• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 12:47:02
Алматы
+35°

26 Мамыр, 2018 Экономика

ТМД аумағында 8 тонна есірткіге тосқауыл қойылған

2017 жылдың өзінде ТМД аумағында 3 500 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстың басым көпшілігі есірткі тасымалына тікелей байланысты.

2017 жылы ТМД елдерінің кеденшілері 3500 қылмыстық іс қозғап, 8 тонна есірткі заттарын тәркілеген. Бұл туралы Кеден қызметі басшылары кеңесінің құқық қорғау бөлімшелері комитетінің 17-ші отырысында айтылды.

Алматы маңындағы «Сегіз көл» курорттық паркінде өткен жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің кеденшілері қатысты.
 

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев: «Құқық қорғау қызметіндегі кеден органдары жұмысының маңызы жоғары. Енді оны одан әрі дамыту қажет, бірігіп халықаралық ынтымақтастық саласындағы кедендік құқық бұзушылықтарға қарсы күресу керек», — деді.
 

Ресейдің Федералды кеден қызметі төрағасының орынбасары Анатолий Серышев отырыста 12 мәселе қаралғанын және ТМД кедендік қызмет саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің 2020 жылға дейінгі Стратегиясы бекітілгенін айтты.

— Кедендік құқық бұзушылықтарға қарсы күресте ТМД мемлекеттерінің ынтымақтастығы үлкен рөл атқарып келеді. Жарты жыл сайын жасалатын жұмыс нәтижесі – осыған дәлел. 2017 жылдың өзінде ТМД аумағында 3 500 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстың басым көпшілігі есірткі тасымалына тікелей байланысты. ТМД құқық қорғау бөлімшелері кедендік қызметінде заңсыз айналымнан шамамен 8 тонна есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорлары алынды. Әзербайжан шекарасынан жеңіл көліктен 90 килограмм героин табылды. Беларусьтағы әріптестерімізбен Польша территориясынан 307 килограмм гашиш тәркіледік. Сонымен қатар Испаниядан Ресей Федерациясына 250 килограмм гашиш алып өтпек болған қылмыскерлер құрықталды. Қылмыскерлердің барлығы трансшекараға жақсы бейімделген. ТМД аумағындағы барлық елдің заңдарын жіті қадағалап отырады. Олар кез келген заң бұзатын әрекетте әккі қимылдарға барады. Өздеріне қолайлы схемамен жұмыс істейді. Шекарадағы қылмыстарды азайту үшін кедендегі құжат рәсімдеуді электронды формаға ауыстыру қажет. Бұл жемқорлық фактілерінің орын алуына да оң әсер етеді, - деді А. Серышев.
 

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Тілеу Жаңғарашев ұсынған мәліметке сүйенсек, 2017 жылы Қазақстандағы шекараларда кедендік салықты төлеуден жалтару мен экономикалық контрабанда бойынша 233 қылмыстық іс тіркеліп, 137 іс сотқа жіберілді. Контрабандалық жүктен 12 миллион АҚШ доллары тәркіленген. Заңсыз есірткі айналымы бойынша 161 қылмыстық іс қозғалып, 134 іс сотқа жіберілген. Ал тәркіленген есірткінің көлемі – 25 келі.

БАҚ өкілдері кеден жұмысын көру мақсатында Алматы халықаралық әуежайындағы «Жетісу» кедендік бекетіне барды. Бекет басшысының міндетін уақытша атқарушы Александр Мамедовтың айтуынша, жыл басынан бері кедендік бақылау жүргізу барысында ЕАЭС кедендік шекарасы арқылы ақшаны заңсыз тәркілеу бойынша 21 факті тіркелген.

Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәр Тұрымтайқызының сөзінше, 18 мамыр күні осы әуежайда «Дубай – Алматы» әуерейсіндегі жолаушылардың жүктеріне кедендік бақылау жүргізу барысында МКД қызметкерлері кедендік рәсімдеуден өтпеген 73 245 еуро мен 1500 доллар алып өтпек болған Канада азаматын ұстаған. Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Заң бойынша жолаушы өзімен алып өтетін ақша көлемі 10 мың доллардан асса, міндетті түрде кедендік декларациясында оның қайда жұмсалатынына дейін қысқаша мағлұмат беруі тиіс. Декларацияланбаған ақша көлемі 10 мың доллардан асса, бұл әкімшілік құқық бұзушылыққа, ал 5000 айлық көрсеткіштен асып кетсе, қылмыстық іске жатады. Айта кетерлік жайт, ЕвразЭС елдері арасындағы ақша құралы мен жолаушы чектері кедендік рәсімдеусіз жасыл дәлізден өтеді.
Бекетте есірткі заттарын тәркілеу барысында кинологтардың атқаратын қызметі зор. Арнайы үйретілген қызметтік иттер есірткінің ғана емес, жалған волютаның иісін бірден сезеді.
Мамандардың айтуынша, көбінесе Үндістаннан келетін жолаушылар елімізде тіркелмеген заңсыз дәрі-дәрмек түрлерін, БАӘ-ден келген жолаушылар мөлшерден көп зергерлік бұйымдарды термостың ішіне салып өтпекші болады екен. Жіті бақылаудың арқасында әрекеттер дереу әшкереленеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір