• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Сәуір, 01:21:40
Алматы
+35°

Ыстамбұлға жолы түскен Qamshy.kz тілшісі Түркия қазақтарының тіршілігі мен мәдени өмірі турасында Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығы басқарушы кеңесінің төрағасы Шабан Серкан Динчтүрікпен сұхбаттасты.

Серкан мырза, Сіз жақында ғана Анадолыдағы Кайсери уәлаятында Қазақ саябағы мен Қазақ музейі салынып жатқанын әлеуметтік желіде жаздыңыз? Осы туралы толығырақ ақпарат берсеңіз?

1953-1954-те Түркияға қазақтар алғаш келгенде Конияның Сұлтаханы деген ауданына қоныс тепкен. Түркиядағы қазақтар сол жерден өсіп-өнді десе де болады. Кейін келе Ыстамбұлға, Измирге қарай қоныс тепті. Ол жерде әлі қазақтардың үйлері, жерлері бар. Сондай-ақ әке-шешелеріміз салған мешіт бар. Түркістан мешіті деп аталады. Сұлтанханы деген ауданның бір махалласы де Түркістан деп аталады. Өйткені ол кезде келген қазақтарға құшақ ашқан түріктер бізді түркістандықтар деп атаған. Біз жыл сайын сол жерге барамыз. Неге десеңіз қайтыс болған әке-шешелеріміздің қабірі сол жерде. Жол азабын, көштің қиындығын көрген біраз кісінің сүйегі сол жерде жатыр. Түркиядағы қазақтар үшін қадір-қасиеті өзгеше жер. Сол жерде құран оқытып, дұғамызды жасап, құдай тамақ береміз. Бірнеше рет фестиваль өткізгенбіз.

Өткен жылы барғанымызда жергілікті аудан әкімі бізге «қайта келмейсіңдер ме, көшіп кеттіңдер де келмей қойдыңдар» деп қалжыңдады. Біз «келеміз ғой, өз үйіміз, жеріміз, мешітіміз бар, бірақ біз қазір балалы-шағалы болдық, келгенде олар ойнайтын саябағымыз жоқ» деп қалжыңдадық.

Кейіннен қалжыңымыз расқа айналды. Сұлтанханы ауданының мәжілісі арнаулы қарар қабылдап, қазақтарға саябақ үшін арнаулы жер бөлген. Біздің салған мешітіміздің қарсысынан 4 мың шаршы жерді қазақ диаспорасына арнаған.

Одан соң біз өз арамызда қаржы құрастырып, саябақтың шет-жағасын жауып, безендіріп, ішіне де бір музей ретінде қазақ үй салайық деп шештік. Әрине, ағаш киіз үй салуға болады. Бірақ біз ұзақ уақыт қызмет беріп тұратын киіз үй формасындағы ғимарат тұрғызайық дедік. Сонымен осы күзде ғимараттың құрылысын бастадық. 1 айдан сәл ғана көп уақыт болды. Алдағы бір айда бітеді деп отырмыз. Бетон ғимарат жанына жаз уақытында кәдуілгі қазақ киіз үйінен бірнешеуін тігіп қойсақ дейміз.

Қазан айының 20-сында бізге Мәдениет және спорт вице министрі Ақтоты Райымқұлова келген. Анкарада кездескенде ол кісіге саябақ ішінде мұражай ашатынымызды айттық. Ол кісі қуанып, қалай көмектесе аламыз деп сұрады. Мен «Апай, бізге осы жердегі ғана емес әлемдегі барлық қазақтың мәдениетін, көшпелі тұрмысын, өркениетін көрсету қажет.» дедім.

Неге десеңіз, Сұлтанханы деген жер Османлы империясынан бұрын түріктердің Анадолыға алғаш табан тигізген жері десек те болады. Селчүк империясынан қалған хан сарайы әлі сақталған. Жердің аты да соған байланысты. Оған жыл сайын әлемнің түпкір-түпкірінен 2 миллионнан астам турист барады. Біздің салып жатқан мұражайымыз болса сол хан сарайына 200 метрдей ғана жерде. Олар кіргенде ұялмайтын, таңырқап қарайтындай болса деген ойымды ол кісіге түсіндірдім. Вице-министр ханым министрліктен қарастыратынын айтып кетті. Әрине, ол кісілерден көмек келсе жақсы болар еді. Болмаса да осындағы қазақтар әркімнің үйінен бір шапан, домбырадан болса да құрап дегендей музейімізді безендіреміз.

Музей ашылуы қай уақытқа жоспарланған?

Музейдің ашылу күнін 16 желтоқсан Қазақстанның тәуелсіздік күні қарсаңына жоспарлап отырмыз. Жалпы бұл музейдің жасалып жатқанын Астанада өткен құрылтайда да президент Назарбаевтың алдында айтқанбыз.

Музей ашылған соң оған экскурсия жасап, күтіп баптайтын қызметкер де керек. Оны қалай ойластырдыңыздар?  

Әрине, бізде бұл жағын қарастырдық. Сұлтанханында бірнеше ғана қазақ отбасы бар. Ол кісілердің музейден басқа да жұмыстары бар. Жергілікті аудан әкімшілігіне біз музей салатынымызды хабарлағанда олар қуанған. Ауданның мәдени мұрасын байыта түсетін мұндай жұмысқа қолдау білдіретінін айтып, музейдің күтіп-баптау жұмысымен өзіміз-ақ айналысамыз, қызметкерді өзіміз тағайындаймыз, жалақысын береміз, Селчүк империясынан қалған сарайға келген туристердің бәрін де «Қазақ мұражайына» кіргіземіз, көрсетеміз уайымдамаңыздар деп жауапкершілік арқалап отыр.  Яғни мұражай ашылған соң туристік компаниялардың бәріне жаңа мәдени нысан ашылғаны ескертіліп, туристерге таныстыру міндеттеледі.

Саябақ пен музей нақты кімнің меншігіне берілді? Атауын қалай қойдыңыздар?

Саябақ алаңы Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығының меншігіне мәдени нысан ретінде берілген. Нақты атау бекітпесек те «Қазақ паркі», «Қазақ музейі» деп атап жүрміз. Алайда қауымдастықтың төралқа мүшелері жиналып, үлкендермен де ақылдасып, нақты атау бекітетін боламыз.

 Қолымыз жетсе екі бауырлас елдің байрақтарын желбіретіп, Елбасының және Түркия көсемі Ататүріктің ескерткішін, Қытай қысымына шыдамаған қазақ эмиграциясында қанын төккен, еңбегі сіңген Оспан батыр сияқты ел ағаларының ескерткішін қойсақ, қазақтың қанды көшін айғақтайтын монумент тұрғызсақ деген ойымыз бар. Қауымдастықтың қаражаты әрине бәріне жете бермейді.

Қазақ-түрік

Қауымдастықтың қаражаты деп отырсыз? Қауымдастық нақты немен айналысады? Осыны ашып айтсаңыз?

Біз не істейміз? Қауымдастықтың атынан да шығып тұрғандай біздің негізгі бағытымыз білім мен зерттеу. Жыл сайын қазақ зиялыларының 3-4 кітап шығарып отырмыз. Сондай-ақ әлемнің 8 мемлекетіне таралатын «Қазақ елі» деген журнал шығарып отырмыз. Оған қоса жыл сайын университетте оқитын осындағы әлеуметтік жағдайы төмен, үлгерімі жақсы қазақ жастарына степендия береміз. Қауымдастық бір бизнес көзі емес, қор болғаннан кейін кейде қолымыздың қысқалығы білінеді.

Қауымдастық деп отырмыз. Біз бұрын «Түркиядағы Қазақ түріктері қоры» дегенді ғана білетін едік. Сіздердің қауымдастық қалай құрылғанын айтып өтсеңіз?

Рас, ол қазақтардың Түркиядағы белді мекемесі десек болады. Қазақтардың Түркияға қоныс тепкеніне 60 жылдан асты ғой. Осы уақыт арасындағы Түркия қазақтары талай қоғамдық қор құрды. Мысалы осы Ыстамбұлдың Бағжылар ауданында «Қожа-Ахмет Яссауи қоры» бар. Ол негізінен діни білім берумен айналысады. Қазақтар алғаш келгенде құрған «Шығыс Түркістан» деген де қауымдастық бар. Бірақ, олар құрылған уақыт Қазақстан тәуелсіздігін әлі алмаған кезең еді. Олардың тіркелген жарғыларында Қазақстанмен мәдени, рухани байланыс туралы жазылмаған. Қазақ түріктері қоры мәдени жұмыстармен айналысып келеді. Осындағы біздің қара шаңырағымыз іспетті. Концерттер ұйымдастырады, домбыра курсы сияқты курстар өткізеді. Осындағы қазақтар той-томалағын, өлім-жітімін осы Қазақ түріктері қорынан жөнелтеді.

Біздің әке-шешелеріміз Түркияға көп қиыншылықпен келгенін білесіздер, жалғыз шапанымен ғана келген олардың алдында айдаған малы болған жоқ. Сондықтан тіршілігінде негізінен экономиканы ойлады. Балалар оқысын, бір кәдеге жарасын деп ойлауға мұршалары болмады десек те болады. Негізінен табылған жұмыстарды істеп, бала-шағаны аяқтандырып, баспаналы болып аяқтан тұруына, елмен теңесіп кетуіне жарты ғасырдай уақыт кетті. 90 жылдардан кейін ғана үлкендеріміз жастарды оқыту қажет екенін түсінді. Түркияда қазір жоғары білімі жоқтардың жұмыс табуы қиындау. Жастар көбейгеннен кейін үлкендер жастарды оқытуға мойын бұра бастады. Оқытуға күш салды. Сол үлкендердің де айтуымен, осындағы қазақ жастарының білім алуына дем болайық деген ниетпен біздің осы Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығы құрылды. Ресми тіркелгеніміз 2014 жыл. Құрушылар осындағы жоғары білім алған, 30-40 жас арасындағы өзіміз қатарлы 80-нен астам жігіт. Басқарушы төралқа мүшесі 13 адам. Қазіргі басқарушы төрағасы менмін.

Жаңа сөз арасында «Қазақ елі» деген журналымыз бар деп қалдыңыз...

Журналымызға келсек, Түркияға жарты ғасырдан астам уақыт қоныс тепсек те бірде бір қазақ журналы болмапты. Ал, атауын Елбасымыздың «Қазақстанның атын «Қазақ елі» деп қоямыз» деген сөзінен алдық. Түрікше-Қазақша шығатын журналымыз Қазақ елі президентінің осы сөзін қолдау десек те болады.

Журналда біз төрт нәрсені назарға алдық.

Бірінші, Түркиядағы топжарған талантты, білімді, ғалым, жазушы, доктор, спортшы адамдарды таныту. Өзтүріктің шәкірті Ілия Керім сияқты, химик ғалым Ахмет Кая сияқты әр саладағы есімдерді таныстыру. Түркиядағы қазақтар арасында шетелде білім қуып, жоғары деңгейлі мекемелерде жұмыс еңбек етіп жүргені көп.

Екінші, қазақ қашанда қоныс тепкен жеріне мешіт салған. Түркиядағы және Түркиядан Еуропаға жайылған қазақтардың салған мешіттерін әр санда бірден таныстырып отырмыз.

Үшінші, Алтайдан Анадолыға дейінгі қазақ эмиграциясында аты елеулі есімдерді, ел ағаларын таныстыру.

Төртінші, Түркия мен Еуропадағы қазақтар құрған қорлар мен қоғамдық мекемелерді бір-бірлеп таныстыру.  

Қазақ елі

Журналды жай шығарып, тарата салып отырған жоқпыз. Журналдың әр санынан міндетті түрде Ыстамбұл қала әкімшілігіне, әр ауданының басшысына, Анкарадағы Президент сарайы Бештепеден бастап, барлық биліктің ресми мекемелеріне, университеттер мен ғылыми орталықтарға жібереміз. Қазақстандағы бірнеше мекеме мен Еуропадағы 6 мемлекеттегі қазақтар құрған қор мен ұйымдарға жіберіледі.

Журналдың негізгі бағыты Түркиядағы қазақ диаспорасының қоныстану тарихы мен өмірін Түркиядағы 80 миллион халыққа таныту. Ол мақсатта кітаптар да шығарып отырмыз. Кітаптарымызды Түркияның академиялық кітапханасы қабылдап отыр.

Біздің жұмысымыз журнал-кітап шығарумен ғана шектеліп жатқан жоқ. Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына байланысты, Халифа Алтайдың 100 жылдығы, Оспан батырды еске алу деген сияқты мерейлі даталарға орай Түркияда конференциялар ұйымдастырдық. 1 айдан соң Қауымдастығымыздың ұйымдастыруымен желтоқсан айының 8-інде Ыстамбұлда Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына арналған конференция өткізуді жоспарлап отыр. Қазақстанның Түркиядағы елшісімен де сенбі күні сөйлестім. Құрметті қонақтар қатарында Мұрат аға Әуезов те болады.

Қазақстан елшілігімен әріптeстіктеріңіз қалай?

Елшілікпен жақсы жұмыс істеп отырмыз. Біз құрылғанда Елшілікке, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына хат жібергенбіз. Олар бізді қолдады. Соның арқасында Түркияда 2 рет Қазақтардың кіші құрылтайын өткіздік. Елшілік біздің жұмысымызды оң бағалап отыр. Маусымда Дүниежүзі Қазақтары құрылтайында біздің Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығы атынан 17 кісілік делегация құрылтайға арнайы шақырылып барып қайттық. Құрылтайда Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары қайта сайланған соң мені де төралқа мүшесі етіп тағайындады.

Қауымдастықпен байланыстарыңыз жақсы ма?

Құрылтай өткеннен кейінгі арнайы берілген қонақасында Зауытбек Тұрысбекұлымен сөйлескенмін. Ол кісіге, «Төрағаның бірінші орынбасары болған қызметіңіз құтты болсын, мен де төралқа мүшесі болып отырмын, алдағы уақытта қалай жұмыс атқарамыз?» деп сұрағанмын. Ол кісі, «Балам, EXPO өтсін, біз Алматыдан Астанаға көшіп алайық. Одан соң жұмысымыздың жоспарын бекітіп, хабарлаймыз» деген. Осы бір апта бұрын ғана телефонда сөйлестік. Ашайын деп отырған музейімізден де хабары бар. Бұйыртса ашылуына келеді деп отырмыз.

Сұхбатыңызға рақмет! Музей мен саябақ құтты болсын! Жұмыстарыңыз жемісті бола берсін!

 Serkan

Сұхбаттасқан Нұрғали Нұртай.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір