• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 03:17:25
Алматы
+35°

22 Қараша, 2017 NEWS

Ұлттық банк жаңа 500 теңгелік купюраны таныстырды (фото)

Негізгі бейнелер – банкноттың оң жағындағы «Қазақ Елi» монументі және ортасында төменгі бөлікте ұшып бара жатқан көгершіндер

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2017 жылғы 22 қарашадан бастап, 2017 жылғы үлгідегі дизайны өзгертілген номиналдық құны 500 теңгелік банкноттарды айналысқа шығарады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Банкноттың дизайны айналыстағы «Қазақ Елі» сериясының ақша белгілерімен бірыңғай стильде – бет жағында басым түрде тігінен бейнелер, ал сырт жағында көлденең түрінде бейнелер орындалған. Басым түсі – көгілдір-көк. Банкноттың өлшемі – 130х62 мм.

Жаңа банкноттардың дизайнын әзірлеудің және дайындаудың аса ұзақ процесс екендігін атап өтеміз. Осыған байланысты 2017 жылғы үлгідегі номиналдық құны 500 (бес жүз) теңгелік банкноттардағы мемлекеттік тілдегі жазулар банкноттың дизайнын әзірлеу сәтінде қолданыстағы, кириллицаға негізделген әліпбиге сәйкес орындалған.

Ұлттық валюта – теңге банкноттары мен монеталарындағы жазуларды өзгерту жұмысын Ұлттық Банк «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығына сәйкес жүргізетін болады.

Банкноттың бет жағы

Негізгі бейнелер – банкноттың оң жағындағы «Қазақ Елi» монументі және ортасында төменгі бөлікте ұшып бара жатқан көгершіндер. Жоғары бөлігінде ортасында және сол жағынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: мемлекеттік елтаңба және мемлекеттік ту бейнеленген. Сол жақта төменде және жоғары жақта номиналдың цифрлық бейнеленуі, сол жақта ортасында номиналдың мемлекеттік тілдегі әріптік бейнеленуі орналасқан. Жоғары сол жақ бұрышында «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазба, оның астында қолдан жасағаны үшін жауапкершілік туралы ескертетін «Банкноттарды қолдан жасау заңмен қудаланады» деген мемлекеттік тілдегі жазба орналасқан. Банкноттың сырт жағы Негізгі бейнесі – Каспий теңізі, оның артында – Қазақстан картасының бейнесі. Сол жағында төменде және оң жағында жоғарыда банкнот номиналының цифрлық бейнеленуі, ал төменде ортасында – орыс тіліндегі әріптік бейнеленуі орналасқан. «Подделка банкнот преследуется по закону» деген жазба банкноттың сол жақ бұрышында орналасқан.

2006 жылғы үлгідегі және 2017 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттардың қатар қолданылу кезеңі 2017 жылғы 22 қараша – 2020 жылғы 10 маусым болып белгіленді және «2006 жылғы үлгідегі және 2017 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттардың қатар айналыста болу кезеңін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 2 қарашадағы № 207 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.

500 теңге

 2006 жылғы үлгідегі және 2017 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттар қатар айналыста болу кезеңінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында заңды төлем құралы болып табылады және төлемдер мен ақша аударымдарының барлық түрлері бойынша қабылдануға міндетті.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық болып табылатынын еске салады.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір