• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 18:11:37
Алматы
+35°

14 Наурыз, 2018 NEWS

Тасқын судан зардап шеккен аягөздіктер үшін 50 млн теңге бөлінеді

Тасқын су салдарынан 400-дей адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов сел жүрген ауданға барып, тұрғындармен кездесуінде осылай деп уәде берді. Сондай-ақ, өңір басшысы үйлердің табиғи апаттан кейінгі жағдайымен танысты, деп хабарлайды Қазақстан Ұлттық телеарнасы.

Аягөз өзеніндегі бөгетті барып көріп, қауіпсіз жерге көшірілген отбасылармен кездесті. Екі күн бойы жауған қар аралас жаңбыр Аягөз ауданы тұрғындарын күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырғаны жасырын емес. Осы аралықта әсіресе, үйлерін су шайып кеткендер көз ілмеді. Даниал Ахметов қиын кезде қысылған сол адамдардың біразымен кездесті, бірнеше баспананы аралап көрді. Бүгінгі мәліметке сәйкес 148 үйге су кірген, 10-ға жуығына жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек және 8 үй тұруға мүлдем жарамсыз,-деп танылып отыр.

Зардап шеккендердің бірі жалғызбасты ана. Ол үш баласымен далада қалған болатын. Бірақ, өңір әкімі жақсы хабармен сүйіншіледі. Халық әкімді жан-жақтан қаумалап басына түскен ауыртпалықтарын айтып қалуға тырысты. Олардың базынасын шешу жергілікті басшыларға тапсырылды. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Ал, тасқын су талқандап кеткен айналаны тазартуға 400-дей азамат тартылған. 50 арнайы техника тағы бар. Бұдан соң Даниал Ахметов бастаған топ Аягөз өзеніне барды. Ондағы бөгетті әлі де топырақ төгіп биіктету керектігі ескертілді.

Өйткені, табиғат тосын мінез танытса, абдырап қалуға болмайды. Алдын нықтап алу қажет. Ал, селден секем алған жұртқа алғашқы көмек ретінде қаржы бөлінетін болды. Бұл күнделікті тұрмыстық қажеттілікті өтеу үшін ғана. Тасқын су салдарынан 400-дей адам қауіпсіз жерге көшірілді. Соның ішінде 20 отбасы аудандағы №6 мектеп-интернатына орналастырылды. Олардың қатарында үйсіз-күйсіз қалғандар да бар. Бірақ, бастарына баспана тигенше сол жерді паналайтын болады. Киімдері бүтін, қарындары тоқ. Төрт мезгіл тағам беріліп тұрады. Тұрғындардың қол ұшын беріп жатқан жандарға ризашылығы шексіз. Тек бастары құралып, баспанаға кіруді аңсайды.

Бұрын-соңды Аягөзде мұндай жағдай болмапты. Байырғы халық жаңбыр қанша құйса да көше арасын аралай ағатын арықтың суы арнасынан аспаған. Олар тек бір нәрсеге күдіктенеді. Үш биік деп аталатын жерде бөгет жарылып, тасқын су содан болған,-деген болжам жасап отыр. Мұның анық-қанығын облыс әкімі анықтайтын болды. Арнайы топ тік ұшақпен төңіректі түгел шолып шығып, алдағы 4 күнде нақты мәлімет беретінін жеткізді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір