• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 05:48:11
Алматы
+35°

21 Ақпан, 2018 Әлеумет

Тізерлеме... Патриархаттан матриархатқа ауысуға шақ қалдық

«Үйленген соң мені асырашы, менің тірегім бол» деген жалынудай көрінеді

Тұрмыс құрып, шаңырақ көтеру жастардың өмірінде ерекше орын алатын жайт. Оған дейін олар айлы түндер мен абат бақтарда сейіл құрып, сайран салады. Ал үйленер шақта бір-бірінің сезімін іштей түсініп, сөзімен емес көңілімен келіскен-ді. Ал кейбіреуі ата-ананың таңдауымен таласпай, бұйырғанымен отбасы құрады. Қазір қызға сезім білдіріп, үйленуге ұсыныс жасау, бөлек бір мереке. Біреуі сыйлық жасап, екіншісі қорқытып, бордайтоздап барып құмырадан шыққан перідей тосыннан сап ете, қолына гүлмен сақинасын ұстап, улап-шулап сезімін білдіреді.

Бұрын қалай еді? Аталарымыз сезімге берілген бе? Ол кездің де өз рабайы, сыралғы тірліктері болған-ды. Еркектің дәрежесіне созса қолы, қараса көзі жетпейтін әйел атаулының. Өйткені отбасын сақтаушы ғана емес, мұқым елдің тыныштығына жауапты солар. Ашуланса қаһары арыстанның айбатынан сынық сүйем кем емес-ті. Ал мұндай апталды азаматтардан әлгі айтқан тосын сыйларды күтіп көр. Қазір дүние шыр айналып өз дегенін жасап жатыр. Қым етсе әр нәрсені заманға жауып, өз қатемізді солай ақтайтын әдетіміз бар емес пе? Сол қисынға салсақ, әйелдердің дәрежесі еркектерден біршама көтерілді. Патриархаттан матриархатқа ауысуға шақ қалдық. Оған феминизм саясатын келтірсек болады. Бұл жүйе бойынша әйел отбасында бала қараушы, үйдің берекесі емес, мемлекеттік істерді шешіп, еркектермен қолтықтаса жүріп заң шығарғанынан-ақ көруге болады. Демек, бұрынғыдай жанұяны асыраушыларға еркек қана емес, әйелде қосылды. Отағасынан да көп ақша табатын әйелдер жетерлік. Дұрыс-ақ, осынау мазаң дүниеде еңбек етпесең еш қаласың. Жігіттердің қыз алдында тізерлеп тұрып сөз салуының бір себебі осыдан ба деген күмән бар. «Үйленген соң мені асырашы, менің тірегім бол» деген жалынудай көрінеді. Әйтпесе, «менің өмірлік жарым бол», «жабыққанда қолдаушым бол», – деген ақ ниет, махаббаттан туған ой болу керек еді.  Біз болсақ бас салып етегіне жармасып, жығыла кететініміз қынжылтады. Құдды бір солай жасамасақ «иә» деген жауапты ала алмайтындаймыз. Тікесінен тік тұрып сөз салсақ, көңілі қалып салы суға кетердей.

Бұл келіссіз іске тағы бір итермелейтін дүние теледидардағы кинолар. Әр кино махаббатпен ұштасатыны белгілі. Солай десек, қызға сөз салар алдында әлгіндей тізерлей кететіні бар. Бұл көбіне шет елдің киноларындағы көрініс. Адам ақпараттың 90 пайызын көзбен қабылдайтынын ескерсек, фильмдердегі көріністер өсіп келе жатқан балаға бірден әсер етеді. «Маған да солай жасауға болады екен» деген ой туады. Дінімізде де «еркек әйелден бір саты жоғары» бұдан кейін қалайша жалпақтай кетеміз. Неге өз-өзіміздің дәрежемізді түсіреміз. Ойланайық...

Думан Кеңшілік

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір