• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 06:11:14
Алматы
+35°

24 Сәуір, 2018 Саясат

Сөйлей-сөйлей шешен болған шенділер (фото, видео)

Өз тілінде еркін сөйлеуімен қатар шешендігімен елді сүйсіндіріп, көзге түскен саясаткерлердің тізімін Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына ұсынады.

Елімізде мемлекеттік тілде еркін әрі шешен сөйлейтін саяси қайраткерлер жоқ емес. Шенеуніктердің арасында қазақ әрпіне тілі келмейтіндердің саны көп болса да, шала қазақша сөйлейтін шенділерді бір сөзімен мың орап, сынға алатын сөзге шешен шенділердің барын біліп шүкір дейтініміз бар. Олар кім? Өз тілінде еркін сөйлеуімен қатар шешендігімен елді сүйсіндіріп, көзге түскен саясаткерлердің тізімін Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына ұсынады.

Иманғали Тасмағамбетов - Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі

Иманғали Тасмағамбетов

Иманғали Нұрғалиұлы – халық арасында беделді тұлғаның бірі де бірегейі. Әкімдіктен Үкіметке дейін сан түрлі қызметті атқарды. Оның Тәуелсіздік сарайында өткен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында айтқан сөзі әлі күнге дейін ел аузында жүр. 2011 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен жиында былай деген еді:

«Атажұрты тарылып, көбейген елден төбелдей елге айналғаны қаншама. Кезінде біз де ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық. Ақтабан шұбырында халықтың «Қаратаудың басынан көш келеді», - деп зарлағаны да, бабаларымыздың жер тіреніп, «Еділді келіп алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны», - деп жырлағаны да бар қазақтың жадында. Араға үш ғасыр салып сол күпті көңіл, алаң күй тәуелсіздіктің таңында тағы да туды. Осы тұста Елбасы астананы Алатаудан Арқаға көшірмегенде, қазақ ендігі «Еділді» емес, «Есілді» жоқтап қалар ма еді. Осы тарихи шешім үшін ғана қазақ халқы Елбасының алдында мәңгілік қарыздар. Бұл қарыз қарапайым өтеу емес, ұрпақ сүйген елдің Құдайы парызы, сол ұрпақ тұратын жердің ұдайы мұрасы. Сондықтан да жүрегі өзгешіл сұлтандықты емес, отаншыл ұлтандықты қалап тұратын әз халқымыз әрбір тамырымен «сүйер елің болса, сен сүй, тұрар жерің болса, жұбан», - деп тұр. Бізде ел де бар, жер де бар. Ең бастысы, осы 20 жыл ішінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында ешкімнің есігіне қарамайтын, өз шамасын өзі бағалайтын ұлттық мемлекетіміз бар. Міне, шарықтайтын кез – осы. Жеңіс деген – осы. Отан деген ұлы ұғым осы».

Сонымен бірге Имекеңнің тағы бір тапқырлығы халық аузында жүр. Бұл жайт туралы құлағдар болғаннан кейін «әкімнің бәрі Имекеңдей болса ғой», деп тілейтіндердің қатары одан сайын арта түсті.

Бірде Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезде халықпен есеп беру жиналысын өткізеді. Сол кезде бір орыс кемпір:

- Мешітте күніне 5 рет азан шақырып айқайлап, мазамды алады, - деп шағымданыпты.

Сонда Имекең:

- Алтыншы рет айқайласа айтыңыз, шара қолданамыз, деп жауап беріпті. Сол сәтте орыс кемпір не айтырын білмей аң-таң болып қалыпты деседі.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Аббарұлы - «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары

Мұхтар құл Мұхаммед

Мұхтар Құл-Мұхаммед үлкен аудиторияларда  жиі сөз сөйлейді,  өзінің шешендік өнерімен елді аузына қарата біледі. Оның сөйлегенінен ауыз әдебиетінен сусындап өскенін байқай аламыз.

«Көркем Телеком» ЖШС Консорциумының басшысы Қайрат Ахметовтың «Астана — даму мен инновацияның 20 жылы» форумындағы баяндамасынан кейін, Мұхтар Құл-Мұхаммед оған үлкен аудитория алдында қалай сөйлеу керектігін үйретті. Бұл тек Қайрат Ахметовке ғана емес бүкіл қазақ жастарына арналған кеңес болды.

«Сен шынымен де бұл жүйе арқылы қала тұрғындарының сергектігін күшейттің. Алайда саған айтар бір ақыл-кеңесім бар. Мен үлкен аудитория алдында жиі сөз сөйлеймін, осы орайда саған өзімнің кеңесімді бергім келеді. Сенің аты-жөніңді жариялағаннан кейін, мінберге шыға бергеніңде, залда отырғандар алғашқы бес секундта адамның сыртқы келбетін бағалап, көзбен шолып шығады. Бұл ретте негізінен нәзік жандылар осындай бағалауды жүргізеді. Мінберге көтерілген соң, олар сенің киіміңе қарайды. Ал сөз бастаған кезде, жиылған жұрт сенің дауысыңды сканерлеп, дауыс ырғағын бағалайды. 20 секундтан кейін олардың назары басқа объектіге ауады», - деп өз ақылымен бөлісі Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сөзге шешен Мұхтар Аббарұлы сынды да тігісін жатқызып, жетер жеріне жеткізіп айта алады екен. Осыдан бірер жыл бұрын Мұхтар Құл Мұхаммед Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде ведомстваны сынға алған болатын.

«Құрметті әріптестер, ең алдымен слайдтармен, әдемі цифрлармен жақсы баяндама жасауды жетік меңгерген екенсіздер. Бірақ жақсы жұмыс істеу жақсы баяндама жасағаннан артығырақ болады, - деп бастады сөзін Мемлекеттік хатшы. - Сіздердің ведомстволарыңыз Еңбек министрлігі болғаннан кейін ең бірінші сіздер адамдарды еңбекпен қамтамасыз ету мәселесімен айналысуларыңыз керек. Екіншіден еңбегіне сай еңбекақыны уақытында алу, уақытында беру мәселесін шешу сіздердің басты міндеттеріңіз болуы тиіс. Одан кейінгі кезекте - жәрдемақы, басқа әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету. Ең бірінші еңбек және еңбекке сай еңбекақы болуы керек. Егер экономикада дағдарыс болып жатса, онда басқаша. Біздің бірінші жартыжылдық бойынша экономикалық көрсеткішіміз 5,5 пайызға өсіп отыр. Дәл осындай жағдайда біздің еңбекақыдан қарызымыздың болуы онша жақсы мәселе емес», деген еді Мұхтар Құл Мұхаммед. Бұл қазір де ойланатын мәселе. Себебі шенділердің көбісі барлығы дұрыс, барлығы жақсы деп құтылып кетуге тырысады. Сол шенеуніктерге қазір де осындай сыни пікірлерді жиі айтып тұру қажет секілді.

Жақып Асанов – ҚР Бас Прокуроры

Жақып Асанов

Көптеген шендінің баяндама жасаған кезде қатты қобалжығандықтан ба, әлде ұмытшақтығы бар ма  белгісіз қағазға қарап сөз сөйлейтін жаман әдеті бар. Қағазға қарап дұрыс, түсінікті сөйлесе жақсы ғой, қазақша әріптерді айта алмай ежіктейтіні бар емес пе тағы?! Ал Жақып Асанов болса қағазға қарамай өз ойын ашық жеткізе білетін қызметкер ретінде көзге түсті. Сол себепті от ауызды Бекболат Тілеуханның өзі «ең шешен қызметкер» деп Жақып Асановтың шешендігін жоғары бағалады.

«Әділ сот – тұрақты даму мен дәулеттіліктің фундаменталды негізі. Сот билігі өзге билік түрлері секілді қоғамдық келісімдерге, саяси тұрақтылыққа, экономикалық дамуға, конституциялық принциптерге жауапты. Біз жай ғана үкім шығармаймыз. Хирургтер секілді адам тағдырына «ота жасаймыз». Бұл постулатты Гиппократтың анты тәрізді қайталауымыз керек», - деді Жақып Асанов Астана қаласында сот төрелігін жүзеге асырудың 2017 жылғы қорытындысына арналған кеңейтілген кеңесінде. Оның басқа да ұсыныстары мен ойларынан кейін сөз бен істі қатар алып жүретін тұлға екеніне сеніміңіз арта түседі.

Екі тілде де еркін сөйлейтін Жақып Асанов өзінің қол астындағыларға да шешендікті үйрену керектігін айтқан болатын.

«Заң терминдері өте көп. Кәсіби терминдер де жетерлік. Оны қарапайым адам түсіне бермейді. Бірақ, біз оны сот шешімдеріне пайдалануға міндеттіміз. Оны пайдаланған кезде қарапайым тілге аудару талап етілді.  Бұдан бөлек, сот шешімінің нақты құрылымы да болуы керек. Сот төрағасының сөзінше, шешімдердің көлемі үлкен. Оның ішінен керек дүниені табу көп жағдайда қиындық тудырады. Сондықтан, Жоғарғы сот әр шешімнің логикалық құрылымы болуға тиіс деген талап қойып отыр.   Сот шешімдеріне қатысты техникалық талап та енгізілмек. Бұған дейін мұндай талап болған емес. Сол себепті шешімдерде нақты бір абзац, нақты бір интервал болмайды. Көп жағдайда шешім ұсақ қаріптермен жазылады. Азаматтық істер бойынша қабылданған осынау нормативтік талаптар 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енетін болады.  «Оған дейін төрт айдан астам уақыт бар. Осы уақыт аралығында аудандық, қалалық судьяларды шешімді жазуға, оны түсіндіруге, шешен сөйлеуге үйрету қажет», – деді Жақып Асанов. Заңды дұрыс түсіне бермейтін қарапайым халық үшін бұл қуанарлық жаңалық болды десек қателеспейтін шығармыз.

Жоғары қызметке тағайындала саласымен Жақып Асанов сөз бен істі қатар алып жүрген қызметкер ретінде көрініп жүр. Осы жолдан сүрінбесе болғаны.

Бердібек Сапарбаев – Ақтөбе облысының әкімі

Бердібек Сапарбаев

Бердібек Сапарбаевтың өз тілін сүйетін әрі оның мәртебесін көкке көтеріп жүрген азамат ретінде танымал. Әсіресе мемлекеттік тілді білуді талап ете біледі. Оның шетелдік инвесторлардың алдында қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін түсіндіруі көпшілікті сүйсіндірді.

Ол қазақ тілін түсінбеймін деген аудармашыға қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін ескертті.

Сонымен бірге былтырғы жылы желтоқсан айындағы Ақтөбе облысында өткен жиында жастардың тәрбиесі жөнінде айтқан сөздері де елдің назарынан тыс қалмады.

«Қашан қазақ қыздары асылып өліп еді? Қазақ қыздары қашан бір-бірінің шашын жұлды? Қашан олар төбелесіп еді? Қазақ қыздары асылып өліп, шаш жұлыспаған. Қазір жастардың арасында түсік жасату да көп. 13-14 жастағы қыздар жүкті болып жатыр. Оны шешесі білмей ме? Шешесі қызының түнде жүретінін, таң ата келетінін білмейді ме? Неге олар баласынан сұрамайды. Тәрбиелі отбасының балалары кешкі сағат онда үйінде болады. Сондықтан өзіміз жөндеуіміз керек. Бұлай болмайды», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Тағы бір айта кетерлігі Бердібек Машбекұлы қарамағындағы қызметкерлерді қатты сынап, оларға «ұйықтамаңдар», - деп айтудан еш жалыққан емес. Мысалы былтыр, Бердібек Сапарбаев Астанадағы үкімет отырысынан кейін, Ақтөбеге келіп қарамағындағы қызметкерлерге бүй деді:

«Мен қарап отырмын, көп ауылдың әкімдері ұйықтап отыр. Ұйықтап отырған әкімдер орнынан кету керек. Қазір баяғы заман емес, жұмысқа сағат 9-да келіп, 6-да қайтып, ұйықтап отыратын уақыт емес. Қазір билікте жұмыс жасайтындар, халықтың жағдайын ойлайтындар отыру керек. Жігіттер, қыздар, бірдеңені түртіп жазып отырыңыздар. Ертең айтылған ұсыныс біздің ауылда бар ма, жоқ па деп қарауға керек. Жоқ болса, «Оны мен неге жасамаймын» деп ізденіңіздер...».

Иә, Ақтөбе облысының тік мінезі кей адамдарға аса жаға қоймаса да, қарапайым халыққа ұнағаны рас. Себебі халық өтірік мақтауға тойып, жалыққалы қашан?!

Бекболат Тілеухан – Парламент депутаты

Бекболат Тілеуханов

Парламенттегі депутаттардың арасында от ауызды орақ тілді, шешендігімен ел аузында жүрген шенділердің қатарында Беболат Тілеухан да бар. Алайда кей жайттарда сөзі мен ісі сәйкес келмей қалатыны болмаса тілдің мәртебесіне алаңдап, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге жиі араласып, ашық пікір білдіреді.  Сонымен бірге ол депутат ретінде қатаң сын, ескерпелерді де жетер жеріне жеткізіп айтатыны бар. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын Кәрім Мәсімовке Бекболат Тілеухан мынандай сауал жолдады:

«Енді ұлттың жағдайын айта-айта шаршағанбыз. Еңбек Ері Аягүл Миразова «Айқын» газетінде былай деп жазған: «Төл оқулықтарымыздың сапасы төмен. Өйткені жаңа буын оқулықтарында кемшілік қанша айтылса да  жойылмай келеді. Оқулықтағы мәтіндер оқушының жас ерекшелігіне, түсінігіне  байланысты дұрыс берілмейді. Мәселен шетел оқулықтарынан алатын болсақ, «ойнатып отырып, ойлантатын» құдіреті бар. Бізде керісінше». Рас қой, рас.

Дэвид Кристал деген философтың сөзімен аяқтайын: «Тіл жойыларда қостілділік пайда болады. Екі тілді ерткен екі мәдениет өзара шайқасқа түседі. Ақырында жеңімпаз мәдениеттің тілінде сөйлеушілер көбейеді. Ал әлгі жеңіліс тапқан шағын мәдениеттің тілінде сөйлеуден басқа емес, өзінің жас ұрпағы ұяла бастайды. Ана тілінде сөйлеуге қысылатын сол ұрпақ та «жеңімпаз мәдениеттің» аяғына жығылады. Аға-ұрпақ ата-ана қанша әуреленсе де, өз балаларына ана тілін үйретуге шамалары жетпейді. Ең өкініштісі де осында».», деді Бекболат Тілеухан.

Сонымен бірге қоғам қайраткерінің Сағадиевті жекпе-жекке шақыруы да қызу талқыға түскен болатын. Былтыр Бекболат Тілеухан Ерлан Сағадиевтің білім саласына енгізге реформасын қатты сынға алған болатын.

«-2-ші сыныптың баласына 7-ші сыныптың баласының деңгейіндегіні жазып беру – бұл рухани диверсия, ұрпақты қолмен өлтіру. Осыны әдейі істей ме, әлде, ақымақ па осыны ісеген адамдар? Ереке, бұған жауап беріңіз. Ал егер қазір жауап бере алмасаңыз, баспасөз бетінде  мен сізді жекпе-жекке шақырамын», — деді Бекболат Тілеухан.

Иә, еліміздің билік басында өз тілімізді өгейлетпей, шешен сөйлейтіндердің қарасы көп болмаса да барына тәубе дейміз. «Қазақ тілі – өзімізден басталады», - деп қанша сайрағанымызбен билік басындағы шенділер орысша көлгөрсіп тұрса, қазақ тұрмақ еліміздегі өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді қадір тұтпас! Мұны жылы орнынан айырылғысы келмейтіндер қашан түсінер екен?!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір