• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:45:51
Алматы
+35°

26 Қаңтар, 2018 Сұхбат

«Тәлім тренд» бағдарламасы не себепті Qazaqstan арнасынан көрсетілмеді?

Асыл арнада» жаңа «Тәлім тренд» деп аталатын бағдарламаны жұртшылық Qazaqstan Ұлттық арнасынан көреміз деп күткен еді

Бірнеше апта бұрын «Асыл арнада» жаңа «Тәлім тренд» деп аталатын бағдарламаның тұсауы кесілген болатын. Аталмыш бағдарламаны жұртшылық Qazaqstan Ұлттық арнасынан көреміз деп күткен болатын. Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі елімізге белгілі тұлға, «Асыл арна» директоры Мұхамеджан Тазабектен сұхбат алған болатын.

– Мұхамеджан аға, өзіңіз басшылық ететін «Асыл арнада» жақында ғана «Тәлім тренд» атты бағдарламаның тұсауы кесілді. Өзіңіз жүргізіп жүрсіз. Сөздің шыны керек, Тазабекті ұлттық арнадан көреміз деген сыбыс ел ішінде тараған болатын. Кейіннен сіз тәлім беремін деп экраннан көріне бастадыңыз, бірақ Ұлттық арнадан емес. Мұның сыры неде?

– Иә, ол рас. Алайда, телевидение саласында бір жобалар өміршең болып жатады, ал кейбір жобалар жоспарлану деңгейінде қалып кетсе, бір жобалар уақытша деп басталады да, ұзақ мерзім бойы халықтың назарынан түспей тұрады.

Басқарма басшысы Ерлан Тынымбайұлын жаңа қызметімен құттықтап барған кезімде құрметті ағамыз тың идеялар сұрады, сосын мен осындай жоба бар екендігін айтқан болатынмын. Бірақ, "Тәлім трендтің" басқа арнада шығуына басынан аса құлықты болған жоқпын. Себебі, алдында да бірнеше жобалар Ұлттық арнамен ортақ қолға алынып, адами факторларға орай аяқсыз қалған болатын. Оның үстіне, бұл еңбек онсыз да экранға шығайын деп тұр еді ғой...

Алайда, Ерлан ағамыз бұл жобаны бірден Ұлттық арнадан көрсетсек деген ұсыныс тастады. Мен жобаның өміршең болмай қалуы жайлы қауіптерімді ескерттім... Ағамыз түсінетінін және қолдан келген шараның бәрін қолданатынын айтты. Сосын барып, Ұлттық арна тарапынан жасалған бұл ұсынысты қабылдадым. Алайда, ол кісі қанша шығарғысы келгенімен, «шығартпасың шығартпады». Басшының өзі кей жағдайда өзінің қалаған дүниесін толық жасай алмайды, себебі кеңесшілер деген бар, әр түрлі пікір айтатын орта бар, қаламайтын адамдар бар. Бағдарламаның мазмұны емес, мәселе менің жүргізушілік тұлғама қатысты болғандықтан ол бағдарламаның Ұлттық арнадан көрсетілмеуіне мүдделі адамдар көп болған секілді және менің білуімше, сол адамдардың сөзі назарға алынып, аталмыш жоба көрсетілмейтін болып шешілді. Дегенмен, Ерлан Тынымбайұлына үлкен рахмет. Ол кісі соңына дейін шамасы келгенше осы бағдарламаны шығаруға тырысты. Сондықтан да қайраткер ағамызға ешқандай да ренішім жоқ.

Қажетті жоба ешқашан да жерде қалмайды. Кейіннен, бұл жоба «Асыл арнада» көрініс берді, халықтың назарына ұсынылды. Түрлі әлеуметтік желілер арқылы да халыққа кеңінен таралып жатыр. Дегенмен, Ұлттық арнаның орны бөлек еді. Себебі, Ұлттық арна, әсіресе, осы Ерлан Қарин келгелі бері қаншама жаңа, халықтық дүниелер экранға жол тартты және олардың көбісі халықтың оң бағасын алды. Әрине, «Тәлім тренд» бағдарламасы да Ұлттық арнаның қоржынына олқы болмас еді. Жұрттың назарын рухани, ұлттық дүниеге бұруына, әсіресе осы ұлттық тәрбиені іздеген адамның көңілін толтыруға себеп болар еді. Өмір мұнымен тұйықталған жоқ, әлі де талай ортақ жобаларды жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Ақырына жетпей қалған біздің еңбек қана емес. Сонымен қатар, Ғалым Боқаштың да халықаралық сараптамасының анонсы көрсетілетін болып, кейіннен ол да эфирден алынып тасталды. «Баян сұлуға» байланысты жағдайға да кеше ғана куә болдық...

Жұмыс болған жерде ондай-ондай болады.

– «Тәлім тренд» бағдарламасын эфирден көрсету туралы ұсыныс тек Ұлттық арнаның тарапынан ғана болды ма, әлде өзге де телеарналар мұндай ұсыныс тастады ма?

– Отандық бірнеше арналардан болды. Соның ішінде «КТК» телеарнасы, «31» арна қазақ тіліндегі ұлттық дүниелерімізді насихаттауға әрдайым оң пейілін көрсетіп келе жатыр. Бірақ біз Республиканың көп аумағын қамтитын және толыққанды өзіне жарасымды болып тұрар еді деп Ұлттық арнамен осы жобаны жасауға ниеттенген болатынбыз.

– «Тәлім тренд» бағдарламасының идея авторы кім? Сценарийін кім жазады? Жалпы, «Тәлім трендтің» шығуына кім себепкер болды? Бағдарламаның шығуына атсалысып жүрген журналистерді атап өтсеңіз?

– Идея авторы – өзіміз. Өйткені, бұл ой біраз уақыттан бері көкірегімізде піскен болатын. Қоюшы режиссері – Жандос Құсайынов деген қазіргі уақытта еңбектері елдің көңілінен шығып жүрген мықты режиссерлардың бірі. Қоюшы операторлары – Манат Ешпай, Игілік Нәбихан деген жігіттер. Сценарийін Жандос Құсайыновпен бірлесіп жаздық. Бұл тек телевизиялық жоба ғана емес, бұл –  өзіміздің өмірдегі істеп жүрген ісіміздің телевидениеде жүзеге асқан түрі. Өйткені, осы психологиялық проблемалармен, ұлттық педагогикамен, халықтық, рухани құндылықтарымен айналысып жүргенімізге біраз уақыт болды. Түрлі орталарда, жастардың арасында жүргенде әр түрлі отбасылық мәселелерге байланысты мәмілегерлік себебімізді жасауға тырысып жүрміз. Сол тәжірибелеріміз толыса келе телевизиялық жобаға айналса, арнайы қойылымдар арқылы байытылып, елдің назарына ұсынылса деген ойымыз бар еді. Мінеки, сол бүгінгі күнде жүзеге асып отыр.

– «Тәлім трендтің» әр бөлімі әр түрлі мәселелерге арналған. Соларға тоқтала кетсеңіз.

– Біз бір тосыннан, тың, елдің ойына келмейтін тақырыптарды ойлап тауып отырған жоқпыз. Күнделікті жұрттың өмірінің қазанында қайнап жатқан мәселелер бар, соған мән бердік. Оның көбі отбасынан туындайды. Отбасындағы ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы, перзент пен ата-ананың арасы, туыстардың өзара түсініспеу түйткілдері, көршімен байланыс, адамдардың дүние табу, өмірден орнын табу сияқты әрбір адамға қатысы бар дүниелер қамтылды. Сол мәселелерде қарап отырсақ, мысалы, төңірегімізде университет бітіруді немесе үлкен тұлғалардан ақыл алуды қажет етпейтін қағидалар бар. Бүгінде сол қағидалардың өзі ұмытыла бастаған екен. Сондай қарапайым қағидаларды еске түсіру арқылы үлкен, күрделі проблемаларды шешуге болатын тетіктер бар. Мысалы, отбасының күйреуі бүгінгі қоғамда ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Себебі, кішкентай мемлекеттер шайқалса, ортақ Отанымызға, үлкен мемлекетімізге де оңай соқпайды. Бірақ, ол жағдайға душар болмаудың алдында түрлі ұсақ мәселелер тұрады: мейірім мен кешірім, бір-біріңе сыйлық сыйлау, бір-біріңнің артық сөзіңді өткізіп жіберу, ұсақ кемшіліктерге назар аудармау деген сияқты дүниелер. Сол нәзік ережелер іске аспаған жерде үлкен проблемалар орын алады. Үндемей үлкен шаруа тындыру, ұсақ нәрселер арқылы үлкен проблемалардың алдын алу – қоғамдық негіздегі құндылықтарды қалпына келтіру үшін де жасалатын әрекет.  «Тәлім тренд» бағдарламасын халықтың бірден жақсы қабылдауының негізгі себебі де – сол. Жұрт  өзі де біледі бұл мәселелерді, бірақ дер кезінде есіне түспейді. «Тәлім трендтің» халыққа жақын болуының негізгі себебі – оның қарапайымдылығында және өте ұсақ мәселелерді айқын, ашып көрсетуінде.

– «Тәлім трендтің» негізгі ерекшелігі – театрлық қойылымның қолданылуы. Мойындау керек, актерлердің кәсіби шеберлігінің арқасында өзімізді көргендей болып, «бүйтсек қате екен, сөйтсек дұрысырақ екен ғой» деп, көргенімізді көңілге түйіп отырамыз. Сіз тәлім беріп қана қоймай, өзіңізге қандай тәлім алдыңыз?

– Өмірде өзіме қойған талабымның бірі – өзімнің ішкі ұстанымыма ешқашан да сыртқы амалымды қарсы қоймау. Демек, мен бір сөзді тек эфир үшін ғана айтып, өмірдегі тұлғам, ғұмырлық ұстанымымның оған қатысы болмай тұрса, ол сөз жүректен жүрекке жетпейді. Ынталы жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді. Ауыздан ықылассыз ғана шыққан сөз құлақтан ары қарай бармайды, бір естисің, кейін ұмытылып кетеді. Ал жүректен шыққан сөз жүрекке жетіп, сіңіп, адамның таным-түсігіне әсер етеді. Алдымен осы нәрселерді өмірден көрдік, білдік, естідік, түйдік, аз-кем дүниелерді бастан өткердік – содан өзіміз әсер алдық, пайымдадық. Сонан соң ғана сол алған әсерлерімізбен елмен бөліскіміз келді де, «Тәлім тренд» арқылы көрермендермен бөлістік. Кейін бөлісу үстінде де көпшіліктің осы тәлімге мұқтаж екенін, рухани тұрғыдан жақсы қабылдап, қуанышты екендігін білген кезде одан сайын бұл жобаның дұрыс екендігіне көзім жетіп, ары қарай жалғастыру үшін барынша әрекеттеніп жатырмыз. Екінші, «Тәлім трендтің» ұтқан жері – әртістердің қойылымдарын қосу болды. Себебі, бір адам құлақпен жақсы қабылдайды, бір адам мәтінді тыңдаудан жақсы қорытынды шығарады, ал бір адам мәтінді естіп және оны көзбен көрсе, ол нәрсе құйылып түседі. Сондықтан, пайдалы пайым арқылы көрерменімізге әсер етудің, тәлімді тұжырымдардың оның ойында, жадында ұзақ уақытқа дейін жаңғырып тұрудың барлық жолын қарастырдық. Жобаның бағасы бұдан сәл қымбаттауы мүмкін, түсірілімі ұзақтау болуы мүмкін, бірақ елге пайдалы болған дүниеден ештеңе аямауымыз керек.

«Тәлім трендтің» алғашқы ондаған сериясын өздеріңіз көргендей етіп түсірдік. Ары қарай басқа компаниялармен әріптестік орната отырып түсірілімді жалғастырайын деп отырмыз. Себебі, «Тәлім трендтің» қоғамға әсер еткенін және оның өте пайдалы екендігін көріп, тіпті, шетелдік телеарналардан ұсыныстар түсіп жатыр. Мысалы, Түркияның мемлекеттік TRT телеарнасынан «Тәлім трендті» бірлесіп түсіруге және оның түрік тіліндегі нұсқасын сол арнадан көрсетуге тікелей ұсыныс түсіп отыр. Демек, енді біз алдағы бөлімдерімізде өз еліміздегі жағдайларды ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ мәселелерді, құндылықтарды да қосып түсіргіміз келеді. Мәселен, алдағы уақытта суицид мәселесіне кеңірек тоқталғымыз келіп отыр. Біз бұрын бір серияда бір ғана мәселені қаузап шолып өтетін болсақ, ендігі кезекте біз бір тақырыпты бірнеше серияға айналдырсақ деп отырмыз. Мысалы, суицид – өзінің өмірін қор ету, өз өмірін аяқ астынан опатқа айналдыру деген үлкен оқиға. Осы оқиғаны ала отырып оны бірнеше жағынан, бірнеше ракурстан қарастырмақпыз. Мәселен, суицидке жалған махаббаттың әсер етуі, әке-шеше мейірімінің кем болуы, баланың өмірде өз орнын таба алмауы, қарызға кіріп кетуі немесе қандай да бір емтиханның сынағын көтере алмауы немесе қандай да бір адамдармен болған текетірестен шешім таба алмауы деген сияқты тақырыптарды кеңінен қозғамақпыз. Кейбір адамдардың өмірі неге бақытсыздыққа душар болып жатыр, неге олар суицидке тіреліп жатыр деген мәселелер төңірегінде біз бірнеше серияда ашып көрсетсек деген ниеттеміз. Себебі, қазақ қоғамындағы біздің көтеріп отырған мәселеміз тек Қазақстан үшін ғана емес, басқа да мемлекеттер, түркі халықтары, мұсылман дінін ұстанып отырған мемлекеттерде де маңызды болып отыр.

– «Тәлім тренд» бағдарламасына халықтың, жалпы қоғамның көзқарасы қандай?

– Халықтың пікірі біз жасап жатқан жұмыстарға ешқашан да жаман болмаған. Кейде жұрттың арасындағы қолына қалам ұстаған, микрофон ұстаған аз ғана адамдардың «Самаурынды су алды десе, Самарқанды су алды депті» деген сияқты әңгіме айтылып жататыны болмаса. Әсіресе,  көпшілік қауым мені айтыскер ақын ретінде де, «Асыл арнаның» құрушысы, көптеген рухани кездесулердің, ағартушылық кітаптардың, тренингтік жобалардың авторы ретінде де танып, жақсы қабылдаған және де халықпен жақсы, белсенді қарым-қатынастамыз. «Тәлім трендті» түсірерден алдын біраз іздендік. Көпшіліктің психологиялық тұрғыдан қажетсінуін тап басу үшін, ел ішінде социологиялық сауалдар, түрлі зерттеулер жүргізе отырып, білгір ғалымдардың еңбегіне сүйене жүріп жоба бастадық. Сондықтан да шығар, бұл жоба өз деңгейінде жақсы нәтиже беріп жатыр. Бұл бағдарлама қай арнадан көрсетілсе де, халық оны жылы қабылдайтынына сенім мол.

– Бағдарламаның рейтингі арна басшысы ретінде сіз үшін аса маңызды ма?

– Біз түрлі рейтинг жасайтын компанияларға қаржы төлеп, жүйелі түрде нәтижені қарап отырған жоқпыз. Біз үшін арнайы рейтингті қадағалап отыру мәселесі ол болашақта қарастырылатын мәселе. Қазіргі уақытта біз өзіміздің шамамызды басқа да жолдармен, біліміміз мен әрекетіміз жеткенше түрлі қоғамдық зерттеулер жүргізіп біліп отырмыз. Мәселен, YouTube желісіндегі арналарымыз оқырман жəне көрілім саны бойынша жоғары көрсеткіштерге шығып тұр.

– Ағайын да, абысын да тату болуы үшін не істемек керек? Ата-енеге деген құрметті жандандыру үшін ше? Жастар арасындағы ажырасу проблемасын қалай шешеміз? Әке мен баланы қалай жақындатамыз?

– Бізге көптеген хаттар келеді. «Тәлім трендті» немесе басқа да әлеуметтік роликтерімізді көру арқылы ажырасайын деп тұрған ерлі-зайыптылар қайта ойланып, ажырасудан бас тартуы және жетім баланы асырап алуы, көп жылдардан бері көріспей жүрген туған-туысқандарымен қарым-қатынас орнатқандығы, әке-шешесіне деген махаббаты артып, оларға жылуын шашып жатқандығына өте көп дәлелдер, хаттар  келіп жатыр. Демек, «Тәлім тренд» бірінші кезекте бір қызықты сюжеттерге құрылған ақпараттық бағдарлама емес, ол танымдық, адамға жол ұсынатын, шешім ұсынатын, түрлі жағдайлардан шығуға ақыл беретін танымдық құндылық болып отыр. Сондықтан, біз жұртшылыққа айтқымыз келетіні не нәрсе? Ислам діні, ислам насихаты десе, адамдар тек қана мешіттің мінберінде тұрып сөйлеген сөз немесе бір сақалды, басында тақиясы бар адамның уағызы секілді түсінеді. Ал біздің ұзақ жылдан бері исламды қабылдаған, мұсылманшылық мәдениетті бүтіндей бойына сіңірген халқымыз үшін көп жағдайда рухани насихат сырттан айтып түсіндірілу емес, іштегі бұғып жатқан сезімдерді ояту арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Әр адамның ішкі дүниесінде ұят және оның шекарасы, түрлі құндылықтарға деген өзіндік көзқарасы бар. Бірақ ол сыртқы факторлардың себебінен не өліп қалған, не ұйықтап қалған немесе сыртқа шығаруға батылы жетпей жасырын тұрған құндылықтар. «Тәлім тренд» немесе басқа да бағдарламалардың мақсаты – сол рухани қабаттарды оятуға, сол қазыналардың адамның өзіне шарапатын тигізуге себепкер болу. Себебі, дін, көп жағдайда, сырттан танылып насихатталмауы керек, дін өмірдің өзі сияқты бір адамдардың жақсы амалын, көркем мінезін, көркем іс-әрекетін көру арқылы сүйіспеншілік оятуы керек. Сол арқылы адам өзінің жақсы көрген, құрмет тұтқан адамынан барып насихат-уағыз естиді. Ал ол адамның сөзі мен ісі сәйкес келмей тұрса, оның өзі Алла деп қанша айтқанымен, іс-әрекеті, мінезі, қарым-қатынасы Алланың дініне сәйкес келмей тұрса, ондай адамнан насихат қабылданбайды. Сондықтан, «Асыл арна» бүгінгі күнде тікелей бетке ұрғандай қылып діни бояуды қалыңдатып жұртқа ақыл айтатын арна емес, адамдардың өздерінің бойындағы бұйығы жатқан имани құндылықтарды түртіп оятатын тетік болуға тырысып жүрген арна.

– Әкеңізден қандай тәлім алдыңыз? Өзіңіз қанша бала тәрбиелеп отырсыз? Қандай адами асыл қасиеттерді жоғары бағалайсыз?

– Әкем төрт жасымда дүниеден өтіп кетті. Бірақ ол кісінің маған ең үлкен жасап кеткен тартуы – маған жақсы ана сыйлап кетті. Жақсы жұбай алған екен текті жерден. Ал анамның ақылдылығы – әкемнің отының басына аманат ретінде қарап, басқа бөтен жерге қайта тұрмысқа шықпастан, алыс жерге ұзап кетпестен, менің өрісімді ауыстырмастан әкемнің туған інісіне тұрмысқа шығып, менің сол ағайынымның ортасында болуыма тікелей себепкер болуы. Сол дана шешімдер арқылы мен осы күнге дейін әкемнің жоқтығын сезінген емеспін, өйткені оның орнына жоқтатпайтын менің атам, әжем, көкем және де бауырларым болды. Бұл да бір қазақ қоғамындағы ағайынның жылуын сезінбей жүрген ел үшін үлкен үлгілі істер деп айтуға әбден болады. Сондықтан, өзім ең басты құндылықтар деп қабылдайтын дүнием: қазақ қоғамында өмір сүрудің өзіндік дәстүрі болған, ол қағидаларға біз бүтіндей орала алмаспыз, бірақ өмір сүрудің, қарым-қатынастың қалыптасқан қатпарлы қасиеттерінен алыс кетпеуіміз керек және оны басқа жақтан іздемей өзіміздің дәстүрлі дүниетанымымыздан табуымыз керек, негізге қайтуымыз керек. Яғни, біз ХХІ ғасырдағы технологияның дамыған заманындағы білімнен, әлемдік үдерістерден, мазмұнды мәдениеттер мен ғылыми дамудан толықтай хабардар тұлға ретінде, бірақ тамырын өзінің тарихи санасы мен тәлімді тәрбиесінен үзбеген адам болуымыз қажет. Сол кезде ғана бізден адам деген атқа лайықты тұғырлы тұлғалар көп шығады. Тұлға қалыптасуының бастауы қайда? Әрине, отбасында. Дәстүрлі қазақ отбасында «атаның абыройы, әженің берекесі, әкенің қадірі, әйелдің орны, баланың көргені» деген түсініктер мен құндылықтар болған. Әрқайсының өзінің шекарасы, салмағы, құны болған. Сол қастерлі қасиеттер бізді көптеген қиын-қыстау жаугершілік замандарда, қайғы-қасіретке душар болған кезде де аман алып шыққан. Біз жойылып кетуге шақ қалған кезде де, дініміз бен тіліміз, руханиятымыз бен мәдениетіміз бүтіндей күйреуге ұшыраған кездерде, ұлт ретінде репрессияға ұшырап, зиялы қауымымыздан, елдің тізгінін ұстайтын ерлерімізден айырылған тұста да бізді сол қасиеттеріміз ұстап қалған еді. Дәл сол отбасынан бастау алып, ортаға бейімдейтін қасиеттеріміз бізді қайта түлетіп, дүниеге ұрпақ әкеліп, оларға дұрыс тәрбие беруменен, бүгінгі Тәуелсіздіктің есігіне кіргенге дейін ұлт болып сақталуымызға себеп болған еді. Ал, енді бүгінгі таңда ел болып есімізді жиған кезде неге сол құндылықтарымызды қарыштатып дамытпасқа?

Біз қазір сырт көзге жоқшылықтан қиналып жүрген адам секілді көрінеміз, бай болсақ бәрін қатыратын секілді сезінеміз. Өзімізге сондай образ жасап алғанбыз. Жұмыс жоқ, ақша жоқ, сол себептен еңсем көтерілмей жатыр, отбасым езіліп жатыр, еркек әйелді алдап, әйел еркекке бағынбай жатыр дегеннің барлығының себебі жоқшылық сияқты. Бұл негізі сылтау ғана. Себептен тайқу. Ақиқатты іздеуден ауытқу. Шындығында, біз жоқшылықтан емес, молшылықтан, тоқшылықтан, әр түрлі мүмкіншіліктерді пайдаланбаудан өзімізге өзіміз проблема жасап жүрміз. Әсіресе, отбасылық мәселелерде. Бұдан да қиын кезеңдер мен замандар болған. Қазақ айтады «бұдан да қиын күндерде тойға барғам» деп. Біз ауызды қу шөппен сүртпей, жыланбай, әр адам шамасы келгенше білім алып, өзінің рухани тұлғасын сомдап, ағайын-туысының қадірін біліп, үлкені кішіге қамқор, кішісі үлкенге қырсықпай, сол қарым-қатынастарды дәстүрлі түрде жалғастыра алсақ, көп игіліктердің есігі ашылар еді. Сол себепті, менің бірінші құндылық ретінде қатты құрметтейтін нәрсем – рухани қазыналарымызды сіңіре отырып, материалды мүмкіндіктерімізді қарастыру. Ол – отбасы құндылығы, туыстық байланыстар, жұртпен тіл табысу, көзіңді сатпай, теріңді сату. Материалды игіліктерден гөрі рухани байлықты алға қою. Бұрын еркек қыздың арын өзінің намысым деп түсінген. Ал қазір жігіттер үшін қыздың ары бір сәттік мақтаныш үшін ғана айтылатын дүниеге айналып бара жатыр. Ал қыз үшін еркек арқа сүйейтін асқар тауы секілді болатын. Бұл қарапайым дүние сияқты көрінгенімен, бүкіл ұлттың бақыты да, бақытсыздығы да осы секілді отбасы құндылықтарында тұр.

Ал, өзіме келер болсақ, Аллаға шүкір, жұбайым бар, төрт қыз бен бір ұл тәрбиелеп отырмын. Қыз бала ол – аманат, жат жұрттық. Әсіресе, төрт қыз тәрбиелеп отырғанда оның жауапкершілігінің қаншалықты ауыр екендігін сезінесің. Көптеген студенттермен, жас қыздармен кездескенде өзімнің қыздарыммен кездесіп отырғандай сезінемін. Сондықтан, мен өз қыздарыма не айтсам, оларға да соны айтамын. Өз қызыма не айтылу керек болса өзге қаракөздерге де соны айтуға тиіспін деп есептеймін. Сондықтан да болар сөздерім жүректерге жетіп, өмірінде өзгерістер орын алып жатқан адамдар хабарласып жатады.

– Негізі «Асыл арнаға» жұмысқа орналасу барысында қандай білім бірінші кезекке қойылады: журналистік білім бе әлде діни білім бе?

– Бұл – діни оқу орны немесе діни құлшылық жасайтын ғибадатхана емес. Ең алдымен, «Асыл арна» - ол ақпарат тарату орталығы. Бұл заманауи телеарна болғандықтан, бірінші кезекте кәсіби біліміне, тәжірибесіне қараймыз. Дегенмен, ол маманның дінге қатысты, ұлттық руханиятымызға, мәдениетімізге дұрыс көзқараста болуы да өте маңызды. Ал енді ол адам қызметке келгеннен кейін міндетті түрде тәжірибе мектебінен өтеді, шыңдалады. Діни басқармамен қол қойысқан меморандуммен танысуы талап етіледі. Сөйтіп, белгілі бір зайырлы қоғамдағы руханияттың шекаралардың шегі көрсетіледі, түсіндіріледі. Әрі бірнеше айдың ішінде кез келген кәсіби қабілеті жоғары, түсінігі мол адам ол қиындықтарға қалыптасып, үйренісіп кетеді.

– Қазақ қандай болса екен деп армандайсыз?

– Қазақ ешкімнен артық та емес, кем де емес. Ешкімде жоқ ерекше ірі қасиеттері бар және де өзгенің басына тілемейтін өзгеше бір қылықтарымыз да жоқ емес. Әрине ақжүректілігіміз бен алауыздығымыздың арасындағы жағдайларды айтып тұрмын. Сондықтан жақсымызды дамытып, жамандығымыздан арылтып, ел болудың жолын ауызбен емес, ақылмен, білекпен емес, жүрекпен түсініп әрекет жасайтын уақыт келді. Қазақ – сөз қадірін білген халық. Бірақ, өкінішке орай, сол сөзге деген бейімділігіміз қазіргі таңда өсек-аяңнан, адамдардың арасын ашатын қаңқу сөзден, бір-бірін мысқылдап, жанын ауыртып, жүрегін жаралайтын ащы запыраннан ары аспай тұр. Ақсақал деген адамдарымыздың ауызынан аталы сөз шықпай жатыр. Қай қазаққа жауыққанын, махаббатқа мауыққанын ұялмай айтатын үлгісіз үлкендеріміз жоқ емес. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын уақытында жастарымыз да керісінше көрініс көрсетіп әлек. Қазақта «тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады» деген тәмсіл бар. Сондықтан, бірінші кезекте тілден шығатын сөзге, қаламнан сорғалайтын пікірге қатты мән беруіміз керек. Себебі, бүгінгі таңда барлық мәселеде, күн көрісте болсын, білім мен ғылым мәселесінде болсын немесе өздерінің құндылықтарын біреуге тықпалауда болсын, әлем үлкен бәсекелестіктің үстінде кетіп бара жатыр. Ал біз жұдырықтай жұмылып, бір-бірімізге мейірімділікпен қарап бірлесе атсалыспасақ, өзгелердің алдында мысымыз биік болмайды. Өз басым осы мәселелерді іс жүзінде жүзеге асыруға тырысып барынша жүрген хәлдемін. Қаншама пенделер жария жала жауып, ғаділетсіз ғайбат айтады, солардың біреуімен де дауласқым жоқ, жауласпадым да. Неге? Мүмкін ол адам қателескен шығар немесе ол белгілі бір қате ақпараттың негізінде солай түсініп қалған шығар. Шама келгенше түсіндіруге тырысамыз. Қазақтың сапасын кешірім мен мейірім, сөзден гөрі амалмен арттыруға тырысып жүрген жайымыз бар.

– Біздің қоғамды үш сөзбен сипаттасаңыз

– Жалпы, жақсылық пен жамандық үнемі күресіп келе жатыр. Ал біздің қоғамда бұл күрес өзінің ең жоғарғы деңгейіне жетіп отыр. Сондықтан мен үш жамандық пен үш жақсылықты атап өтейін.

Үш жамандығымыз: біріншіден, ақпараттың тасқыны көбейіп, қоғам түгіл, үш адамға да ақыл айтуға хақысы жоқ лайықсыз адамдарға мінбер берілді қазір. Жұрттың барлығы қоғамға өзінің піскен, піспеген ойымен бөлісіп, көпіртіп, тұмандатып, шаңдатып жатыр. Бұл – қазіргі таңда біріміз байқап, біріміз байқамай жатқан үлкен жамандық, бұны біз сөз бостандығы, тілге және сөзге берілген еркіндік, адам құқығы дейміз. Бірақ ол ондай нәрсе емес. Қай заманда да мінбер, көпке сөз айту, жұртқа пікір айту деген дүние екінің біріне, егіздің сыңарына берілмеген. Екінші, әр түрлі интернет, мәдени ошақтар, адамның сырт келбетін түзететін, сымбатымызды арттыратын орталықтардың ашылуы себепті, әлеуметтік желінің мүмкіндігі арқылы еркектер мен нәзік жыныстылардың бір-біріне деген қолжетімділігі адамзат тарихында болмаған деңгейге жетті. Бұл екі жаратылыс бір-біріне әсер ету арқылы, нәпсілерді ең қатты қоздыратын, өркениеттердің өзін тас-талқан етіп жібере алатын күшке ие тылсым құбылыстар емес пе?! Бұның өзіндік жақындау мөлшері, араласу әдебі және нәзік шекарасы болмаса, қоғамның бүлінуіне алып келеді. Бұл мәселе қаншама отбасылардың ойран болуына, түсініктердің өзгеруіне, құндылықтардың қирауына, адамдардың рухани тұрғыдан мутанттануына әкеліп соғып жатыр. Үшінші, алдамшы байлықтардың айрықша жағдайда көбейіп, құндылықтардың бағасы басқа реңк алуында. Алуан түрлі ақпараттар тасқынының астында қалған адамзат өзге түгілі өзінің адамшылығын сақтап қалудың мүмкіншілігі азайған кезеңде өмір сүріп жатыр. Бұған да адам баласына әсер етуші айналамыздағы факторлардың көбеюі себеп болып отыр. Жамандыққа толы жауыздықтар мен жалаңаштанудың жарнамасы айналамызда күрт көбейді. Азғындықты ту қылып көтерген топтардың әсер ету мүмкіншілігі өте күн сайын қатты артып бара жатыр. Кеше ғана қор боп саналған сипаттар, әп сәтте төрімізден орын алды. Болашақ үшін қорқасың. Тек, Жаратушыны ойлағанда жүрегің аздап орынына түседі. Басқа тыныштандыратын күш жоқ.

Сонымен қатар, үш жақсылық бар. Олар: білім алудың мүмкіншілігі артты. Бұрын адам баласы орта есеппен 70 жылда алатын білімді бүгінде 2 жылда алуға болады екен. Ал адамның көзі біліммен ашылады, сондықтан біз білім алудың мүмкіншілігі артып, қолжетімділігі күшейген заманда өмір сүріп жатырмыз. Екіншіден, аз уақытта көп нәтижеге жететін мүмкіншіліктерге есік ашылды. Баю, адамдарға жақсылық жасау тұрғысынан болсын мүмкіндіктер көбейді. Мысалы, ағайындардың чаты болса, сол жерде көптеген пікірлерді жеткізіп, жақсылықтың нұрын шашуға болады. Ия, солай, бірінші білім алудың мүмкіншілігі көбейген болса, екінші, жақсылық, игілік жасаудың жолдары жеңілдеді. Үшінші, қазір Алланың құдіретін тани түсуге мүмкіншіліктер артты. Қараңғылықтың қоюланғаны таңның жақындағанын білдіреді дейді ғой. Себебі, мынанша азғындық, жаман ақпараттардың арасында жүріп тәубе қылған адамның иманы да биік, тәубесі де тәтті және оның жақсылықтан алар ләззәті де айырықша болады. Себебі, жамандықтың фонында жақсылық ағарып көрінеді. Біздің ғұмырымыз осындай жан ауыртар жамандықтар мен көз қуантар жақсылықтардың арасындағы тартыста өтіп жатыр. Алла әр нәрсенің хайырын берсін!

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан: Назерке Лабихан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір