• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 13:57:29
Алматы
+35°

01 Наурыз, 2018 Әлеумет

Сириялық әйелдер гуманитарлық көмек үшін жыныстық зорлыққа төзіп жүр

БҰҰ  мен өзге де көмек көрсету ұйымдары «жыныстық қанаушылық пен зорлық-зомбылыққа» көз жұма қарамайтындарын жеткізді.

Би-би-си ақпарат агенттігі Сирияда Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) мен өзге де ұйымдардың атынан көмек көрсеткен кісілердің гуманитарлық көмектің өтеуі ретінде сириялық әйелдермен жыныстық қатынасқа барғандары туралы ақпарат таратты.

Сириядағы соғысқа байланысты үй-жайларын тастап кетуге мәжбүр болған миллиондаған босқын халықаралық ұйымдардың гуманитарлық көмектерімен күнелтіп келеді. Үш жыл бұрын осыған ұқсас жағымсыз әрекеттерге байланысты ескертулер жасалғанымен, Сирияның оңтүстік аймақтарында әлі де осындай оқиғалар толастар емес.

БҰҰ  мен өзге де көмек көрсету ұйымдары «жыныстық қанаушылық пен зорлық-зомбылыққа» көз жұма қарамайтындарын жеткізді. Және аймақтағы жергілікті серіктес ұйымдардың қызметкерлері тарапынан жасалған бұл сойқан әрекеттерден бейхабар екендіктерін айтады.

Ал Даниэль Спэнсэр жыныстық қанаушылыққа ұшыраған көмекке мұқтаж жандарға байланысты оқиғалардың Сирияның оңтүстігінде жиі кездесетінін нақтылады.

Сириялық әйелдер

Даниеэль Спенсер

«ӘЙЕЛДЕР КӨМЕК КӨРСЕТЕТІН ОРТАЛЫҚТАРҒА АТТАП БАСА АЛМАЙДЫ»

Би-би-си агенттігіне ақпарат берген көмек ұйымдарының қызметкерлері «Көмектің өтеуі ретінде жыныстық қатынасқа күштеу оқиғаларының жиі ұшырасатындығы соншалықты – кейбір сириялық әйелдер көмек көрсетілетін нысандарға барудан тартынады. Егер ол жерге барса, өзгелердің олар туралы жаман ойлап қалуы мүмкін екендгінен сескенеді», ─ дейді. Сондай бір қызметкер көптеген халықаралық ұйымдардың осыған ұқсас оқиғаларға көз жұмып қарайтындығын айтып, «Аталмыш қауіпті аймақтарға көмек жеткізудің бір ғана жолы жергілікті ұйымдармен бірлесе жұмыс істеу», ─ деп ойлайтынын жеткізді.

БҰҰ-ның халық саласындағы қоры (UNFPA) жүргізген зерттеуге сәйкес, Сирияның көптеген аймағында гуманитарлық көмектің өтеуі ретінде жыныстық қатынасқа тарту өте кең таралған. Ал БҰҰ жергілікті гумантарлық көмек көрсету ұйымдарымен арадағы серіктестік қатынастарының жан-жақты қарастырылғанын айтып бағуда.

Сириялық әйелдер

«КӨМЕКТІ ҚАЖЕТТІ ДЕҢГЕЙДЕ ТАРАТПАЙ, ЖЫНЫСТЫҚ ӘРЕКЕТТЕР ҮШІН ПАЙДАЛАНУДА» 

«Сирияның жанайқайы — 2018» баяндамасында оқиғаның мән-жайы былайша берілген:

«Әйелдер мен қыз балалардың жыныстық қатынас үшін тым қысқа мерзімге сондағы жауапты тұлғалармен күштеп үйлендірілгендіктері, тек осындай жолмен ғана азық-түлікке қол жеткізе алатындықтарына қатысты мысалдар берілген. Көмек шараларын таратушылар әйелдер мен қыздардан олардың телефон нөмірлерін алады. Үйлеріне дейін шығарып салатындықтарын айтып, осы қызметтері үшін «ақы» сұрайды. Көмек көрсетушілермен өткізген бір түндері үшін азық-түлік себеттерін ала алатындықтары айтылған».

UNFPA, яғни БҰҰ-ның халық саласындағы қорының баяндамасында әсіресе жолдасынан айырылған не болмаса ажырасқан әйелдердің, үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған жандардың жыныстық қанаушылық әрекеттеріне қатысты оқиғаларда қорғансыз қалғандықтары да айтылған. Осы оқиғалардың барлығы 2015 жылы болған, сондай көмек ұйымдарының қызметкері Даниэль Спенсэр Йорданиядағы босқындар лагерлерінде әйелдердің гуманитарлық көмекке қол жеткізу үшін жыныстық қанаушылық пен зорлық әрекеттеріне ұшырағандарын айтқан болатын.

Д.Спэнсэр сириялық әйелдермен бірге жұмыс істей отырып, Деръа және Кунейтра аймақтарындағы жауапты адамдардың «жыныстық қатынас үшін берілетін көмек» туралы талапты қалай қойғандарын ашық баяндап, былай дейді:

«Азық-түлік пакеттерін таратпайды, оларды керісінше әйелдерді жыныстық қатынасқа тарту үшін пайдаланады. Кейбір әйелдер осындай жағдайға тап болған. Бір әйелдің көз жасын көл етіп отырып басынан өткендерін қалай айтып бергені әлі есімде. Әйелдер мен қыз балалар жан бағу үшін қажетті азық-түлік пен өзге де көмек шараларын алу барысында қорғалулары тиіс. Қазіргі уақытта біздің жалғыз тілегіміз көмек қолын созады деп сенген адамдардың сол көмегінің өтеуі ретінде жыныстық қатынасты талап етпеуі…».

ДЕРЪА ЖӘНЕ КУНЕЙТРАДАҒЫ ОҚИҒАЛАР

Д.Спэнсэр 2015 жылғы зерттеулерін Би-би-си агенттігіне баяндау барысында: «Мұндай жайттардың кең таралғаны соншалықты – әйелдер көмек көрсетілетін нысандарға барудан қалды. Олар қоғамның сөзіне қалудан қорқады. Ол жерде «егер бір әйел азық-түлік пакетін алған болса, оның өтеуі ретінде міндетті түрде жыныстық қатынасқа түсті» деген пікір қалыптасқан» , – деді.

2015 жылғы маусым айында келген кезінде Халықаралық құтқару орталығы (IRC) Деръа мен Кунейтрада 190 әйел мен қыз балалардың көмек ұйымдары қызметкерлері тарапынан жыныстық қанаушылыққа ұшырағанығы туралы ақпарат таратты. Ал Халықаралық құтқару орталығы (IRC) сауалнамаға қатысқан әйелдердің 40 пайызының көмек көрсету орындарында жыныстық қатынасқа күштеп тартылғандығы туралы айтқан. Осы баяндамалардың ізін ала БҰҰ және халықаралық көмек көрсету ұйымдары, аймақтағы серіктес ұйымдарға қатысты бақылаудың жұмыстарын күшейтілетінін мәлімдеді.

«CARE» көмек ұйымы Сирияда жергілікті көмек ұйымдарымен серіктестік жасамайтын болды және аймақтағы көмек көрсету байланыстарын одан әрі кеңейтудә шешті. Ұйым әсіресе БҰҰ-на осы оқиғалардың егжей-теңжейіне дейін зерттеуді ұсынды және БҰҰ бақылауындағы Йорданиядағы босқындар лагерінде де зерттеулер жасауға кеңес берді. Алайда олардың бұл ұсыныстары БҰҰ тарапынан кері қайтарылды.

БҰҰ: ЖЕРГІЛІКТІ СЕРІКТЕСТІКТЕР ЗЕРТТЕЛДІ

Даниэль Спэнсэр халықаралық көмек ұйымдарының осы мәселені жабулы күйінде қалдыруға тырысқанығын айтып, «Бұл мәселеге 7 жылдан бері атүсті қаралып келді. БҰҰ мен осы жүйе әйелдердің оларға көрсетілген гуманитарлық көмектің өтеуі ретінде құрбандыққа ұшырауларын құптайтын бір ұйым құрды» деді.

2015 жылдың шілде айындағы жиналыстарға қатысқан өзге бір көмек ұйымының белсендісі Би-би-си агенттігіне берген сұхбатында «Жыныстық қанаушылыққа қатысты өте маңызды ақпараттар мен мәлімдемелер бар еді. Алайда БҰҰ осы мәселеге қатысты қандай да бір қадам жасамады», – деді.

БҰҰ-ның халық саласындағы қорының (UNFPA) баспасөз хатшысы Сирияның оңтүстігінде «көмектің өтеуі ретіндегі жыныстық қатынастар жасалғаны» жөніндегі оқиғалардың шынымен болғандығы туралы баяндамаларды көзімен көргендігін, БҰҰ-ның оңтүстік Сириядағы екі серіктес ұйымына қатысты қандай да бір айыптаудың болмағандығын айтып бағуда. 2015 жылғы мәліметтердің артынша Сирияда серіктестік жасаған ұйымдарға зерттеу жасағандығын, қазіргі уақытта бірлесе жұмыс істейтін жергілікті ұйымдарға қатысты ешқандай айыптау жасалмағанын айтуда.

Дереккөз: kazaknews.kz

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір