• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 11:53:23
Алматы
+35°

11 Мамыр, 2018 Саясат

Соғыста ешқашан жеңiмпаз болмайды!

Соғыс зардабын бiрдей тартқан Еуропа нелiктен бiзбен жағаласып жеңiс күнiн тойламайды?

Жер - Ана мен адамзатқа қаншама қасiрет әкелген нәубет соғыстың жеңiмпазымын, яки, сол жеңiмпаздардың ұрпағымын деп кеуде соғуға адами принципім жiбермейдi (мүмкiн, өзiм қолыма қару алып, майдан үстiнде жүрiп көрмеген соң да шығар?).

XX ғасырда "Құдайлар соғысы" көп болды. Ең үлкенi - II дүниежүзiлiк соғыс. Ол тирандық принциппен дүниенi таныған "шолақ мұрт" пен "жалпақ мұрттың" өзара планетада: "Жердегi Құдайдың рөлiн Кiм сомдайды?" - деген таласы болатын. (Логикаға салсаңыз, Гитлер де, Сталин да майдан үстiнде жанын шүберекке түйiп, соғысып қиналған жоқ. Екеуiнiң бар бiтiргенi халықтың санасын түртпектеп, өздерiнiң идеологиясын сiңiрдi. Бiреуi, "Сен Арилiксiң, бәрiнен биiк ұлтсың, басқаларды билеуге құқылысың!" - деген ұранға ұқсас дүниемен халықты жалмаңдатса; екiншiсi, "Отанымыз ортақ (Ұлы Отан)" -деген ұранмен халықты өзiнiң принципiне иландырды. Сол ұрандардың көлеңкесiнен "мұрттардың" идеологиясын аңғару қиын емес! Сол соғыс бiздiң даламызға нендей игiлiк әкелдi? Сол соғыс "Ұлы Отан соғысы", "Жеңiс күнi!" дейтiндей бiздiң ұлтқа, һәм адамзатқа парасатты, пайымды, жақсылық жаршысы ма? Осы қос сұраққа мүдiрмей жауап тапсаңыз, мархабат!

Ендi соғыс зардабын бiрдей тартқан Еуропа нелiктен бiзбен жағаласып жеңiс күнiн тойламайды? Себебi, олар кез-келген оқиғаға сау баға бередi (Автократтық және тоталды жүйеде бiр сәттiк жетiстiктi бiр ғасыр тойлайды. Себебi, оның бар жетерi сол. Өзiңнiң бiр сәттiк жетiстiгiңнен де мұратың асқақ болғанда, сен оны тойламақ түгiлi еске алуға мұршаң болмайды. Еуропа - соның дәлелi!). Қытай дәл сол зобалаң соғыстың соңында СА әскерiнiң көмегiмен Жапониядан азаттық алды. Неге олар тойламайды? (Қытай қазiр үлкен әскери державаға айналды. Бiрақ, ол ешкiмге соғыс ашпайды. Консерваторлық принциппен саяси реформа бастамайтынын әлдеқашан айғақтап қойған. Себебi, XX ғасырдағы Германия мен Жапонияның қателiгiн қайталағысы келмейдi. Ол мәдени және экономикалық ресурстар арқылы әлемге қол созуды құптады. Қытай республикалық шаралар мемлекет қорына үлкен салмақ түсiретiнiн түйсiнедi.)

Ал, қазақи принцип негiзiнде әңгiме өрбiтелiк. Кеңес үкiметi "қолдан жасаған батырлары" - Бауыржан, Әлия, Қасым т.б ерлiгi үшiн: "Бiз бұл соғыстың жеңiмпазы емеспiз. Ол бiздiң отанымыз емес-тiн", - деуден қорқамыз. Болмысы батыр Баукең мен Рақымжандар, т.б сөзсiз қай тұстан жау келсе де кеудесiн тосатынына мен де сенемiн, мен де олармен мақтанамын. Кеңес үкiметi "қолдан жасаған" дейтiнiм олар Мәскеудi қорғады. 1917 жылы "Алаш үкiметi" дербес республика ретiнде тәуелсiздiк алғанда, қазақ даласынан соғысқа әскер аттанбас едi. Оған дәлел - Әлихан бастаған сол кезгi ұлт зиялылары I дүниежүзiлiк соғыс кезiнде 1914 жылдары қазақ даласынан әскерге азаматтарды аттандыруды тыйғаны. Яғни, "қолдан жасалды" дегенiм, олардың батырлығын жоққа шығару емес, сол кездегi саяси жүйенiң мардымсыздығын әшкерелеу және ол халықтың таңдауы немесе еркiмен жасалған соғыс емес екендiгiн тәпсiрлеу.

Ал, жарайды, батырларды дәрiптеу - Отанға деген ықыласты ояту, ұрпаққа отан қорғау игi iс екенiн айшықтау делiк. Олар отанды қорғады делiк. Ендi нелiктен бiз Кенесары мен оның сарбаздарына дәл осыған лайық құрмет көрсетпеймiз? Олар да отан қорғады емес пе? Алаш Орда ше? Олар отанымызды дипломатиялық жолмен қорғауды үйреттi емес пе? Жарайды, мұның бәрi ұлтьшылдық деңiз, ендi бiз неге I дүниежүзiлiк соғысты тойламаймыз? Себебi оған Кеңес Одағы емес, Патша үкiметi қатысты. Ауған соғысының аяқталғанын неге тойламаймыз? Себебi, Кеңес әскерi шегiнуге мәжбүр болды. Жеңiмпаз бола алмады.

Көрдiңiз бе? Кремльге соғыстың аяқталғаны емес, жеңгенi маңызды. Ол ешқашан бейбiтшiлiктi аңсаған жүйе емес-тiн. Ал, бiз соның жеңiсiн әлi тойлап жүрмiз. Соғыста жеңiмпаз болмайды. Себебi, адамзатқа қауiп төндiре отырып, күшпен бiреудiң зәресiн алып, өз үстемдiгiңдi дәлелдеу - өте қате пiкiр. Ал оны тойлау - тiптi ессiздiк. Экономикалық немесе ғарыштық бәсекелерде жеңiске жетсеңiз - сүйiнiш. Ал соғысып өз халқыңызды "жаналғышқа" айналдырып, жеңiп шыққаныңызға кеуде соқсаңыз - күйiнiш. Игiлiктi iстiң жеңiсi - мәңгiлiк. Бiз соғыстың жеңiс күнiн тойлаған сайын, жақшада соғысты "игiлiктi iс" деп таныған болып саналамыз...

Авторы – Серікбол Хасенов

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір