• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 07:48:45
Алматы
+35°

04 Желтоқсан, 2017 Саясат

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Елбасы қарауына ұсынылады

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасы қыркүйек айында Елбасына таныстырылған болатын.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарауына ұсынылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған бағдарлама талқыланғаннан кейін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

«Өздеріңіздер білесіздер, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасы қыркүйек айында Елбасына таныстырылған болатын. Елбасының тарапынан бірқатар сын-ескертпелер айтылды. Осының барлығы бүгін бізге ұсынылып отырған бағдарламада орнын тауып, қорытындысы шығарылды», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуынша, аталған бағдарламаны енгізудің нәтижесіндегі бүгінгі күнгі экономикалық тиімділік 2,2 трлн теңгені құрайтын болады. Оның көрсеткіштері алдағы уақытта жоғарлайтындығына еш күмән жоқ.

«Сол себепті айтылған шаруалардың барлығын іске асыру үшін бірқатар министрлік тарапынан іс-шаралар атқарылуы қажет. Бірінші кезекте Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, бір ай мерзімнің ішінде мемлекеттік бағдарламаны ұйымдастыру бойынша іс-шаралардың тыңғылықты жоспарын жауапты тұлғалар мен жүзеге асыру мерзімін көрсете отырып әзірлеп, бекітуі қажет. Екіншіден, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өкілетті мемлекеттік органдармен бірге бизнес үшін де, халық үшін де кешенді ақпараттық түсіндіру шараларын айқындауы тиіс», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-Министр еліміздің Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік бағдарлама аясындағы шаралардың жүзеге асырылуына жарты жылдық сапалы мониторинг жүргізуі тиістігін баса айтты.

«Бүгін әдістерін қолдауды ұсынамын және Мемлекет басшысының келісуіне жіберу қажет. Мақұлданғаннан кейін біз аталған бағдарланы бекітеміз және келесі жылдан бастап қабылданған шешімдер аясында жүзеге асыруды бастаймыз», - деді Сағынтаев.

Бүгін Үкімет отырысында қаралған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының Қазақстанға берер пайдасы туралы брифинг барысында ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, «Зерде» ҰАКХ басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев, қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов айтып берді.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында 12 мақсатты индикатор қарастырылған. Ең бастыларының бірі — әртүрлі салаларда 2022 жылға қарай 20%-дан 30%-ға дейін өсетін еңбек өнімділігі. 2022 жылға қарай жалпы бөлшек сауда көлемінде электронды сауда үлесі 2,6% құрайды. Осы кезеңде цифрландыру есебінен 300 мыңға дейін жұмыс орны ашылады. Электронды түрде ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің үлесі мемлекеттік қызметтердің жалпы көлемінің 80%-на дейін өседі. 80-нен астам пайызға халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі артады.

«Биылғы Жолдауында Елбасы Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында экономиканың жедел технологиялық дамуын қамтамасыз ету міндетін алға қойғаны белгілі. Дамыған және серпінді елдердің озық тәжірибесі IT-саласын дамыту мемлекеттік саясаттың басым стратегиялық бағыты болуы қажет екенін көрсетті. Осыған сай Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне «Цифрлық Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу тапсырылған болатын. Министрлік бұған дейін Мемлекет басшысы айтқан мәселелерді қарастыра отырып, бүгінгі күні бағдарламаның соңғы, қорытынды нұсқасын әзірлеп, назарларыңызға ұсынып отыр», - деді ол.

Сонымен қатар ақпарат министрі аталған бағдарламаны дайындауға шетелдік сарапшылар тартылғанын атап өтті.

«Бағдарламаны дайындауға шетелдік және жергілікті сарапшылар кеңінен тартылды. Шетелдік сарапшылар ретінде Дүниежүзілік банк, Boston consulting group, Гартнер және тағы басқа компаниялар қатысса, Қазақстаннан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, IT компаниялар ассоциациясы және Интернет қауымдастығы үлесін қосты. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік органдар белсене атсалысты», - деді Дәурен Абаев.

Осы орайда ол «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының басқа салалардың дамуына серпін беретінін тілге тиек етті.

«Елбасы атап өткендей, цифрлық индустрияны дамыту барлық салаларға серпін береді. Осы орайда, Жаһандық цифрлық экожүйеде болып жатқан өзгерістерді ескере отырып, Қазақстанның экономикасын цифрландыру бастамасының өмірлік маңызы зор болмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мәтініне оны жүзеге асыру бөлігі бойынша бірқатар толықтырулар енгізілді. Осылайша, бағдарлама 2018 жылдан 2022 жылдарға дейінгі кезеңді қамти отырып, ел экономикасының технологиялық жаңғыруына серпін бермек. Сонымен қатар, еңбек өнімділігінің ұзақмерзімдік әрі ауқымды өсімі үшін жағдай жасауы тиіс», - деді ведомство басшысы.

Бизнеске бағдарламаның пайдасы мен артықшылықтары туралы Руслан Еңсебаев баяндап берді. Оның айтуынша, шағын және орта бизнес цифрландыруды енгізуден үлкен пайда көреді. Бағдарламада ШОБ-ты ынталандыру шаралары, кәсіпкерлікке өз бетімен жұмыс істейтіндерді және шағын кәсіпкерлерді тарту қарастырылған. ШОБ-ке қызмет көрсетудің Бірыңғай терезесін құру да белгілі-бір қолайлы жағдайлар жасайды. Шағын кәсіпкерлер үшін АТ құралдарының негізгі пакеті жасалды және т.б.

Кедендік бақылау мен салық саласын цифрландыру аясында «Блокчейн технологиясын қолдану арқылы ҚҚС әкімшіліктендіру» жобасын енгізу жоспарланып отыр.

Арғын Кыпшақов жаңа технологияларға негізделген орталықтандырылмаған базаны қалыптастыру салық төлеушілердің қаржы операцияларының тізбегін жылдам қадағалауға және оларға ҚҚС кепілдендірілген қайтарымын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Блокчейн технологияларын пайдалану мыналарды:

  • «сұр» сызбаларды пайдалану мүмкіндігінің болмауын;
  • жанама салықтарды басқарудың қарапайымдылығын;
  • салық төлеушілерге есепке алу мен есеп берудің оңайлығын қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда Қаржы министрлігі «ИТП» ДКҚ-мен бірлесіп, ҚҚС әкімшіліктендіру әдістемесін әзірлеу және блокчейн технологияны қолдану арқылы ақпараттық жүйеге қойылатын техникалық талаптарды әзірлеу бойынша жұмыстарын бастады.«Алдағы жылдың қыркүйек айына дейін ол толықтай дайын болады, ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүйеге көшу жоспарланып отыр», — деп журналистердің блокчейн технологияларын енгізу мерзімі туралы сұранықтарына жауап бере отырып, А. Қыпшақов сөзін түйіндеді.

Сондай-ақ кен өндіруші 14 кәсіпорынға экономиканы цифрландыру бойынша инновациялық модельдер енгізіледі. Осы ақпараттарды атаған Ақпарат және коммуникация министрлігінің өкілі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы 5 бағытта жүретінін жеткізді. Жыл соңына дейін құжатты бекіту көзделген. Сондықтан бүгінгі басқосуда шетелдік іргелі инновациялық компаниялармен осы саладағы жемісті жобалар талқыланды.

Бағдарламаны іске асырудың бес негізгі бағыты: 

«Экономика салаларын цифрландыру»;

«Цифрлық мемлекетке көшу»;

«Цифрлық Жібек жолын іске асыру»;

«Адам капиталын дамыту»;

«Инновациялық экожүйе құру».

Отырыста мәселені қарау аясында «Зерде» ҰБХ басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев, сарапшы Сергей Перапечка сөз сөйледі, сондай-ақ, тақырыпқа қатысты Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев түсініктеме беріп өтті. Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының ұсынылған жобасын қолдады.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір