• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

07 Мамыр, 16:46:52
Алматы
+35°

21 Қаңтар, 2018 NEWS

The New York Times: Қазақ тілі – жазу-сызуы жоқ көшпелі малшылардың тілі

Бірақ қарама-қайшы мүдделердің қақ ортасында тепе-теңдікті сақтаған көшбасшы қарапайым нәрседе қателесті.

The New York Times басылымы Қазақстанның латын графикасына көшуіне байланысты өз ойын білдіріпті. Бұл мәселені зерттеген автор Андрю Хиггинс (Andrew Higgins) Қазақстанға келіп, мамандармен пікірлескен екен. Qamshy.kz ақпарат агенттігі басылымның «Қазақстан апострофтарды есепке алмағанда, жаңа әліпбиді қабылдауға қарсы емес» (Kazakhstan Cheers New Alphabet, Except for All Those Apostrophes) деген мақаласын аударып, қазақтілді оқырманға ұсынып отыр.

Қазақстан президенті болған 26 жылда Нұрсұлтан Назарбаев (ол – тұңғыш әрі жалғыз президент) күшейіп келе жатқан Ресеймен алыстан сыйласа білді, қауіпті геосаяси жағдайда Мәскеу, Бейжің, Вашингтон үшеуінің тілін тауып, достық қарым-қатынасын барынша сақтады.

Бірақ қарама-қайшы мүдделердің қақ ортасында тепе-теңдікті сақтаған көшбасшы қарапайым нәрседе қателесті. Ол әлемдік державалар арасындағы бәсеке де емес, мемлекет ішіндегі көкейкесті мәселе де емес. Әңгіме қазақ сөздерін жазған кездегі апострофтар жайында болып отыр.

Қазақ тілінде қазір кирилл графикасы қолданылады. Бұл – совет кезеңінен қалған мұра. Мамыр айында Назарбаев орыс әліпбиінен бас тартып, латын графикасына ауысатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл – «ата-бабалардың аманатын орындау ғана емес, жас буынның болашағы үшін қажет шара».

Алайда осы жерде мынадай жымысқы сұрақ туады: ғасырлар бойы өзгелердің жазуын қолданып келген, өз әліпбиі жоқ тілде қалай жазуға болады?

Президенттің жаңа графикаға қатысты пікірталасқа белсенді араласып, ақырғы шешімін өзі ұсынуы (ол әліпбиде өте көп апостроф болғанын қалайды) бұрынғы советтік елде барлық мәселе 77 жастағы бір-ақ адамның немесе соның атынан сөйлеушілердің еркіне тәуелді екенін айқын көрсетеді.

– Бұл – біздің еліміздегі басты проблема. Президент майлыққа бірдеңе жаза салса да, барлығы оған ду қол шапалақтауға міндетті, – дейді саясаттанушы Айдос Сарым.

Оның айтуынша, Қазақстанды тұрақты һәм гүлденген елге айналдырғаны үшін Назарбаев кез келген құрметке лайық. «Әйтсе де тіл мәселесі секілді шетін істе шенеуніктердің әмірі жүрмеуі керек», – дейді Сарым.

Ұзақ уақыт бойы шетелдік державаның отары болған, кейін тәуелсіздігін жариялап, ұлттық сананы қалыптастыруға талпынған басқа мемлекеттердегі сияқты Қазақстанда да тіл мәселесі –  жанға бататын тақырып. Бұл елде көп адам әлі орысша сөйлейді, оның ішінде қазақтардың өздері де бар.

Дегенмен Совет Одағының ескі жұртында бой көтеріп, 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Мәскеудің саяси-мәдени үстемдігіне табандылықпен қарсы тұрып келеді.

Бұл ел қазақ тілін білім беру және мемлекеттік басқару саласындағы негізгі тілге айналдырып, орыс тілін мұндай рөлден айырды. Шет тілдерін оқытуда ағылшын тілі мен орыс тілін теңестіріп қойды. Келмеске кеткен көшпелі өмір салтын дәріптейтін фильмдер мен телебағдарламарды көбейтті.

2025 жылға дейін латын алфавитіне көшуді көпшілік қолдап, мұны Қазақстанның кеш те болса Ресейден іргесін аулақ салуы және әлемдік қауымдастыққа қосылуы деп атады. Мәскеудегі Орыс православ шіркеуі мен Қазақстанда тұратын орыстар бұл шешімге қатты қарсылық танытып жатыр.

Бірақ президент қазан айында тіл мамандарының ұсынысына көз жұмып, стандартты латын жазуында жоқ, тек қазақ тіліндегі төл дыбыстарды білдіретін апострофты жүйені енгізуді ұйғарғанда оның шешімі қоғамда онша қабылданбады.

Мысалы, Қазақстан Республикасы деген сөз қазақ тілінде былай жазылады: Qazaqstan Respy'bli'kasy.

Қазақстанда ешкім президентке ашықтан-ашық қарсы шықпаса да, бұл апострофтар үшін Назарбаевқа жан-жақтан сын айтылды.

Жаңа әліпби жасағанда түрік жазуының үлгісін негізге алуға шақырған лингвистер президенттің идеясына наразы болып, мұндай әдісті ұсқынсыз әрі шала дайындалған деп мәлімдеді.

Енді біреулер апострофтың кесірінен қазақ сөздерін Google-дан іздеп, Твиттерде хэштег жазу мүмкін болмайтынын айтып шағымданады.

– Біз бір қарағанда тілімізді жаңғыртатын сияқтымыз, бірақ шын мәнінде интернетке шығатын өз жолымызды кесіп отырмыз, – дейді Айдос Сарым.

1990 жылдары кириллицадан бас тартып, латын графикасына ауысқан Өзбекстан апострофты кейде ғана керексінетін әліпбимен жазады, алайда Назарбаев талап еткендей жиі қолданбайды.

Мичиган университетінде түрік зерттеулерін жүргізетін Тимур Кочаоғлы былтыр Қазақстанға келіп кеткен.

– Мұндай сорақы идеяны оның қайдан алғанын ешкім білмейді. Мынаны қалай оқуға болады деп қазақ зиялылары түгел күліп отыр, – дейді Тимур Кочаоғлы.

Оның пікірінше, бұл жазудан көз ауырады.

Халық наразылығы Назарбаевқа да, оның мемлекет басқару тәсіліне де сынақ болды. Ол оппозицияны ұнатпайды, алайда қоғамның тамыр соғысына құлақ салып отырады. Оның жақын одақтасы, сенат басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен айда газеттер мен басқа басылымдарда апострофты қолдану «әлі тым ерте» деді. Өйткені әзірге нақты шешім қабылданбаған. Тоқаев осылайша Назарбаевтың райынан қайтуы мүмкін екенін тұспалдап жеткізді.

Қазақ тілінің (бұл – жазу-сызуы жоқ көшпелі малшылар ойлап тапқан  түркі тілі) жазуы – ежелден күрделі мәселе. Ислам дінін ұстанатын қазақтар бірнеше ғасыр бойы араб әліпбиін пайдаланып келді.

Өткен ғасырдың басында Қазақстан уақытша латын графикасына өтті, Ресейдің коммунист жетекшілері де 1917 жылғы төңкерістен соң алғашында осы идеяны қолдаған.

Кейін қазақ, өзбек сынды түркі халықтарының арасында түркішілдік ағымы таралып кетуі мүмкін деп қауіптенген Мәскеу бұл өңірге кириллицаны енгізіп, орыс мәдениетін жаюға кіріскен. Әрқилы түркі жұрттары бір-бірінің шығармаларын оқи алмас үшін кириллицаның 20-дан астам нұсқасын енгізген, дейді Кочаоғлы.

Тәуелсіздік алған соң Назарбаев орыс диаспорасының қарсылығынан қаймығып, тезірек латын әліпбиіне көшейік деген ұлтшылдардың талабын мейлінше тежеп отырды. Ал Өзбекстан, Әзербайжан сынды түркі тілдес елдер егемендігін жариялағаннан кейін кириллицадан бас тартты. Бірақ ол мемлекеттерде орыстардың үлесі аздау еді.

– Барлығымыз ыдырап жатқан Совет Одағынан шығып, өз мемлекетімізді құрып, төл мәдениетімізді жаңғыртқымыз келді. Алайда Қазақстанда әліпбиді өзгерту саяси тұрғыдан қиындау, – дейді Алматыдағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова.

Дей тұрғанмен соңғы 20 жылда орыстардың көбі елден көшіп, демографиялық көрсеткіште қазақтардың үлесі салмағы артқан. Осы кезде  Назарбаев қолайлы сәтті қолдан жібермей, кирилл әліпбиін алып тастауға бел буды.

– Кириллица ресейлік отарлау жобасының бір бөлігі болды. Латын әліпбиін көбі империяға қарсылық деп бағалайды, – дейді белгілі қазақ саясаттанушысы Досым Сәтпаев.

Орыс православ шіркеуі мен орыс ұлтшылдары бұл шешімге наразылық білдіріп, қазақтар Батысқа бет бұру арқылы орыс мәдениетіне соққы бермек деп шуласты. Тіпті, кейбір мамандардың айтуынша, Ресей парламенті осыған байланысты мәлімдеме дайындап жатқан көрінеді. Олар Назарбаевты ұлы мемлекет қайраткері деп көкке көтере мақтап, түрлі этникалық топтардың татулығы үшін одан кириллицаны сақтап қалуын өтінбекші деседі.

Латынға көшу процесі сәуір айында қарқынды жүргізіле бастады. Назарбаев қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыратын ұлттық комиссия құрды. Комиссия құрамына қазақ тіліндегі дыбыс жазбаларының жүйесін құратын лингвистер кірді.

Қазақ тіліндегі көптеген дыбысты кирилл және латын әліпбилерінде диакриттік белгілерсіз жеткізу қиын. Латын графикасын қолданатын түрік тілінің ережесіне бағынып, анық айтылуы үшін әріптің астына жазылатын белгілерді, тильдаларды, дауысты дыбыстардың төбесіндегі қысқарту белгілерін, ноқаттарды қолдану қажет пе, әлде басқа балама белгілерді ойлап тапқан дұрыс па – міне, осы мәселені шешу керек болды.

Тамыз айында тіл мамандары түрік графикасының моделін негізге алып әліпби құруды ұсынған. Алайда президент әкімшілігі түрік тіліндегі белгілердің стандартты пернетақтада жоқ екенін айтып, бұл нұсқаны қабылдамай тастады.

Сол кезде Алматыдағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек бастаған ғалымдар диграфтарды пайдалануды ұсынды. Бұл – бір дыбысты екі әріппен беру, мысалы, ағылшын тіліндегі «ch» сияқты.

Басында бұл нұсқа президент төңірегінде қолдау тапты. Алайда Назарбаев 27 қазанда түрік әліпбиіндегі белгілердің орнына апострофтарды қолдануға жарлық шығарған соң диграфтар да жайына қалды.

Назарбаев ұсынған модификациялаған латын алфавитінде апострофтар дыбыстың ұзақтығын көрсетуде және олардың  түрленгенін білдіруде қолданылады. Мысалы, «S» әрпі апострофпен жазылса, «ш» деген дыбысты береді, ал C' әрпі «ч» деп оқылады. Демек қазақ тіліндегі «шие» сөзі s'i'i'e деп жазылатын болады.

– Мұны естігенде ғалымдардың төбе шашы тік тұрды, – дейді Ерден Қажыбек. Ол президенттің ұсынысын естіп, бұл шешімді өзгерту үшін бірден Астанаға жол тартқан. Бірақ жоғарыдағылар оған апострофтардың қалатынын айтыпты.

Назарбаев түрік әліпбиіндегі нұсқаны не себепті жақтырмайтынын елге бір-ақ ауыз сөзбен түсіндірді: «Ешқандай ілгектер мен артық ноқаттар болмауы тиіс. Оларды компьютерде теру қиындық туғызады». Ал қазақтың төл дыбыстары диграфпен берілсе, адамдар ағылшынша оқығанда шатасуы мүмкін. Өйткені диграфтағы біріккен әріптер ағылшын тілінде мүлде басқаша дыбысталады. Президенттің уәжі осындай.

Бұл шешімнің саяси астары болуы ықтимал: Назарбаев «Қазақстан Ресейден алыстағысы келеді», «түркішілдік идеясын жаңғыртқалы жүр» деген болжамдарды болдырмауға тырысады. Себебі бұл мәселе Ресей билігін ақ патша заманында да, совет өкіметі тұсында да қатты алаңдатқан.

Бәлкім жасы ұлғайған президент отставкаға кеткен соң немесе қайтыс болған соң ел есінде қалуды көздеп, қазіргі уақытта барын салып жатқан шығар.

– Президент өзінің мұрасы туралы ойлайды. Жаңа әліпбидің авторы ретінде тарихта қалғысы келеді. Алайда басты проблема сол – біздің президент филолог емес», – дейді Досым Сәтпаев.

Аударған: Назерке МҰСА

Nazerke Musa

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір