• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 18:23:58
Алматы
+35°

17 Қаңтар, 2018 Ғылым-білім

Студенттерге қолайлы онлайн-дәрістер мұғалімдерге тиімді ме?

Білім бұрынғыдай мұғалімнің төңірегінде жүрмейді. Бізге ұнасын, ұнамасын – жағдай өзгерді.

Бүгін «Кселл» АҚ мен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының (бұрығын – WikiBilim) бірлескен «Қазақстанның ашық университеті» жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Жобаның мақсаты – Қазақстанда мемлекеттік тілдегі ашық онлайн білім беруді дамыту.

Оған Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, ҚБТУ, AlmaU, SDU, Математика және математикалық модельдеу институты сияқты жетекші жоғарғы оқу орындары серіктес болды.

Бүгінде «Қазақстанның ашық университеті» - OpenU.kz білім беру платформасының дәрістерін 1000-нан астам адам тыңдаған. Жобаны «Ұлттық аударма бюросы» ҚК мен «Кселл» АҚ былтыр қолға алған еді. «Қазақстанның ашық университеті» порталында ЖОО оқытушыларының онлайн-дәрістері кез келген адамға қолжетімді.

2018 жылдың 10 қаңтарында онлайн-платформаға тіркелген адамдардың саны 1013-ке жеткен. «Бұл – өте жақсы көрсеткіш», - дейді «Ұлттық аударма бюросы» ҚК атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы. Оның айтуынша, жоба қазақстандықтардың ғылыми-техникалық салалар мен нарыққа қажет өзге де мамандықтар бойынша тегін білім алуына жағдай жасайды.

«Біздің «кез келген адамға ашық сапалы білім» деген миссиямызды OpenU дәл айқындап берді. Ашық университет платформасын жасау қара бастың қамы емес, ол – білім сапасы мен қолжетімдігін қамтамасыз ететін құрал, күн сайын жақсара түсетін, ашық бола түсетін құрал», - деген Рауан Кенжеханұлы жобаны қолдаған «Кселл» компаниясына алғысын білдірді.

Жобаның бас серіктесі – «Кселл» компаниясы. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, ҚБТУ, AlmaU, SDU, Математика және математикалық модельдеу институтында қызмет ететін жетекші мамандар дәрістерге арналған материалдарды дайындауға үлес қосқан. Олардың қатарында академик Асқар Жұмаділдаев, Арман Сүлейменов, Әсел Арын, Ардақ Шалқарбайұлы, Жасдәурен Дүйсебеков сынды мамандар дәріске қатысушылар үшін арнайы материалдар дайындады.

«Кселл» АҚ коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Наталья Еськова қазақстандықтардың ашық digital-платформалар арқылы білім алуға дайын екенін айтып, «Кселл» компаниясының жобаны әлі де қолдай беретінін жеткізді.

Қазір порталдан мынадай курстарды таңдауға болады: «Ақпаратты тарату жүйесі», «Бизнес-жоспарлау», «Java тіліндегі компьютер ғылымдарына кіріспе», «Матрицалар мен анықтауыштар», «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік», «Робототехника», «Фурье талдауы», «Python тілінде бағдарламалау негіздері», «Scratch бағдарламалау тілімен анимация және ойын құру», «Web-бағдарламалау негіздері».

Онлайн-дәрістер несімен тиімді?

«Ұлттық аударма бюросы» ҚК атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, студенттер онлайн-дәрістерді тегін әрі үйінде отырып-ақ тыңдай алады. Яғни университетке бармай-ақ, аудиториядағы дәрістерге қатыспай-ақ интернет арқылы білім алуға мүмкіндік бар. Семестр аяқталғанға дейін университет қабырғасында бой көрсетпей, емтиханды да онлайн режімде тапсыра алады.

Ал «студенттерім білім алсын» деп күнде жұмысқа баратын мұғалімдердің күйі не болмақ? Кез келген студент, тіпті кез келген адам өзі үшін тиімді жолды таңдауға ұмтылады. Тиімдісі – әрине, онлайн-дәрістер арқылы білім алу. Ондай жағдайда өз нәпақасын тауып отырған мұғалімдердің қоғамдағы рөліне нұқсан келмей ме деген ой да мазаламай қоймайды. Бұған қатысты Кенжеханов былай деп жауап берді:  

«Бұл жобаны жасауға қатысып жатқан барлық оқу орны үшін өзекті мәселе. Бүгінде білім беру жүйесіндегі мұғалімнің рөлі өзгеріп жатыр. Білім бұрынғыдай мұғалімнің төңірегінде жүрмейді. Бізге ұнасын, ұнамасын – жағдай өзгерді. Сондықтан ұстаздық кәсіпті таңдаған адамның жаңа заманға бейімделуіне тура келеді. Бірақ мұғалімнің керегі жоқ деуден аулақпыз. Ұстаз – шәкіртке дұрыс бағыт беруші. Керісінше, маңыздылығы арта түскен секілді.

Оқу орындарында кафедра қашан да керек. Университет атынан онлайн-дәріс алушы студенттің жетекшісі болады, ол студентке тапсырмалар береді және орындалу барысын үздіксіз қадағалап отырады. Сол себепті мұғалімдер міндетті түрде қажет. Мүмкін кафедра мұғалімдерінің саны азаяр. Ол жағына біз жауап бере алмаймыз, оған оқу орындары жауапты. Алайда біз келіскен жоғары оқу орындары бұл жобаны қолдап, қызығушылық танытып отыр».

Айта кетейік, бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынды.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір