• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 14:38:51
+35°

19 Шілде, 2018 NEWS

Теміртауда анасы тілазар баласын теміржолдың бойына тастап кеткен

Дәл сол мезетте жүйткіген пойыз да жетіп, жеткіншектің өміріне қауіп төніпті

Қатігез ата-ана тілазар ұлын теміржол бойына тастап кеткен. Дәл сол мезетте жүйткіген пойыз да жетіп, жеткіншектің өміріне қауіп төніпті. Баланың періштесі қаққан болуы керек, адам көп жүре бермейтін жерден аяқ асты табыла кеткен қыздар оны бір ажалдан аман алып қалды. Бойжеткендер оқиғаны бейнекамераға түсіріп, туған баласына салғырттық танытқан ата-ананы әрекетін сынға алған. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Шойын жолдың үстінде отырған баланы байқаған қыздар бірден жанына барған. Жеткіншек өксігін тыя алмай отырыпты. Тастап кеткен ата-анасына қатты ренжіп қалса керек. Біраз уақыттан соң жүйткіген пойыздың келе жатқанын байқаған бойжеткендер, рельстен оны әкетпек болады. Бірақ, әке-шешесіне деген өкпесі басылмаған ол темірге кенедей жармасып, отырып алған.

Осылайша, қыздардың табандылығының арқасында әупірімдеп жүріп құтқарылды балақай. Көп ұзамай, оқиға орнына анасы да жеткен. Шошығаннан ба әлде басқа себептен бе, үн қатқанын естімедік. Есесіне құтқарып қалған қыздар бар қауіпті енді сезінді ме, әйтеуір жылап жіберген.

«Вы не думайте, что я на вас кричу или повышаю тон. Меня просто всю трясет. Вы понимаете, что мы только что спасли вашего ребенка! Я сейчас буду плакать».

Кейін оқиғаның Теміртауда болғаны анықталды. Екі баласын жетектеген ана жергілікті жағажайға демалуға келген екен.

«Баланың қатты жылап, қырсығып жатқанын көрдім. Анасы оны демалыс орнына кіргізуді сұрады. Бірақ, ол көнбеді. Жолда отырып қалды. Анасы мас болған жоқ. Олар біраз демалып кейін бірге қайтқанын көрдім» - дейді куәгер Сергей Кузнецов.

Біз бейнежазбадағы ананы да таптық. Жолдасымен ажырасқан, екі баласын өзі жалғыз асырап жүр. Сол күні әдеттегідей, балалармен бірге демалысқа бармақ болған. Бірақ кенжесі әлденеге ренжіп қалса керек. Қырсыққан. Үлкендерінің киім-кешегін жағажайға кіргізуге кеткенде болған оқиға деп түсіндірді. Оқиғаға қатысты резонанс туғанынан шошып қалған ана, өзін жамандағандармен келіспейтінін білдірді. Жайттан соң жүрегі ауырып, уыс-уыс дәрі ішумен жүрмін дейді.

«Әрине, менің кінәм бар. Баламмен бірге қалып сөйлесу керек еді. Бірақ, үлкенім оған көнеді. Ал, кенжемнің мінезі ауыр. Өздігінен сабасына түспесе, ешнәрсе әсер ете алмайтынын білемін. Бейнені салғандар өздеріне жарнама жасағысы келген шығар. Онда жазған пікірлермен келіспеймін. Баламды ұрып көрмегенмін» - дейді баланың анасы Ирина Куличкова.

Оқиға жергілікті білім бөлімінің назарына да ілікті. 9 жастағы Сашаға қатысты бұған дейін ешқандай ескертулер болмапты. Анасына да шағымданған кез тіркелмепті. Дегенмен, бейнежазбадан соң, алты айлық бақылау тағайындалған.

«Анасының балаларды осындай жағдайда қалдыруына байланысты анасын есепке алып, есепте ұстаймыз деп ойлаймын. Тек қана Теміртау қалалық білім бөлімі емес, мектептің соц педагогы бар, сынып жетекшісі қадағалап, енді болашақта қадағалап ұстайтын боламыз» - дейді Теміртау қаласы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Халипа Жаудинова.

Баласынан айырылып қала жаздаған ана бейнежазбаны жариялағандарға өкпелі екенін жасырмады. Бірақ, перзентін құтқарып қалғандарға риза екенін білдірді.

Гүльнұр Жақсылықова

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір