• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:21:43
Алматы
+35°

03 Шілде, 2018 Аймақтар

ШҚО-да Ұлттық домбырамыз ұлықталды

Осынау мерекені шығысқазақстандықтар да кеңінен атап өтті

«Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ домбыра» деп  ақын Қадыр Мырзалиев жырлағандай, шілденің алғашқы жексенбісінде еліміз Ұлттық домбыра күнін тойлады. Осынау мерекені шығысқазақстандықтар да кеңінен атап өтті. 

Күмбірлеген домбыраның  үні әр қазаққа ерекше ыстық қой.  Құлағымызға бала кезден сіңген қоңыр үннің қайда жүрсек те жүрегімізді дір еткізіп, жанымызды баурап алатыны рас.  Бұл күн -  сол ұлттық аспабымыздың төрге озып, ұлықталған күні болды. Бұл күні – қазақ рухы қайта бір жасап, жаңғырды. Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік шаралардың шеруі Өскемендегі Республика алаңында жалғасты. Кешкілік алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтарының қарасы көп-ақ. Бәрі де күнтізбеде пайда болған мерекенің ерекше екенін айтуда. Иә, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, Ұлттық домбыра күнінің жөні шынымен де бөлек. Домбыра мен қазақ – егіз ұғым. Қазақ барда домбыра бар, домбыра барда қазақ мәңгілік жасамақ. Осынау мерекеге орай ұлттық бұйымдар жасаушы шеберлердің арнайы көрмесі ұйымдастырылыпты.  Мерекелік шара басталғанға дейін домбыра жасаушы шеберлердің бірімен танысып, әңгімелесудің сәті түсті.

Ұлттық қолөнер шебері Бақыт Кеңшілікұлының мамандығы - ағаш технологы.  Ресейдің Брянск қаласындағы құрылыс институтын тәмамдаған. 1995 жылы Моңғолиядан елге оралған соң, өз мамандығы бойынша кәсіп таппай,   домбыра жасауға бет бұрыпты. Қарап отырса, оның ұлттық аспапты жасау өнерімен айналысып келе жатқанына жиырма жылдан астам уақыт болыпты.  Бүгінде ол өз ісінің нағыз шебері.  Бақыттың жасаған домбырасына тапсырыс берушілердің қатары өте көп екен. Анау Атырау қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы  музыка колледжі, Астанадағы қазақ ұлттық музыкалық академиясы, Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің ұжымы Бақыт Кеңшілікұлының жасаған домбырасын аттай қалап сатып алатын көрінеді. Бақыттың қолынан шыққан домбыралардың бағасы да арзан емес. Арзан дегені 60 мың теңге болса, ең қымбаты 1 миллион 800 мың теңге тұрады.

- Менің домбыраларымның қымбаттығы материалына байланысты. Домбыра жасауға қажетті заттарды шетелден алдыртамын, - дейді Бақыттың өзі. Әрине, Бақыттың өз еңбегінің құнын, бағасын білетін шебер екенін біз де   бірден байқадық.

 Иә, сөйтіп алаңдағы мереке де басталды. Байжігіт атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің орындауындағы тамаша күй Өскеменнің аспанында күмбірлеп, жиналған қауымға ерекше көңіл күй сыйлады. 

Өскемендіктер мен қала қонақтары домбыра туралы викториналық сұрақтарға жауап берді. «Құрманғазының танымал күйі қандай?» деген алғашқы қойылған сұрақтың жауабын Лағыл деген бойжеткен бірден тапса, ал «Домбыраның бетіндегі ойық қалай аталады?» деген сауалға  зейнеткер, ұзақ жылдар заң саласында қызмет еткен Еділ деген ағамыз  аңызбен жауап берді. Сондай-ақ «Тойбастар күйінің авторы кім?», «Ең кішкентай домбыраның көлемі қанша?» деген сауалдарға да нақты жауап берушілер табылды. Сөйтіп, финалда  викториналық сұрақтарға дұрыс жауап берген Тарбағатай ауданының тумасы Лағыл Қаниеваға танымал жерлесіміз, күйші Жарқын Шәкәрім өзінің қолтаңбасы қойылған домбыраны тарту етті.

- Қазіргі көңіл күйімді тілмен айтып жеткізе алмаймын. Керемет! Мен үшін бұл ерекше мақтаныш. Мен танымал адамның қолынан домбыра аламын деп мүлдем ойламаған едім. Домбыра – қазақ халқы үшін қадірлі аспап. Біз өзіміздің шыққан тегімізді, тамырымызды ұмытпауымыз керек, - дейді Лағыл.

«Угадай мелодию» ойыны да тұрғындарға ерекше ұнады. Қос ішекті аспапта күмбірлеген «Синий платочек», «Подмосковные вечера», «Голубой вагон» әуендерін жиналған қауым бірден тап басып, тауып жатты.      

Осынау ойынның жеңімпазы Әлия есімді қала тұрғынына  белгілі әнші Рамазан Стамғазиев өзінің қолтаңбасы қойылған  домбыраны сыйлады.

Сондай-ақ викториналық сұрақтардың екінші кезеңінде тағы бір өскемендік тұрғын дәулескер күйші, «Мен қазақпын» мегажобасының жүргізушісі Айбек Бекбосынның  қолынан сыйлыққа домбыра алды.

Иә, бұл күні түннің бір уағына дейін Өскемен аспанында домбыраның шанағынан төгілген құдіретті күй күмбірлеп тұрды. Әрбір тұрғын, әрбір қазақ іштей осынау сәттің ұзаққа созылуын тілегені анық.

 - Мен домбыра аспабын әрқашан жақсы көрдім. Бүгін тіпті домбыра туралы көп нәрсені біліп, қуанып тұрмын, - дейді қала тұрғыны Ольга Осипова.

Рамазан Стамғазиев, әнші:

- Біз ел болып, тәуелсіздіктің байрағы мәңгі желбіреп тұруы үшін рухани тетік – домбыра күні болуы керек еді. Өйткені домбыра талай ғасырдың, талай ғашықтың куәсі болған. Домбыра арқылы аға буын мұңын да шақты, қуанышын да бөліскен, елдің тағдырын да шешкен. Бұйыртса, бүкіл әлем қазақты осы қара домбыра арқылы танитын болады.

Айбек Бекбосын, күйші:

– «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп атам қазақ айтып кеткен ғой. Сондықтан бұл күн тек әнші-күйшілердің, жыршылар мен ақын-термешілердің мерекесі емес, жүрегі қазақ деп соққан бүкіл елдің мерекесі. Елбасы айтқан нағыз ұлттық код міне осы.

Жалпы күй сабағын мектепте міндетті пән ретінде оқытса жақсы болар еді. Ондағы мақсат – балалардың бәрін күйші, домбырашы етіп шығару емес, жас ұрпақтың төл өнерімізді бойына сіңіріп, оны терең ұғып өссе деген тілек. Сол сияқты домбырамызды ұлықтай түсу үшін оның жарнамасын күшейту керек бізге. Ал осындай мағыналы шараның өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған Шығыста өтіп жатқаны жүректегі қуанышты үстей түспесе кеміткен жоқ.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір