• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 10:27:19
Алматы
+35°

20 Қазан, 2017 Экономика

ТМД өкілдері Қазақстанның қызмет көрсетуде тәжірибесін игеруге келді

Қазір Қазақстан UNDESA электрондық үкіметті дамыту индексі аясында 27-ші орында

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабпен бірге  ұйымдастырған «Қазақстанның мемлекеттік қызметті дамыту саласындағы тәжірибесі. Инновациялық тәсілдер: сын-тегеуріндер мен шешімдер» атты халықаралық конференция барысында басқа елдерден келген қатысушылар Қазақстанның мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы тәжірибесімен танысып, инновациялық жобаларды мемлекеттік басқару секторына енгізу мүмкіндіктерін талқылады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Конференцияның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары Қайрат Балықбаев, Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Әлихан Бәйменов,  Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина, Сингапурдағы мемлекеттік қызметті жетілдіру жөніндегі БҰҰ «Даму» бағдарламасы ғаламдық орталығының директоры Макс Эверест Филлипс және т.б. сөз сөйледі.

Спикерлердің айтуынша, қазір Қазақстан UNDESA электрондық үкіметті дамыту индексі аясында 27-ші орында, яғни бұл үкіметтің халыққа мемлекеттік қызметтерді ұсыну тәртібін жеңілдетуге бағытталған белсенді жұмысының көрсеткіші.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтер бірнеше тәсіл бойынша көрсетіледі: электрондық үкімет порталы арқылы (700-ден астам қызметтер мен сервистер), Халыққа қызмет көрсету орталықтары (548 мемқызмет), Mgov мобильді қосымша (80-нен астам қызмет пен сервистер). Айта кетейік, халықаралық үкіметтік саммитте Mgov мобильдік үкіметтің үздік қосымшасы боп танылды. Мемкорпорацияға келсек, қазір 723 мемлекеттік қызметтің 548-і «Азаматтарға арналған үкіметтің 349 фронт-офистері арқылы ұсынылады. Және бұл көрсеткіш жылдан-жылға ұлғайып келеді (2011 жылы ХҚКО арқылы 51 мемқызмет ұсынылған). Қазір қызметтер толық циклмен көрсетілгендіктен, сұратылатын құжаттар мөлшері азайды. Ал қызметтер электронды түрге көшірілгендіктен, Мемлекеттік корпорацияға келушілер саны қысқарды.

ХҚКО-ның сапасын көтерген басты ерекшелік – түрлі органдардың құжаттарын «бір терезе» қағидаты бойынша дайындап беру. Мысалы, Әзірбайжан, Малайзия, Сингапур және тағы басқа елдерде түрлі органдардың құжат дайындаушы өкілдері бір ғимаратта болғанымен, бөлек бұрыштарда қызмет көрсетеді. Ал қазақстандықтар түрлі органның құжаттарын алу үшін әр бұрышқа барып кезек тұрмайды, «бір терезе» арқылы ХҚКО-ның кез-келген қызметкерінен ала алады.

Конференцияға қатысушы елдердің өкілдері Қазақстанның тәжірибесін зерттеу реформалар өткізу кезіндегі ақпараттық-сараптамалық жұмыстың базасын күшейтуге септігін тигізетініне, сонымен қатар мемқызметтерді көрсету саласында тәжірибе алмасу барысында тиімді диалог орнататынына сенімді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір