• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 02:43:11
Алматы
+35°

04 Шілде, 2018 Аймақтар

Түркістан қаласында ҚМДБ өкілдігі ашылды

Бүгін Түркістан облысының орталығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұрақты түрде жұмыс істейтін өкілдігі ашылды

Бүгін Түркістан облысының орталығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұрақты түрде жұмыс істейтін өкілдігі ашылды. Ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораз, ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Арын Берік және облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен облыс ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, мешіт имамдары қатысты.

Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдігінің ашылуы рухани қаланың өмірінде айрықша сипатқа ие екенін айтқан облыс әкімі бұл өнегелі істердің ұйытқысына айналар игі бастама болғалы тұрғанын жеткізді.

«Қасиетті Ислам дінін қадір тұтып, өмірінің басты мақсатына айналдырған өңіріміздің әрбір мұсылманы үшін қуанышты осынау жаңалықпен сіздерді құттықтаймын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті де киелі Түркістанда тұрақты жұмыс жасайтын өкілдігінің ашылуы Ислам дінінің өркендеп өсуіне,  діңгегінің  нығая түсуіне оң ықпалын тигізетініне біздің сеніміміз мол»,-деді Ж.Түймебаев.

Шарада сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, Серікбай қажы Ораз тарихи оқиға – Түркістан облысының дүниеге келуімен барша түркістандықтарды құттықтап, ашылып отырған басқарманың өкілдігі Ислам дінінің өркендеуі жолында жұмыс атқаратынын айтты.

 «Қастерлейтін киелі орын Қожа Ахмет Яссауи бабамыз және осы халқымыздың ең ардақтылары, ұлылары мен жақсылары мекен тепкен Түркістанда бүгін тағы да ерекше сәт. Елбасымыздың Түркістанды облыс орталығы ретінде және рухани һәм мәдени орталық ретіндегі даму игі бастамаларын қолдай отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төралқа және ғұламалар кеңесінің бір ауыз шешімімен мен өзімнің бірінші орынбасарым, Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы болып қызмет етіп келген Наурызбай қажы Тағанұлын әкеліп сіздердің алдарыңызда айтайын, таныстырайын деп отырмын. Өте тәжірибелі, білімді, осы біздің Орта Азияның, қазақ мұсылмандық мектебінің қалыптасқан жетік түлегінің бірі. Сол үшін Түркістан қаласының тағы да рухани, мәдени және діни орталық ретінде дамуы үшін осы біздің тарихи шешіміміз де тағы да оның салмағы мен маңызын арттыра түседі деп ойлаймын», – деді Серікбай қажы Ораз.

Сонымен Түркістан қаласындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілі болып Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы тағайындалды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір