• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 02:40:58
Алматы
+35°

15 Маусым, 2018 Аймақтар

Ұлт келбеті Астананың 20 ерекшелігі

Ас­тананы 2050 жылға дейін әлемнің ең үздік қалаларының ондығына кіргізу үкіметтің міндеті

«Сағымы сайран құрады,

Бораны ұлып тұрады,

Қыс – ақ кебін, жаз – сары.

Орманы жоқ, шуы жоқ,

Тауы да жоқ, суы жоқ,

Мәңгі өлік сахарасы.

Сарыарқа деген жерім бар,

Неге екенін білмеймін –

Сол Арқамды сүйемін!», - деп Мағжан жыр арнаған арқаның сәулетті қаласы — Астана.

Біреу Астананы – желдің астанасы десе, біреу аязды мекен дейді. Тағы бірі қалталы мен шендінің қаласы десе, енді бірі қымбат қала дейді. Кім не десе де арқаның төсінде ару қала бой көтерді. Сол Астананы Мағжанша сүйетін миллионнан астам тұрғыны бар. Ұланбатырдан сәл жылы, Оттавадан суық Астананың 20 ерекшелігін санамаласақ. Әлбетте әңгімені аязынан бастаймыз.

Astana

Жел мен Аяздың астанасы

Астанада биыл мамырда болған өткінші нөсерлі ұйтқыған боранды ешкім ұмытпайтын болар. Астананың қысы суық, аязды. Ызғарлы аяз шамамен 245 күнге, қыркүйектің аяғын ала келген қыс мамырға дейін созылады. 52°С-қа дейін суып кететін қаңтар айының аязды күндерінің орташа температурасы -25°С. Мұндай күндердің ұзақтығы жылына 10-14-тен 38-45 күнге дейін ауысып отырады. Қыс айларының шамамен 30 күні боранды, боран оңтүстік-батыстан соғады. Аязды мезгіл 120 күнді құрайды.

Түріктің Атлас журналы бірде Астана туралы «Астана - Желдің астанасы» деп мақала жазған. Архитектуралық, әлеуметтік және мәдени өмірімен әлемнің таңдаулы қаласы деп сипатталған осы мақалада автор Астананың ерекшеліктеріне тоқталады. «Астаналықтар бір күні 365 күн жел тұратын Астананы, бүкіл қаланы қаптайтын, оларға желсіз бір әлем әкелетін қалқанға не үшін сенетінін түсіндім» деп аяқтайды мақаланы.

Рас, Астанаға күмбез қалқан салу туралы ойлар айтылмады емес, айтылды. Алайда Астананың желден қорғаушы күмбезі архитектуралық қандай да бір алып құрылыс емес. Елбасының өзі бастап отырғызған орман.

Nazarbayev

Астананың табиғи қалқаны – жасыл орманы

Астана іргесінде Астанамен бірге екінші Бурабай бой көтерді. Бұл 2 жыл бұрын президент айтқан сөз. Елбасы Астананың 15 жылдығында сөйлеген құттықтау сөзінде «2020 жылға дейін қала ішіндегі және елорда маңындағы жалпы көлемі 100 мың гектар аумақ жасылдандырылатын болады. Астана құрылысының негізгі идеясы темірбетон мен табиғаттың үндестік-симбиозында жатыр. Біртіндеп, елордамыз жасыл желекке «орануда», бүгін шаң-тозаң жоқ, ал қала айналасындағы жасыл көшеттер дала бораны мен күшті желден қорғайтын табиғи қалқаға айналды. Мен Астана айналасындағы «жасыл белдеу» Шортанды-Бурабай аймағының орманына ұласып, біртұтас орманды алапқа айналатынына, қалалықтар мен қонақтарға табиғат аясында демалып, бой жазуға мүмкіндік туғызатынына сенемін», – деген еді.

Елбасы астананы Сарыарқаға көшіре сала Елорда іргесінен «Жасыл аймақ» құру тапсырмасын берген. Сол бастама нәтижесінде Астана іргесінде орман плантациялары және «Ақ қайың» тұқымбағы бой көтерген. Жалпы 1997-2016 жылдар кезеңінде Астана қаласының жасыл аймағының алқабы 75,1 мың гектарды құрады, оның ішінде қала шетінен құрылған 14,8 мың гектар алқап Астана қаласы әкімдігінің теңгеріміне берілді. Болашақта Астананың жасыл аймағына Ақмола облысы Ақкөл ауданының орманын біріктіру жоспарланып отыр. 2017 жылы қарашадағы есеп бойынша Астананы қоршаған «жасыл белдеудің» аумағы 78 мың гектарға жетті. Қаланың аумағы 73 мың гектар екенін ескерсек, орман алқабын 100 мың гектарға жеткізу жоспары Астананы орманды қала статусына әбден лайықты еткелі тұр. Бұл 2023 жылға межеленген. Қаланың «жасыл аймағында» туризм мен демалыс орындарын дамыту мақсатымен 2014 жылы «Жасыл Аймақ» Қызылжар орман шаруашылығы аумағында сафари-саябағы құрылды. 2015 жылы жабайы жан-жануарлар түрі мен санын көбейте отырып, саябақ аумағын 300 гектарға дейін кеңейту жөнінде жоба әзірленді.

Astana

Астананың іші де парк пен гүлзарға толы

Астанада неше түрлі ғимараттардан бөлек халықтың демалысы мен бос уақытын өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануына арналған саябақтар, су бұрқақтары, гүлзарлар мен жайқалған жасыл аллеялар көп. Олардың ең ірісі 80 гектар жерді алып жатқан – «Президент» саябағы;

Астана аумағындағы көне саябақтың бірі көпес В.Кубринің бастамасымен ХІХ ғасырдың соңында қолға алынған «Орталық» қазіргі – «Астаналық» саябағы;

Қазақстанның көне заманғы тарихына саяхат жасауға мүмкіндік беретін – «Арай» этникалық саябағы;

Романтикалық атауы сонда орнатылған ғашықтардың қола мүсінімен байланысты – «Жастар саябағы»;

Қаланың дәл орталығында «Бәйтерек» композициясы орналасқан – «Жерұйық» саябағы бар.

Ал жалпы Астанада ірілі-ұсақты он беске жуық саябақ пен аллея бар. Олардың барлығы су бұрқақтар мен аттракциондармен қамтылған.

ҚаланыңFcnf бұрын президент айтқан сөз е сынрға дейін созылады. 20 жылдығына орай Астана әкімі Әсет Исекешев Елорда күніне 7 жаңа саябақ пен гүлзар ашылып, 40 мыңнан астам ағаш отырғызылатынын мәлімдеді.  Астана әкімі жауапты тұлғаларға 2018 жылы 1 шілдеге дейін 7 саябақ пен гүлзардың құрылысын аяқтауды, ал жыл соңына дейін алтауын, 2019 жылы 5 гүлзар мен бульвардың құрылысына кірісу керектігін тапсырды. Осы айтылған саябақтар мен гүлзарларға 120 гектар жер бөлінді.

Елорданың 20 жылдығына 2018 жылы 386 мың ағаш отырғызылады, оның 208 мыңы астананың жасыл белдеуіне, тағы 178 мыңы - гүлзар мен саябақтардан орын табады. Өткен жылы жалпы отырғызылған ағаштардың саны - 312 мың болған.

Астана іргесіндегі ормандардан тыс 2016 жылы ашылған ботаникалық бақ бар. Онда биыл Астананың 20 жылдығына орай 94 мың түп ағаш егілді. Жобаны іске асыру барысында дөңгелек алаң (кіреберіс), жабық жылыжай, жасанды су қоймасы, ақпарат орталығы, жаяу жүргіншілер көпірі де қарастырылған. Сондай-ақ бақта ғылыми зерттеулер, танымдық, оқу-ағарту, ойын-сауық, экология және табиғатты қорғайтын іс-шаралар өткізіліп тұрады. Астана тұрғындары мен қонақтары баққа жылдың барлық мезетінде келе алады.

Esil

Есіл ағады, Есіл ағады…

Париждың Сена өзеніндей, Лондонды қақ жарған Темзадай, Амстердамның Амстеліндей еркелеп аққан Есілге 20 жыл бұрын алып самұрық келіп «жұмыртқалаған». Әне содан бері алып Бәйтерек Орта Азияның кіндігінен әлемге нұр шашып тұр.

Қала халқына Есіл өзенінің тигізіп отырған пайдасы зор. Бұл өзен ару қаламыздың ажарын одан сайын көркейтіп, экологияға оң әсер ететіні былай тұрсын, қала қонақтары мен тұрғындары үшін жыл он екі ай таза ауамен тыныстап, аптап ыстықта өзенге шомылуға зор мүмкіндік туғызып отыр. Астана қаласының әкімшілік шекарасы шегінде Кенесары айлағынан басталып, сол жағалауға дейін 45 минутқа созылатын туристік су жолы бар. Әсіресе, жыл он екі ай Есілге қармақ салған балықшылар үшін өзеннің орны бөлек. Бұл тұрғыдан алғанда, Есіл өзені шортан, тұқы, сазан, ақ шабағымен бай. Есілдің балық ресурстарын молайту мақсатында жыл сайын өзен бағалы балық түрлерімен толықтырылып отырады.

Астана қаласындағы негізгі әрі маңызды сулы артериясы Есіл өзені. Бір кездері тың игеру науқаны келіп, арнасы су алған Есілге де Астана салынған соң жан бітті деуге болады.  

Astana

Тоғыз жолдың торабы

Астана бүгінгі күнде автокөлік, теміржол жолдарын және әуе сызықтарын қосып тұрған ірі көліктік түйін. Елорданың қарқынды дамуы, демографиялық сыйымдылық, өңір халқы тығыздығының өсуі, көші-қон ағымы, ресурстық қор (жер, су, жер қорлары) инфрақұрылымның дамуына да зор септігін тигізеді. Осы аяда Астана қаласы мен басқа қалаларды жалғайтын авто және теміржол магистралдары салынды. Олардың ішінде Астана-Қарағанды, Астана-Бурабай сияқты жоғары қарқынды трассаны ерекше атап өтуге болады. Теміржол торабын жақсарту мақсатында жаңа вокзал да салынды.

Назарбаевтың Қазақстан халқына «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты 2014 жылғы 11 қарашадағы Жолдауында: «Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тас жол мен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс»,– деген еді. Сол жолдауда Батыс Қытай – Батыс Еуропа; Астана – Алматы; Астана – Өскемен; Астана – Ақтөбе – Атырау; Алматы – Өскемен; Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда; Атырау – Астрахань автожолдар жобасын жүзеге асыруды тапсырған. Мысалы «Астана – Торғай – Қарабұтақ» жолының тиімділігін айтайық, қазір Ақтөбе қаласынан Астанаға баратын жол айналма, 18 сағаттық, 1458 шақырым. Ал трасса Қарабұтақтан Торғайға тура түссе Елордаға дейінгі жүріс уақыты екі есенің үстінде, 9-10 сағатқа қысқарады. Маңғыстау түбегін Астанамен жалғайтын болашақтағы «Бейнеу – Шалқар – Ырғыз – Торғай» тас жолы жайлы да ел ішінде әңгіме бар.

Мультимодальды еуразиялық трансконтиненттік дәліз Астананы айналып өтпейді. Мысалы, Пекин-Астана-Мәскеу-Берлин бағытында Еуразиялық жоғары жылдамдықты темір жол (ЕЖЖМ) салу мәселесі бір апта бұрын Қытайдың Циндао қаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында талқыланды. Жоғары сапалы экономикалық өсім үшін Қазақстан Президенті қуатты мультипликативтік әсерін қамтамасыз ететін және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғылыми, қаржылық және адам әлеуетін пайдалануға мүмкіндік беретін инфрақұрылымдық «мегажоба» енгізуді ұсынды.

Astana

Қаланың көрнекті жерлері

Астана десе ең алдымен көп адамның есіне Бәйтерек келеді. Қазір Астанада сәулеті бір-бірімен бәсекелескен, көзің жауын алатын ғимарат көп. Олар: Сулы-Жасыл бульвар–Астананың жаңа алаңындағы көше; Ақ Орда–Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы; Бәйтерек монументі – Астананың символы және басты көрікті жері; Тәуелсіздік  сарайы – дипломатиялық және басқа да халықаралық маңызды кездесулер өткізетін орын; Бейбітшілік және келісім сарайы – әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының конгрессі өтетін жер; Хан Шатыр –  ірі сауда, ойын-сауық орталығы; «Шабыт» шығармашылық сарайы – қаланың мәдениет және өнер орталығы; «Қазақ елі» монументі – Қазақстан Тәуелсіздігінің символы. Бұлардың кейбірі өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлері тізіміне енген.

АЛЖИР

«Қасиетті Қазақстан» тізімінде

Қазіргі таңда Астанада қасиетті деп танылған тарихи және мәдени 20 ескерткіш бар. Олардың арасында «Қараөткел» мұсылман зираты, Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс батырларының кесенелері бар. Сондай-ақ, Астананың сәулетінің төл туындылары Ашаршылық құрбандарына арналған монумент, «Отан-Ана» - Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан майдангерлерге және Отан қорғаушыларға арналған монумент, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды кешені, Республика алаңы (Тәуелсіздік монументі, «Тәуелсіздік таңы»), Астана-Бәйтерек» монументі, «Қазақ елі» монументі және «Мәңгілік Ел» салтанатты аркасы Қазақстанның 100 киелі нысаны тізімінде. Киелі жерлер тізімінде астананың орнында ерте кезде өркениет құрған Бозоқ қалашығы да бар.

Akorda

6 ғасырлық Астана. Бозоқтан Астанаға дейін

Арқа төсіндегі Ақмолаға ел астанасы ауысқан 1997 жылға дейін де осы жерде ғасырларға созылған қалалық мәдениет болды. Елбасының «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде Ақмола қаласы тарихының өрлеу кезеңдері сөз болады. Бірінші өрлеу кезеңі қазіргі Астана қаласынан бес шақырым жерде орналасқан ортағасырлық Бозоқ қаласының гүлдену кезеңімен байланыстырылады. Бозақ қаласы Қыпшақ хандығының астанасы болған. Осы аумақ арқылы ХVІ ғасырда Сібір – Орта Азия керуен жолы өткен. Тағы бір еңбегінде «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал, оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» екені айтылады. Астана қаласының маңына орналасқан Бозоқ қаласының орны 1998 жылы анықталып, 1999 жылы Есіл археологиялық экспедициясының жетекшісі, танымал ғалым Кемал Ақышев бастаған археологтардың осы жерде алғаш рет қазба жұмыстарын жүргізгені белгілі. Түркі ұғымында «боз» сөзі «боз дала», «ақ селеулі құтты қоныс» деген мағынада түсіндіріледі. Бозоқ қаласы VІІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген, бірнеше кезеңдерден тұрады. Ал  ХІV ғасырдан бастап Бозақ қаласы Нұра-Есіл аймағының исламданған элиталы рухани орталығы болған.

Астананың байырғы қала екенінің бір дәлелі ескіден келе жатқан ғимараттар. Ең ескі құрылыстары қаланың өз ішінде, оның ең мықты ескерткіші қазіргі Сине-Темпоре, бұрынғы Керуен сарай. Қай жерде болса да тұрғындардың бірінші салатыны сауда орны мен құлшылық орын, яғни Керуен сарай мен Мешіт. 1832 жылдары орыстар салған бекініс-қорғанның алдынан, қазіргі Иманов пен Республика көшелері қиылысқан жерден Қоңырқұлжа сұлтан көтерді дейтін ескі мешіттің де тарихы көне дәуірге барады. Оған қоса Астана қаласының ең бір көрнекті көшелерінің бірі Абай көшесі екені белгілі. Осы көшені бойлап қаланың ескі орталығына жақындасаңыз оң жағыңыздан биік қызыл кірпіштен қаланған бағандары бар шарбақ, биік қақпа кездеседі. Бұл заманында Жасыл мешіт немесе Татар мешіт аталған құрылыстан қалған қалдық.

Nur Astana

Қазақстандағы ең көркем мешіттер

Астана тарихынан, мешітінен сөз болғанда қаладағы сәулетті мешіттерді айтпай кету мүмкін емес. Елорданың Астана болғаннан кейінгі ең алғашқы мешіті — Нұр Астана. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Нұр Астана» орталық мешітінің құрылысы 2002 жылы басталып, 2005 жылғы 22 наурызда пайдалануға берілді. Жалпы сыйымдылығы – 10 000 адам. Бұл мешіт Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Тәнидің қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылды. Мешіттің жобасын ливандық сәулетші Чарльз Хафиза жасаса, құрылысының бас мердігері – Түркияның «Пасинер» компаниясы.

Сәдуақас қажы мешіті - Ақмолалық жамағат 1943-1944 жылдары Құсайын деген азаматтың екі бөлмелі шағын үйін сатып алып, жөндеп мешіт еткен. Ол өңірдегі ең алғашқы мешіт болатын. Сол мешіттің орнына салынған қазіргі ғибадатхананың құрылысы 1991 жылы басталып, 1996 жылы аяқталды. Ашылу салтына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты. 2005 жылға дейін аталмыш мешіт алғашында Ақмола, сосын Астана мұсылмандарының  рухани орталығы болып келген. 2005 жылы оған Қазақстанда 20 жыл (1952-1972) қази қызметін атқарған, Сарыарқа өңірінің тумасы Садуақас қажы Ғылмани (Сәкен қалпе) есімі берілді.

«Әлжан Ана» мешіті — Жеке кәсіпкер Кеңес Рақышевтың бастауымен «Әлжан Ана» мешітінің құрылысы 2013 жылы басталып, 2014 жылғы 27 маусымда пайдалануға берілді. Мешіттің жалпы сыйымдылығы 1500 адам. Бұл мешіт жеке кәсіпкер Кеңес Рақышевтың қайтарымсыз сыйы ретінде бөлінген қаржысына тұрғызылған.

«Әзірет Сұлтан» мешіті — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Әзірет Сұлтан» мешітің құрылысы 2009 маусым айында басталып, 2012 жылдың 6 шілде күні салтанатты түрде ашылуы өтті. Жалпы сыйымдылығы – 14 000 адам. Жалпы ауданы – 18 мың, ал жалпы құрылыс аумағы 20,6 мың шаршы метр. Бас күмбездің нөлдік  биіктігі – 52, шеңбері – 28 метр. Күмбез саны – 8, олардың диаметрлері – 10,45 метр. Төрт мұнараның әрқайсының биіктігі – 77 метр. Мешіт аумағында арналған 745 көлікке арналған ашық автотұрақ бар.

Астана жаңа мешіт

Жақында ғана ашылған Рыскелді қажы мешіті Астанаға ерекше сәулет беріп тұр. Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан мешіттің құрылысы 2016 жылы басталды. «Алланың гүлі» деп те аталатын жаңа мешіт қайырымдылық мақсатпен жиналған қаражат есебінен тұрғызылды. Мешіт ғимараты дәстүрлі өрнектер мен декоративті элементтер қолданыла отырып, постмодернизм стилінде салынған. Негізгі ғимарат күрделі әрі жартылай сфералық нысанды елестетеді. Оның қабырғалары үшбұрыштана сүйірленіп, диаметрі 26 метрлік күмбезбен жалғасқан. Мешіттің сыртқы дизайны гүлді әрі алмастың қырларын еске салады. Мешіттің басты ғимаратының солтүстік жағында орналасқан мұнараның биіктігі – 43,5 метр. Ол «қалам» – «қасиетті қауырсын» түрінде бой көтерген. Жаңа мешітті энергия қуатымен қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын баламалы энергия көздері қажетті мөлшерден үш есе көп электр қуатын өндіреді. Жаңа мешіт 750 адамға лайықталған.

Астанада тұрғындардың діни құлшылығына арналған православиелік Успен Кафедралдық Соборы, католиктік Құдай Ананың Тынбайтын Көмек Соборы, «Бейт Рахель – Хаббад Любавич» синагогасы сияқты тамаша діни-рухани нысандары да 20 жылдың ішінде салынды.

Image result for экспо qamshy.kz

Естен кетпес EXPO

Бүгінгі әсем Астанамыз еліміздің тек әкімшілік орталығы болумен шектелмейді,  сонымен қатар  бабаларымыз аңсаған азаттық пен ұлттық қайта түлеудің де орталығына айналды. Еліміздің шетелдермен жоғары деңгейдегі ресми кездесулері, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, спорт пен туризм саласындағы іс-шаралардың бәрі біздің Астанамызда өтеді. Олардың ең үлкені 2017 жылы өткен EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі. Жалпы, 3 ай бойы көрмеге әлемнің 178 мемлекетінен 4 миллионға жуық адам келген. Осы уақытта 3,5 мың мәдени шара ұйымдастырылып, 33 мыңдай әртіс өнер көрсеткен. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» көрмесінде адамзат өміріне елеулі өзгерістер әкелген 153 жаңа өнертабыс таныстырылған. Көрмеге 112 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып, «Болашақтың энергиясы» тақырыбында 130-дан астам экспозиция ұсынды. Көрме жобасы ел экономикасына оң әсерін тигізді және шамамен 50 000 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, көрме құрылысы Астана үшін жалғасты жұмыс істей береді. Оның ең негізгісі EXPO-ға арнап салынған ғимараттың Астана халықаралық қаржы орталығына пайдалануға берілуі.

Image result for қаржы орталығы qamshy.kz

Қаржы орталығы

2018 жылдың алғашқы айтулы оқиғаларының бірі «Астана» халықаралық қаржы орталығының 1 қаңтардан өз жұмысын бастағаны. 1996 жылы Президент жарлығымен Арнайы экономикалық аймақ құрылды. 1996 жылдың 26 қаңтарында «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» ҚР-ның Заңына сәйкес Ақмола Арнайы экономикалық аймағы (1996-1999 жж.), сосын «Астана – жаңа қала» АЭА (2001-2027 жж.) құрылады. Осы негізде Астананы Еуразиядағы ірі қаржы орталықтарының біріне айналдыру жоспарланған. 8-Астана экономикалық форумында Назарбаев Астанада құрылатын қаржы орталығы Қазақстан «қаржы инфрақұрылымының орталығына», одан ары Орталық Азияның «қаржы орталығына» айналады деп мәлімдеген. 2015 жылдың желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи бастама – «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойып, 2016 жылдан бастап Ұлттық банк пен оған бағынышты мекемелер Астанаға көшті.

Биылғы Астана экономикалық форумының ашылуында сөз сөйлеген Елбасы Қаржы орталығының 5 шілдеде өтетін ресми ашылуына әлем жұртшылығын шақырды.

Бір апта бұрынғы Қытайға мемлекеттік сапары аясында осы елдің бизнес капитандарымен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы туралы айтып, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, Халықаралық IT-стартаптар технопаркін іске қосу аясында халықаралық сауда мен қызметтерді ілгерілетуді кеңейту де назарға алынғанын жеткізген.

Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіліп, қаржы орталығының ресми тілі ағылшын тілі болып белгіленді. АХҚО-ның негізгі міндеттері қаржылық қызмет саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына тікелей шетел инвестицияларын тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы болашақта Қазақстан әлемнің 20 алдыңғы қатарлы қаржы орталығының қатарына енуі көзделген.

Astana

Келісім мен бейбітшілік қаласы

1998 жылы ЮНЕСКО шешімі Астана қаласын «Бейбітшілік қаласы» деген атауға сай деп танып, медальмен марапаттады. Бразилияда өткен дүниежүзілік байқауда әлем бойынша 12 жас қаланың ішінен Астана жоғары атақты иеленді. Астана заманауи, гүлденген Қазақстанның символына айналды және бүкіл елдің дамуы үшін басты флагман ретінде әрекет етуде. Одан бері  қарай Астана әлемдік айтулы оқиғалардың жаршысына айналды. Атап айтқанда  2010 жылғы ЕҚЫҰ Саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Сирия жөніндегі Астаналық процесі, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ТМЫК, «ЭКСПО-2017»  Халықаралық мамандандырылған көрмесі сияқты маңызды оқиғалар өтті. Түрлі форумдар тіпті дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Қысқа мерзім аралығында Астана өзін өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар бастамалар мен жаһандық маңызы бар іс-шараларды өткізу орны ретінде танытты.

Балалар

Миллионер қала

Астанадағы тұрғындар саны 20 жыл бұрын 290 мыңдай болған. Ішкі көші-қон есебінен бас қаламызға қоныс ауыстырғандар саны 1999 жылдан бастап қарқын алды. Сол жылдары еліміздің түкпір-түкпірінен Елордаға 62 мыңға жуық адам көшіп  келген. Сонау 2013 жылы Елбасы «Астана халқының саны миллионға жеткен шығар деп ойлаймын» деп миллионнан алғашқы болып сөз еткен. Осы сөзінде ол Қазақстанға миллион тұрғыны бар бірнеше қала қажет екенін айтқан. 2016 жылы 5 шілдеде Астана әкімдігі Астананың миллионыншы тұрғыны өмірге келді деп мәлімдеді. 2018 жылы 1 мамырдағы статистика бойынша Астана халқының саны 1 030 577 адам. Алайда Астананың іргесіндегі елдімекендер мен елдің әр түпкірінен келген жұмыс күштері және студенттер бұл санақта жоқ.

Astana Opera

Мәдени Астана

Әрине миллион тұрғыны бар қаланың мәдени өмірі айтарлықтай өзгеше. Қала халқына қызмет етіп жатқан К.Бәйсейтова атындағы ұлттық опера және балет театры, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драмалық театры, М.Горький атындағы орыс драмалық театры осы салада айтарлықтай еңбек етіп жатыр. Қаланың мәдени-ағарту орындарына, сонымен бірге, Конгресс-холл, Жастар сарайы, Президенттің Мәдениет Орталығы, «Шабыт» шығармашылық сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайын жатқызуға болады. Бәйтерек монументі қаланың басты символы болып саналады.

Астанада өткен жылдың өзінде 9926 мәдени іс-шара өткізілді, 2017 жылы өткізілген мәдени шаралардың барлығы дерлік халықаралық «Астана ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне арналды.

Image result for назарбаев университеті qamshy.kz

Астана студенттер қаласы

Астана жас қала болса да Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары орналасқан. Астанада ең алғашқы болып Еуразия ұлттық университеті ашылды. Целиноград инженерлік-құрылыс институты мен Целинаград педагогикалық инстиутының бірігуі негізінде құрылған университетте қазір 16 мыңға жуық студент оқиды. Оқу орны құрамында бакалавриатта - 61 мамандық, магистратурада - 64 мамандық, Ph.D докторантураcында - 29 мамандық бойынша мамандар даярлануда. Ал, Сәкен Сейфуллин аты берілген агротехникалық университетте қазір 12 мыңға жақын студент білім алады. Қазіргі уақытта университетте 44 кафедра жұмыс істейді. Сегіз факультетте он мыңнан астам студент бакалавриаттың 37 мамандығы, магистратура 31 мамандық және PhD докторантура  9 мамандық бойынша оқытылады.   Астана мемлекеттік медицина академиясы  болса, дәрігер мамандар даярлайтын мемлекет жоғары оқу орны. Ал, Астанада 2010 жылы Назарбаев университеті ашылды. Сондай-ақ Елордада түрлі мамандықтарда бағыттап оқытатын бірнеше колледж бен техникум бар. Қазіргі таңда Астанада 90 мыңға жуық студент оқиды.

Astana

Астана әуежайы

Астана қаласының әуежайы 1931 жылы кішігірім ұшақтарға қызмет көрсету үшін ашылған. 90 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан әуежай Еуразиядағы ең заманауи әуежайлардың біріне айналды. Онда тәулік бойы алыс және жақын шетел аймақтарына ұшатын 80 шақты ұшаққа қызмет көрсетіледі. 1948 жылдан бастап ауыр ұшақтарды қабылдай бастаған әуежай 1956 жылы тәулік бойы жұмыс режиміне көшті. Бүгінде Астана әуежайы әуе кемелердің барлық түрлерін шектеусіз қабылдай алады. Астаналық әуежайды дамыту жұмыстары ИАТА (Әуе қатынасының халықаралық қауымдастығы) және ИКАО (Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы) халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіледі.

2017 жылдың 31 мамырында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана әуежайының жалпы ауданы 47 мың шаршы метр болатын жаңа терминалын ашты. Жаңа терминал жылына 5 млн. жолаушыны қабылдайды. Ескі ғимаратпен бірге аталған көрсеткішті 8,2 млн жолаушыға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2017 жылғы 20 маусымдағы № 381  қаулысына сәйкес Астана халықаралық әуежайына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді.

Astana Tomiris

Астана ескерткіштер қаласы

 2001 жылғы 18 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пәрменімен «Күлтегін» ескерткішінің көшірмесі Елордамызға жеткізілді. Астанада бұдан да бөлек көптеген эстетикалық және тарихи ескерткіштер бар. Біз жоғарыда атап өткен Тәуелсіздік монументі, Қазақтан тарихындағы Отан қорғаушыларына, ержүрек батырларына Астана қаласындағы «Отан Ана» монументі, Астана қаласындағы Ашаршылық құрбандарына орнатылған ескерткіш солардың бірі. Парсылардың Кир патшасын жеңген «төрт құбыланың тұтас билеушісі» атанған сақ ханшайымы Тұмар ханшаның (Томирис) мүсіні алып бұқаның үстінде бейнеленген «Жер ана» атты монументте орналасқан ескерткіш те айрықша.

Сондай-ақ, Астанада батырлар және қазақ әдебиетіне, мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың да ескерткіштері көп. Керей мен Жәнібек, билер, Абылайхан, Кенесары хан, Абай, Жамбыл, Құрманғазы, Жаяу Муса, Сейфуллин, Пушкин ескерткіштері бар. Оған қоса, Алдар көсе, Қаңбақ шал, Мақта қыз, Қожанасыр, Күн астындағы күнікей қыз сияқты ертегі кейіпкерлеріне де ескерткіш қойылған.

Астанадағы Қонаев көшесіндегі Астана қаласындағы қоладан жасалған қос ғашықтың мүсіні мәңгілік махаббат символын сипаттайды. Сонымен қатар Астана қаласының ғашықтар саябағында «Алтын жүрек» мүсіні бейнеленген.

Astana

Астана болашақтың, жастардың қаласы

Астана ең алдымен, жастар қаласы. Елорда тұрғындарының санын еліміздің барлық аймақтарынан білімге талпынып, жұмыс іздеп, арман қуып келген жігіттер мен қыздар еселеп өсіруде. Олардың бір-бірімен танысып, жүректері табысып, шаңырақ құрып жатқаны еліміз бен қоғамның іргетасын нығайтып жатқанының белгісі. Астананың бүгінгі ажарын жастардың кескін-келбет, бет-бейнесі, өмір салты, армандарымен салыстыру ләзім. Екеуіне де жастық жігер, албырттық, талпыныс, жаңаша ойлау еркіндігі, сұлулық пен сымбат тән. Астана – болашақтың қаласы, мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы болып табылатын жас қала, баршамыздың арман қаламыз. Еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы.

Астана әртүрлі тарихи тағдыр тауқыметімен елімізге табан тіреген өзге халықтардың да мекені. Астана  - біздің ортақ шаңырағымыз.  Астана өзінің жаңа тарихында өзге ұлттарды ғана емес, бүкіл адамзатты бейбітшілік пен келісімге шақырып отыр және шақыра бермек Еуразия жүрегінде орналасқан Астана қаласының жаңа тарихы –  бұл тәуелсіздік тарихы, бұл мемлекеттілік тарихы, бұл ұлттық тарих. Ал Астана қаласының құрылысы - төл тарихымыздың жаңа беттерін құрайды. 22 пайызы жастар болып табылатын қаланың Үштен бір бөлігі бизнеспен айналысатынын да айта кету керек.

Астанаға Назарбаевтың атын беру бастамасы

Астана қаласына президент Назарбаевтың атын беруді 2008 жылы депутат Сәт Тоқпақбаев алғашқы болып көтерді. Оны Қуаныш Сұлтанов қошатды. Кейін Тәуелсіздіктің 20 жылдығында да депутаттар қалаға президент атын беруді айтып қалды.

2016 жылы қарашада ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясын» қабылдағаннан кейін Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов тағы да Астана қаласына Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беруді ұсынды. Қуаныш Сұлтанов бастама көтерген соң Бекболат Тілеухан сияқты депутаттар қолдаған болатын. 2013 жылы Ұлттық ғылым академиясының академигі Сұлтан Сартаев елорданы «Нұрсұлтан қаласы» деп атауды ұсынғаны тағы бар.

Image result for expo astana qamshy.kz

Елбасы – Астананың авторы һәм сәулетшісі

Астанаға президент Назарбаевтың аты берілмесе де Астана мен Нұрсұлтан Әбішұлының есімін бөліп қарау мүмкін емес. Астанада президент аты берілген «Назарбаев университеті», Назарбаев атындағы мәдени орталық, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы, «Нұрсұлтан Назарбаев» атындағы халықаралық әуежай бар.

Иә, Астана – Елбасының төл перзенті. Елбасы – Астананың авторы һәм сәулетшісі. Астана Кишо Курокава мен Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы.  Ерке Есіл жағасынан бой көтерген жаңа Астананың құрылысы әлемдік қауымдастық алдындағы Елбасы қайраткерлігі мен көрегендігінің парқын айғақтай түсті. Ең әуелі, Астана – еліміздің мемлекеттік қауіпсіздігінің кепілі.

Ел үкіметі 2014 жылдың өзінде Ас­тананы 2050 жылға дейін әлемнің ең үздік қалаларының ондығына кіргізу міндетін қойғаны мәлім. Қала қазіргі кезде біртіндеп, жүйелі түрде сол көзделген мақсатқа қарай ілгерілеп келеді. Астана қаласының мерейтойы құтты болсын!

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір