• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 19:48:14
Алматы
+35°

24 Мамыр, 2017 Ұлт болмысы

«ҰЛТ БОЛМЫСЫ» ЖУРНАЛЫНЫҢ

«АЛАШ ЖОЛЫ» ӘДЕБИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БӘЙГЕСІНЕ

Проза саласы бойынша

Бүркеншік есім: Жауқазын

Орта бойлы, бидай өңді, толықша денелі осы жанды жұрт «Жынды Әбен» деп атайтын. Құс келер, құс қайтар мезгілде сырқат қысып көтерілмесе де, былайғы тұста бей-берекет шалыққа бой алдырмаса да неге бұлай жанамалағанын түсінуге жалаң аяқ құм кешкен бала біткеннің шамасы жетпеуші еді. Біз бір ғана нәрсені жанымызға медет тұтатынбыз – Әбекең сонадайдан бой көрсетсе ес-түсіміз қалмай жанына жетуге асығатынымыз белгілі-тін. Қалтасына жасырып жүретін кәмпит не қант түйірлерін басқалардан бұрын қамтып қалмаққа жанталасқан түріміз бұл.

- Ассалаумағалейкүм! - деп қос қолдап сәлем бергенімізде ол танымаған сияқты бетімізге бажырая қарап тұрып-тұрып:

- Әй, осы сені байға тиді деп естідім бе?.. Бағың ашылсын! - дейді басын бір жағына әнтек қисайтып, шегір көзін сығырайта.

Жік-жаппар боламыз:

- Ата, мені танымадыңыз ба? Мен ұлмын ғой. Ұлдар күйеуге шығушы ма еді, әйел алады да...

- Аһ, солай ма! - кәдімгідей абдырайды, - Солай екен-ау, ә?!. Үлкен кісілер әсте ұмытшақ келеді деп отыратын баяғының қариялары. Ендеше мен де қартаяйын деген екенмін-ақ...

Үлкен кісіні жөнге салғанымызға кәдімгідей марқаямыз:

- Сөйткенмен бұдан былайда біліп жүргеніңіз дұрыс. Әйтпесе жұрттан ұят-ты, - дейміз мардымсый.

Ол дегбірсізденеді.

- Әлбетте, айналайын, әлбетте.

Дегенмен келесі кездесуімізде мына айтқандарымыздың бәрін есінен шығарып тастап әлгі сұрағын алдымызға қайтадан тартады. Ұлдарға ғана сөйтеді. Қыз балаға «ботам, жарығым» деп жаны қалмай үзіліп тұрғаны.

Осылай еркелей жүріп те Әбекеңнен жасқанатынымызды мойындауға тиістіміз. Қорқамыз десек біреулер сенсе, енді біреулер сенбес те. Әйткенмен шындық осы. Әсіресе бас терісін бір уыс қып жинап алып тыныссыз  отыратыны үрей шақырады. Мұндайда бет-ауыздың суреті мүлдем жоғалып, орнында қатпарланған қыртыс қана қалады. Сонсын жүрегің шайлықпай қайтсын. Мынаны көргенде талай баланың бақыра жылап үйлеріне қарай қашқанын білемін.

Көрші тұрдық. Аудан орталығын түстігінен айналып өтетін Сарысу өзені мен үйімізді бір ғана көше бөліп жатты. Жеке меншік мал арғы жағада жайылады. Бұл қызыл су жүріп, артынан өзен тасығаннан кейінгі қарбаласқа сеп. Жоқ қарау деген бір әуре тұрғындарды ығыр қылады. Далада бұзаулап қалған сиырлар мен қоздаған қойларды іздеп сарсаңға түскендер жаяу-жалпылай шұбар арасын, шилеуіт тұстарды кезіп жүргені. Осындайда тай мінгендердің бәсі жоғарыда. Жоғының түр-түсі мен ен-таңбасын айтқандар ендігі үмітін тайлыға жүктеп, солардың тілеуін тілеуден аспайды.

Бала біткенге тіршіліктегінің бәрі ермек қой, «біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейдінің» керін келтіре біз тай жарыс пен өзімізше тақым тартысқа қанған шамада арғы-бергіні шамалауға көңіл аударамыз. Сондайда сонадайдан бір аттылы атын сипай қамшылап келе жатады. Жануардың есік пен төрдей тұрқына, ердегі жолаушының салмағын үзеңгіге сала бір жағына қисая отырысына қарап мына адамның Әбекең екенін бірден танимыз. Танимыз да жолын тосамыз. Білеміз, елді мекеннен төрт-бес, әлде бес-алты шақырым жердегі жел мен жаңбырдан сол кездің өзінде мүжіле бастаған «Өтекең тамы» дейтін бейіттен әрідегі қырға шығады да, онда біраз бөгеліп, артынан керіге оралады. Бар бітіретін шаруасы сол. Неге бүйтеді? Оған жауабымыз жоқ.

Бұл жолы да әдеттегі дағдысынан жаңылмады, іркес-тіркес ерген бізге зейін салмастан қыр басына жеткенде алыстан көрінген Иманақ тауына үздіге қарай тұрып бір әнді бастап ала жөнелді:

«Құс болсаң жібектен бау тағар едім,

Күмістен тұғырыңды шабар едім.

Мойныңа сары алтыннан алқа тағып,

Қолға алып сылап-сипап бағар едім.

Салайын мен әніме Қараторғай, Қараторғай.

Лиләләку ли-ләй-ләу,

Халаләку лай-ли-ләй.

Чик-чик-чи-и-ик,

Чик-чик-чи-и-ик...»

Ғажап! Тұнық ауаға көтерілген жіңішкелеу ашық дауыс жан-жүрегіңді елжіретеді. Ал оның соңын алған шиқылдаған құс үні табиғилығымен еліктіреді. «Чик-чик-чи-и-ик, Чик-чик-чи-и-ик». Мынау нағыз Қараторғайдың шиқылы ғой! Неткен керемет қайталау! Егер әншіні көрмей, білмей тұрсаң «жадағай қыр басында адасқан неғылған құс» деп таңдануың әбден мүмкін. Бірақ, біз құстың жоғын, құс тектес үні келіскен адамның барын өз көзімізбен көріп тұрмыз. Ендеше ғажапқа тамсанудан басқа амалымыз қалмағанына иланыңыздар.

Тамсана жүріп арада біраз жылдар өткенде Үкілі Ыбырайдың әніне құстың дауысы неге қыстырылғанын сұрағанымда Әбекең күлген. Күлген де сол жолы тарылмай сырын ашқан:

- Шырағым, бұрында қазақ даласы ұят деген қасиетке тұнып тұрған. Қыз бен жігіттің ашық-шашық жүргені өліммен тең деп бағаланған. Сондықтан қызды ауылды жағалаған жігіт сүйгеніне хабар жеткізу үшін құстың, жан-жануарлардың дыбыстарын айнытпай сала білген. Мұны түсінген, дыбыс ерекшелігінен кімнің келгенін дөп таныған бойжеткен кездесуге үлкендердің көзін ала бере жасырын шығып тұрған. Ендеше «Қараторғай» әніндегі құс шиқылы жігіттің қызға жолдаған сәлемдемесі деп білген жөн.

Жарықтық осылай деп еді. Содан әріде, жастығы есіне түсті ме, терең күрсініп қалған.

Мына күрсініс ақсақалдың өтіп кеткен өмірге сағынышы басым екенін көсететін еді.

 

***

Жынды Әбенді тереңдеп тану үшін қазақтың біртуары Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» романын оқыған ләзім. Сондағы бір көріністі жадымызда ұстауға тиістіміз. Жазушымен бірге қызды ауылға кетіп бара жатып қыр басында ұйықтап қалатын жігіт бар емес пе? Сол жігітіңіз осы кісі. Сәкеннен үш жасы кіші болғандықтан өзін іні тұтқан және ағасының қамқорлығын көп көрген жан. 1937 жылы Сейфуллин «халық жауы» деген жаламен ұсталғанда Әбен де түрме азабын бір кісідей тартқан-ды. Міне сонда оны өлімнен құтқарып қалған амал – асқан шыдамдылығы мен сайқымазақтық қабылетінің шексіздігі еді. Өздеріңіз ойлай беріңіздер: тергеуші алдында үнемі есі кірерлі-шығарлы бір мүскін отырады. Таяқ тисе қыңқ етпестен көтереді, сұраққа жауап қайырғанда жынды адамның сөзін сөйлеуден танбайды. Қып-қызыл қанға бөгіп жатып та ыңырсып өлең айтқанды қайдан көргенсіз? Әбен айта алды. Айтпақ тұрмақ зорлана күлгені, соққыдан әбден тұралаған денесін тас еденде сүйрелей есікке қарай сырғығаны – міне, мұның барлығы оның бостандық пен еркіндікке құштарлығынан болатын.

Ол қарауылдар қол-аяғынан көтеріп алып барып бұралқы иттей лақтырып тастаған тас камерада да өзін ұстай алды. Есін жиған сәттерінде сандырақтаған болып адам түсінбес бірдеңелерді былдырлап жатты. Бұларды не үшін, кімге айтатынын ұқпаса да әйтеуір күші сарқылғанша оттаудай-ақ оттап бақты. Бәлкім ізін жасыруға деген ниеті, бәлкім өзін-өзі қайрағаны, мүмкін жан азабын жеңілдетуге жасаған амалы, әйтеуір демеуді тілден тапқаны анық.

Соңғы тергеу жадынан шығар емес.

- Мынауың жаны жоқ бір мүскіннің нағыз өзі, сенбесеңіз өзіңіз қарап көріңіз, - деген негізгі тергеуші бұрындары бұл көрмеген әсери киімдегіге мұны таныстыра, - Азаптаудың не бір түрін қолдандық, жақ ашар сыңайы жоқ. Соған қарағанда, шынында да, біз түбегейлеген қара істен аулақ тұрса керек. Егер бұған жасағанымыздың жартысын өткерсе басқалар сайрап шыға келер еді, мынауың тілін жұтып қойған бір пәле...

Әскери киімдегі адам тұтқыннан жеркенгендей қолына жұқа биялай кие Әбеннің шашынан ұстады да, басын артқа қарай қайыра беріп қалт бөгелді.

- Мынауың шынында да тірі жанға ұқсамайды ғой!

- Кеудесінде жаны болса болар, басқасының бәрін жаншып тастағанбыз.

Анау басын шайқады.

- Бұл өзі негізгі айыпталушыға жата ма, әлде көпке ілескен бір пенде ғана ма?

- Дүрмектің арасындағы байғұс қой. Ана Сейфуллиннің ауылдасы екен. Сонсын қамалған.

- Сәкеннің жерлесі деймісің? Оның да ендігі тағдыры шешіліп қойған. Бүгін бе, ертең бе – көп өтпей ол атылады.

- Сонда мынаны қайтпекпіз? Әлде мұны да тырайта саламыз ба...

- Бір оқты босқа шығындап қайтесің. Одан да атылғандарды қаладан шығарып көмбейміз бе, сондайда мынаны да мүрделердің арасымен алып барып, бір шұңқырға тастай сал. Тірідей көмілсе өз қырсықтығынан көрсін. Тек құжаттарды сауатты толтыр. Қалғанын өзім реттеймін. Келістік пе?

- Мұнауыңыз дұрыс ақыл екен. Байғұс тірідей көрге кірсе басқаларға сабақ.  Сонда зиянкестердің бұдан былайда үкіметке зияны тимес...

Тимегені ғой, Әбен өмір бойы тілін тістеп өтті. Басқа түгілі етжақынға сырын ашпағаны ешкімге сенбегенінен. Сәкен арыс өз қолымен құрысып, соның игілігі үшін қызмет еткен Кеңес үкіметі осыншама еңбегі сіңген адамды құрбандыққа байлағанда Әбен кім? Шыбынша қағып, немесе жаншып тастар.

Күндердің күнінде, әскери адам айтқандай, бірнеше жансыз денені қорабына тиеген жүк машинасы қаладан былайырақ шықты да, бір ойпаңға жеткенде мүрделерді лақтырып-лақтырып тастай салды. Сонсын кетпен, қайла, күректерін қамдаған, жол бойы ауыздары арақтан босамаған үш-төрт адам өзара шүйіркелесіп біраз тұрып, ақырында бір байламға келгендей бастықтарынан көз байланып кеткенін сылтау етіп, мыналарды көмуді ертеңге қалдыруын сұрады. Сөйтіп, Әбеннің өмір кеше тұруына мүмкіндік жасады.

Түн қараңғылығын жамылған Әбен сүрініп-қабынып, тіпті жер бауырлай жорғалап мына тұстан әжептәуір ұзағанда өзінің шын тозақтан аман шыққанына сенбеген болатын. Айдаладағы бір түбірді құшақтай ағыл да тегіл жылағанын сірә да ұмытпас. Жылап жатып өліктермен бірге машина қорабында тербелген сәтін есіне алғанда жүрегі тітіркенген, санасын сандаған бишіктер осып-осып тастаған. Шынтуайтында бұдан былайғы тұста Әбенді тұйықтаған ажал камерасы емес, мына соңғы жағдай-тын. Мұп-мұздай мүрделер соқталдай азамат санасының тілім-тілімін шығарып, өзін шыңырауға итеріп тастағандай еді. Нәтижесінде сынбастай берік тұрпаттың орнына әрнеден секемшіл, әрнеге күдікпен қарайтын бір пенде пайда болып, ол бергі де белгілі ғасырдың соқпағын шиырлауға мұрсат тапты.

Иә-иә, тіршілікке наз айтар шама таппағанда баз тірліктің базынасын көтеруден басқа амал таппайтының қиын енді...

 

***

 

- Әй, ит-ай, енді сен де мені мазақ қылайын дедің бе!? Мазақ қылғызармын мен саған! Қолыма түссең қолқаңды жұлып алып итке тастармын. Тоқта деймін, әй! Қатын болмасаң қайырыл!

Жайшылықта айналасына кең жанның кенет ашуға мінуі тым қаһарлы екен. Әбекең, қайдан қолына түскені белгісіз, ұзындау сырықты иіре алдындағы адамды үй айналдыра қуып жүр. Былай қарасаң ана екінші еркек те осалдан емес. Соғысты өз көзімен көрген, тіпті порошютпен талай мәрте аспаннан секірген, сөйтіп ойламаған жерден жауының дәл желкесінен түсіп (ол кісінің өз сөзі) түте-түтесін шығарған, қазір аудандағы қара шаңырақ мектепте әскери дайындықтан сабақ беретін Ботабай мұғалім. Киіктің шикіл асығындай шымыр азамат. Қуғыншымен салыстырсаң жастау. Бірақ, соған қарамастан шалдан безе қашқаны түсініксіздеу енді. Әлде үлкенді сыйлағаны ма екен, әйтеуір қолды-аяққа тұрар емес.

Жынды Әбеннің ауызы сөзден босамайды:

- Әй, тоқта! Тоқта дедім мен саған! Бәрібір ұстап аламын! Қара мұны! Бұл да адам болайын деген, ә!? Енді маған болмағанды болғандай баянда дейді. Құдай алдында да, адам алдында да қарабет етпекші. Әбен сөзіне ерер деген сендей бәтшағардың! Еркек болсаң сәл аял тап! Шыбыныңды шырқыратармын, бәлем!

Шымнан салынған шатырсыз үйді екі-үш айналғанда Әбекең демігіп қалды. Ал Ботабай әлі тың.

- Ақсақал, қойыңыз, босқа шабылмаңыз! - дейді ентіге тұрып, - Менікі жанашырлық. Көргеніңізді басқалар да естісін деген ниет қана. Сәкендей арысын ел іздеп жатқанда сіздің үнсіз қалғаныңыз орынсыз, әрине. Бұл тарих қой. Тарихты жасыру адамшылыққа жатпайды.

- Оттапсың! Ал білгіш болсаң айта қойшы, сонда адамшылыққа жататын не нәрсе: отта шыжғырылып, суға шашалу ма? Шыжғырылғанбыз да, шашалғанбыз да. Оның сендерге несі қызық бола қалды, ә?

- Біле-білсеңіз бізге қызық керек емес - сізге аға, бізге жекжат Сәкен сияқты біртуардың өмірінен бір үзік сыр айта салсаңыз неңіз кеткендей! Ана бала сол үшін сонау-у Алматыдан ат сабылтып келді ғой.

- Келсе қайтейін! Келсе, қой демейміз, іздейтінін тапсын-ақ, бірақ менен аулақ жүрсін, білдің бе!?

Ол буырқана үйіне кіріп кетті де есіктің ішкі ілгегін сықырлатып салып алды. Айқайға жиналған көрші-қолаң ештеңенің байыбына бармастан аң-таң.

Ботабай мұғалім шыр-пыр:

- Мына кісі... Мына кісі адам емес қой! Астанамыз Алматыдан Сәкеннің өмірінен сыр тарту үшін тілші келіп тұр. Соған бір ауыз сөзін айта салса қайтер еді. Жоқ, бұлқан-талқан. Құдды, Сәкенді танымайтын, білмейтін біреу сияқты. Ағайын-ау айтыңыздаршы, осынысы дұрыс па?

Жиналғандар жым-жырт. Әбекеңмен тонның ішкі бауындай араласып жүргендер оның Сәкен төңірегінде сөз қозғалса әуелгіде тығыла қалатынын, сонсын барып көзі бағжаңдай, иегі кемсеңдей босап кететінін біледі. Сөйте отырып та ол ағасы туралы жақ ашуға жоқ адам. Тіпті өмірінде көріп-білмеген біреу секілді сұрағаныңды қабылдаудың орнына таңырқаған рай танытатынын қайтерсің. Содан бері арада өтіп кеткен елу жылдай өмірдің санаға сіңген үрейді баса алмауынан. Уақыт шіркін сынаптай сырғығанмен жанға түскен таптың жоғалмағанынан.

Ол Сәкен ағасын өзінше сағынады екен. Атпен қырға шығып, ер үстінде қыран құстай қомданып тұрып Иманақ тауына қарап салатын әні сырлы шақты аңсағанынан, әрине. Өйткені Иманақтың бауырында Әбеннің ғана емес, Сәкен Сейфуллиннің де балалығы мен жастығы қалды ғой. Ал, дүниедегі ең ыстық жер – жастықтың базарын тарқатқан жер екені айтпаса да белгілі.

Дегенмен ішкі сезімді сыртқа ақтарып тастауға шамасы жетпегені  Әбеннің ғана емес, ғасырлар көшінде не бір зұлматты бастан кешкен қазақ халқының жалпы трагедиясы болатын.

Иә, көзі барда Жынды Әбен ақсақалдың өз үрейінен арыла алмай кеткені әмбеге белгілі. Сол үрейдің қазақ даласын әлі кезіп жүргеніне мен күмән келтірмеймін.

Әр санада бір үрей...

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір