• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:27:29
Алматы
+35°

16 Маусым, 2018 NEWS

Таршылық табандап тұрса да...

Дария өмір дәрменсіз пенденің пікірімен санасқан ба?

Дария өмір дәрменсіз пенденің пікірімен санасқан ба? Бүгінгі біздің кейіпкер – Еркен Жүндібаев табандап тұрған таршылықты түбінде жеңемін деген ұранды алға тартып өмір сүріп жатыр. Ол қолбайлау болған сұрықсыз күндерден құтылғысы келеді.

«Осыдан бес ай бұрын жұбайым Дарихамен бірге Астанадағы Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп бардым. Жеті баламды бағуым керек. Осыған дейін тұрақты жұмысым болмады. Бала-шағамның ризық-несібесін әр жерден іздеп таптым» – дейді ол.

Біздің кейіпкер бүгінде әлеуметтік әлсіз топтарды жұмыспен қамтып отырған «GreenTal» кәсіпорнында ағаш ұстасы қызметін атқарады. Еркеннің қолынан келмейтіні жоқ. Ол жасаған бұйымдар көптің сұранысын туғызып жүр.

сурет

«Мен осы жұмыс орнына келгелі түрлі жиһаз жабдықтарын жасауды үйрендім. Мұндағы шеберлер бір-бірінен асып түседі. Бірі пішіп кессе, екіншісі оны өңдеп жатады. Ал мен жартылай дайын болған өнімдерді құрастырамын. Түрлі түспен бояуды да өз мойныма алдым. Кәсіпорын шағын болғанымен қоғамға үлкен пайдасын тигізіп жатыр. Мен секілді әлеуметтік әлсіз топ өкілдеріне жұмыс беріп отыр. Мұнда тек жоқшылықтан тарыққандар емес, жарымжан жандар да бар. Бәрінің көздегені – бала-шағаның қамы», - дейді Еркен.

сурет

«Еркеннің ең асыл қасиеті – өз ісіне адал. Мен оның жауапкершілігі мен талабына тәнті болдым. Әр ісіне тиянақты. Жұмысқа орналасқанына аз уақыт болса да, бірден меңгеріп кетті. Еркеннің ендігі мақсаты – өзі секілді жандарға қол ұшын созу. Көрген түйгенімен бөлісіп, ағаштан бұйымдар жасауды басқаларға да үйрету», -дейді кәсіпорын басшысы Эмин Аскеров.

сурет

Астаналық біздің кейіпкер жыл басында Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп барған еді. Әйелі бала күтімінде, отбасында өзінен басқа жұмысқа қабілетті адам жоқ. Осы ретте орталық мамандары мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жобасына тіркеп, Еркеннің шаңырағына қол ұшын созған еді. Ай сайын жан басына шаққанда берілетін төлемақыны тағайындап, тұрақты жұмысқа орналастырды. Бүгінде Астанадағы жұмыспен қамту орталығы атаулы әлеуметтік көмек жобасы аясында 500-ден аса маманға көмек көрсетіпті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір