• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 23:17:24
Алматы
+35°

18 Қараша, 2017 Аймақтар

«Хизб ут-Тахрир-ға» мүше Әбдірахмановқа қатысты тағы бір сот ісі басталды

Қамауда отырған 39 жастағы Берік Әбдірахмановтың үстінен қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігіне бағынбаған деген айыппен қозғалған іс бойынша сот басталды.

Жұма күні Ақтөбе қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында биылғы 27 мамырда Ақтөбе түрмесінде (КА-168/1 мекемесі) қамауда отырған 39 жастағы Берік Әбдірахмановтың үстінен қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігіне бағынбаған деген айыппен қозғалған іс бойынша сот процесі басталды. Бұл туралы Азаттыққа тұтқынның әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Гүлім Әбдірахманова хабарлады,- деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бүгінгі сот отырысында бірнеше куәгер – түрме әкімшілігінің қызметкерлерінен жауап алынған. Соттың келесі отырысы 24 қарашада өтпек.

Гүлім Әбдірахманованың айтуынша, оған қамаудағы күйеуі Берік Әбдірахманов, арасында осы сотта қорғаушы тараптың куәгері ретінде көрсетілген адамдар да бар, бірнеше тұтқынның жазған "ақтық хатын" табыс еткен. Бүгінгі сот отырысында Берік Әбдірахманов ол адамдарға түрме әкімшілігі қысым көрсетуі мүмкін екенін айтып, соттан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрады дейді Гүлім Әбдірахманова.

Тұтқын Берік Әбдірахмановты сотта қорғау үшін осының қарсаңында Гүлім Әбдірахманова жалдаған адвокат Айбек Қояновтың айтуынша, Әбдірахмановқа қылмыстық кодекстің "Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау" бабы бойынша айып тағылған. Бұған дейін мемлекет тағайындаған адвокат сырқаттанып қалғандықтан бұл процеске қатыспаған.

Тұтқын Берік Әбдірахмановтың ісі бойынша сот проесіне Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросының Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі міндетін атқарушы Ирина Гольцварт бақылап отыр.

Берік Әбдірахмановты 2010 жылы тамыздың 3-і күні Астананың Сарыарқа аудандық соты діни араздықты қоздырды, заңмен тыйым салынған діни ұйымға мүше болды және терроризмді насихаттады деген айыптармен алты жылға соттаған. Жаза мерзімін өтеу 2009 жылғы қазанның 3-інен бастап есептелген.

Әбдірахманов түрмеде отырған кезде, 2013 жылғы ақпанның 13-і күні Павлодар қалалық соты діни араздықты қоздырды деген айыппен оны төрт жылға соттаған. Өтелген және өтелмеген мерзімдерін алып-қосқанда, екінші іс бойынша үкім кесілген күннен бастап ол түрмеде бес жыл алты ай отыруы тиіс болған.

Тараз қаласы сотының 2015 жылы ақпанның 3-і шыққан қаулысына сәйкес, Берік Әбдірахмановтың бірінші ісі бойынша 2010 жылғы тамыздың 3-і кесілген үкім өзгертілген, яғни терроризмді насихаттау айыбы сотпен тыйым салынған діни ұйымға мүше болды деген бапқа ауыстырылған, бұған қоса, жаңа жаза мерзімі – 2012 жылғы қарашаның 28-інен бастап 2018 жылғы мамырдың 27-сіне дейін деп белгіленген.

Бұған дейін туыстары Берік Әбдірахмановты "түрмеде ұрып-соғып, азапатағаны" туралы шағымданған. Туыстары тұтқын видеокамера алдында діни көзқарасынан бас тартуға көнбегені үшін азап шегіп жатыр деп санайды. Үй-іші екі мәрте туберкулезге шалдығып, аяғындағы қан тамырларында түйіндер (варикоз) пайда болған тұтқынға науқасқа тиесілі тағам да жеткілікті берілмей отыр деп шағымданған.

Түрме әкімшілігі Берік Әбдірахмановқа қысым жасалғаны туралы айыптауларды жоққа шығарады және тұтқын науқасқа тиесілі дәрі-дәрмек пен тамақтың барлығын алып отыр деп мәлімдейді. Түрме әкімшілігінің сөзін жоғары тұрған мекемелер мен бақылаушы органдар да растайды.

Құқыққорғаушылар қазіргі түрмелердегі тәртіп пен 2015 жылғы қаңтардың 1-нен қолданысқа енген жаңа қылмыстық заңнама билікке қырына алған тұтқындарға "қит еткені" үшін жаңадан іс қозғап, түрмеде қанша ұстағылары келсе, сонша уақыт ұстауға мүмкіндік береді деп мәлімдейді.

Еске салайық, 39 жастағы тұтқын Берік Әбдірахманов «діни-радикалдық» баптар бойынша, оның ішінде діни араздықты қоздырғаны үшін және Қазақстанда тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымына мүше болғаны үшін 2009 жылы тұтқындап, алты жылға соттаған. Ол кезде алты адам сотталған еді, оларды төрт жылдан жеті жылға дейін мерзімге түрмеге кескен. Бәрі жазасын өтеп, бостандыққа шыққан. Ал Берік Әбдірахманов түрмеде отырғанына үш жыл болғанда, яғни 2012 жылы жаңа мерзім қосылған. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір