• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 19:07:12
Алматы
+35°

21 Шілде, 2018 Әлеумет

Шыңжаң қазақ поэзиясы өкілдеріне үңілгенде

Таяу заманғы Шынжаң қазақ әдебиетіне аялдағанда ақындар шоғыры аз болған жоқ

Таяу заманғы Шынжаң қазақ әдебиетіне аялдағанда ақындар шоғыры аз болған жоқ. Оның бірнеше басты өкілін мысал ретінде көрсетуімізге болады. Ондағы әдебиет оқулықтары бойынша жаңа заман ақындарының алғашқы буыны ретінде – Құрманәлі Оспанұлы, Мағаз Разданұлы, Омарғазы Айтанұлы, т.б. бастаған топты тілге тиек етеді.

Шынжаң қазақ әдебиеті көп жағдайда ауыз әдебиеті үлгілерін, шығыстық әдебиетті, жалпы қазақ әдебиетін үлгі-өнеге етіп қалыптасты десек, соның ішінде өткен бір ғасырда ақын-жазушылардың Қазақстандық қаламгерлерге еліктеп, соларға қарап бой түзегені де анық. Ал шетел әдебиеті мен қытай ұлты әдебиеті үлгілеріне еліктеу немесе соларға қарап өсу жолын таңдау кейінгі жылдардың жемісі.  

Кезіндегі кеңестік Қазақстан ақындарын үлгі етіп қалам тербеушінің бірі Қ.Оспанұлы. Оның «Бейбітшілік жеңеді» деген өлеңі:

Көгершінді күн құшқан,

Егессіз жүрме тек өзі?!

Көгершін болып көкте ұшқан,

Әр халықтың жүрегі..., – деп басталады. Әрине, «комунистік партия», «социялизим» тонына оранып өскен «жаңа заман» ақынының өлеңі екені анық аңғарылады. Кезіндегі Қасымның, Сырбайдың кейбір өлеңдерінің өнегесі бардай. Дегенменде орынды еліктеуді қолдана білген ақын шалқыған шабыттан, суреткерліктен кенде емес.

Сүйгенін көрген сұлудай,

Жұлдыздар жиі жымыңдап.

Күле жылжып күміс ай,

Бір бұғынып, бір қарап...

Қ.Оспанұлы осындай суреттер жасауға да шебер. Тілі халықтікі, кескіні бүгінгі күндікі, үні өзінікі – бояуы қанық жолдар.

Ақынның өкілдік шығармаларына жататын – «Күркешеден күллі әлемге», «Оның өңі мен түсі» атты толғау-дастандары бар. «Күркешеден күллі әлемге» Құрманәліні бүкіл қытай оқырманына танытқан шығарма деуге болады. Оқулықтардан да орын алып, жалпының жақсы аңысын қозғаған. «Оның өңі мен түсінде» Шынжаң зиялыларының қилы тауқыметті күндер кешіп, жылымық күнге жеткен тағдыры арқау етіледі. Астарлы оқиға екінші дүниежүзілік соғыста сүйгенін күткен жесірлердей, «мәдениет төңкерісі» құрбандарын күткен ананың бастан кешкендерін тақырып етеді. Құрлымы шымыр, қақтығыс-қайшылығы терең, көркемдігі жоғары бұл шағын шығарманың көтерген жүгі ауыр. Кезінде ауқымды пікір қозғап, алқау алған туынды.

Шынжаң қазақ поэзиясында өз орны, үні бар ақынның бірі Мағаз Разданұлы. «Мәдениет төңкерісі» аталатын ұрда жық қозғалыста тағдырдың желі қиырға – жаза лагеріне айдаған ақын, ұзақ жылдық азапты күндерді өткеріп ауылына оралады.

Сәлем саған Алтайым,

Тентегің сонша сағынды.

Жоғалып кеткен бір тайың,

Тарландап барып табылды.

 

Өмір жолы тар соқпақ,

Бастық талай сапарын.

Бір ілгерлеп, бір тоқтап,

Кидік түрлі шапанын.

 

Жаттың жапқан күпісі,

Босағаға ілінді.

Естіліп көктем күлкісі,

Жаралы жүрек жылынды.

 

Жылта бер көктем шуғағы,

Әжім басқан бетімді.

Жырлардың асыл шумағы,

Алдымда жатқан секілді.

Бар жоғы төрт шумақ. Өзінің де, өзгенің де ғұмырын баяндаған поэма іспетті. Бәрін сидырып тұр. Халық ауыз әдебиетімен мейлінше сусындаған, Абай мектебінің өнегесімен өскен, өзіне ғана тән дара жолы бар ақындық шабыттың жемісі бұл.

Мағаз қаламынан туған шығармалардың бір ерекшелігі «сөз арасын бөтен сөзбен бұлғамауға» тырысатын тілге, сөзге, сөз өнеріне деген ерекше құрмет пен жауапкершілік. Басы артық дүниеге бармай, әр сөзін ауыздан қарауылдап шығарады. «Іші алтын, сырты күміс» сөз сарасын іздейді.

Ақын поэзия биігін шарлай келіп, «Сары бел» атты өлең роман жазды. Мұнда да халықтық дәстүр, жаңа өлең талабы, ақындық ізденіс тоғысып, діттеген мақсатына сәтті қадам тастайды. Осы орайда Шынжаңдағы өлеңмен жазылған романдар жайына тоқталсақ – Н.Мыңжанидің «Қарлығаш», А.Татанайұлының «Бір ғасыр», Ж.Маманұлының «Әкпар-Сейіт», Д.Сәкейұлының «Талиға-Талғат», Қ.Мұқатайұлының «Найзағай», Ә.Кінәзбекұлының «Аққулар ұшып барады» романдары бар. М.Разданұлының прозада «Алтайдың ақ иықтары» атты роман жазғанын еске алсақ, өлеңмен роман жазуы өзінің кемелдену кезеңінің мәресіндей қоз тізгінді қолына алған шеберлік мектебін көрсетсе керек.

Мағаз шығармалары Абайша айтқанда «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндігімен» де оқырманын баурап отырады. Өлеңдік құрылымы жағынан да, өзекті сыры жағынан да оқушысын бей-жай қалдырмай, ілестіре біледі. Бұл да талант табиғатына тән қасиеттер.

Шынжаң қазақ әдебиетінде Омарғазы Айтан есімі ерекше ілтипатпен аталады. Жеке басына ғана емес, шығармасына деген шынайы баға жұртты солай тәнті еткен.

Омарғазы ақындық жолын ауыз әдебиетімен мәйектеп, Абаймен ирімдеп, ары қарай өзінше – өзгеше бояумен шалқытқан ақын.

Жота-жон, белес-белдер жұпар атқан,

Бақша-бау, байтақ дала нұрға батқан.

Көлде құс, көгалда мал, суда балық,

Көкте ән сап бұлбұл бойды шымырлатқан...

Әрине, Абайдың табиғат лиликасымен тамырласып жатқан бір әуез естіледі. Әсіресе, «Жазғытұры» өлеңін еске салады. Демек, ақынның ақ уыз берген әдебиет үлгісі өте бай. Оны мейлінше сүйегіне сіңіре қабылдап, марқайып, ендігі жерде топшысын шыңап, еркін қанат қағады.

Дәстүрлі өлеңнен бет бұрып, бітімі бөлек, құрылысы басқаша, құны асыл, философиялық астары терең поэзиялық ирімге бойлайды.

1956 жылы «Қыс» атты өлең жазды. Абай да «Қыс»-ты жазған. Ендігі «Қыс» Омарғазыша сөйлейді. Абайды үлгі-өнеге көруден көрі «ішкі таласқа», «таласпен өсуге», өлеңнен өзгеше мәнер табуға ұмтылады. Бұл ақынның жаңалыққа, даралыққа ұмтыу, өсу кезеңі.

Кеш шапағына боялып,

Сеңсең малақайыма себілетін.

Кім қыс десе қасірет ойлайтын,

Кілимат тапқа бөліне ме,

Қар қалың, қаңтар, өлең болды деп,

Өлген помещик қайта тіріле ме?!

Шопан киімін біз өзіміз тоқимыз.

Қыс қошқар түгін қисайта алмайды,

Түйе тұра алмай орнында қалмақшы емес.

Саудагер өгіз терісінен алдап пұл сата алмайды,

Жер ылғалымен көгеріп жасарар,

Бұлт емшегі ақ сүтін иеді,

Қыс ұлпасының жібек мақтасынан,

Жыл көктемде өз алтын тонын киеді.

Ақын өлең өлкесіндегі ізену баспалдағына қадам басады. Табиғат лирикасын осыған дейін қазақтың сан ақыны жазды, жырлады, қырлады, сырлады. Ал О.Айтанұлы осыдан бастап өзгелерге ұқсағысы келмеді. Және де жәй сылдыр сөз емес. Суреткерге тән қанық өңі, ішкі үндестік кескіні, ой шүңеттері бар.

Жер ылғалымен көгеріп жасарар,

Бұлт емшегі ақ сүтін иеді,

Қыс ұлпасының жібек мақтасынан,

Жыл көктемде өз алтын тонын киеді.

Зерттуешілер кейде мұндай жаңалықты Маяковский мектебінен қарастырғысы келеді. Мүмкін, еліктеу, өнеге қабылдау бар шығар. Алайда Омарғазы жырының өзгеше өң-шырайы, ен-таңбасы менмұндалайды. Қаншама басқа бояумен түсін көмкеріп, қымтаса да жоғарыдағы жолдар табиғат бейнесін қазақы тұрғыдан қапысыз мүсіндеп тұр.

 

«Менің шығысым» атты дастанында:

...

Сүйем тау бұғыларының жалпақ маңдайын,

Теңіз құстарыңның сұңқылын,

Жер жоталарыңның сынық жаңқасын!

Сүйем,

Мың заман жер жынысының ыстық қабатын,

Батыр бабаларымның сарғайған сүйек қаңқасын..., – деп тебірене толқиды. Мұнда жер шарының төбесінен қарап тұрған «алып адам» суретін көргендей боласыз. Оның өзі де ірі, сөзі де ірі.

Ақынның «Табиғат философиясы» дастанының да даралық ерекшелігі, табиғат үндестігі, тіл кестелігі сынды бөлекше бөгенайы бірден көзге ұрады.

Табиғат көрпесінің салқын астары,

Тіршілік төсегін тоздырмай бүркеген.

Шегіртке сирағы сарғайып бүктеледі,

Қанша жыл жоғалмай топырақ мүлкінен.

 

Аққу қанатын теңізден көтерсе,

Қиял кітабының тағы бір беті ашылар.

Бір жұлдыз сөнуі, бір шыбын өмірі,

Мың жұлдыз дүниеге нұр болып шашылар.

Өлеңнің сыртқы суреті, көз арбайтын тұлғалық көрінісі көп ақындарда әрине, жаман болмауға тырысатын шабытты шақпен сөз қозғайды. Ал, Омарғазы жыры болса, көтерген тақырыбына қызмет ету жағынан өзіне жүктелген міндетті ада етіп қоймай, лықсыған ойлар тобықтай түйінге бағынып, арнасынан асып-тасқан күйі өз айдынына құйылады. Дастанның аты айтып тұрғандай өлең жолдары шынында да тереңге тамыр тартқан философиялық ойларды толқытады. Мұқит түбінен маржан сүзеді. Осы асылы жасырынған көк иірім сізді тағы да тұнығына, шүңетке жасырынған сұлулық астарына тартады.

...

Кәртейген жоталардың сүйегі сырқырап,

Ойпаттар үстінен бір дүбір келеді.

Қайда бір труба түтіні көтерілсе,

Сол жақтан бір шіркеу буынып өледі.

...

Күн біздің бақыт кірпігіміз,

Планета кеудесінде бір шырақ жағылар,

Бар материяның бір ғана заңы бар.

Сурет, пішін, ой асылы, сөз тереңі – қатарынан өрім табу Омыкеңнің биігі. Адамның шығу тегі, жаратылыс дүниесінің тылсым сырлары, адамзат көзқарасы, т.б. сияқтылардың философиялық негіздері, толғаулары бәрі кесек әрі нәзік. Кесек дүниенің жілігін шағып, майын ішуге келгенде ақын қаламы жай отындай жарқылдайды. Өлеңді ғана емес ерке, асау табиғаттың өзін тақымында ойнатады.

...

Бабалар жұртында балшық ыдыс бар,

Бәлкім біздің несібеміз де соған құйылған.

Тас пышақ көтерген бір айбарлы ақсақал,

Адам Ата сол шығар бәлкім біз сиынған.

Мұсылман дініне, ислам әлеміне қатысты сан жырлар жазылған шығар. Бірақ О.Айтанұылының қаламынан туған Адам Ата бейнесі мүлдем өзгеше, нағыз шебердің сомдауынан шыққан бөлекше тұлға. Өлеңге айналған өмір келбеті көз алдыңа кескінін керіп, шымылдығын жаяды. Жатырқаусыз бас шұлғыған жүйріктің жалына қолыңызды тигізіп, сипап көргіңіз келеді.   

Ақын кейде табиғат кескіндемелерін кертіп алып, оны өлең қажеті үшін ғана емес, тарихқа да, саяси астарға да, өзіндік көқарасқа да шеберлікпен бағындырады. Діттеген мақсатын бірден жайып салмай, өлең өрнегіне орап мүсін жасайды да, шешуін өзіңізге қалдырады. «Түйелер» өлеңінде:

Түйлер,

Түйелер,

Қайтқан тырналардай тізіліп,

Шыққан еді бұлдырап,

Қаншалық алыс белдерге?!

Дап ұрып, сырнай тартып,

Кеткен еді қанша өнерпаздар жат елдерге?!

...

Азия сенің қайсы жүгің бар,

Түйе баласы көтермеген?!

Баладай елпек,

Көрсең едің сен осы маңғаз жануарды,

Ала бұйда тағып, мұрнын тескен...

Бір қарамаққа өлең түйе түлігі туралы. Ал одан тереңдеп қарасаңыз Азия төсін мекендеген көшпенділердің тарихы, болмысы, рухы сынды тоқсан тараулы қатпары бар. Тағы бір қырынан қарағанда уақыт – жылдар керуені туралы да абыздық сыр шертеді. Осының бәрін азғана жолдарға сидырып, өз иірімін жасау – Омарғазының қалам құдіреті.

Осы тәсіл, осы жол одан ары даңғылданып, О.Айтанұлының өкілдік шығармасы – «Тырналарда» өз көрінісін табады. Аспанға, көгілдір көктің шырқауына қанат қағады. Ақындық арпалыстың, ізденістің ендігі шоқтығы тырналар керуеніне үңілтеді.

Бір шумақ өлең бе әлде,

Айналып жер бетінде ұшып жүрген!

Әлде бір керуен бе,

Шөлде кезіп,

Аспанның аясына түсірілген...

Мұнда біз көріп жүрген ұзын мойын тырна құсының бейнесі ғана тұрған жоқ. Жердегі керуен – «Түйелер» бәрі бірде шекераға, шектемеге бағынады. Ал, аспан керуені – «Тырналар» еркін қанат қағады. Мүмкін ол ақынның асау қиялы, мүмкін ол демократияны, еркіндікті аңсап, шөлдеген арлан жүректің арманы, мүмкін ол өтпелі өмірдің көрікті, көріксіз суреті. Енді бір қарағанда мысалдағы алдыңғы өлеңдегідей көшпенділер өмірі, сахараны еркін жайлаған халықтардың тұншыққан арманы. Демек, ақын құдіреті осының бәрін жіптей жинап, желідей байлап, жалғыз «Тырналар» дастанына жүгіндіреді, сидырады. Ақын кестелі тілімен астарлы, сазды, назды жолдар арқылы жібектей түйін түйеді.

Аспандағы тырналар көрінісін бақылаған жердегі әлжуаз пенде – қарттың көз алдындағы, аспан ноқатындағы дүние, айналасында болып жатқан оқиғалар – бәрі жымдаса өріле, өрімделе келіп, ұясына қайтқан құстай соңғы түйінмен жинақталады. Сұлу сурет жасайды.

«Тырналар» кескін, келбет жағынан көз алдыңда көркем бейнемен, әрмен тізбектеледі.

Үстінде көшкен мұнар,

Көкшіл киік;

Бейне бір алтын тіреу аяқтары,

Дірілдеп көк сағымға тұрған тиіп...

Немесе:

Тырналар келген еді, тағы қайта,

Жебедей бірінен соң бірі атылған.

Қайықтай бір сызықпен,

Бетінде көк теңіздің шұбатылған...

Тағы да:

Аспанның күй табағын қолмен тербеп...

...

Өзінің ширатылған жыр жолдары

Аспанға лақтырғандай

Жіп қып есіп...

Қарасаң көз тоймайтын, оқысаң шөл қанбайтын, таңдайға тамсанта «дәм салатын» мұндай тармақтар аз емес.

О.Айтанұлының «Тырналар» дастаны кешегі Шынжаң поэзиясы үшін ғана емес, бүгінгі қазақ әдебиеті туралы айтқанда да зерттеуге тұрарлық кесек туынды. Ішкі иірімі, ой үндестігі, тіл шұрайлығы, құрылым шеберлігі – бәрі де шебердің қолын танытады. Әсіресе, белгіліден белгісіздік іздеп, «жұмбақ қыламын» деп жұрнақсыз жалаң еліктеп жүрген жастарға берер сабағы тіптен мол.

Шынжаң қазақ әдебиетінде жарқ етіп сөнген жасындар көп болды. Мақатан Шәріпханұлы, Қызырбек Ораловтар соның бір мысалы.

Мақатан Шәріпханұлы – арғы атасы Әбілпейізден тарайтын хан ұрпағы. Табиғат лирикасымен қалам ұштаған ақынның:

Барлықтың аралатып қарағайын,

Әпердің қызылбұйра таңқурайын.

Кешінде Тасты бойын бір жағалап,

Біржанның шырқадық қой «бурылтайын».

 

Ай туды күлімдеген ақ еркеңдей,

Құздан бұлт көтерілді ақ желкендей.

Дәл сонда емес пе еді тау самалы,

Шабыттың жақсы іңірін ап жеткендей..., – деп төгілетін жолдар өлеңнің арда күреңін ауыздықтаған ақынның ағыл-тегіл шабытын аңғартады.

Қызырбек Оралов жайында сөз қозғау да жеңіл-желпі тақырып емес. Себебі, оның өмір жолы өте ауыр болды. Не бәрі 32 жасында 1970 жылы атылып кетті де жырлары құртылды. Өзін ауызға алуға, шығармашылығын дәріптеуге тиым салынды. Әліге дейін ақталмады, жабулы қазан қақпағымен тұр.

Қызырбек Оралов Сақариұлы 1938 жылы 12 маусымда Қытайдың Алтай аймағының Буыршын ауданында дүниеге келген. 1954-1955 жылдардан бастап «Алтай газеті», «Іле газеті», «Шынжаң газеті», «Шынжаң әдебиеті», секілді әр түрлі басылымдарда алғашында Қызырбек Үсенұлы, кейіннен Қ.Оралов деген атпен жүзден астам өлең-толғаулары, әңгіме, мақалалары жарияланған. Шерхан Мұртазаұлы секілді Қазақстан қаламгерлеріменде хат жазысып «Лелиншіл жас» газетінде, «Жұлдыз» журналында өлеңдері басылған. 

Не бәрі 19 жасында денсаулығы сыр беріп, емханаға түскенде ақын:

Мен кетермін келмеске ұшып жаным,

Суық көрді қапсырып құшып жалын.

Өлерімді білемін өзіме аян,

Сондықтан да жасқанып қысылмадым, – деп жырлаған екен. Өткен шақтың осы жолдары әлі де болса «әттеген-ай!» дегізеді. «Ертеден-ақ, неге бұлай жазды екен» деген пенделік ойға барасың.

Ақынның асау шабытпен арпалысқан отты шағы, жалынды жас күні 1955, 1956, 1957 жылдар десек, бұл мезгіл Кеңестік қазақ ақындарының  Шынжаң жағымен жақсы қарым-қатынастағы кезеңі еді. Ақын өлеңінен оның Сағи Жиенбаев, Ғали Орманов сынды қазақтың лирик ақындарын көбірек оқығаны байқалады. Жалаң еліктеу емес, қатарласа шабатын додадағы жүйріктей ерекше екпін танытады. Ауыздық басқан арынын көрсетеді. «Шөлдегі Көктем» өлеңінде:

Қарынсау бұлт шермиіп,

Қанатымен жер сызды.

Қатты емшегі шөлге иіп,

Қандырды әбден елсізді, – десе, енді бір өлеңінде:

 

Ақ мұнар өзенде қалқиды,

Шолп етіп иірімнің шортаны.

Айдында көк бояу шалқиды

Жасыл жал жағаны жортады.

 

Өзенге орманның боз талы,

Малады үкілі балағын.

Келеді алаулап жез таңы,

Мен сүйген кәдімгі даланың, – деп жырлайды. Қай өлеңін алып қарасаңыз да төрт аяғын тең басып, табиғатпен үндесіп, жымдасып сұлу сурет жасайды. Жасандылықсыз, қиналусыз түскен еркін тіркестердің ершімі өзгеше, көзді арбайды, тілді үйіреді.

Оқи бергіңіз келеді.  «Ертіс Жағасында» өлеңін:

Шымырлап суы көк айдын,

Ағады ертіс жосылып,

Жағада жасыл тоғайдың,

Теңселген суы қосылып.

 

Шабақтың күміс бауыры,

Жалтылдап судың шетінде.

Қағылды ертіс дабылы,

Толқындар тулап бетінде..., – деп бастайды да, ары қарай сол Ертіспен бірге сыңғырап сылдырай жөнеледі.  «Үліңгір» өлеңінде де:

Көкқасқа толқындарын күндақтаған,

Тұп-тұнық көлдің бетін күн қақтаған.

Мүлгиді жиектегі ойшыл қамыс,

Үкідей шоққа таққан бұлғақтаған.

 

Тербетіп баяу ғана ағын күші,

Қалқиды тораңғының салындысы.

Балықтың шолпылына үн қосады,

Шуылдап көл бетінің қалың құсы..., – деп төгіледі ақын.

Ақынның туа біткен қасиетінің бірі – табиғатты, айналадағы аспан, жер, жасыл әлемді жан тәнімен сүйетіндігі десек, Қ.Оралов та сол дала бесігінің құндағына кіріп алып, өзі де өлеңге айналып бірге тербеледі. «Қара Ертіс», «Ертіс», «Ақ қайың» өлеңдері де сөзіміздің дәлелі.

Қара ертіс бойы бір сырмақ,

Қылтансыз кексе тау адыр.

Табиғат соққан күдір жақ,

Көсіліп жатыр науа қыр.

 

Сай сала сонау қауадан,

Өзенге өзін жағызды.

Шөліркеп келіп науадан,

Су ішкен жылқы тәрізді..., – деп Қара Ертіске емірене жыр арнаған ақын, енді бір сәтте тағы да Ертіспен бірге толқиды. Толығынан оқысақ, мынадай:

Ертіс бойы қалың ну,

Қаулап өскен тал-қайың.

Шаңқан түсте сағым бу,

Шалған аппақ маңдайын.

 

Таңғы үлпілдек сал тұман,

Үкісіндей тымақтың.

Шандоз айдын шалқыған,

Шұғыласындай сынаптың.

 

Рахым, шапхат ұясы,

Алып арна ну алап.

Судың көкшіл сыясы –

Сырғиды иін қуалап.

 

Айдында аққу Сыңқылдап,

Сұлу мойнын созады.

Шүрегейлер сымпылдап,

Аңшы көңілі қозады.

Табиғаттың сұлу дидарына мастанған ақын, көбінде өзін өлеңімен егіз санап бірге тебіреніп, қуаныш-жұбанышымен, ағыл-тегіл көңіл күйімен балаша желпініп жүреді.  «Ақ қайың»-мен сырласып:

Жапырақ жайған қайыңның,

Тарталы сұлу тұлғасы.

Жүрекке жылы байырғы үн,

Бір сәтке мені тыңдашы..., – дейді. «Қар» өлеңіне көз салсақ:

Мамығындай қоянның,

Түсіп жатыр ұлпа қар.

Бетін бүркеп ояңның,

Ішік киді қырқалар, – деп басталған өлең қысқы дала келбетіне әсем бояу бере келіп:

Қауыз жарған тамызда,

Мамығындай мақтаның.

Жауып жатыр аңызға,

Келер жылғы аппақ ұн, – деп аяқтайды. 

Қызырбектің қаламынан туған асау ағысты, тау бұлағындай тартымды жырлар оқырманын ешқашан шаршатпайды. Ақыннан бөліне алмай бірге жүресіз, ол қызыққан тау-тасқа бірге шығып, өзен-көлге бірге шомыласыз.

Аталған мақаламызда жалпы ақындар жайында сөз қозғасақ та, Қ.Ораловқа ерекше тоқтауымыздың да өз мәні бар. Ақын 1970 жылы атылғаннан кейін оның жырын оқуға, таратуға тиым салынған. Арғы бетте қазірге дейін солай. Осы жолдардың авторы (Жәди Шәкенұлы) тамтұмдап, қойны-қонышына жасырып атажұртқа әкелген өлеңдерін «Шалқар» газетінде, «Үн» журналында, сайттарда жариялады. «Күнгей бет» аталатын жыр жинағына кіргізді. Сол үшін де 1969 жылдан кейін тұңғыш рет ақын шығармашылығына назар салып отырғанымыз себепті мысалды көбірек көрсетуіміздің артықтығы болмас деп ойлаймын.

Сыршылдық, суреткерлік қанына туа біткен ақын қаламды қапысыз сермеудің нағыз шебері. «Күз» өлеңін де оқиықшы:

Жапырақ алтын теңгедей,

Үзіліп түсті жалбырап.

Әзілшіл ерке жеңгедей,

Ойнайды сумен бал құрақ.

 

Ойнақтап таудың арқары,

Қиядан орғи шұбырған.

Жел қызды жеңнен тартады,

Босамай ауызы сыбырдан.

 

Бидайдың құлын құйрығы,

Желпиді баяу өңірді.

Тарының сұлу сүйрігі,

Иеді басын көңілді.

 

Таңғы тау шәйі көйлегін,

Мұнартып ұзақ бұлғайды.

Сілкінсе шықтай мөлдіреп,

Торғын бу толқи тулайды.

 

Саяхат еткен көлімді,

Жаз бойы баулып баланы.

Керуені қаздың жерімді,

Қия алмай шулап барады.      

Жастық жалынымен, тұтас болмысымен өлеңді, халқын еш кірсіз сүйе білген ақынның аузын ашса жүрегі көрінеді. Өлеңі мен де, өмірімен де өзінің сол ақиқатын айғақтады. Қытайдағы «Мәдени төңкеріс» аталған дауылға қарсы құрылған «Отанды құтқару ұйымының» («Шығыс Түркістан төңкерістік халықтық партиясы» ) мүшесі делініп, мырышқа түйрелді.

Ақын «Торғай» өлеңінде де сондай саяси мәнді айтқысы келген шығар. Онда «мен» атасының еккен егін – тарысына маза бермеген торғайларды айта келіп:

 

Ұлы атам сонда күйініп,

Торғайдың батып әлегі.

Бишігін шарт-шұрт үйіріп,

Үркітеді екен пәлені.

 

Шіркін-ай, осы апатты,

Құртатын ұрпақ туар ма?

Деп атам әтей атапты,

Мәңгілік көзін жұмарда…

 

Сол ұрпақ біздер екенбіз,

Өсиет мәңгі солмайды.

Атаның қарызын өтеп біз,

Құртамыз мүлде торғайды, – деп түйіндейді. Ақын шері, ақын арманы тасқа құлаған тамшыдай өзінің қолға түсіп, қатал жазамен көз жұмған тарихына ұласты. Қапыда орға түсіп тыпыршыған Қызырбек:

Жаратқан дүниені қайласымен,

Уа, өмір бұл әлемнің айнасы мен.

Жершары доп-домалақ тарыдай-ақ,

Мен енді қайда барып, қайда сіңем, – деп күңіреніпті деседі.

Шынжаң қазақ әдебиетінде әліге дейін ауызға алынбайтын ақын есімі мен оның жырлары өзінің өлмес құны арқылы бізге жетіп отыр. Оны зерттеу, болашаққа жалғау әдебиетші қауым мен кейінгі буынның міндеті.

Шынжаң қазақ поэзиясында өз үні бар: Шәкен Оңалбаев, Құлмұқан Ахметов, Қапез Сүлейменов, Әлімжан Қатпаев, Мәди Әбдрахманов, Тоқтархан Жекібаев, Тәліпбай Қабаев, Әбденбай Бажаев, Серік Қапшықбаев, Жүмәділ Маман, Дутан Сәкей, Жәнетхан Тұтқабек, Сәли Садуақас, Шәмшабану Қамзақызы, Ұлықан Солтанқызы, Әзілбек Кіназбек, Қабыл Ыбырай, Қасымхан Уатхан, Сәден Әнуар, т.б талай тарлан бар.

Солардың қатарындағы Задахан Мыңбаевтың да есімі елге танымал. Задахан жыры да сыршылдыққа, нәзіктікке, қысқа-нұсқа тобықтай түйінге назар аударуымен ерекшеленеді. Мына бір өлеңін оқиық:

Ей, отыншы, қыршын талды қимашы,

Жұп торғайды үркітпеші, қумашы!

Жасты қисаң қуарып жер құшады,

Жұпты қусаң екі айрылып ұшады.

Үріксе торғай, құлап түссе бір шыбық,

Селік етемін тұла бойым түршігіп.

Неге десең мен де айрылған жұбымнан,

Жас үмітім қыршынынан қиылған.

Шынжаң зиялыларның басынан өткен зұлмат, жастайынан жазықсыз жаламен Тарым жаза лагеріне айдалу сынды қиын күндер Задаханды да соқпай өтпеді. Қарапайм ғана өлең сол тұстағы адамдар басындағы ауыр халді, «Отыншы» арқылы ғана өреді. Ақын құдіретінің өзі қарапайым оқиғадан, көз алдындағы болмашы деталдан тұтас бір тірліктің, өмірдің, замананың суретін, айнасын жасау десек, ақын бұл өлеңінде соның бәрін толығынан орындады. Түймедей көріністен түйедей сурет жасады. Отыншының көз алдындағы дүниені аз ғана жолдарға сидырып, бір дастанның жүгін көтерді.

Шынжаң қазақтарындағы нөсерлі ақындар шоғырында Бердібек Құржықаевтың да еңбегі ерекше. Өмірге, өлеңге бір кісідей бірігіп, кірігіп кеткен ақын бөлінбес суреттерден қалағанын ала береді. Аузынан шыққаны өлең болып төгіледі.

Қарашы майға бөккен төл денесін,

Лықсытқан аймағының кенересін.

Әжем жүр қозы қысып қолтығына,

Аялап көтергендей немересін...

Немесе:

Ой аспаным күркіреп түн жарымда,

Ақ жұлдызы өлеңнің ым қағуда.

Жаңа шабыт уақыттан шырын сорып,

Арадай қон ақынның жыр – балына.

Деген жолдарды оқып отырып тамыры табиғатпен бірге бүлкілдейтін ақынның өзінің де өлеңге айналып жүре беретін ақ, адал жүрегін байқаймыз. Қазақы қара өлеңнің жілігін шағып, майын ішу Бердібек қаламының өз қасиеті. Халықтық тілдің қаймағын қалқып, қара өлең қанымен бірге ағады.

Шынжаң қазақ ақындары ішінде сыршыл лирикасымен танылған Қырырхан Мұқатаев, Бәйтік Дүйсебай, Құмарбек Сақарин есімдері де өлең өрнектерімен оқырманына әбден таныс.

«Көктем» лирикасында Қ.Мұқатаев:

Кептер мойын,

Бөктер бойын,

Көпке дейін қызықтап.

Табиғаттың көктемгі ойын,

Отырмын мен сызып қап... деген тәтті жодарымен тәнті етсе, ертеректегі енді бір өлеңінде:

Орманыңдай ойшаңмын,

Өзеніңдей тентекпін.

Шынарыңдай бойшаңмын,

Тарихыңдай ертепін, – деп төгілген екен.

Қыдырхан Мұқтаевтың өкілдік шығармаларының бірі – «Махаббат» дастаны болып, өз кезінде Шынжаңдық оқырмандардың оң бағасын алған. Сол кезеңнің көзімен үңілгенде екі жырының бірі таңдайға берер нәрімен есте қалатын Қыдырхан қаламының да қуаты үстем болғанын байқатады. Тамаша табиғат лирикасын тербеген Бәйтік Дүйсебаев та өз кезінде:

Табанынан сыз өткен,

Кетті де қыс жөтеліп.

Келді ауылға қыз көктем,

Қозы лағын көтеріп.

 

Қызғалдағы қаз тұрып,

Көрінді ыстық қыр маған.

Тырна белде шақырып,

Аққу көлде жырлаған..., – деп жүрек лүпілін нәзік лирикаға ораған екен. Суреткерлік, қарапайымдылық, сыршылдық Бәйтік қаламының да өз ерекшелігі болып, ақын өзіне ғана тән қолтаңбасымен өрнекті жырлар қалдырған.

Құмарбек Сақарин де лирикалы үнімен оқырман жүрегін жаулаған ақынынның бірі.

Бұлтқа бірге сүңгимін,

Найзағаймен жарқылдап.

Жер бетіне жыр құйдым,

Жел, нөсер боп аңқылдап..., – деп жырлағанындай, отты жырдың көрігін қыздырған ақын ыстық жүрегінен, тәтті жырынан еш суынған емес. Ақынның табиғатпен сырласуы, оны адам өмірімен қабыстыруы кейде өзгеше өрбиді.

Көктем, көктем көркі ғой дүниенің,            

Тіршілікте шырқаған жарасымды ән.

Мен көремін көктемді күніне мың,

Табиғатынан адамдар арасынан.

Немесе.

Жығылып түйеден де өгізден де,

Тіршілік оңай нанын жегізген бе.

Көз ашқан тұмадайын сол бір шақта-ақ,

Ойлаушы ек қосылуға теңіздерге.

Осыған қарап-ақ, ақынның табиғатты жырлап, онымен үндесіп-тілдескен адами құпия сырларына қаныға түсесіз. Қ.Сақарин қай тақырыпқа барса да соншама еркін жол жорғадай төгіле жөнеледі.

«Өмір саған ғашықпын» деген өлеңінде де өмірді өзі ғашық болған сұлу қыздай мүсіндейді.

Өмір, өмір – ару қыз,

Бодым саған мен ғашық.

Шақырамын дамылсыз,

Далаға шық, жолға шық.

 

Жара салсаң жаныма,

Өз сорыма баладым.

Тоңып тұрып тағы да,

Терезеңнен қарадым.

 

Қайғырып та сүйсініп,

Қай отыңа күйе еттің.

Жадырап та түйіліп,

Қабағыңа үйреттің.

 

Кетерсің бе жоғалып,

Бар еді бір тілегім.

Ақ мойныңа оралып,

Жүрсін жырым – білегім.

Оқып отырғанмыздай, көз алдыңыздағы сұлу қыз – көркем өмір келбеті, өмір мен адам арасындағы әр түрлі жағдай, қимас тірліктің қымбат шақтары, бәр-бәрінің бейнесі сонша нанымды, ойға орамды, жүректі терберлік. Оқыған сайын оқығың келе беретін құдіретті өнерді өз бойына жиған ақындар қауымы арасында Құмарбек Сақариннің да жұлдызды жырлары жарқырап тұр.

Жалпы жоғарыда біз мысалға келтірген ақындардың басым пайызы 1924-1940 жылдары дүние есігін ашып, қанатты жырларының көбін 1955-1980 жылдары өмірге келтіргендер саналады. Қазір де олардың көбі адамдар арасында жоқ, артына шаң қалдырып шауып өткен жүйріктер. Тұтастай қарағанда осы бір буын ақындар жырын бір үлкен поэмаға ұқсатуға болады. Тағдырлы, тамырлы жырлар және табиғатпен сырласу сынды ортақтық менмұндалайды. Қытай қоғамындағы тар шеңберде отырып-ақ талай ойды айтқысы келгенін де аңғару қиын емес. Ендеше, олардың өлеңіне баға бергенде сол дәуірдің көзімен қарау қажеттілігін ұмытпауымыз керек. Біздің мақсатымыз ізденімімпаз әдебиетші қауымға із салып, өткен ғасырдың соңғы жартысындағы қазақ поэзиясының Шынжаңдағы бір бұтағын бұтарлау болып табылады.

Шынжаң қазақтарының поэзиясымен сусындап өскен бір буын ұрпақ қолдарына қалам алып, бүгінгі күнде қазақ әдебиетіне өзіндік еңбек, үлесін қосуда. Олардың көбі аға ретінде, ұстаз ретінде жоғарыдағы ақындардың өлеңін, лебізін тыңдап өскендер. Олай болса, аты аталған тұлғалардың ақындық мектебін де жоққа шығаруға болмайды. Төрт төңіректі түгендеп, құбылаға құяр жырды бағамдағанда, асыл қазынамыздың арқауы берік, аңғары кең екенін тағы бір мәрте тани түсеміз. Мәйекті халық мәнсіз тірлікке үйір болмайды. Мәнді өмір сәнді жырымен әрлене түседі.

Кешегілердің өткен тарих болып қалатыны сияқты бүгінгі қаламгерлердің де өзінің өткенін жасап жатқанын білуіміз керек. Олай болса өткенді сөкпей, өзіміз «өткенге» айналғанда сөктірмейтін соны жолды іздегеніміз жөн!  Ақылды ақын ары мен арманын көтеріп жүріп халқына адал қызмет етеді. Өзі үшін жыр жазғандай көрінгенімен ұлт әдебиетінің керегесін қалап, уығын шаншиды. «Жазамын, жазамын!» деп жанталасып жүріп, жазған дүниесінің бағасын алып та, ала алмай да, азды-көпті дүниесімен бақиға аттанады. Олардың басып өткен жолына, еткен еңбек, төккен теріне үңілу кейінгі буынның адамдық таразысына сын болып қала береді.

Талантқа тағзым – ұлтқа құрмет, ұрпаққа өнеге. 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір