• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:16:20
Алматы
+35°

19 Сәуір, 2018 Саясат

Тәуелсіз «ДАТ» газетіне 20 жыл

Қазақстанның қоғамдық саяси өміріндегі маңызды мәселелердің шешім табуына, демократияның, сөз бостандығының қалыптасуына айрықша қызмет етті.

Биыл сәуір айында Қазақстандағы тәуелсіз басылым «ДАТ» газетіне 20 жыл толды. «ДАТ» атауымен оқырман қолына тиген тәуелсіз басылымның жарыққа шығуына сол уақытта жоғары биліктен оппозицияға кеткен экс-премьер Әкежан Қажыгелдин мұрындық болған. Алғашқыда 50 мыңға дейін тиражда таралған газет қазір 20 мыңнан астам тиражбен шығып тұрады. Шәріп Құрақбаев, Марат Қабанбай, Ғалымжан Мұқанов, Жұматай Сабыржанұлы, Асхат Шәріпжан сияқты сақа журналистер қызмет еткен газеттің қазіргі бас редакторы, 20 жыл бойы «ДАТ-пен» бірге жасасып келе жатқан Бақытгүл Мәкімбай. Басылымның бас оқырманы газетте бұған дейін жұмыс істеген 117 даттықтың есімін жариялады. 

Даттықтар

«ДАТ» басылымы алғашқы санынан бастап Қазақстанның, қазақтардың қоғамдық саяси өміріндегі маңызды мәселелерді ұлттық деңгейде көтеріп, мемлекеттік деңгейде шешім табуына, демократияның, сөз бостандығының қалыптасуына айырықша қызмет етті. 

Газеттің бас оқырманы, тұрақты авторы белгілі журналист Ермұрат Бапи сұхбаттарының бірінде газетті «Қазақстандағы алғашқы оппозициялық басылым» деп атаған. Әрі  «ДАТ» газетінің бірінші саны 1998 жылы сәуірдің 16-сы күні жарық көрді» деген. Алайда архивты ақтарып көрген «Қамшы» тілшісі газеттің 1998 жылы 10 сәуірде шыққан беташар нұсқасымен танысты. Онда «Келесі президент кім болады?» деген сияқты өзекті сұрақтар көтерілген.

«ДАТ» газеті 20 жыл ғұмырында талай қиындықты бастан өткерген. Ашыла салып, 4 айдан кейін, 1998 жылдың тамызынан қысымға ұшыраған газет сол жылы елдегі мемлекеттік телеарналардың бірінің басшысының арызынан кейін Алмалы аудандық соты шешімімен 30 млн теңге, редакторы 5 млн теңге айыппұлға жығылған.
Әрине бұндай соманы төлей алмаған басылым сол жылы желтоқсан айында жабылып қалған. Одан кейін «ДАТ» газеті әр жылдары «ДАТ», «СолДАТ», «Жұма-Таймс», «Айна-плюс», «Сегодня-Бүгін», «ДАТ-Ақбота», «ДАТ-Колесо», «ДАТ-Иртыш», «Тасжарған», «Общественная позиция» сияқты түрлі атаулармен шығып тұруға мәжбүр болды. Оған себеп газеттің 20 жылдық ғұмырында 100-ге жақын рет сотқа берілуі. Әр жолы газеттің жабылуына өте үлкен сомадағы айыппұлдар себеп болған.

Тіпті «ДАТ» жобасын ұйымдастырушылардың бірі әрі «СолДат» газетінің бас редакторы болған журналист Ермұрат Бапиды Алматының Медеу аудандық соты 2003 жылы қараша айында бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды және журналистке 5 жыл бойы баспа қызметімен айналысуға тыйым салды. Газет қиындықтары тек сотқа сүйрелумен бітпеген. Газет шығарушылардың айтуынша, Алматының өзінде «ДАТ» басылмаған типография жоқ деуге болады. Газет Бішкекте, Ресейдің Барнаул, Новосібір, Саратов сияқты бірқатар облыстарында басылған. Алайда Қазақстанның күштік құрылымдарының араласуынан кейін көптеген баспалар қызмет көрсетуден бас тартқан.

Осы орайда газеттің 20 жылдық мерекелік нөмірі туралы бас оқырманы Ермұрат Бапи Facebook әлемуметтік желісінде былай деп жазды.

«Кеше - мерекелік нөмір қатталып жатқанда, осы коллажға қарап отырып, сенесіз бе, жылағым келді... Қуаныштан ба, әлде есіл еңбекке кеткен күндерге деген сағыныштан ба, жоқ әлде осыншама дүниенің жауапсыз, өтеусіз кеткен өкінішінен бе - біле алмадым. Өкініш дейтінім - қоғам, қазақ, ел билігі, сұрғылт заман - бәрі-бәрі сол қалпында қалған сияқты. Бұл елдің басына біткен сор байланып, мәңгіге шөгіп қалғандай көрінеді.
Ал қуаныш пен мақтаныштың жөні бөлек: "біз бұны жасадық". (Мы сделали это - всем чертам назло!). Қаншама еңбекті, жүйке мен денсаулықты, қайран уақытты сарп еттік? Оның өлшемін ауызбен айтып, қағазға жазып, жеткізу қиын. Ауызбен айтуы керекті бұған дейін де демеген едім: "қырып тастағандай" болмайын деп. Ал жазуы керекті - осы мерекелік гәзитте жаздық. Оны да мен емес, бізден айнымаған оқырмандар, саясаткерлер мен саясаттанушылар, асыл ағалар, жанашырлар жазды. Менің мұнда - мұнау бірінші беттің астындағы алты-ақ ауыз сөзімнен басқа ештеңем жоқ.
Алыңыздар гәзитті, оқыңыздар, ойланып көріңіздер - "ДАТ" және оны жасаушылар жазылған жәйтке сай ма, жоқ па - бағамдап көріңіздер... Қалай болғанда да, біз мыңдаған оқырманмен, қарапайым халықпен, бізге тәнті ел-жұрттың ниет-тілегімен "ДАТ" деген даңқа иеміз! 
Осы ыстық ықылас үшін сіздерге мың да бір алғыс! Аман болыңыздар, аман болайық! "ДАТ"-тың 20 жылдық дөңгелек датасы құтты болсын!»

«Qamshy.kz» ақпарат агенттігі «ДАТ» газетінің шығармашылық ұжымын, адал оқырмандарын басылымның 20 жылдық мерекесімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейді! Ағайын, «ДАТ-қа» жазылайық!

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір