• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 08:33:47
Алматы
+35°

19 Қаңтар, 2018 Саясат

«Ядролық қарусыздандыруды жеделдетуде Қазақстанның абыройы зор»

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуі ядролық қарусыздандыру саласын алғы жылжытуда тарихи сәтті тудырып отыр.

Ядролық қарусыздандыру ісіне келгенде Қазақстанның абыройы зор, моральдық құқығы басым. Осы себепті Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуі - бұл саланың алғы жылжуында тарихи сәтті тудырып отыр. Қазақстандық тілшілерге сұхбат берген Global Security Institute антиядролық қор директоры Джонатан Гранофф (Jonathan Granoff) осындай пікірімен бөлісті. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қазақпараттың мәліметіне сүйеніп хабарлайды.

«Мыңдаған ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанның ядролық қарусыздандыру саласында атқарар рөліне баға жетпейді. 450 ядролық сынақты басынан өткерген ел ретінде Қазақстан халықтың денсаулығына осынау кесапаттың қалай зиян тигізетінін біледі. Ядролық қарудың қаншалықты қауіпті екенін әлдеқашан түйсініп қойған. Ядролық қарулардың таралмауына келгенде Қазақстан үлкен әлеует пен зор абыройға ие», - дейді ол.

Оның айтуына қарағанда, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуі ядролық қарусыздандыру саласын алғы жылжытуда тарихи сәтті тудырып отыр.

«Н. Назарбаев біржолата ядролық қарулардан бас тартып, олардың көзін жоюға шақырды. Осылайша, бейбітшілікті сүйетін мемлекет келешектің тұрақты әлеміне алтын көпір салып берді. Сіздердің елдеріңіздің АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан мен ядролық қарулары бар өзге мемлекеттермен қарым-қатынасы жақсы. Сондықтан, бәріне бірдей диалог алаңын құрып берген Қазақстанның рөлі маңызды», - дейді Д.Граноф.

Сарапшының айтуынша, дәл қазіргі кезеңде Қазақстанның қағидатының теңдесі жоқ. Себебі, «ядролық клубтың» мемлекеттері қауіпті қаруларды жаңарту мен көбейту бағытында жұмысын күшейте түскен.

«Қазақстан жаппай қырғынға жеткізетін қарулардан мүлде ада әлемді құру жолында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл бағытта Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» аты манифесі - өте маңызды құжат болып табылады. Барлық мемлекеттердің басшыларына өте қажетті осынау құжатты Қазақстан халқы мақтан тұта білуі керек», - дейді сарапшы.

Д.Граноф өз сөзінде Қазақстанның көпұлтты мемлекет екенін, соған қарамастан бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай білген ел екенін еске салды.

«Қазақстан барлық әлем елдеріне үлгі болып отырғанын атап өткен абзал. Қазақстанды біз дұрыс бағытта жылжып бара жатқан мемлекет ретінде білеміз. Мен америкалық азамат ретінде сіздердің мемлекеттеріңізге зор алғысымды білдіргім келеді» - деп түйді пікірін Д.Граноф.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір