• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 20:34:39
Алматы
+35°

24 Сәуір, 2018 Ғылым-білім

Шикіөкпелер – шеттерінен «ғұлама»!..

Сабақ сағатын әйтеуір өткізгенсіп жүрген мұғалімдердің жауапкершілігі қайда?!

Менің ағайындарымның екінші және үшінші сыныпта оқитын балалары бар. Солардың сабақ үлгерімдері жақсы болып көрінгенмен, мәтінді әлі әріптеп оқиды. Неге десеңіз... «Әліппені» құртып тынып, ақша үшін аннан-мұннан құралған оқулық жазғыштардың бастауыш сынып бағдарламасына ата-аналардың миы жете бермейтін тапсырмаларды енгізіп қойғанын қоспағанның өзінде, қазіргі мұғалімдер де бала мүмкіндігін ескермейтін болып шықты.

Сонымен, 2-сынып оқушыларына сынып жетекшілері Жамбыл Жабаев, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезовтің портреттерін салып келіңдер деген еді. Ал олардан сәл ересектеу ғой десе керек, 3-сынып оқушыларына реферат жаздыртып қойды. «Тапсырма» дамыған үстіне дамып, жылдың төрт мезгіліне екі-екі шумақтан 8 шумақ өлең жазып әкелу де жүктелді. Оу, сонда бір сыныптағы 20-30 баланың бәрі ақын, суретші, ғалым болғаны ма?!

«Жә, қандай болса да, қазақ мектебінің бір маманы ғой» деп, «ғұламалар ұстазына» әзірге ештеңе айтпадық. Бір жағынан, оқу жылы да аяқталып қалды. Ал келесі оқу жылында балаларды одан сайын «кемеліне келтіріп» қойса, мұғалім тұрмақ, мектеп директорының алдына барып, бірдеңе деуге тура келеді. Өйтпесек, ол оқушылардың бесіктен белі шықпай жатып, ұлы тұлғалардың бейнесін айнытпай сала алмайтыны баршаға аян. Сурет сабағын озық түрде оқытып, тапсырманы сол еңбегінің нәтижесіне көз жеткізіп алғаннан кейін берсе, бір сәрі...

портрет

Мысалы, әлгі үш суретті де кітаптағы портреттерге қарап отырып, мен салып бердім. Үлкен адамның қолынан шыққаны тайға таңба басқандай ап-анық бадырайып тұрса да, анау бала сол арқылы «бестік» алды. Төрт мезгілге арнап шығарып бере салған өлеңдерім де «өте жақсы» деп бағаланды. Сондай-ақ, өзге сыныптастары да бір-бір «бесікке» қарық болған. Шын мәнінде, ол бағалар бастауыш сынып оқушыларының өздеріне емес, әр тапсырма сайын барлығына сурет салып, өлең шығарып беріп келген ересек туысқандарына қойылып отырды. Соны біле тұра, сабақ сағатын әйтеуір өткізгенсіп жүрген мұғалімдердің жауапкершілігі қайда?! Біреудің арқасында көп жақсы баға жинаған оқушыларға оқу жылы аяқталған сәтте мақтау қағазын тапсырарда, бетінің оты шықпай ма екен? Сұмдық қой, мыналары!

«Реферат» дегені де сол – біздей «білімі тасыған» пәтшағарлардың интернеттен суырып алып берген 4-5 парағы! Әйтпесе, «өз еркімен интернет пайдалануды меңгеріп, алған мәліметтерінің басын қосып үйренсін» дерліктей, қаладағы балалардың бәрі бірдей компьютерге жарыған емес. Ал қаптаған компьютер клубтарына барулары үшін қалталарына үнемі қаржы салып тұру керек. Көпшілік шоғырланған орынға кішкентай ұл-қызды жалғыз жібере алмайтының тағы белгілі. Одан да қасында маңқиып отырмай, керек мағлұматтарын жылдамдатып өзіңнің тауып алып бергенің қолайлы.

...Таяуда үйге сол 3-сыныпта оқитын ұл келді. «Апай: «Қазақ мектептерінің оқу бағдарламасы осындай. Дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін бәрін қазірден білулерің керек» деп айтты», – дейді. Білгені қайсы, егер үлкендер орындаған ауыр тапсырмаларға малданып жүрсе, онысынан сынып жетекшісі хабардар бола тұра, жоғары бағасын қойып құтылуды ғана ойлап тұрса?!.

P.S. Бұл – Білім және ғылым министрлігіне тікелей қатысты былықтың тек бір-ақ көрінісі. Демек, шынымен де еңсемізді елу елдің қатарынан тіктеп, оқуымызды отыз елдің қатарынан оңдырып көрсеткіміз келсе, жеткіншектеріміздің келешекте соған үлкен үлес қосуынан үміттенсек, әр жастың шамасына лайықталған сабақ түсіндіре алмайтын «маманды» көбейтудің қажеті жоқ-ау...

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Erkegali Bolatuly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір