• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 04:45:29
Алматы
+35°

12 Сәуір, 2018 Әлеумет

Ұрпағын қорғай алмаған ұлт. Қазақ балалары қашанғы жәбірленеді?

Әлемде әр 2 минутта бір бала зорланады, дүниежүзі бойынша 5 минут сайын бір бала кісі қолынан өледі.

Қазақстаннан АҚШ-қа көшіп барған отбасында келеңсіз жағдай болды. Кішкентай баласы үйде асыр салып ойнап жүріп құлап, аяғын жарақаттап алады. Ата-анасы дереу ауруханаға жеткізеді. Баланың жарақатын көрген дәрігер бірден полицияға хабарласады. Сол күннен бастап полиция оның ата-анасын бақылауға алған. Қыз өз бетімен құлады ма, әлде отбасында біреу оны соққыға жықты ма – соны анықтау үшін тексеру жұмыстарын жүргізген. АҚШ полициясы өз елінің азаматы болмаса да, «өзгенің» баласына қамқорлық танытып, оның құқығы бұзылып жатпағанына көз жеткізуге барын салды.

Осы екі жағдайдан кейін Қазақстан мен АҚШ арасындағы бала құқығын қорғау деңгейі қаншалықты алшақ екенін аңғаруға болады.

Енді Қазақстандағы жағдайға назар аударайық. 7 жастағы ОҚО тұрғынына жоғары сынып оқушылары тарапынанан зорлық әрекеттері жасалды деген ақпарат шығып, бұл жағдайды халық қызу талқылап, жіті назарда ұстап отыр. Әсіресе, жұртты ашындырғаны – баланың әжесі қанша шағымданса да, іс қозғалмағаны, Шымкенттен Алматыға кетіп бара жатқан әже мен баланы пойыздан полицияның күштеп түсіріп алғаны еді.

Биыл бала құқығының тапталуына қатысты халық арасында резонанс тудырған жалғыз оқиға бұл емес. Өңеші күйген, денесінен ине табылған 2011 жылғы Айна есімді қыздың жағдайы да халықтың жағасын ұстатқан. Қоғам белсендісі Аружан Саин денсаулығына зақым келген қыз ауруханаға жеткізілгенде дәрігерлердің полиция шақырмағанын Facebook парақшасында жазған.

Халық назарынан тыс қалған жағдайлар қаншама? Соңғы кездері педофилдер мен олардың кішкентай құрбандары туралы жиі еститін болдық. Кішкентай балаларға әуестігі болмаса да, құмарлығын басу үшін балалардың әлсіздігін пайдаланып жатқандар қаншама?

Қайырымдылық қорын құрған Аружан Саин жоғарыда айтылған екі балаға қатысты да пікірін ашық білдіріп жүр. Оның ойынша, Қазақстанда бала құқығының өз деңгейінде қорғалмауы – жауапты орындардың өз ісіне салғырт қарауынан.

- Осыған жауапты адамдар бала құқығының бұзылуына жол беріп отыр. Бала құқығына қатысты мәселеге немқұрайлық таныту, қылмысты жасыруға тырысу, заңды тергеуді жауып тастауға әрекеттену, жауапкершіліктің жоқтығы және кінәлілердің жазаланбауы салдары еліміз үшін өте ауыр болды, - дейді Аружан Саин.

Қоғам белсендісінің айтуынша, бұрын көбіне ата-анасы жоқ балалар немесе әлеуметтік осал отбасында туған балалардың құқығы жиі бұзылса, қазір ата-анасы, ресми қамқоршысы бар балаларды жәбірлеу фактілері де көбейген.

- Елдегі бірнеше жағдайды, оның ішінде Оңтүстік Қазақстандағы оқиғаны алатын болсақ, адамдар бала құқығының қорғалуына қол жеткізе алмай отыр. 

Бірнеше жыл бойы біз ҚР Білім және ғылым министрлігіне, Үкіметке өз ұсыныстарымызды жіберіп келеміз. ҚР Білім және ғылым министрлігінен балалардың құқығын қорғау комитетінде жұмыс істеп жатқан адамдардың жұмыстан босатылуын талап еттік.

Комитетте жұмыс істеп жатқандар балалардың мүддесі үшін жұмыс істемейді. Олардың орнына патриоттарды және балалардың құқығының тапталуына қатысты мәселелерді жоғары деңгейде шешуге ынталы адамды қою керек. Өкініштісі, бұл адамдар әлі күнге дейін комитетте жұмыс істеп жатыр. Жақында Нұрбек Оршыбеков ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы болып сайланды. Енді жақсы істер атқарылады деп үміттенеміз. Жақында өткен білім министірімен кездесуде тек біздің қор ғана емес, көптеген үкіметтік емес ұйымдар министрден кадрларды тез қарауды сұрады. Комитетке қызметкерлерді алғанда үкіметтік емес ұйымдардың пікірімен санасса деген өтініш білдірдік, - дейді Аружан Саин.

Балаға жасалған зорлық бірнеше түрге бөлінеді: физикалық, эмоционалды, сексуалды зорлық. Мамандардың пікірінше, балаға жылу сыйламау, мейірім білдірмеу, қамқорлық көрсетпеу де оған жасалған қиянат болып есептеледі.

Физикалық зорлық – балаға қасақана түрлі дәрежедегі жарақат салу.

Сексуалды зорлық – баланы жыныстық қатынасқа немесе ұятты жерлерін көрсетуге мәжбүрлеу, порнографиялық мазмұндағы бейнежазбаларға түсіру.

Эмоционалды зорлық – балаға дұшпан ретінде қарау немесе мүлде елемеу арқылы оның өзіне деген сенімділігін жоғалтуға себепкер болу, өзін басқалардан төмен санауына әсер етіп, патологиялық мінезін қалыптастыру және сол арқылы қоғамға сіңісе алмауына соқтыру. Сонымен қатар балаға қатты айқайлау, жеке басына тиісу, қорлау, көңіл бөлмеу, әрбір іс-әрекетін сынап-мінеу, балаға жаман  сөздер айту, оның көзінше үй жануарын азаптау немесе өлтіру де эмоционалды зорлыққа жатады.

Статистикаға сүйенсек, әлемде әр 2 минутта бір бала зорланады. ЮНИСЕФ-тің мәліметінше, дүниежүзі бойынша 5 минут сайын бір бала кісі қолынан өледі.

Әлемдік проблемаға айналған бұл мәселені шешу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы көпсалалы бағдарлама жасауды ұсынып отыр. Ата-анаға қолдау көрсетіп, бала тәрбиесінде бағыт-бағдар беруге көмектесетін аталмыш жобаны сарапшылар қолдап отыр. Олардың ойынша, көп ата-ана баласына қол жұмсау арқылы оны тек физикалық емес, психологиялық ауруларға да душар ететінінен бейхабар.

АҚШ-та жүргізілген «Қиын балалық шақтағы тәжірибе» (Adverse Childhood Experiences, ACE) атты зерттеу көрсеткендей, бала кезінде махаббат, жылу, қамқорлық көрмеген немесе жиі соққыға жығылған адам созылмалы ауруларға бейім келеді. Өскеннен кейін ондай кісілерден психологиялық ауытқушылық байқалады. Денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әйелдердің 20%, ерлердің 5-10% бала кезінде жыныстық зорлықты бастан өткерсе, 20-25% балалар физикалық зомбылықтың құрбаны болған.

Елімізде қиын жағдайдағы балалар мен жасөспірімдерге арналған ақысыз телефон желілері бар. Зорлыққа ұшыраған бала, оған куә болғандар немесе баланың құқығы бұзылды деген күмәні бар әрбір азамат ҚР Білім және ғылым Министрлігінің балалардың құқығын қорғау комитетінің сенім телефоны  - 8 (717) 2 74 25 28 нөмеріне хабарласа алады. Сонымен қатар, 105 жедел желісі жұмыс істейді.

Қазақстанның барлық облысында дерлік «Кәмелет жасқа толмағандардың бейімделу орталығы» бар. Олар құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс атқарады. Аталмыш орталықта тәрбиешілер, психологтар жұмыс істейді. Құқығы бұзылған бала орталыққа түссе, дереу қажетті құзырлы органға хабарласады.

Қазақстанда заң бойынша балалар мен жасөспірімдердің құқығы қорғалған, оны бұзған адам әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылады. Егер балаға қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірілсе, ҚР заңының 104-бабына сәйкес, айыпталушы 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ұдайы ұрып-соғу немесе өзгеге күш қолдану әрекеттерi  арқылы зардап шектірсе, елу айлық есептік көрсеткіштен жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе екі жылға дейін түзеу жұмыстарына жегіліп немесе дәл осы мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

120-бапқа сәйкес, кәмелетке толмаған баламен жыныстық қатынаста болу 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығына айыруға және кейбір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге аластатылады.

Қазақстандағы балалар құқығын қорғау бойынша құны 163 млн теңгелік 14 гранттық жоба жүзеге асып жатыр. Бұл жобалар аясында зерттеу жұмыстары жүргізіліп, білім және кеңес беру орталықтары, 7 ҮЕҰ базасында әлеуметтік қызметтің шағын желілері пайда болған. Оған 65 мың бала мен жасөспірім қамтылған.

Аружан Саин қазақстандықтардың көбі бала құқығы тапталғанын естісе өз бетімен әрекет етуге тырысатынын айтады. Оның пікірінше, бұл – ең үлкен қателік.

- Бала ғана емес, жалпы адамның құқығы бұзылған жағдайда міндетті түрде құқыққорғау органдарына хабарласу керек. Бірақ Қазақстанда адамдар өз бетімен әрекет етуге тырысады.

Мекеме әкімшілігі, мектеп, интернат пен балалар үйінің директоры шағым түскенін ести сала полицияға мән-жайды хабарлау керек. Тергеу, тексеру жұмыстарымен құқыққорғау органдары айналысады. Егер қылмыс жасалғаны дәлелденсе, сот болу керек. Ешқандай психологтың, мекеме директорының, әкімдіктің бұл істермен айналысуға құқығы жоқ. Себебі бұл – қылмыстық іс. Ал қылмыстық іспен тек полиция мен прокуратура ғана айналысуы керек, - дейді қоғам белсендісі.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір