• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:37:32
Алматы
+35°

20 Тамыз, 2017 Ұлы көш

Тұрақты тіркеуге тұрған оралмандар 3 айдың ішінде азаматтық ала алады

Қазақстан азаматтығына құжат тапсырып, жеңілдетілген тәртіппен 3 айдың ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын алады.

Тарихи Отанына оралған қандаста­рымызға оралман мәртебесі барлық аймақта беріледі. Оралман мәртебесін Мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес толық құжаттар топтамасын өткізгеннен кейін 5 жұмыс күн ішінде ала алады. Бір жылға берілетін оралман мәртебесін алған азамат тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін,  Қазақстан азаматтығына құжат тапсырып, жеңілдетілген тәртіппен 3 айдың ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын алады. Егер оралман мәртебесін алған азамат бір жыл ішінде азаматтық алмаса, «Ха­лықтың көші-қоны туралы» Заңына сәйкес, оралман мәртебесінің мерзімі тоқтатылады да, ол этникалық қазақ санатына қосылып, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық ала алмайды.

Бұл ақпаратты шеттен келген қан­дастарымызға елдің ішкі тәртібін түсіндіруге арналған жиында қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы Көші-қон бөлімінің басшысы Күлсін Ысқақова айтты. Оның айтуынша, оралмандардың көбі бір жылдық уақытқа мән бермей, уақыттарын өткізіп алады. Егер оралман бір жыл ішінде азаматтық алмаса, ол этникалық қазақ санатына қосылады да, оның жұмысқа орналасуы мен азаматтық алуы қиындап кетеді. Өйткені, этникалық қазақ дегеніміз – шет елде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам. Ал шет ел азаматтары азаматтықты тек Президенттің Жарлығымен алатыны белгілі. Жиында бұдан бөлек, егер қандастарымыз Үкіметтен материалдық көмек алғысы келсе, олар оны Үкімет белгілеген өңірлерде көшіп келу квотасына қатысу арқылы алатындығы да айтылды.

– Егер қандастарымыз Үкіметтен материалдық көмек алғысы келсе, олар көшіп келу квотасына қатыса алады. Үкіметтің қаулысына сәйкес, ол квота 566 отбасына, бес облысқа, яғни, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысына бөлінген, – деді қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы Көші-қон бөлімінің басшысы Күлсін Ысқақова.

Айта кетейік, Оралман мәртебесін беру жұмысы мемлекеттік қызмет көрсету стандартына жатады. Сондықтан Алматы қаласына енді келген қандастар оралман мәртебесін алу құжаттарын Халыққа қыз­мет көрсету орталықтарына (ХҚКО) да өт­кізе алады. Өткен жылы осы ХҚКО арқылы 4 азамат оралман мәртебесін алса,  биыл ХҚКО-на 2 адам құжаттарын өткізген.

Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Қоғамдық кеңес, Халықаралық «Жан­ашыр» қоры және Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон бас­қармасының бірлесіп өткізген жиынында белгілі болғандай, биылғы жылғы 10 тамыздағы мәлімет бойынша, Алматыға 217 адам қоныстанған. Олардың 63 пайызы – Қытай Халық Республика­сынан келсе, 28 пайызы – Өзбекстан, қалғандары Ресей, Тәжікстан, Украина, Түркия, Моңғолия, Қырғызстаннан келуде.

Бүгінде қала бойынша қандастары­мыздың ең көп қоныстанған ауданы – Әуезов, Алатау және Бостандық аудан­дары. Мамандардың айтуынша, биыл Алматыға қоныстанған 217 қандасымыз­дың арасында еңбекке жарамды адамдар – 62 пайызды көрсеткен. Олардың 43 пайызы – жоғары білімді, 24 пайызы – орта білімді. Атап өтер­лігі, бұлардың ешқайсысы Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп бармаған. Яғни, көпшілігінің жеке кәсібі бар, өздерін жұмыспен қамтыған азаматтар.

Осы жиында белгілі болғандай, шеттен келген қандастарымызға жаңа ортадағы жүріп-тұру, заңнамалар мен құқықтық тәртіпті білмеу тәрізді қателіктердің алдын алу үшін әрі оларға тиімді әлеуметтік-мәдени бейімдеуге жол сілтеу мақсатында халықаралық «Жанашыр» қоры әдістемелік құрал шығаруды қолға алған.

Түрлі кеңес беріп, ұсыныстар айтылған жиында қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Қазбек Шайх тарихи Отанына оралып жатқан қандастарымыз арқылы 5 жылда еліміздің демографиясы 20 пайызға өсетінін ескеріп, «Нұрлы көш» бағдарла­масын қайта жандандыру жөнінде ұсыныс білдірді.

Айта кетейік, шеттен келген қандастар үшін 40-тан астам әлеуметтік көмек түрлері барын көпшілік жұрттың бірі білсе, бірі білмейді. Газетіміздің алдағы санында осы әлеуметтік көмек туралы толық ақпарат беретін боламыз.

Әсел ДАҒЖАН

Алматы ақшамы.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір