• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 10:49:21
Алматы
+35°

17 Ақпан, 2018 Әлеумет

ШҚО мешіті Голливуд актерларының мешітке кіргеніне байланысты жауап берді

Мешітке өзгелердің кіруіне тыйым салып тастасақ, дінімізді қалай жеткіземіз?

Өскемендегі «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Голливуд актерларының мешітке кіргеніне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Жақында Голливуд жұлдыздары Эрик Робертс, Бай Лин, Марк Дакаскос және Кэри-Хироюки Тагава деректі фильмге түсу үшін ШҚО-ға барды. Актерлардың «Халифа Алтай» мешітіндегі фотосуреттері қоғамда түрлі пікір туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары өзге дін өкілдерінің мұсылманша қол жайғанын талқыға салды. Әсіресе, ашық-шашық киінетін, фильмдерге жалаңаш түсетін Бай Линнің мешітке кіргеніне наразылық танытты.

Имам

Осыған байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігі «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Мұқатаймен сөйлесті.

Ермек Мұқатай: Мешіттің есігі бәріне ашық. Мешіт тек ғибадат орны емес, ол – қоғамдық, рухани орын. Кім көремін, аралаймын десе де, өз еркі. Қонақтарға қаланы аралату осы мешіттен басталды. Голливуд актерларын біз шақырған жоқпыз, олар бізге қонақ болып келе жатыр деп хабарланды.

Олар келді, көрді, аралады. Алланың үйіне құрмет көрсетті. Мысалы, Кэри Тагава мешітке кірерде бас иіп сәлем берді, шығарда да тағзым етіп қоштасты.

Мешіт

Эрик Робертс жақында жол апатына ұшырапты. Ол кісіге көп қимылдауға болмайды екен. Соған қарамастан, арбасынан түсіп, тізерлеп отырып қолын жайды.

Актер

Кім біледі, кейбірі осыдан кейін Ислам дінін қабылдауы мүмкін. Бай Лин өз елінде порножұлдыз шығар, бірақ мешітке ашық-шашық келген жоқ қой. Жабық киінген, басын бүркеген.

Имам

Qamshy.kz: Шашы көрініп тұр ғой...

Ермек Мұқатай: Көріне берсін. Ең бастысы, басы жабық. Кім болса да келсін, көрсін. Өз отандастарымыз да мешітке келгенде бастарына бір жапырақ орамалдарын жауып отыра береді.

Qamshy.kz: «Бай Лин мешітте буддизм рәсімін жасады» деп айыптап жатқандар бар. Бұған не дейсіз?

Имам

Ермек Мұқатай: Онда тұрған ештеңе жоқ. Ол имамдармен амандасып, өз құрметін көрсетті. Пайғамбарымыз кезінде христиан әлемінің көшбасшыларын күтіп алған. Олардың үйіне кіріп, қал-жағдайларын сұраған. Қазір рухани жаңғырамыз дейміз де, тар шеңберде ойлаймыз. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Ыстамбұлдағы зәулім-зәулім мешіттерді дініне қарамай, барлығы аралайды.

Мешіт

Qamshy.kz: Әлемдік тәжірибе демекші, Facebook парақшасында бір кісі: «Арабиядағы Меккеге порножұлдыз түгілі өзге діндегі адамды кіргізбейді. Ал қазақтың мешіті «проходной двор» сияқты, енді əлемді шулатқан порножұлдыздың мешіт төрінде тайраңдауы қалып еді»,- деп отыр.

Ермек Мұқатай: Мекке – қасиетті орын.

Qamshy.kz: Біздің мешіттер ше?

Ермек Мұқатай: Айырмашылығы жер мен көктей. Ол жердің бір құмырсқасын, бір шыбынын өлтіруге болмайды.

Мешітке өзгелердің кіруіне тыйым салып тастасақ, дінімізді қалай жеткіземіз? Онымен сөйлеспей, сұхбаттаспай, «сен күнаһарсың» деп ат-тонымызды ала қашсақ, дұрыс болмайды ғой.

Айтпақшы, «актерлар мешітке аяқ киіммен кірді» деп сын айтып жатқандар бар. Біз оларға арнайы аяқ киім дайындағанбыз. Соны киді. Имамдар ақымақ емес. Пана іздеп келген адамның бәріне мешіттің есігі ашық.

Qamshy.kz: Әңгімеңізге рақмет!

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір