• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 09:10:50
Алматы
+35°

05 Ақпан, 2018 Экономика

Ұлттық қордағы ақша қайда кетіп жатыр?

«Қайтқан малда қайыр бар». Енді ол қайда жұмсалады?

ҚР Ұлттық қорының $22 млрд қаржысы бұғатталып, халықты біраз уайымдатқан еді. ҚР Ұлттық банкінің дәйекті уәжінен кейін Амстердам қаласының аймақтық соты Ұлттық қор активтерін босату туралы шешім шығарды. «Қайтқан малда қайыр бар» дейді. Енді Ұлттық қордағы ақшаны мемлекет қайда жұмсайды?

Ұлттық қор дегеніміз не және ол қалай жиналады?

Ұлттық қор болашақ ұрпаққа, экономиканы тұрақтандыруға, тұрақты дамуға, сыртқы факторлардың ықпалына тәуелділікті азайту үшін керек. Осы мақсатта 2000 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қорды құрды.

Экономист Оразалы Сәбденнің айтуынша, Ұлттық қордың о бастағы мақсаты іске аспады.

- Ұлттық қорды тек қатты экономикалық күйзеліс уақытында пайдалануымыз керек еді. Алайда оны кез келген дүниеге жаратып жатырмыз. Ол сарқылған жағдайда немен күн көреміз? Біз әлі күнге дейін шикізат экономикасымен жүріп келеміз. Экономика диверсификациясы жасалмай, инновациялық өндіріс өнбей, еш уақытта алға жылжи алмаймыз, - дейді экономист.

2000 жылдан 2014 жылға дейін қордағы қаржы тек көбейіп отырған. Төрт жыл бұрын ол өзінің жоғары межесіне жетті. Сол кезде қор резерві $77,2 млрд болды. Алайда одан кейін қордағы ақшаның азайғанын ғана көріп келеміз.

Сарапшылардың сөзінше, Ұлттық қордағы қаржыны еселеудің жолдары сарқылып барады.

- Қазба байлықтан түскен қаражатты пайдаланып келдік қой. Ары қарай да оның өндірісін көбейту керек. $50 болса да, ақша түсіп жатыр. Одан кейін жемқорлықпен ұсталғандар бар. Ол – халықтан ұрланған ақша. Сондықтан оны Ұлттық қорға салу керек. Осындай тетіктерді табу қажет», - деген ұсыныс жасады Оразалы Сәбден.

Ұлттық қордағы қаражат түрлі жолмен жиналады. Атап айтар болсақ:

1) мұнай секторы ұйымдарының тура салықтарынан;

2) мұнай секторы ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан түсетін басқа кірістерден;

3) тау-кен өндіру мен өңдеу салаларына жататын мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден құйылатын түсімдерден;

4) ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелерін сатудан түсетін қаржыдан.

Сыртқы қарыз. Соңғы төрт жылдағы Ұлттық қордың жағдайы

2014 жылы Ұлттық қордағы қаржы $77,2 млрд-қа жеткенін сөз басында айттық. Қазақстанның халықаралық резервтері 2015 жылы 10,61 пайызға, яғни 91,581 миллиард долларға қысқарды. 2015 жылы Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері былтыр 1,08 пайызға, яғни  20,073 миллиард долларға дейін кеміген.

Ал 2016 жылы Ұлттық қордағы қаржы $102 миллионға ортайды.  Дәл сол жылы Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық қорға қатысты болжамдарымен бөліскен. Мәселен, 2019 жылы Ұлттық қордың активтері $63,4 миллиардтан  $50,7 миллиардқа дейін қысқаруы мүмкін екенін айтқан.

Сонымен қатар, 2016 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық қордан алынатын трансферттер көлемі оның кірісінен артық болатынын мәлімдеген. Осыған байланысты, 2018 жылдан бастап Ұлттық қордан алынатын қаражат қысқаратыны да айтылған.

Ұлттық банктің Qamshy.kz-ке берген мәліметіне жүгінсек, 2017 жылы Ұлттық қордағы ақша $89,3 миллиард болған.

«2017 жылғы қыркүйекте Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 32,2 млрд. АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (57,1 млрд. АҚШ доллары) қоса алғанда, 2017 жылғы қыркүйектің соңында елдің халықаралық резервтері тұтастай алғанда 89,3 млрд. АҚШ долларын көлемін құрады», - деп көрсетілген Ұлттық банк мәліметінде.

Кейбір сарапшылар сыртқы қарыздың көбеюі Ұлттық қор қаржысының азаюына әкеп соғады деген пікірде.

- Қазақстан – әлем бойынша қарызы көп елдің бірі. Шетелге қарызды қайтаратын қаражат табылмаса, бюджеттегі қаржы халықты асырауға жетпесе, Ұлттық қорға қол сұғады. Ал қарыз уақытында қайтарылмаса, өзге елдер халықаралық сотқа шағымдана алады. Бірақ қандай жағдай болса да, Ұлттық қорға тиіспеу керек, - дейді Оразалы Сәбден.

Экономист Ұлттық қор қаражатын толтыру үшін офшор туралы заң шығарып, шетелдегі қаражатты қайтару керегін де атап өтті.

- Мұнай бағасы енді ғана тұрақтанып, жағдай сәл-пәл жақсарды. Бірақ экономикалық мәселелер шешілді деуге келмейді. Мемлекеттің ақшасын триллиондап, миллиардтап банкке саламыз. Осындай үлкен қателік жасап жатырмыз. Қордың ақшасын жұмсағанша, Елбасы айтқандай, шетелдегі ақшаны қайтару керек. Президент айтты екен деп ешкім ақшаны қайтармайды. Сондықтан офшор туралы заң қабылдау керек те, шетелдегі ақшаны алып келуге жағдай жасау қажет, - дейді экономист.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір