• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 18:47:42
Алматы
+35°

24 Мамыр, 2018 NEWS

Халал өнімдері зор сұранысқа ие

«Халал» сертификатын берудегі мақсат не және бекітілген стандарттар қандай?

Қазіргі таңда бүкіл әлемде халал өнімдерін шығаруға ерекше көңіл бөлініп жатыр, өйткені бұл тұтынушы нарықтағы мұсылман халқының саны 1,8 млрд адамды құрайды. Әлемдік халал нарығының жылдық айналымы 2 трлн АҚШ долларынан асады екен.

2016 жылғы Олимпиада ойындарында Бразилия Ислам орталығы да олимпиадаға қатысқан мұсылман спортшыларын халал тағамдармен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеген болатын. Олимпиада қалашығында 18 мың спортшы және спорт делегацияларының мүшелері тұрса, оның 8 мыңы «Халал» белгісі бар тағаммен қамтамасыз етілген.

«Халал» терминін қазақ тіліне аударғанда «рұқсат етілген», «адал», «таза», «шариғат бойынша жасауға болады» деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғат шеңберінде нақты тыйым салынған, адам денсаулығына зиян келтіретін, қоғамға үлкен зардабын тигізетін лас заттар мен әрекеттер харам болып есептеледі.

Алла Тағала «Мәида» сүресінің 3-аятында: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан бауыздалған мал арам етілді. Буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш (аң, құс) жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандары басқа», – деп үкім ете отырып, жейтін етіміздің қайсысы адал, қайсысы арам екенін атап көрсетеді.

Халал өнімдері діни тұрғыда ғана емес, сонымен қатар заманауи экологиялық талаптарға және медицина мамандарының талаптарына да жауап береді. Сол себепті «Халал» таңбасы халықаралық деңгейде сенімділік пен қауіпсіздік нышанына айналған, исламнан басқа да дін өкілдері тарапынан үлкен сұранысқа ие болып отыр.

«Халал» белгісі қандай өнімдерге беріледі?

«Халал Даму» ЖШС сертификат берген кәсіпорындардың қатарында: шұжық өнімдерін шығаратын кәсіпорындар, құс фабрикалары, кондитерлік, ұн, қамыр өнімдеретін кәсіпорындар, емдік-профилактикалық өнімдер, косметика, сусын, жарма, шикізаттар өндіретін кәсіпорындар, қоғамдық тамақтану орындары, ет өнімдерін шығаратын цехтар мен қасапханалар бар, - дейді ҚМДБ-ның Халал стандарттау бөлімінің меңгерушісі әрі «Халал Даму» ЖШС басшысы Бейбіт Мырзагелдиев.

халал

ҚМДБ-ның Халал стандарттау бөлімінің меңгерушісі, «Халал Даму» ЖШС басшысы Бейбіт Мырзагелдиев / Фото мүфтияттың ресми сайтынан алынды

Бүгінгі таңда әлемде тағам өнімдерін халал ережелеріне сай сертификаттауға ерекше ден қойылғандықтан, біздің елімізде де халал өнім шығару мен ұсыну өзекті мәселеге айналып отыр. Алайда бұл стандарттау қызметтері ислам дініндегі халал немесе харам болуы мүмкін нәрселерге қатысты жұмыс істейді. Яғни балабақша, қонақ үй, мектеп немесе колледжге, такси қызметіне және тағы басқаларына халал, харам үкімдерін берумен айналыспайды. Тек сол қоғамдық орындардың асханалары, тамақтану орындары уәкілетті халал сертификаттау ұйымының сараптауы нәтижесінде ғана «Халал» куәлігіне ие бола алады.             

Ал балабақша, монша, аурухана сияқты орындарды сертификаттаудың қажеті жоқ. Балабақшада ислами тәрбие жұмыстары жүргізілуіне байланысты оны халал деп айту орынсыз болады. Себебі, балабақшаның оқыту бағдарламасында мұсылмандық тәрбиенің қамтылуы оны халал деп атауға негіз болмайды. Егер бұлай айтар болсақ, діни тәрбие бермейтін балабақшалар харам болғаны ма? Сол сияқты, неке куәлігінсіз ер мен әйелді қондырмайтын, дәрет алатын, намаз оқитын орны бар қонақ үйді «халал» деу – орынсыз. Балабақшаны, қонақ үйді, басқа да шариғат әдептеріне сай қызмет көрсететін орындарды «халал» демей, «қызметі (ережелері, тәрбие жұмыстары) шариғат әдебіне сай орындалады» деп айтқан дұрыс.

«Халал» сертификатын берудегі мақсат не және бекітілген стандарттар қандай?

Халал өнімдерді импорттау және экспорттау үшін оның халал екендігіне кепілдік беретін арнайы ресми мекеме сертификатының болуы өте маңызды. Ол сертификатты беруші мекеме де сенімді ұйым болуы шарт. Қазіргі халал өнімдерді сертификаттайтын ұйымдардың қызметі – осы күмәнді нәрселердің анық-қанығын ажыратып, нақты шешімін табу.

Елімізде халал сертификаттаумен жүйелі түрде айналысып жатқандардың бірі – мұсылмандардың қара шаңырағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Мұндағы сертификаттау жұмыстарына облыс, өңірлерде арнайы тағайындалған өкілдер, ҚМДБ-ның пәтуә бөлімі, білікті технолог, қадағалаушы мамандары атсалысады. Өнімдердің құрамында шариғатқа қайшы келетін заттардың бар-жоғын анықтау үшін заманауи технологиямен жабдықталған арнайы ғылыми зертханалармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жалпы айтқанда, Қазақстанда ҚМДБ-дан бөлек ерікті түрде кәсіпорындарды стандарттау және сертификаттаумен айналысатын бірнеше ұйымдарды кездестіруге болады. Бірақ, мемлекет тарапынан заң жүзінде ешқандай тыйым салынбаған.

куәлік

ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС беретін куәлік үлгісі / Фото мүфтияттың ресми сайтынан алынды

ҚМДБ-ның Халал сертификаты бір жылға беріледі және мерзімінің аяқталуына байланысты қайта тексерістен өтіп, сертификатын жаңарта алады. Сетрификат табысталған күннен бастап кәсіпорын ҚМДБ-ның қатаң бақылауына алынады. Әр айда мекемеге тағайындалған бақылаушы-инспекторлар өндірістік орынды кезекті және кезектен тыс тиісті тексерістен өткізіп отырады.

Қазіргі уақытта ҚМДБ-ға қарасты «Халал Даму» ЖШС-ның құрамында шариғат заңының білікті мамандары, сарапшылар, технологтар, сертификатталған кәсіпорындарды жүйелі түрде қадағалайтын бақылаушы-инспекторлар және арнайы білім алған өңірлік сарапшы-имамдар бар. ҚР бойынша әр өңірде Бас мүфтидің бұйрығымен өкілдер тағайындалған. Бұл өкілдерге өздеріне қарасты аймақтарындағы халал кәсіпорындарын қадағалау міндеті жүктелген. Сонымен қатар олар кәсіпорындарға бақылаушыны тағайындау, халал бағыты бойынша оқыту, уағыз-насихат, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, кәсіпорындардың құжаттарын саралап жинақтау, оларды «Халал Даму» ЖШС-ға жолдау қызметтерін атқарады.

п

ҚМДБ өкілдерінің Астанадағы мекемелерге кезекті тексеріс жүргізіп жатыр /Фото мүфтияттың ресми сайтынан алынды

«Біздің эксперт мамандарымыз «Халал Даму» ЖШС-ның 3 стандартын жасаған болатын: 1:2016 «Мал бауыздау және ет өңдеу» Халал стандарты; 2:2016 «Тағамға қатысты қызметтер» Халал стандарты; 3:2016 «Халал» өнімдерді өндіруге, дайындауға, өңдеуге, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар» стандарты. Бұл стандарттар Малайзия, Ресей, Сингапурдың халықаралық халал стандарттарымен үйлесе отырып, өндіріс орындарын стандарттауға, дамуына, сауда нарығында стандартқа сай техникалық кедергілерді жоюына, тұтынушылар мүддеcінің қорғалуына ықпал жасайды деп көзделген».

 «Е» тағамдық қоспаларының тізімін біле жүріңіз

Халал өнімді анықтаудың бірден-бір жолы – оның құрамына мән беру. Алайда соңғы кезде әлеуметтік желілерде «Е» тағамдық  қоспалары туралы мағлұматтар жиі кездесіп, оның ішінде мәліметтердің бір-бірімен сәйкеспей, адамдарға түсініксіз болуына байланысты ҚМДБ «Халал-Даму» ЖШС әлемдік және Малайзияның, Индонезияның тәжірибелеріне сүйене отырып халал-харам үкімін беру үшін емес, «Рұқсат етілген», «Рұқсат етілмеген», «Күмәнді» деп «Е» тағамдық қоспалардың кестесін ұсынды.

е

Е тағамдық қоспаларының тізімі / Фото мүфтияттың ресми сайтынан алынды

«Әлемдік халал стандарттарға сүйенсек, ГМО қоспалары шариғат бізге арам еткен жануарларлардан алынатын болса, ол харам болып келеді делінген. Дегенмен, елімізде ҚМДБ-ның халал стандарты бойынша ГМО-ның кез келген түрін қолдануға рұқсат етілмейді. Сонымен қатар көпшілік күмәнданатын әсіп (қансөк) малдың ішегінен жасалса оның арам түгі де жоқ. Ал егер арнайы қан қосып жасалатын болса жеуге болмайды».

Судың «халалы» бола ма?

Халық арасында халал өнімдердің сұранысқа ие екенін аңғарған көптеген кәсіпорындар мен кәсіпкерлер өз өнімдеріне «халал» сөзін жалғауды тауарын өткізудің тиімді жолына айналдырған. Тіпті, судың да сыртына адал су деп жазатындар табылды. Мүфтият мамандары бұл туралы мынаны түсінген абзал дейді:

«Ибн әл-Мунзир «Ғұламалардың ижмағы бойынша еті адал хайуандар ішкеннен қалған су – таза. Оны ішуге және тазалануға қолдануға болады» деп жеткізген. Негізінде, көлемі аз болсын, көп болсын, су табиғи болмысы тұрғысынан таза саналады. Сондықтан суға нәжіс түскенін не тигенін көз көрмейінше, оның сипаттарының бірі өзгергені нақты сезілмейінше, құр бекер судың тазалығына қатысты сезіктенуге болмайды. Өйткені, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Расында, су – таза. Оны ешнәрсе арамдай алмайды» деп айтқан. Таза суға түскен нәжіс оның үш сипатының бірін өзгертсе, ластанған саналады. Ластанған суды тіршілікке пайдалануға, дәретсіздіктен тазару үшін, кір жуу үшін қолдануға болмайды. Бұл – барша ғұламалардың ижмағымен бекіген үкім. Өйткені бұл – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с): «Расында, судың иісі не дәмі не түсі өзгермесе, суды ешнәрсе арамдай алмайды» деген хадисіне негізделген шешім».

ce

Соңғы кезде ауыз судың да сыртына «халалды» тіркеу трендке айналған / Фото мүфтияттың ресми сайтынан алынды

Халал сертификаты қалай беріледі?

Қандай да бір өнімді сатып алмастан бұрын өз таңдауыңызға сенімді болу үшін «Халал» сертификаты берілген ұйымдар туралы білгеніңіз жөн. Ал ҚМДБ тарапынан халал сертификатын  иеленген ұйымдар мына жерде көрсетілген.

ҚМДБ-ның «Халал» сертификаты – барша мұсылман қауымының сенімін арқалайтын құжат. Сондықтан «Халал Даму» ЖШС тарапынан кәсіпорындар мен мекемелерді тексеру кезінде кәсіпорынның қызметі, тағам өнімдерінің құрамы халал талаптарына сай болуына, құжаттарының дұрыстығына, үнемі қадағаланып, тексеріліп отыруына баса мән беріледі, - дейді Бейбіт Мырзагелдиев.

Кәсіпорынның «Халал» сертификатын алуы келесі тәртіп бойынша орындалады:

  1. Кәсіпкер «Халал Даму» ЖШС директорының атына өтінішін, заңды құжаттары мен өнім үлгілерін (проба) жолдайды;
  2. Тараптар арасында «Халал» өнім өндіру және қызмет көрсету бойынша консалтинг өткізу туралы келісімшарт жасалады;
  3. Кәсіпорынның құжаттары бекітіледі, сертификаттау тәсілі анықталады;
  4. Сарапшылар комиссиясы кәсіпорынның жұмыс барысымен, өндіріс тәсілдерімен танысып, шариғат талаптарына сай болу деңгейін анықтайды.
  5. Өнім үлгілерінің құрамы анықталады. Ол үшін Қазақстан-Жапон инновациялық генетикалық модификацияланған зертханамен келісімге отырып, бірлескен жұмыс жүргізіледі. Бұл зертхананың технологиясы ең мықты деген заманауи зертханалардан кем емес, өнімнің құрамында өте аз мөлшерде кездескен доңыздың ДНҚ-сын анықтап бере алатын мүмкіндікке ие.
  6. Туындаған сұрақтар бойынша, сонымен қатар фиқһ мәселесі бойынша кеңес беріледі;
  7. Сарапшы комиссияның қорытындысы шығады;
  8. Мекеме өнімдері мен қызметін бағалайтын актілер бойынша шариғи қорытынды дайындалады;
  9. Кәсіпорын қызметкерлеріне ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС ұйымы туралы, халал ережелері, стандарт жайында ақпараттар беріледі. Оқу семинарлары, тренингтер өткізіледі, оқу презентациялары мен видеолар ұсынылады;
  10. Кәсіпорынға тұрақты бақылаушы ретінде жауапты тұлға бекітіледі;
  11. Акт жасалады;
  12. Сертификат табысталады.

KFC өнімдері халал белгісін қалай алды?

Қазір баланың да, ересектердің де сүйcініп жейтін KFC мейрамханасының тағамдарына ҚМДБ «Халал» белгісі берілгенін жұрт көріп жүр. KFC мейрамханасы 2016 жылдың наурызында  тағамдарына жасалған сараптама нәтижесінде Діни басқарманың халал сертификатына ие болған еді.

g

ҚМДБ өкілдері Алматыдағы KFC мейрамханасына кезекті тексеріс жүргізіп жатыр /Фото мүфтияттың ресми сайтынан алынды

Бұл туралы мүфтият былай дейді:

Мұсылман тұтынушылары Қазақстандағы «KFC» мекемелерінде әзірленетін тауық еті АҚШ-тан келеді деген жаңсақ пікірлерін жиі айтып жатады. Қазақстандағы «KFC» мекемелері «Ресей Мүфтиятының Кеңесімен» мақұлданған, «Халал» сертификатын алған «Белая птица» құс фабрикасының етін алады. Ол заводты Ресей мүфтиятының xалал комитеті жіті қадағалап отыр. Жұмыртқадан балапан алу, жемдеу, өсіру, сою процестері шариғат талаптарына сай қадағаланады. Яғни, шариғат әдебіне сай қолмен, «бисмилләмен» бауыздалған құстың еті ғана қолданылады. Айта кетсек, аталмыш кұс фабрикасында еліміздің 30-ға жуық қасапшысы вахталық ауысым бойынша қызмет атқарып жүр. «Халал Даму» ЖШС мамандары мен құс фабрикасының тәуелсіз эксперт ретінде тағайындалған мамандары арасында өзара байланыс орнатылған.

Еліміздің «KFC» мейрамханаларында қызмет етіп жатқан қызметкерлердің барлығы да ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-ның арнайы оқу семинарына қатысып білім алған, халал ережелерімен танысқан. Қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бұл оқыту бағдарламасы Қазақстандағы барлық «KFC» орындарында жүзеге асты.

ҚМДБ-ның «Халал» сертификатын алған «KFC» мекемелері мен басқа да кәсіпорындары ай сайын Бас мүфтидің бұйрығымен тұрақты түрде тексеріледі. Азық-түліктері мен сақталатын қоймалары да тексеріліп тұрады.

Тасылмалдау аса маңызды. Сол көліктердің əрбір партиясына айы, күні, жылы көрсетіліп, мөр соғылады. Жіберілген партияны сол фабрикаға бекітілген діни қызметкер бақылап отырады. Елімізге жеткізілетін шикізат маринадталған күйде келеді.

bb

KFC мейрамханалар желісінің «Халал» куәлігі / Фото мүфтияттың ресми сайтынан алынды

- Сонымен қатар «KFC» мейрамханаларындағы ыстық тамақ, ыстық сусын, гарнир, балмұздақ, десерт әзірлеуде қолданылатын барлық өнімдер мен қоспалар гендік молекулярлық зертханалық тексерістен өткізіліп, халал стандарттары енгізілді. Бірақ сертификат тек KFC өндіретін өнімдерге ғана тиесілі, яғни тұтынушыларға ұсынылған құтыдағы пепси, кока-кола секілді сусындарға қатысы жоқ. Дегенмен сол сусындарды да бір ретке келтіру, стандарттау және сертификаттау ендігі кезекте тұр, - дейді Бейбіт Мырзагелдиев бізбен әңгімесінде.

Халал өнімдердің айналасында кездесетін дау толастайтын емес

Әлеуметтік желілерде осы сияқты бейнежазбалар мен фотосуреттердің көбеюі халал өнімдерге деген халықтың күмәнін әлі де сейілтпей тұр.

Былтырғы қарашада 11 қазақстандық өндірушінің қаптамасында «Халал» жазуы бар  шұжық өнімдері, ет консервілері мен жартылай фабрикаттардың 40 үлгісінен доңыз ДНҚ табылды. Сондай-ақ, осы зерттеу қорытындысын жариялаған Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтауды қорғау комитеті, нақты қай өндірушінің өнімдері екенін көрсетпеген. Есесіне ресейлік өндірушілердің қай өнімдерінен доңыз ДНҚ табылғаны жария етілді.  

Ет, шұжық цехін стандарттау және сертификаттау барысында осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында ҚМДБ-ның «Халал Даму» ЖШС ұйымы мекеме қызметкерлеріне оқу-семинар, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта сауда-саттық орындары, үлкенді-кішілі дүкендер желісі қызметкерлеріне де түсіндірме жұмыстарын жүргізу қолға алынады деп жоспарланған.

Ал базарларда сатылатын еттің адал не арам екенін анықтап білу тұтынушыларға қиындық туғызатыны рас. Әлбетте, оны әрдайым тексеріп, қадағалап отыратын ұйымның жоқтығы, қайсысының адал, қайсысының арам екенін айыра білу мүмкін еместігі баршаға мәлім.

  • Дегенмен, 2016 жылы ҚМДБ-ға қарасты «Халал Даму» ЖШС ұйымы «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» атты бағдарламаны қолға алды. Бүгінде бұл бағдарлама барлық қалаларда жүргізіліп келеді. Қасапшылар оқу-семинардан өткенде арнайы емтихан тапсырып, қолдарына жеке бас мөрі, куәлігі мен сертификатын алады. Еліміздегі барлық мал союшыларды осы бағдарламадан өткізу арқылы келешекте сол қасапшылардың мөрі қойылған ет өнімдерін барлық жерден кездестіре аламыз деген үміттеміз, - дейді Бейбіт Мырзагелдиев.

Толық халал өнімге өту уақыттың еншісінде

Халал өнімдердің бәсекеге қабілетті болуы оның әлем бойынша кең таралуына ықпал етті. Ал бізде «халал» таңбасын иелену және сертификат алу ерікті түрде жүргізіледі. Сондықтан еліміздегі кәсіпорындардың барлығына белгілі бір уақыт аралығында халал стандарты енгізіледі деген сөз емес.

Осыған дейін «халалды» «адалға» ауыстыру туралы ұсыныстар болған еді. Алайда, «xалал» Құранның сөзі болғандықтан стандарттың немесе белгінің атауын сол қалпында қалдыру жөнінде шешім қабылданған болатын.

Осы орайда, жақында ғана Ranking.kz сарапшыларының зерттеуі бойынша етті ең көп тұтынатын өңір атанған Атырау облысындағы көп жылдық тәжірибесі бар ауыл шаруашылық маманы Сабыржан Сұлтанов, «адал ас ішкен адамның еліне жаны ашитын азамат болатынына сенімдімін» дейді:

Қазақтың күнделікті тағамдарының ішінде ет, сүт өнімдерінің алатын орны ерекше ғой. Қашанда пайдалы әрі сапалы ас дайындауды мақсат тұтқан ата-бабаларымыз мұны әу бастан-ақ білген. Сондықтан халқымыз мал союға, оны баптауға баса мән береді. Бүгінде сол атадан қалған кәсіпті жалғастырушы болғандықтан, табиғи таза өнімге деген сұраныстың күн өткен сайын артып келе жатқанының тікелей куәсімін. Сол себепті барлық мал шаруашылығымен айналысып, өнімдерін сатып жүрген шаруалар мал союға, кәсіпкерлер оның өнімдерін таратуға бей-жай қарамаса екен деймін.

 

 

Ақтоты БОРИСҚЫЗЫ

Nazerke Musa

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір