• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 19:24:38
+35°

18 Ақпан, 2016 Әлеумет

ХІХ-ХХ ғғ қазақ қиссалары және сопылық ілім

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеті дамуындағы ерекше көрінген жайдың бірі – ежелгі дәстүрлі жазба әдебиеттің қайта...

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеті дамуындағы ерекше көрінген жайдың бірі – ежелгі дәстүрлі жазба әдебиеттің қайта өркендеп, Ясауи сопылық ілімі мен сол ілімді негіздеген оның хикметтері сопылық ілім тұрғысынан да, поэзиялық дәстүр тұрғысынан да кітаби ақындар шығармашылығында қисса-дастандар арқылы көрінуі еді.

Ақылбек Сабалұлының «Қисса-и Марғұба» туындысы сопылық ілім негізінде жырланған. Сопылық ілімнің тереңдігін Низами, Науаи, Физули шығармаларының құдіретімен түсіндірген белгілі шығыс зерттеушісі Е.С.Бертельстің мынандай cөзi бар: «Низами - ақын ғана емес ұлы ойшыл. Оған жазу оңай болғандықтан жазады. Жазу үшін ғана жазған жоқ, осы бағытында оқырмандарына әсер ету үшін жазды» [1, 456]. Шығыстың гуманист ағартушыларының осы мақсатын яғни адам мінезін, қоғамды түзеу үшін көркем әдебиетті үгіттеуге, насихаттауға, түсіндіруге құрал етіп пайдаланғанын білеміз. Мұны кітаби ақындар да әдеби бағыт етіп ұстанады. Олар әдебиеттің көркемдік мақсаты - үгіт насихат деп түсінген, сондықтан да шығармаларында осындай дидактикалық ой-пікір басты назарда болады. Өлеңдерінің көркемдігінен гөpi, оқиғасының мазмұнына басымдық беріледі. Тәрбиелік әcepi бар бip оқиға алынып, өлеңмен жырланады. Ақылбек Сабалұлы өмip сүрген кезеңде көптеген шешімін таппаған күрделі әлеуметтік мәселелерге қарсы тұрарлық таза ілім - сопылық болғаны анық. Бұл туралы Бертельс: «Низами в какой-то мере были свойственны суфийские воззрение. Их отсутствие было бы странно, либо в то время всякий прогрессивный человек именно в суфизме искал ответа мучившие его сомнения» [1, 448]. Ғалым пікірінен сопылық көзқарастың Низами заманында прогресшіл бағалы ілім болғаны көрінеді. Қазақ ғалымы Е.Ысмайлов та Ақан cepiнің сопылық жолға түсyiн былай түсіндіреді: «Жауыздықтың қабындай беруінің түпкі тамыры қайда деген сұрақтарға жауап іздейді. Ол серілік жолды тастайды, әділдік туралықты іздеп шарқ ұрады. Сондағы іздеп тапқаны - Шығыс елінің ақындарының орта ғасырлардан басталған әдеби-философиялық ағымы - сопылық жолға салынады. Ол бұл сопылық ағымнан адамдардың құлық-мінезін түзеу жолын, өзінің замандастарының, кейінгі жас ұрпақтарының ой-санасын ашу мақсатын, ғылым үйрену, әлеумет өмірін тереңдей ұғыну жолын іздейді» [2, 167]. Идрис Шах: «Однако целью поэта- влюбленного мага в суфизме является не только растворение в сиянии истины, которую он постигает. Истина преображает его, и в результате этого он приобретает социальную функцию - указать людям то направление, в котором они нуждаются, чтобы достичь завершенности» [3, 358],- деп дамытады.

Сопылық ағымның түркі халықтары әдебиетінде негізін салушы- Ахмет Ясауи ілімін Ақылбек Сабалұлының терең танып өскенін оның «Tahиp-3yhpa» жырынан көруге болады:

Бисмилла мен сөйлейін патша құдай,

Біз ғаpiп бенделерде көп қой күнә.

Қыл көпip қияметтен өтерінде,

Болады заманымыз әлдеқалай.

Екінші жәрдем бepciн пайғамбарым,

Шапағат қыл үмметіңнің хәммаларын.

...Не болам бip күндерде тіл байланса,

Алуға ажал өлім ыңғайланса,-

деген сөздері Қ.А.Ясауидің «Хикметтеріндегі»

-Ей, достарым, өлсем мен, халім не болар,

Көрге кіріп жатсам мен білмеймін, халім не болар [4, 59]

немесе

Өмipiм ақыр болғанда, не қылғаймын Құдай-а,

Жан алушы келгенде, не қылғаймын, Құдай-а [4, 58] .

Таһирдің зынданда жатып өзін-өзі жұбатуы Ясауи ойымен сабақтастықта жырланады:

Мехнат өтiп ғapiпкe,

Рахат бітер күн болар.

Қайғы берген Алламыз,

Алса керек, иншалла.

Айыра білген Алламыз,

Қосса керек, иншалла.

Қacipeт берген иеміз,

Шаттық берер, иншалла.

Әр мехнатқа бip рахат,

Болса керек, иншалла [5, 220].

«Tahиp - Зухра » жырында Низами, Науаи, Физули дәстүрлерімен ғашық болып дүниеге келген ерекше жандардың бip-бipінe ынтық сезімі арқылы берілген сопылық таным «Қисса-и Марғұбада» жазықсыз жазаланған адал жанның басынан кешкен азапты өмipi арқылы беріледі. Сопылық ілімнің негізгі ұстанымдары: ғаріпшілдік, көрген қиындыққа шүкіршілік ету, нәпсісін қанағатпен тыйып ұстау, Алланың қаһарынан қорқып, рахымынан үміт үзбеу, бұ дүниенің бар қызығын ақыретке айырбастау, яғни рухани тазару, сол арқылы жаратушыға жақындау... Идеялық ұстанған бағыты жағынан гуманист ағартушы болып келетін кітаби ақындардың қай-қайсысы болса да, өздерінің жандарына жақын осы сопылық ілімді насихаттауы сондықтан [6]. Шығармада сопылықтың негізгі белгілері кейіпкердің басына түскен әр түрлі қиындықтар арқылы беріледі және сопылық ілімді насихаттауға негізделген. Шығарма мазмұны сопылық іліммен сабақтастықта өріледі. Автор кейіпкерлерін сопылық көзқараспен таныстырады:

Бар екен бip қатыны Марғұба атты,

Көркем, бойы сипатты, салтанатты.

Рузе, намаз оқиды, өзі халал,

Ер әмірінен шықпайтұғын асыл затты

немесе:

Сопы екен Мұрат Салих дінін күткен,

Һәр бенде ықыласпен Хаққа жеткен.

Шығармада сопылық әдебиеттің терминдері өте көп пайдаланылады: «ғapiп», «көңілінен таупих қашып, шайтан кірді, ақырда қуанармын», «Мұнша бейнет бергенге шүкір етті», «жүз мың шүкір қылайын хәр не салса», «ақыретке сатайын жалғанымды», «Тәубә қылдым», «Рахметіңнен үмітім үзбен», «дін жолында мехнат тартты», «Артық тамақ iшпейді, ұйықтамайды, Дүниені ақыретке сатты дейді», «Мұсылман иман табар нәпсіні тыйса», «Халал ниет жолында жанын қиса», - деген сөздер қиссаның өн бойында, кейіпкерді сомдау үстінде ұшырасып отырады. Кейіпкер Мұрад Салихтың қажылық сапарына аттануы:

Өзі сопы ер еді дінін күткен,

Һәр пенде ықылас бірлән Хаққа жеткен.

«Қағбаға тауап қылып келемін» деп,

Бейшара қажыға баруға ниет еткен.

Ойлайды қажыға барып келейін деп,

Рузасын Пайғамбардың көрейін деп.

Әулие, машайыққа зиярат қылып,

Топырағына жүзімді сүртейін деп.

Қажыға барған болады күнәдан пәк

Қажыны қабыл қылсын бip Ақ»,-

деп осы іліммен жырланады. Сондай-ақ:

Қажы парыз болады малы барға,

Нәсіп болсын hәp мумин мұсылманға.

Екі дүние рахатын бірдей берсін,

«Лә иләһә иллә Алла» деген жанға.

Таза жолдағы адамдардың көп қайғыға ұшырауы, әдетте жолдан тайған, құдайдан қорықпайтын залым пенделерден болады. Марғұбаның да басына қиындық әкелетіндер - өзi сенген, жақын жандары болып шығады. Шығармада кейіпкер бір қиындықтан құтылып, екіншісіне тұтылып отырады. Бұл - қиссаның негізгі тақырыптық ерекшелігі. Кейіпкер сол қиыншылықтың бәріне төзіп, жеңіп шығуы тиіс. Оның бұл күресінде демеуші Бір Алла деген сопылық ой-таным бар. Кейіпкердің адамгершілік туралы ислам діні қағидаларымен, сопылық іліммен астасып жатқан әрекеті көп қиындық көру, ғаріптікте болуымен сабақтастықта туындаған. Сопылық ұстанымдарға сай шығарма сюжеті де шебер шиеленістерге құрылған. Кейіпкер қиналған сайын Аллаға деген сүйіспеншілігі арта түседі, сопылық сенімі шыңдала береді. Сопылық жолды ұстанатын Марғұбаның жаны қайғыдан қиналып, жүрегі қанжылап жалғыз жәpдeмшici Тәңірден медет сұрайды:

- Әyeлi жад етемін Тәңірім заты,

Қиналды бейшараның ғapiп жаны.

Зина бірлән дүниеде әсер қылып,

Шерменде мақшар күнде қылма мені.

Иләһи, барлық сырым мағлұм менің,

Зұлымдардан қалмады жаным менің.

Өзің жәрдем қылмасаң ғapiбiңe,

Қалмады осы күнде халім менің [7,99].

Марғұбаның бұл наласынан оның бүкіл жан дүниесі, өмірлік ұстанымы, рухани тазалығы Бір Аллаға деген сенімі көрінеді. Кейіпкердің шектен тыс сұлулығы шығармашылық тұрғыда екі себептен туындаған: бірі – шығыс фольклоры мен әдебиетіндегі сұлу әйелдердің еріне деген опасыздығының көп жырлануы, екіншісі – сұлу әйелді жолынан тайдыруға барша жұрттың құштар болуына қарсылық ретінде сомдалған. Бүкіл жан дүниесі сопылық іліммен кемелденген Марғұбаның бейнесі - нәзиралық туындының басты шығармашылық иедеялық, көркемдік ұстанымы. Сондықтан да шығармада бейшара әйелдің Аллаға зарланып айтқан мұң-наласына кеме үстіндегі барша керуен адамдары қатынның нұр дидарын көрген сәтінде оған араша болудың орнына өздері де құштарлық танытады. Бұл шешім кейіпкердің адамдардан қайыр болмасына налуына алып келеді. Бұл да - қисса авторының шығармашылық көркемдік мақсатының көрінісі. Жалпы дін мәселесінде, сопылық ілімде тілек өзгелерге емес тек Тәңірге бағышталуы тиіс екендігі кейіпкердің мінәжатынан көрінеді:

«Иләһи, тілек менден, себеп сенден,

Бұ жерде үмітім жоқ heш адамдан.

Құдіретіңменен ғарібке халастық бер,

Жаһанда мұңлы болмас бұ күн менден.

Тіледі бip Тәңірден қолын жайып,

Қылмадым бip жақсы ic сізге лайық.

Рақым (ет), Падишаһ, күнәһымды кeшipe гөр,

Өзіме-өзім қылдым жүз мың айып» [7,101].

Кейіпкердің діни ой, сопылық ілімінен туындаған, Тәңіріне риясыз сенген дұғасы қабыл болады.

Түтінге дария жүзі толды дейді.

Күн күркіреп, аспаннан қар, мұз жауып,

Қиямет дария жүзі болды дейді.

Бұларға Қадір Ием қаһар қылды,

Аспаннан бip бөлек от хазір болды.

Дарияның ішінде Құданың құдіретімен

Адамның бәpi күйіп күлдей болды.

...Кемедегі алтындар аман қалып,

Адам қалмай бәpi де жанып бітті [7, 101].

Кеме ішінде пейілі пәк, ниеті ақ, жаны адал, сопылық ілім, таным иесі жалғыз Марғұба ғана қалады. Бұл да Ясауи сопылық ілімімен сусындап өскен діни, кітаби ақынның енгізген идеялық шығармашылық деталі. Бұл сәтті автор мұсылманшылықпен сабақтастырып, Құдайым барша жанға тауфиқ бepciн, Бұзықтық мұсылманға жаман дейді деп көрсетеді. Қанша бейнет көрсе де, ақ жолынан таймаған пeндeciнe ақыры Алланың рахымы түседі де, жауыз жандар Алланың қаһарына ұшырайды. Алланың рахымы түсіп кейіпкер сопы патшаға жолығады, ол Марғұбаның бастан кешкен оқиғаларына әрі таң қалады, әрі қатты қайғырады, көзіне жас алады. Марғұбамен бірге барып, падиша алтын, күмic асылдың бәрін ордаға алып келеді. Өзі әділ сопы падишаның кісі ақысына адалдығы көрінеді. Марғұба осыншама азаптардан кейін пенделіктің көп қызығынан қашып, тек Аллаға мінәжат етіп, түнде ұйықтамай, күндіз тоя тамақ ішпей бipжола сопылық ілімді ұстануға ниет етеді. Патшаға:

Разы үй берсеңіз болар едім,

Тәңіріме күндіз-түні жылар едім.

Ораза, намаз оқып өлгенімше,

Тағат қып құлшылығын қылар едім.

Ниет қылдым сол үйден шықпайын деп,

Дүниенің бұзық сөзін ұқпайын деп.

Күні-түні Құдайға тағат қылып,

Жан бірлән иман қамын жоқтайын деп, -

сопылық жолда көмек етуін өтінеді. «Патша қатынға үй салып берді дейді, Марғұба ғаріп үйге кірді дейді. Күндіз-түні Тәңірге шүкір қылып, Құлшылық оңаша үйде қылды дейді» деген Марғұбаның сопылық өмір суреттері беріледі.

Шығармадан діни қиссашыл Ақылбек ақынның Ясауи сопылық ілімін меңгеріп, шығармашылығына арқау еткені «Дін жолында мехнат тартты дейді, Артық тамақ ішпейді, ұйықтамайды. Дүниені ақыретке сатты дейді, Мұсылман иман табар нәпсі тыйса, Дүниеде ізгілік сауап жыйса. Тәңірі бенде тілеуін бермей қоймас, Халал ниет жолында жанын қиса» деген өлең жолдарынан анық аңғарылады. Адал ниеттен таймаған, көп бейнет шегіп шүкіршілігінен қайтпаған Марғұбаға Алланың ерекше мейірімі түседі. Ол ерекше қасиетке ие болады. Осының өзі шығармада адалдық жолынан таймаған кейіпкерге Алланың мейірімінің түсуі деп түсіндіріледі. Марғұбаның ерекше қасиетті, керемет жанға айналуы ақын тарапынан діни сопылық ойлармен сабақтастырылып түсіндіріледі. Адал жанға Алланың рахымы болса, жазықсыз жанды азапқа салған, нәпсінің құлы болған, ақыретін ойламаған пенделерге Алланың қаһары бар. Оны да ұмытуға болмайды. Ясауидің сөзімен айтқанда:

Қahap атты қаһарынан қорқып жылар Қожа Ахмет,

Рахман атты рахымыңнан үміт тұтар Қожа Ахмет [4, 15].

Алланың рахымынан Марғұба қамқор патшаға жолығып, керемет қасиетке, ен дәулетке ие болып, халық арасына даңқы кеткен уақытта, залым жандарға Алланың қаһары да келіп жетеді. Әділ қазы-Құдайдың пенделерінің ic-әрекетіне қарай рахымымен қаһарын көрсетер тұсы - қиссадағы композициялық шиеленістердің шешімі болып шығады. Мұнда ешбip іс-әрекеттің себепсіз болмайтыны, қандай ic, не амал қылсаң да әр істің өзіне тән өтеуінің болатыны, жақсылыққа жақсылық, қайырымға қайырым, жамандыққа жамандық өтеуі болып жырланады. Сонша жанына азар берген жандар алдына келгенде, жүрегіне Алланың нұры құйылып рухы тазаланып тұрған Марғұба залымдарды тәубесіне түсіріп кешірімін береді. Күйеуіне қосылып, еліне – Түркістан шаһарына қайтады. Күйеуі Мұрат Салық Құдай бақ беріп, патша болады:

Бақ берді Марғұбаға патша Құдай,

Жанның бәрі ескерсін мұнан былай.

Адамзат өз пиғылынан күнәһ табар,

Құдайдың құдіретінің бәрі осылай.

Марғұба қаңғырыпты талай жаққа,

Қараңызшы, Құдайым берген баққа.

Өзінің ниетінің дұрысынан

Отырды Мұрат Салық алтын таққа.

Сөйтіп, сопылық ілімді негіз етіп жырланған діни хикаялық қисса кейіпкерлері барша мұрат-мақсаттарына жетеді. Олардың мұрат-мақсаттарына жетуінің кілті – өздерінің хақ пейілділігі мен жан тазалығында. Бұл - олар ұстанған сопылық ілімнен бастау алып жатқан арна. Діни кітаби нәзирашыл ақын Ақылбек Сабалұлы қоғамды рухани тазарту жолы, қоғам кемшілігінің eмi ретінде Ясауи бабамыздан бастау алған сопылық іліммен өзінің осындай шығармасы арқылы ел көңіліне адалдық, мейірім, әділдік нұрын ұялатқысы келеді. Алла жолына адал мейірімді, жомарт жанның кемелдікке кенелетінін айтады.

Ясауи сопылық ілімі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамына қажеттіліктен туындаған діни ағартушылық ағым идеясының рухани қазығы болып табылады. Кітаби ақындар шығармашылығында сопылық ілім мен діни ағартушылық ұстанымдар терең қабысып жатты. Бұдан кітаби ақындар шығармашылығының Ясауи негіздеген сопылық әдебиеттің жалғасы екені көрінеді.  

 

Әдебиеттер:

1. Бертельс Е.Э. Избранные труды. Низами и Фзули. Москва, 1962, -548

2. Ысмайылов Е. Әдебиет жайлы ойлар. Алматы: Жазушы, 1968. – 320б

3. Идрис Шах. Суфизм. Москва, 1994, -445 с

4. Қ.А.Иасауи. Диуани хикмет. Түркістан, 1993. -144б

5. Ғашықнаме. Алматы: «Жазушы», 1976, -4616

6. Камалқызы Ж. Ақылбек Сабалұлының әдеби мұрасы: филол. ғыл. канд. ... дисс. Автореф. – Түркістан, 1999. – 25 б.

7. Бабалар сөзі: Жүзтомдық. –Астана: «Фолиант», 2004. Т.5. -344 б.

Сапарбек Ергөбек

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайының ғылыми қызметкері ф.ғ.к., доцент.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір