• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 10:03:02
Алматы
+35°

12 Шілде, 2018 Әдебиет

Үміт күтіп бүгіннен, болашақтан,  Арал жатыр көзінен сорасы аққан (видео)

Бұл табиғи апат мыңдаған адамның тағдырын өзгертіп, теңіз жағасын мекен еткен елдің мұңына айналды.

Арал мұңы барша қазақтың мұңы деп білеміз. Видео-поэзияны көтере отырып Жер ананың мейірімділігіне таң қаласың. Себебі табиғатты аялап, экология үшін жаппай күресу әлі де кеш емес.

Жасындай жырларымен жарқ етіп, 70-жылдардың ортасында әдебиет әлеміне із салған Айтуар Сабыровтың "Экологиялық жыр" атты өлеңіне  Массагет сайтының түсірген видеосын ұсынбақшымыз. Туынды Массагет тілшілері мен "QazaqGeography" ұйымының Арал теңізіне жасаған 20 күндік экспедициясы аясында дайындалыпты.  "Экологиялық жыр" оқырман мен көрерменге көп ой салары анық.

Асау толқын аяғын құмға малып,
Арнасына қайғы мен мұң қамалып. 
Қайраңдағы шабақтай Арал бүгін, 
Аунақшиды бауырын күнге қарып.

Ну қамыс жоқ – қурады, 
Селдіреді. 
Жағада тек құм көшіп, жел жүреді. 
Демі қысқан аурудай әлсін-әлсін 
Қар шыңдарға қарайды, телміреді.

Телміреді –
Ұзақ күн көз алмайды, 
Ал жағада алапат тозаң-қайғы, 
Ала құйын ішінен анда-санда, 
Жетім кеме желкені бозаңдайды. 
Бозаңдайды – тек қана көз алдайды, 
Шыбын жаным шырқырап төзе алмайды...

Құландар жоқ жағада өре шапқан, 
Балық исі шықпайды жер ошақтан. 
Үміт күтіп бүгіннен, болашақтан, 
Арал жатыр көзінен сорасы аққан!

Байғұсым-ай көрдің бе нала жұрттан, 
Қалай басам көңілді алабұртқан?! 
Қарт Памир де тұр, әне, мұңға оранып, 
Қара орамал жамылып қара бұлттан.

Адам болды-ау түбінде құртар қайғың, 
Ашуланып несіне бұртаңдаймын. 
Жанарыма ирілген қос тамшыны, 
Сәбиіме көрсетпей сырт айналдым...

Авторы: Айтуар Сабыров

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір