• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 17:11:33
Алматы
+35°

09 Наурыз, 2018 Әдебиет

Түркі әлемін оятып, қыпшақтың атын шығарған Мұрат Әжі

7 науырзда Ресей астанасы Мәскеуде түркі халықтарының тарихын зерттеген жазушы Мұрат Әжі дүниеден озды.

7 наурызда Ресей астанасы Мәскеуде түркі халықтарының тарихын зерттеген жазушы Мұрат Әжі дүниеден озды. Жазушымен қоштасу рәсімі 10 наурызда өтеді.

Тарихшылар, тарихты зерттегендер көп. Олардың түрлері де көп. Арасында тарих факультетін бітірген мамандар да әуесқой тарихшылар бар, тарихтың терең түп-тұқиянын қазған ақиқаттың жаршылары мен мың құбылған сайқал саясатының жағымпаз қызметшілері, беті жоқ өтірікшілері бар. Өз аталарын ғана, руын, ұлтын әсіре мақтап ертегілерді жазған фолк-хисториктер мен керісінше өзін кем сезіну дертіне, Стокгольм синдромына шалыққан жаттардың шашбауын көтерген ұлт сатқындары да бар. Енді біреулер кітап жазып, оқырманның тарихқа қызықшылығын қоздырып, рухын оятып, көзін ашып, тақырыпты зерттеуге, ізденіске шақырған, тарихтың түбіне жету ұмтылысын тудырған, себепкер болған авторлардың қатарына кіреді. Солардың бірі Мұрат Әжі еді.  

Түркі халықтарының тарихы дүниежүзілік тарихының бір бөлігі. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ата-бабаларының тарихы көптеген халықтарының сұранысына ие болды. Мәңгүрттіктен бас тартып, ұлт
тарихының құпияларын ашқысы келіп қоғам түп-тамырын іздеуге ат салысты. Бұл табиғи процесстің алдыңғы саптарында тарихшылар мен әуесқой тарих зерттеушілер, жазышулар, түріктанушылар болды. Ең алғашқыларының бірі, тас жарған гүлдей, ерте туған көктемнің қар тесіп шыққан бәйшешектей, жарық жұлдыздай болып жарқыраған құмық халқының және бүкіл түрік – қыпшақ халқының ұлы Мұрат Әжі еді.

Сталин кезіндегі саяси қуғын-сүргіндерінен бастап, түріктану саласы зерттеушілердің бостандығы мен өміріне қауіпті еді. Түркі халықтарының тарихындағы сыр-құпияларын ашуына, жар салып ашық жариялауына тыйым салынатын еді. «Пантүрікшілдікті» билік оттай қорқып, елге құбыжық қылып жүрді. «Пантүрікшіл» деген айып тарихшының мойынын кесуге даяр қылыш болып қалды. Ал скиф пен сақ, ғұн мен көк түріктен бастап көшпенділер, Ұла дала әлемінің тұрғындары, түркі халықтары, олардың ата-бабалары бүкіл дүниенің тарихына зор үлес қосып, Еуропа, Таяу Шығыс, Үндістан, Қытай, Ресей, Мұңғұлия, Орта Азия, Кавказ, Сібір, Балкан, Қырым, Анадолы аумақтарындағы маңызды тарихи процесстеріне үлкен әсер етті. Мұны Кеңес Одағында Лев Гумилев пен Олжас Сүлейменов жазды. Ал көптеген тарихшылар ол кезде (әлі де сондайлар көп) Еуропа құрлығын дүниежүзілік тарихының орталығы ретінде көріп, Дала өркениетінің ұлылығын, көшпенді
мәдениетінің ерекшелігін, оның Еуропаға әсер еткенін түсінбей, менсінбей  жүріп, ол туралы жазбаған, зерттемеген, кем көрген.

Олжас Сүлейменовтың «АзиЯ»-сы, «Қыш кітабы» кезінде бомбалардай жарылса, Гумилевтың Ұлы дала, Мәңгілік Ел, хунну, үйсін, қаңлы,  көк түріктер, ұйғыр, қырғыз, қарлұқ қағанаттары, оғыз, қыпшақ,
Шыңғысхан мен ұрпақтарының ұлыстары, ордалары туралы кітаптар түркі халықтарының санасын ашса, ғасыр айрығында пайда болған Мұрат Әжінің кітаптары түркі әлемін оятып, талай  ізбасарлардың жолын ашты. Мұрат Әжінің кітаптарына құмар болған оқырмандар жазушының жолын қуып өздері әуесқой тарихшыларына, тарих зерттейтін жазушыларына айналып кетті. Әрине, арасында мықты авторлар мен бос сөзді жазып бөскендері шықты, тарихын ақиқатқа сүйеніп зерттегендер мен фолк-хисториктер шықты, бірақ қалай болса да, Мұрат Әжі түркі халықтарының рухани ояну кезінде нар тұлға, таңғажайып құбылыс ретінде пайда болып, жұлдыздай жанып, басқаларды оттай жандырды, ұшқын болып
сөнбес алауды жақты.

Мұрат Әжі Мәскеуде туып өскен географиялық факультетін бітірген, экономикалық ғылымының кандидаты, Солтүстік Кавказды, Дағыстанды мекендеген қазақтарға ағайын түркі тілдес қыпшақ құмық халқының өкілі еді. Сонымен қатар, Әжі құмықтың ғана емес, Сүлейменовтей бүкіл қыпшақтын атын шығарып жүрген, барлық түркі халықтарының тарихындағы сыр-құпияларын ашып жазған азамат еді.

Мұрат Әжінің атышулы «Қыпшақ даласының жусаны» атты кітап  1994 жылы Мәскеуде орыс тілінде шыққан. Кітапты автор құмық, қарашай, малқар, казак, қазақ, татар, чуваш, саха, гагауз, қырым татар, орыс пен украин халықтарының бір бөлігінің және басқа түрік, қыпшақ тамырынан таралып түбін  ұмытқан халықтарының шежіресі деп шығарды. Кітапта – ортақ бесігіміз Алтай, мекеніміз Дешті-Қыпшақтың Ұлы даласы деп жазды. Ресейдің тарихының түбі түрік, қыпшақ тамырымен байланысты, қазіргі Еуропаның қалыптасуына түріктер әсер етті деп жазған Мұрат Әжі ғұндар бастаған халықтардың ұлы қоныс аударуына үлкен мәнін берді. Атилла (Еділ) қағанның Еуропадағы өмірбаяны жан-жақты қарастырылған.

Кейінгі кітаптары – «Еуропа. Түріктер. Ұлы дала», «Түріктер мен әлем: құпия тарих», «Армагедонның тынысы», «Мәңгі Көк Аспансыз: біздің тарихымыздың очерктері», «Әулие Георгийдің сыры немесе Тәңірінің сыйлағаны» және басқалар түркі тарихының, тәңіршілдіктің зерттеулрі болып табылады. Оқырмандарға қызық, жеңіл тілмен жазылған.  Кітаптарында Мұрат Әжі түркі халықтарының басқа халықтарына әсерін ғана емес, тәңіршілдіктің христиан дініне әсерін жазды. Тіпті, шакья тайпасынан шыққан Сиддхартха Гаутама Будданың сақ аталарымызбен байланасын зерттеді.

Әрине, жазушыны көп тарихшылар, қарапайым жұрт та қатты сынға қалды. Кейбіреулері Әжіні әсіре түрікшіл фольк-хисторик деп айтса, енді біреулер зерттеушімен ғылым, дін, идеология жағынан келіспей қарсылығын білдірді. Қалай болса да, Мұрат Әжі түркі халықтарының тарихын, түп-тамырын,
әлемнің төріндегі рөлін зерттеп түркі әлемін оятуына, рухын көтеруіне, қыпшақтың атын шығаруына өмірін бағышты. Оның жазылған еңбектерінің дұрыс-бұрыстығын кейінгі ұрпақтан шыққан зерттеушілер, уақыт, тарих әділ бағасын береді. Ал істеген жақсы-жаман қылықтары, сауапты істері мен көрген-көрмеген кінәлары Жаратқанның мейіріміне қалды. Бірақ түркі халықтарын бірлік пен ынтымаққа шақырған, түркі халықтарының қыз-жігіттерін өзінің кім екенін ұмытпауына үндеген, ата-бабаларымыздың ұлылығын әлемге насихаттаған Мұрат Әжінің біз бәріміз үшін істеген еңбегі зор. Оны түсініп, алғысымызды білдіруіміз керек.

Қош болыңыз, Мұрат аға! Жатқан жері торқа, рухы шат болсын.

Асқар Дайырбек

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір