен... өйтіп... кісіге пәле жаппа! – деп ол тағы да аңдаусызда құлаштай салып жіберді. Нұрәділ абырой болғанда басын дереу тартып үлгеріп, соққы құлақшекесінен сырып өтті. Бұл ұстаса кетіп, алып ұрып, тізеге салып, езгілейін деген. Біреу арттан қырқа шалып, жалпасынан түсіре жаздады. Сақтықты ұмытпай талтайыңқырап жүрген, соның арқасында жығылмай қалды.

– Өй, шалма! Жабылмаймын дегендерің қайда? Бәрің шакал екенсіңдер! – Нұрәділ әлі де қолын босатқан жоқ еді. Ұстасқан күйі ұмтылып барып, қарсыласын бетінен бір сүзіп өтті. Сол мезет артында тұрғандар тағы да шалып еді, содан ба, дәлдеп тиген жоқ. Алайда қарсыласының да аузы қанады. Ерні жырылып кеткен сияқты. Қаумалағандар енді шалуды былай қойып, май құйрықтан шіреніп тұрып тебе бастады. Құдды мұны адам емес, жансыз қуыршақ көретін сияқты... Әй, иттер-ай...

«Көп ит жеңе ме, көк ит жеңе ме?!» деген осы шығар. Көп көптігін істемей қоймайды екен. Әсіресе, зұлымдық пен аярлық араласса, адалдық амалсыз төменшіктеп, бетін басса, көп ит жеңбей қоя ма?! Әлгіден бері мына шибөрілер «Жеңілдім де, мойында...» деп, хормен қайталай бастаған. Мұның сағын сындырайын, жігерін жасытайын деген амалдары болса керек. Нұрәділ өзінің  дал-дұлын шығарса да «жеңілдім» деп мойындамауға шындап бекінді. Әрі қанша ызаланса да, қанша қорласа да мыналарға көз жасын көрсетпеуге іштей серт етті...

Кенет әлдеқайдан:

– Әй, иттің балалары!– деген үн саңқ етті. Қаумалап тұрғандар сәл аңтарылды да, тым-тырақай қаша жөнелді... Бұл шаңның арасынан әрең ажыратты. Қолына көсеу ұстап алған біреу жүгіріп келеді екен. Шамасы, от жағатын ағай секілді. Қазандықтың пешін жөндеп жүр ме, үсті-басы күйелі ағаш сияқты қап-қара. Бұл да жан-дәрмен безе жөнелді. Танып қойса, тәрбиешілерге айтып, сазайын тарттыруы мүмкін. Қарсыластары спортзалды бетке алса, бұл қарсы бағытқа қарай зытты. Сол жүгіргеннен жүгіріп отырып, жатақхананың арт жағына өтіп кетіпті. Мына түрімді біреу көрмесін деп, тал-талдың арасымен бұқпантайлап келді де, бірінші қабаттағы жуынатын бөлменің ашық тұрған терезесінен баспалап қарап еді, ешкім көрінбеді. Дереу ішке қарғып түсіп, есікті де, терезені де іштен бекітіп алып, жуынуға кірісті. Қан-қан, дал-дұл болған жейдесін шешіп алып, қоқсық жәшікке атып ұрды.

Жуынып жатып, манадан бері көрген қорлығы мен зорлығына шыдамай, оңашада ебіл-дебілі шығып, өксіп-өксіп жылады. Өзінің жалғыздығына, жан-дүниесін түсінетін жақтасының жоқтығына кейіді. Әлгілердің көпе-көрінеу қорлығына жыны ұстап, ызадан жарыла жаздады. Айналып келгенде, солардың «жабылмаймыз» деген жалған уәдесіне сеніп қалған өзінің аңғалдығына, аңғырттығына қапаланды... Бір қараса, долылығы ұстап, кәдімгідей озандап барады екен, біреу естіп қалмасын деп, дереу тоқтай қалды. «Қой! Мұны ешкім білмеуі керек. Жан баласы естімесін,– деді өзіне-өзі ақырын.– Әйтпесе, онсыз да әрбір сүрінген сәтіңді аңдып, келеке қылуға даяр тұратын сайқымазақтарға оңай олжа болармын... Әй, өзіме де обал жоқ, ақымақ болмасам, көлденең көк аттының сөзіне сенем бе?!».

Нұрәділ бөлмеге келіп, киімін ауыстырған соң Қоңқай мен оның жолдастарынан мықтап кек алуды ойлады. Бірақ қалай кек алмақ? Олар – көп, бұл – жалғыз. Ең болмаса, өз сыныптастарының да сырына қанық емес. Сонда кімге сенбек?! Нұрышқа ма? Жоқ, ол ондайға емес, күнделікті бейтарап тірліктерге бейім секілді. Есен де келмейді... «Одан Есеннің өзі жасқанады» деген жоқ па Нұрыш. Ал ағасы Болатқа мұндайды айтудың өзі ұят. Оның үстіне біреуге шағым айтып, шағыстырғанды Нұрәділдің суқаны сүймейтін.

  1. Мықты болсаң, дайындыққа кел

 Нұрәділдің байқауынша, интернат балалары үшін ең қиын кез – демалыс күндері. Әсіресе, сенбі күні түстен бастап сырттан келушілер көбейеді. Біреудің әпкесі, екіншісінің атасы, үшіншісінің анасы келіп, мәре-сәре. Қасыңдағы балалардың туыстары сұрап әкетіп жатқанда, саған ешкім келмесе, нәумез болып, ешкімге қажетсіз, тастанды баладай күй кешеді екенсің. Көкірек тұсың удай ашып, көзіңе ыстық жас келеді. Жігіт емессің бе, ол жасты ешкімге көрсетпей, теріс айнала беріп іліп тастайсың да, әлдене есіңе түсіп, ештеңе болмағандай тұра жүгіресің.

Әншейінде араның ұясындай гулеп жатар жатақхана да, асхана да демалыс күндері көшкен елдің ескі жұртындай жадау тартып, құлазып тұрады. Мұқаншыда жанашыр туысы жоқ, жабырқау, жарым көңіл балалардың мекені. Әр сыныптан шошайып, жақ жүндері үрпиіп, бес-алтаудан ғана қалады. Ондай күндері тамақты да зарықтырып, ішек-қарныңды шұрылдатып, кеш беретінін қайтерсің. Әлде жабырқау жанға бәрі де осылай сұрқай көріне ме екен?!

Мұндайда Нұрәділ оңаша жер тауып алып, Тарбағатайға көзі талғанша қарайтын. Бүгін де сөйтті. Әне, таяқ тастам жерде Жайтөбе жатыр жантайып. Етегінде қызыл кірпіштен өрілген төрт-бес үй мен екі-үш қашар қарауытады. Одан әрмен Жайтөбенің қасына ерген тетелес інісіндей болып, Балатөбе қалқияды. Тағы да теріскейге қарай көз сырғытсаң, Тарбағатайға тірелесің. Сол таудың түбінде алақандай ғана Қызылбұлақ ауылы бар. Қайран туған жер-ай... Осыдан бірер жыл бұрын атасының немере бауыры Төлежан ақсақал отбасымен бірге Мұқаншының іргесіндегі бір фермаға көшкен еді. Сол кісі Қызылбұлақпен қоштасып, екі-үш ауыз өлең шығарған болатын. Соның бір ауызы Нұрәділдің да жадында жатталып қалыпты. Ауылын аңсағанда, Құдайдың құдыреті, осы өлең қайта-қайта есіне түсе береді:

Қайран жұрт, қош, аман бол бұдан былай,

Фәниде жолдас болдық көп жыл ұдай.

Кеткенде туған жерден кейімеп ем,

Ездің ғой ет жүректі, уа дариғай...

Е-ей, қайран Қызылбұлақ-ай! Оқу жылы тақаған сайын Нұрәділ күн санап, тықыршып жүргенде, анасы: «Әй, балам-ай, әлі-ақ осы күніңе зар боларсың. Қазір ғой интернат, интернат деп, желігіп жүргенің. Көп ұзамай-ақ екі көзің төрт болып, Қызылбұлақты аңсарсың әлі»,– деп, күліп еді. Анасының айтқаны айдай келді.

Анадайдан әлдекім атын атап шақырғандай болды. Құны-перені шығып, іздеп жүрген Нұрыш екен:

– Нұ-рә-діл! Нұ-рә-діл! Өй, сен қайда жүрсің? Бар қызықтан құр қалдың ғой...

– Ол не қызық соншама?!

– Бә-ле-е, не қызық дейді. Күрес болып жатыр, күрес...

Нұрыштың айтуынша, спортзалда күрестен жарыс өтіп жатыр екен. Көрші мектептерден де спортшы балалар келген көрінеді. Соны бірге тамашалайық дейді. Мұның делебесін қоздырғысы келіп, көтермелеп қояды:

– Сен біздің сыныптың балуанысың ғой! Өткенде көгалда күресіп көргенде бір де бірімізді бұйым құрлы көрмедің. Ендеше мұндай жарысты міндетті түрде көруің керек! Жүр, жүр! Сөзді қой. Кім білсін, бәлки, кейін атақты балуан болып кетерсің,– деп, жанын қояр емес.

Нұрәділдің туа бітті әдіс-айлаға, алыс-жұлысқа шебер екені рас. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір баланың сүндет тойында қатарластарының бәрін жығып, «балуан бала» атанғаны да бар. Содан бері осы атақ жабысып, қалмай келеді. Өйткені өз құрдастарымен ұстаса кетсе, әп сәтте-ақ алып ұрады. Бірақ бұл күрестен арнайы жарыс өтеді дегенді естігенімен, әлі бір де бір рет балуандардың сайысын тамашалаудың сәті түспепті.

Жарыста күні бұрын сайланып, дайын отырған балалар кезекпе-кезек белдеседі екен. Аумағы ат шаптырымдай залдың ортасына жұп-жұмсақ кілем төсеп тастапты. Әуестігі жеңіп, кілемді ұстап көріп еді, ішіне паралон салған, сыртын былғарымен қаптаған екен. Мұндай кілемге байқаусызда құласаң да еш жерің ауырмасы анық. Сайыскерлердің жығылғандары шығып қала береді де, жыққандары бір-бірімен күресіп, ең соңынан жеңімпаз анықталатын көрінеді.

Дәл өзіндей балалардың белдескенін көргенде, Нұрәділдің делебесі қозды. Ол қызды-қыздымен жарысты өткізіп отырған қазылардың қасына қалай жетіп барғанын білмей қалды. Қолына дауыс күшейткіш ұстаған бұйра бас ағай:

– Ақтық айқаста мектеп-интернаттың 6-сынып оқушысы Аманов жеңіске жетті!– дегенде, Нұрәділ де қыстырыла кетті:

– Ағай, осы баламен мен күрессем бола ма?!

– Болмайды.

– Неге болмайды?

– Әй, сен өзің екі аяғың салбырап, аспаннан түстің бе!? Әр нәрсенің жөн-жобасы мен ережесі болмай ма? Мықты болсаң, дүйсенбі күні кешкі 5-те осы залда өтетін дайындыққа кел! Ал қазір кедергі болмай былай тұр!

...Нұрәділ дүйсенбіде бапкердің айтқан мезгілінен кешікпей дайындыққа келді. Сонда көрді күрес дегенің – жай ғана екі баланың ұстаса кетуі емес, қып-қызыл өнер екен. Әуелі 4-5 шақырымға жүгіртіп, денеңді қыздырады. Содан соң әр түрлі жаттығуларды жасатып, тұла бойыңды керіп-созады. Осыдан соң ғана бір тәсілді көрсетеді де, балалар оны бірнеше қайтара жасап, жаттығады екен. Аяқ жағына қарай жұп-жұптап күрестіріп көреді. Ертеңіне тағы сол...

Осындай дайындықтардың бірінде Нұрәділ дұрыс жығыла білу тәсілін де үйренді. Бұл осыған дейін ұстасқан баланың бірде-бірінен жығылып көрмегендіктен, қалай құлауды да білмейді екен. Сондықтан жаттыққан сәтте бірін-бірі жем толы қаптай атқанда ауылдың бұла баласы допша домап құлайтын көрінеді.

Оны Тілеубек бапкердің өзі байқап қойыпты.

– Оп-па! Нұрәділ, қане, бері кел!– деп, мұны ортаға шақырып алды. Қане, бәрің де жаттығуды тоқтатып, мұнда қараңдар! Әсіресе, биыл келгендеріңе қатысты бұл. Мұқият тыңдап алыңдар!

Балалардың бәрі осылай жақындады.

– Нұрәділ, сен дұрыс жығылмайды екенсің. Бұл – өте қауіпті. Қарсыласың аспандата лақтырғанда кірпіше жиырылып, допша домаланған қалпы арқамен түссең, дем жетпей қалып, тіл тартпай кетуің мүмкін, ұқтың ба?!

– Иә, ұқтым!

– Бұл – Нұрәділдің ғана емес, күрес тәсілін әлі меңгермеген барлық баланың кемшілігі. Ендеше осы сөзімді мықтап еске сақтаңдар! Жалпы, дұрыс құлай білудің өзі де үлкен өнер,– деді Тілеубек бапкері.– Сондықтан қазірден бастап, сендерге дұрыс жығылуды үйретеміз...

Бапкер сол күні тек қана осы тәсілді қайталатты. Бір емес, бірнеше мәрте.

5.Күй құдіреті немесе

«Мә-ә-ә! Ж-жын-ды-ы тартады екен, ә!»

...5-сыныптың бір ерекшелігі – әр сабақты әр түрлі мұғалім оқытады екен. Осы күнге дейін бар-жоғы екі-ақ ұстаздың алдын көрген Нұрәділге мұншама көп мұғаліммен тіл табысу, олардың бәрін есте сақтау да оңайға соққан жоқ. Бірақ бір көргеннен мәңгі-бақи ұмытпастай есте қалар ерекше мұғалімдер де болады екен. Ән-күй ағай сондай болып шықты.

Үлкен үзілістен соң Есен сыныпқа алқын-жұлқын жүгіріп келіп, қатар отырған Нұрыш пен Нұрәділге:

– Әй, бір қызық айтайын ба, әлгі ән-күйдің жаңа мұғалімі ж-жын-ды-ы екен,– деді өз күлкісіне өзі шашала жаздап. Күлгенде онсыз да сығыр көзі жұмылып, жоқ болып кетеді екен.

– Жындысы қалай сонда?!– деді бұл екіұштылау. Өйткені мұқаншылықтар «өте, аса»  деген күшейткіш сөздердің орнына да, «күшті, мықты, қызық» деген сөздердің орнына да осы «жындыны»  қойып, «ж-жын-ды-ы сұлу», «ж-жын-ды-ы кино», «ж-жын-ды-ы билейді» деп, айта беретін.

– Алақ-жұлақ етіп жүрген жүрісі мен сөйлеген сөзін айтам,– деді ол.– Әлгінде үзілісте «Әй, ұл, бері кел!» деп, қасына шақырды. Бардым. Өзі жаңа ғана ұрлық жасап, біреуден қашып келгендей, алақ-жұлақ етеді. «Құрманғазыны білемісің?» дейді. «Білемін...» дедім. Оның былтыр ғана Ғани Мұратбаев мектебіне ауысқанын, биыл мұнда оқымайтынын айттым. «Ой, ақымақ неме... кет ары бар, әкең» дейді. Мен оның мұғалім екенін қайдан білейін, осындағы балалардың бірінің ағасы екен деп, дереу: «Сіз өйтіп боқтамаңыз әкеден...» деп, ерегесе кетіппін,– Есен тағы да ішек-сілесі қата күлді. – Сөйтсем, «әкең» деген сөз тура біздікі сияқты оның да сөзінің мәтелі екен ғой. Қазір келеді, көресіңдер, ж-жын-ды-ы...

Айтып ауыз жиғанша, үстіне ақ көйлек, қоңыр кәстөм киген, бір қолына домбыра, екінші қолына сынып жұрналын ұстаған, қалқан құлақты, бұйра шашты, жіптіктей жас жігіт кіріп келді. Балалар орнынан дүр-р көтерілді. Сыныптағы алпыс көз жаңа мұғалімге арбалып, қадалды да қалды.

– Жә-ә, отырыңдар,– деді жаңа мұғалім бұларға не жаратпағаны, не өзімсінгені белгісіз, екі ұшты қылып. Ол екі-үш аттап, үстелге жетті де, қолындағы жұрналын тарс еткізіп, тастай салғанда, бірінші партада отырған Абаеваның кекілі желп етіп, өзі селк ете қалды. Шынында да Есен айтқандай, бірдеңе ұрлап, біреуден қашып келгендей, өзі де, көзі де алақ-жұлақ етеді. Қимылы арсың-гүрсің, жүрісі де қызық. Егістікте жер өлшеп жүрген есепшідей адымдап, аттап жүреді екен. Ал құлағын бір көргеннен-ақ басқа ешкімдікімен шатастырмайсың. Өйткені мұндай қалқан құлақты Нұрәділ бұған дейін ешбір жаннан көрген емес. Есен бұған жалт қарап, «Айтқаным айдай келді ме? Жынды ма екен?» дегендей, ишарат жасап, бет-аузын қисаңдатып үлгерді. Нұрәділ күліп жібере жаздап, зорға шыдады...

Ән-күй ағай ештеңеден бейхабар күйде домбырасын бұрышқа сүйеп қойды. Сосын жұрналдың бетін ашып, таныс фамилия іздегендей тізімге үңіліп тұрды да, «осы мен неғып тұрмын» деген сауал басына сап ете түскендей, орындыққа жалп етіп отыра кетті. Сәлден соң тізімнен таныс фамилиясын таппағандай, сынып жұрналын сарт жауып:

– А-а-ал, танысайық, – деді әндетіп. Менің фәмилем – қазаққа бітпеген, елден ерекше фәмиле,– деді ыржиып. Онысы да өрескелдеу көрінді. Сосын тақтаға жалт бұрылып, борды ала салып, бүкіл тақтаның бетін алып, сойдақтатып жаза бастады. Міне, мынадай: «Кульд-чи-ги-чев». Балалар аң-таң. «Апырай, ә, өзі қандай қызық адам болса, фамилиясы да сондай қызық екен...» деп, таңырқасып отырған сияқты.

– Ағай, сонда сіз... қазақсыз ба?– деп сұрады Есен. Бұл – бәріміздің көкейіміздегі сауал еді.

– Қазақ болғанда қандай?! Дәл өздеріңдей қарадомалақ қазақтың баласымын. Ал паспорттағы фамилиям дәл осылай... Есесіне есімім таза қазақша – Тұңғышбай.

– А-а-ал, танысып болсақ, қане, сабаққа кірісейік...– қалқан құлақ ағай орындығын дәл ортаға әкеп қойды да, пенжегін шешіп, арқалыққа ілді. Сосын бұрыштағы домбырасын алды. Дүкендерде сататын орашалақ станоктан шыққан қарабайыр аспап емес, шеберге арнайы тапсырыспен жасатқан шешен домбыра сияқты.

Ол орындыққа жайғасып отырып, оң аяғын сол аяғының үстіне айқастырып қойды да, бір күйді төкпелетіп ала жөнелді. Өзі құйқылжыған күйге беріліп, көзін тарс жұмып алыпты. Ара-арасында еңкейіп, қалқан құлағын домбыраның көмейіне тақай түсіп, күйге елтіп отырады да, басын оқыс кекжең еткізеді. Сол қолының саусақтары ішекті бойлап, перне қуалап, көз ілеспес шапшаңдықпен жорғаласа, оң қолының ортаңғы және сұқ саусақтары біресе ішектің үстінде ортекедей орғып, біресе қақпақыл ойнап, тынымсыз безектеуде. Біраздан соң күйшінің шеке, самай тамырлары білеуленді. Іле-шала маңдайынан шып-шып тер шықты. Содан кейін ғана шабысына шабыс қосып, қыза шапқан жүйріктей, бабына келіп, еркін көсіле бастады.

Кенет мұғалім ағай тартып отырған күйін кілт үзіп:

– Бұл кімнің күйі?– деп сұрады.

 Әркім өз білгенін жобалап айта бастады.

– Құрманғазыныкі...

– Жоқ!

– Тәттімбеттікі!

– Жоқ!

Күйші ағай балалардың жауабына көңілі көншімей, басын шайқап қойып, тағы да бір күйді төпелеп ала жөнелді. Ол осы жолы біреуін аяқтай бере келесісіне тез ауысып кетіп жатқандай, ұзақ ойнады. Уақыт озған сайын домбыраның көмейінен төгілген күй де күмбірлеп, көркемдене түскендей. Бірақ Нұрәділ енді әлгі сауалдың қайталанарын сезіп, тықырши бастады.

Ән-күй пәнінде оның Райхан апайы тек ән мәтінін тақтаға жазып, соны көшіртуші еді. Көшіртіп болған соң, өзі бір-екі рет әндетіп, соңыра бұларға кезек беретін. Сонымен баға қоятын. Ал мына кісі бас-көз жоқ бір күйді ойнап шығады да, «бұл кімдікі» деп сұрайды. Бұл қайдан білсін?! Ес білгелі бері тірі күйшіні көрді ме екен? Күйшіні қойып, бүкіл Қызылбұлақтан хас шебердің қолынан шыққан, жөні түзу бір домбыра табылар ма екен?!

Күйші ағай әлгі сұрағын қайталады:

– Бұл кімнің күйі?

Балалар тағы да әр жерден естіп-білгендерін шамалап айта бастады.

– Момбековтыкі.

– Дастановтың би күйі.

Осылайша балалар білетін бірлі-жарым күйшінің есімі аталып шықты. Бәріне де күйші ағай тек басын шайқаумен шектелуде.

– Енді кімдікі? – деді біреу ақыры шыдамай кетіп.

– Бәйжігіттікі. Бәйжігіт деген атақты күйшінікі. Ол – мына сендердің аталарың. Мұнда ешкім білмейтіні – оның күйлерін білетіндер тек Қытай қазақтарының арасында ғана сақталған. Мен сол жақтан келген күйшіден үйрендім,– деп, мұғалім Бәйжігіт күйшінің өмірбаянын баяндап берді...

Әңгіменің әсерлі болғаны сонша қоңырау соғылса да жан баласы орнынан тапжылар емес. Бірақ күйші ағай қалай оқыс келсе, солай күтпеген жерден шыға жөнелді. Әлде оның қоштасқан сөздерін қалың ойға шомған Нұрәділдің өзі естімей қалды ма екен?!

Ән-күй ағай есікті жаба сала:

– Мә-ә-ә! Ж-жын-ды-ы тартады екен, ә!– деді Есен. Оның көзі шырадай жанып тұр.– Оллаһи-биллаһи, мұнша жынды тартатын кісі көрмеппін...

– Иә-ә-ә! Сон-ндай күш-ті тартады,– деп қостады Абаева. Балалардың бәрі де таңырқау мен тамсанысын жасырар емес. Тіпті, ештеңе демей-ақ көздерінде ойнаған от пен бал-бұл жанған жүздері арқылы ішкі ризашылығын сездіріп жатқандай.

Егер дәл осы күйшілік өнері болмағанда, балалардың бәрі жаңадан келген ән-күй мұғалімінің алақ-жұлақ еткен мінезін, қалқан құлағын баяғыда-ақ әжуа-мысқылға айналдырар еді. Басқаны былай қойғанда мына Есен-ақ оның мінезін аудыртпай салып, елдің ішек-сілесін қатырары анық. Бірақ оның Бәйжігіт күйші туралы әсерлі әңгімесі мен керемет домбырашылық өнерін көрген соң ешкім де мазақтап-келемеждеуге бата алған жоқ...

Тұла-бойыңды түгел баурап алып, жан-дүниеңді жуып-шайып, көкірегіңді күмбірлетіп, сезіміңді сыңғырлататын өнер құдіреті деген осы шығар, бәлкім?!

6.Мың асқанға – бір тосқан

Қоңқаймен бетпе-бет келудің сәті көп ұзамай-ақ түсе кетті. Нұрәділ сол күнгі төбелестен соң ешкімге тіс жармастан, өз төсегінде жатқан. Жан баласымен сөйлесуге құлқы жоқ. Түскілік асқа да бармады. Осында қалған сыныптас екі-үш бала мән-жәйді білейін деп, олай-бұлай айналдырып көріп еді, тырс еткен жоқ. Түстеніп келіп, шілдек ойнауға шақырса да, елп ете қоймады. Олар бір-біріне жалтақтасып, иықтарын қомдасып, амалсыз өздері кетті. Сол күйі әрнені ойлап жатып, ұйқтап кеткен екен, қарны шұрылдап оянды. Әлгінде тәбеті тартпаса да, жүрек жалғап алмағанына өкінді.

Сол екі ортада алқын-жұлқын Есен кіріп келді. Туыстарыныкінен таңертең шыққан бойда, күні бойы доп қуып, сол жерден интернатқа төте тарта салыпты. Оның да қарны шұрылдап жүр екен, бұған салған жерден жата кеп жабысты:

– Қой онда, кешкі асқа дейін әлі қай-да-а, кеттік дүкенге, жүр, жүр, менде біраз тиын-тебен бар!– деп, қояр да қоймай, ертіп әкетті.

Дүкеннен екеуі олай-былай қарап, жарты келідей пірәндік пен бір құмыра лимонад сатып алды. Соны рахаттана күйсеп, мұрныңды жара жаздайтын өткір иісі бар, тәтті сусынды сіміріп қойып, келе жатқан. Әлден уақытта Есен:

– Көр де тұр, қазір анау соқтығады,– деді. Нұрәділ Есеннің иегімен нұсқаған жағына жалт қарап, тұла-бойы дір ете түсті. Тағы да Қоңқай екен. Қасында баяғы Нұржан бар. Бірақ ол дереу бойын жиып ала қойды.

– Неге соқтығады?

– Өткенде ерегесіп қалғанбыз. Содан бері сүйкеніп жүр, тағы сөйтсе, не істейміз?!

– Сүйкеніп көрсін, біз де сүйкеп жібереміз!– деді Нұрәділ сенімді түрде.

– Ол – 4-сыныптың атаманы. Шындығында алтыншы оқу керек. Қорық-паймысың?!– Есен бұған сынай қарады.

– Неге қорқамыз? Біз емес, өзі бізден қорықсын!

Нұрәділ манағы төбелесті қысқаша баян етті. Қоңқай мен Нұржанға жыны кеп тұрғанын, жекпе-жекке Есен шықпаса, өзі шығатынын да жасырмады.

– О-хо! Онда болды. Бұлардың әбден ызасы өтті. Осы қазір тиіссе, мен жекпе-жекке шығамын! Сен қасындағыға ие бол!

– Мақұл! Келістік...

Айтқандай-ақ, Қоңқай сонадай жерден әкіреңдей жөнелді:

– Ей, сығыр! Не анау қолыңдағы? Әкел бері!

Есеннің өзінен жасқанатынына әбден есіріп, қожаңдауды әдетке айналдырған сияқты. Мұнысымен Нұрәділге де «Біліп қой, сендердің атамандарыңды алдымда құрдай жорғалатам» деп, қыр көрсетіп тұрғандай.

– Бұл– пірәндік қой. Бірақ саған барғысы келмейтін сияқты,–деп күлді Есен.

– Неге, ей? Неге барғысы келмейт?

– Білмеймін. Жаңа маған өздері «Қоңқай сұраса, бізді берме. Ол бізді шайнамай-ақ жұтып, обалды боламыз...» деген,– Есен бұл жолы ішек-сілесі қатып, рахаттана күлді. Оның шын пейілімен, еліктіре күлгені сонша, Нұрәділ өзінің де күліп жібергенін байқамай қалды. Нұржан да еріксіз мырс-мырс етті.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір