• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 19:03:28
Алматы
+35°

15 Қараша, 2017 Экономика

Ұлттық валюта күні. $89,3 млрд. ұлттық қор һәм $167,9 млрд. сыртқы қарыз

2017 жылғы қыркүйекте Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері $89,3 милллиард

Бүгін, 15 қараша — Қазақстан ұлттық валютасының күні. 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді. Теңге Ұлыбританиядадағы «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын ағылшын компанияларының бірінде басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

Ұлттық валютаның алғашқы үлгілері

Айналымға енген 15 қараша күні 1 теңге 500 сомға бекітілді. Доллар болса 4,75 теңге болып бекітілді. Қазақстанның төл теңгесі 24 жылда құнын 70 есе жоғалтты. Ұлттық валютамыз қуат ала алмай, құлдырады. Бұған не себеп? Қазақ экономикасы қай деңгейде? Банктер мен халықтың қалтасының арасындағы баланс қандай? Осы сауалдар төңірегінде Qamshy.kz тілшісі ҚР Ұлттық банкіне ресми сауал жолдаған еді.  

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері қарайғы теңгенің нығаюы мен құлдырау туралы және 2015 жылғы девальвациядан кейінге теңгенің жай-күйі туралы не дейсіздер?

1998-1999 жылдары мұнайдың және түсті металдардың әлемдік бағаларының қолайсыз қалыптасқан конъюнктурасының, сондай-ақ Қазақстанның сауда әріптес-елдері ұлттық валюталарының айтарлықтай девальвациясының нәтижесінде теңге нақты көрсеткіш бойынша айтарлықтай нығайды. Бұл қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетті және экономиканың өсу қарқынына теріс әсер етті. Ел экономикасына келтірілетін теріс салдардың алдын алу үшін 1999 жылғы 5 сәуірден бастап Қазақстан ұлттық валютаның еркін өзгермелі айырбастау бағамы режиміне көшті. Соның нәтижесінде ішкі валюта нарығында шетел валютасының ұсынысы ұлғайды, бұл валюта нарығының және қаржы  нарығының тұрақтануына ықпал етті.

Макроэкономикалық орта Қазақстанда 2000 – 2006 жылдар  аралығындағы кезеңде қолайлы ішкі және сыртқы факторлардың әсерімен  дамыды. Валюталық саясатты жүргізген кезде теңгенің өзгермелі айырбастау  бағамының режимі сақталды, оны қалыптастыру ішкі валюта нарығындағы  сұраныс пен ұсынысқа байланысты болжанды. Негізгі экспорттық тауарларға  бағаның өсуі, сондай-ақ банктердің сыртқы қарыз алуының ұлғаюы салдарынан шетел валютасының айтарлықтай ағыны теңгенің 2002 жылдан бастап нығаюына ықпал етті.

Қазақстан экспортының шикізат тауарларының әлемдік бағаларының  құлдырау нәтижесінде елдің төлем балансы нашарлады, теңгенің айырбастау  бағамына қысым күшейді

2007 жылдың екінші жартысынан бастап Қазақстандағы  макроэкономикалық жағдайдың дамуы әлемдік қаржылық дағдарыс аясында  орын алды, ол кейіннен экономикалық дағдарысқа ауысты. Әлемдік экономиканың өсу қарқындарының баяулауы, сондай-ақ алдыңғы жылдары  жинақталған Қазақстан экономикасындағы жүйелік проблемалардың  шиеленісуі барлық секторларда даму серпінінің баяулауына әкелді. Қазақстан экспортының шикізат тауарларының әлемдік бағаларының  құлдырау нәтижесінде елдің төлем балансы нашарлады, теңгенің айырбастау  бағамына қысым күшейді. 2008 жылдың 2-жартжылдығында және 2009 жылдың басында Қазақстанның негізгі сауда  әріптестері өз валюталарының девальвациясын жүргізді. Алтынвалюта  резервтерін және отандық өндірушілер тауарларының бәсекеге қабілеттілігін  сақтау мақсатында Қазақстанда теңгенің девальвациясы жүргізілді. 2009 жылғы ақпанда айырбастау бағамының дәлізі бір АҚШ доллары үшін ±3% 150 теңге деңгейінде белгіленді. Бұл девальвациялық күтулерді төмендетуге, төлем балансының жай-күйін жақсартуға және алтынвалюта резервтерін сақтауға мүмкіндік берді.

2014 жылы әлемдік экономикалық ахуалға дамушы елдерден дамыған елдерге капиталдың әкетілуіне себепші болған АҚШ-та, қаржы секторын қолдау бойынша дағдарысқа қарсы бағдарламалардың қысқаруы елеулі ықпал етті. Дамушы елдер валюталарының көпшілігі құнсызданды немесе бағамның төмендеу үрдісін көрсетті. Теңгенің қайта бағаланған нақты айырбастау бағамы бәсекеге қабілеттілікті төмендетуге және қазақстандық экспортерлер үшін сыртқы сауда талаптарының нашарлауына әкелді. Нәтижесінде Қазақстан экономикасында девальвациялық күтулер күшейді, алыпсатарлық операциялардың көлемі өсті. Осыған байланысты, Ұлттық  Банк 2014 жылғы 11 ақпаннан бастап айырбастау бағамын бұрынғы деңгейде  ұстап тұрудан бастарту, валюталық өктемдіктер көлемдерін төмендету және  теңгенің айырбастау бағамын қалыптастыру процесіне араласуды қысқарту  шешімін қабылдады. Жаңа бағам бір АҚШ доллары үшін 185 теңге (±) 3 теңге деңгейінде қалыптасты.

Еркін құбылмалы айырбас бағамы жылдам және сыртқы соққыларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді

Мұнай және басқа да шикізат тауарларына бағаның едәуір төмендеуі, Қазақстанның негізгі сауда әріптес елдерінің ұлттық валюталарының құлдырауы, сондай-ақ нарықтың АҚШ долларын нығайту бойынша күтулері сияқты ұзақмерзімді сипаттағы сыртқы күйзелістердің өсуі  жағдайларында, 2015 жылғы 20 тамыздан бастап теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамының режімін енгізу және инфляциялық таргеттеу саясатына өту туралы шешім қабылданды. Осы жағдайларда ұлттық валюта бағамы нарықтық ішкі және сыртқы, ең алдымен әлемдік мұнай бағасы және  сауда әріптес-елдердің валюта бағамдары, факторлардың ықпалымен қалыптасады. Қолданыстағы еркін құбылмалы айырбас бағамы режимі фундаменталды факторларға жылдам және сыртқы соққыларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.

Ұлттық валютаны енгізгеннен бастап теңгенің шетел валюталарға айырбас бағамы көбінесе тиянақталған валюта бағамы режимі шегінде анықталды. Ұлттық Банк тұрақсыздануға әкелетін ауытқуларды шектеу үшін валюталық интервенцияларды өткізетін. Алайда теңгенің айырбас бағамын тұрақты етуге арналған бағамдық саясат экономикадағы теңгерімсіздікке әкеліп соқты.  Осыған байланысты Ұлттық Банк 2015 жылғы 20 тамызда теңгенің өзгермелі айырмас бағамы режіміне ауысуын жариялады.  Осы режімге сәйкес теңгенің айырбас бағамы күнделікті өзгеріп, валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа негізденіп, ішкі және сыртқы іргелі факторлардың әсеріне байланысты қалыптасады. Теңге бағамының күнделікті ауытқулары нарықтағы жағдайға сәйкес болуға мүмкіндік береді, теңгенің айырбас бағамының жасанды, бейнелі және айтарлықтай өзгерістерді жасау қажеттіліксіздігі отандық экспорттаушылардың бәсекелестікке қабілетін қолдайды.

 Қазақстан қолма-қол төлемге қарағанда карточкалық төлемді көбірек қолданады 20,4%/79,6%

 Қазақстандағы халықты4 ақша айналымының қолма қол және карталық үлесі қандай?  

 2017 жылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың көлемі 9,6 трлн. теңге сомаға жетіп, 323,7 млн. транзакцияны құрады (2016 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда транзакция саны 36,2%-ға, ал сомасы – 29,1%-ға ұлғайды). Олардың ішінде қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 47,0% және жалпы сомасынан 20,4% құраса (152,1 млн.транзакция және сәйкесінше 1 965,5 трлн. теңге), төлем карточкаларын пайдаланып ақша шешіп алу операцияларының үлесі сәйкесінше 53,0% (171,6 млн. транзакция) және 79,6% (7 663,3 трлн. теңге).

 Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып операциялардағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің серпіні % көрсеткіште

Төлем көрсеткіші

Төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған қолма-қол ақшасыз операциялардың саны мен сомасы 2014 жылдан бастап қарқынды өсіп келе жатқандығын көреміз: 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда төлемдердің саны 80,7%-ға, ал сомасы 75,0%-ға ұлғайған.

Заманауи төлем карточкалары арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдердің тенденцияларына сәйкес Қазақстан Республикасында Интернет пен мобильдік банкинг жүйесі арқылы жүргізілген төлемдердің өсуі қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсуінің негізгі себебі болып келеді. Сонымен қоса жалпы төлем карточкаларын пайдалану арқылы жүргізілген қолма-қол ақшасыз төлемдердің көрсеткішінен 38,7% және сомасы бойынша 36,4% құрайды.

2017 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында  интернет/мобильді банкинг арқылы төлем карточкаларын пайдалана отырып, 715,7 млрд. теңге сомаға 58,9 млн. операция жасалды. 2016 жылғы жылдық көрсеткіштермен салыстырғанда аталған операциялардың саны мен сомасы 51,9%-ға және тиісінше 78,9%-ға ұлғайды.

 Ұлттық қор $89,3 милллиард

Қазақстанның алтын резерві қаншалық? 

 2017 жылғы қыркүйекте Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 32,2 млрд. АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (57,1 млрд. АҚШ доллары) қоса алғанда, 2017 жылғы қыркүйектің соңында елдің халықаралық резервтері тұтастай алғанда 89,3 млрд. АҚШ долларын көлемін құрады.

 2017 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының сыртқы борышы $167,9 миллиард

 Қазіргі  күні  Қазақстанның  сыртқы  қарызы  қаншалық сомманы  құрайды? Қарыздардың пайыздық үлесі қалай? Қазақстан қарыз болған мемлекеттер мен алпауыт компаниялар немесе шетелдік банктер?

 2017 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының сыртқы борышы 167,9 млрд. АҚШ долл. болды,  оның  7,9% немесе 13,2 млрд. АҚШ долл. – мемлекеттік сектордың сыртқы борышы, 3,7% немесе  6,2 млрд. АҚШ долл. –  «Банктер» секторының сыртқы борышы, 25,2% немесе 42,4 млрд. АҚШ долл. – тікелей инвестицияларға байланысты емес «Басқа секторлардың» берешегі. Қалған 63,2% немесе 106,1 млрд. АҚШ долл. осы сектордың фирмааралық берешегіне тиесілі. Қазақстан Республикасының сыртқы борышының ІЖӨ-ге қатынасы 2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 112,4% болды.

Қазақстан Республикасының барлық сыртқы борышының 67% келетін Қазақстанның кредитор-елдерінің бірінші бестігіне Нидерланд, Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Франция сияқты елдер кіреді.

Шетел банктері алдындағы Қазақстан Республикасының сыртқы борышы 14,3 млрд. АҚШ доллары болды. Сыртқы борыштың барынша жан-жақты құрылымы бейрезидент-кредиторлар және резидент-қарыз алушылар секторлары бойынша бөлгенде 1-кестеде берілді.

 1-кесте. Бейрезидент кредиторлар және бейрезидент қарыз алушылар секторлары бойынша Қазақстанның сыртқы борышы (млн. АҚШ доллары)

 

 30.06.2017 ж. аяғындағы сыртқы борыш

оның ішінде кредиторлардың секторлары бойынша

ақпарат жоқ

 

 Халықаралық қаржы ұйымдары

Мемлекеттік басқару органдары

 Орталық Банктер

 Банктер

Басқа секторлар

 

 
 

 Сыртқы борыш

167 890

10 526

22

3

26 544

129 349

1 446

 

Мемлекеттік басқару органдары

12 144

6 535

 

 

732

4 876

 

 

Орталық банк

1 098

585

 

3

2

508

 

 

Банктер

6 179

188

22

 

3 682

2 214

73

 

Басқа секторлар

42 359

3 172

1

 

9 896

27 917

1 373

 

Тікелей инвестициялар: фирмаралық берешек

106 111

47

 

 

12 231

93 833

 

 

 

***

«Қамшы» тілшісі бұған қоса Ұлттық банктен халықтың екінші деңгейлі банктерге салымының және қарызының пайыздық көрсеткішін,  Қазақстан халқының депозиттық үлесі мен кредиттік берешегінің балансы қай деңгейде екенін сұраған. Бұған ҚРҰБ-ның интернет-ресурсында қаржылық қызметтерді барлық тұтынушыларға қолжетімді ("Статистика" бөлімін, "Қаржы секторының көрсеткіштері" шағын бөлімін, Банк секторын қараңыз) сілтемені берді.

2017 жылдың қазан айындағы Қазақстандағы банкаралық депозит ұлттық валютада 5 842 985,3 млн.теңге, шетел валютасында 4 669,5 млн.USD. Ал, берілген кредит көлемі ұлттық валютада 126,3 млн.теңге, шетел валютасында 10,5 млн.USD.  Алайда кредиттік пайыз ұлттық валютада 8,5 болып көрінсе, депозит пайызы жоғары 9,26. Халықтық салым 2017 жылдың қыркүйек айындағы көрсеткіш бойынша 8 213 030,  тамыз айындағы халықтың тұтынушылық кредиті 2 804 209. Салыстырмалы түрде қарағанда халықтың депозиты кредитінен көп екені қуантады. Дегенмен екінші деңгейлі банктердің нақты қайсысына халық кредиттік кіріптар болып отыр? Оны анықтай алмадық. 

Қазақстанның 2017 жылғы 1 жартыжылдықта өндірілген Жалпы ішкі өнімнің көлемі Статистика агенттігі есебіне сүйенсек (есептік деректер бойынша) 21546269,7 млн.теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлемінің өзгеру қарқыны 4,3% өскен. Қараша айы басталғалы теңге де біршама нығайды.

$170 миллиардқа жақын сыртқы қарыз және құрдымға кеткен мемлекеттік емес алпауыт компаниялар мен кейбір банктерді құтқарып қалуға кеткен миллиардтаған халықтың ақшасын ойласақ экономикамыздың бағасы көрінеді. Бір анығы, 2 реттік дағдарыстан кейін халықтың қаржылық сауаты ашылған. 

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір