• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:54:04
Алматы
+35°

15 Наурыз, 2018

Шынайы оқиға негізінде түсірілген «Алтыншы бекет» фильмі прокатқа шықты

«Алтыншы бекет» көркем фильмі шынайы оқиға негізінде түсірілген.

Осыдан сегіз жыл бұрын Ақтау қаласындағы қатаң тәртіптегі колониядан 60-тан астам тұтқын қашуға әрекет жасады. Сол кезде қарауылда тұрған 19 жастағы Ербол Отарбаев жалғыз өзі 40 қашқынның жолын бөгеген болатын.

Осы оқиғаның желісімен қазақстандық «АЮ СИНЕМА» кинокомпаниясы «Хабар» агенттігі және ҚР Ұлттық ұланның қолдауымен «Алтыншы бекет» атты көркем фильм түсірді.

Бүгін фильмнің жабық көрсетілімі өтті. Драма жанрында түсірілген кинотуынды Ербол Отарбаевтың ерлігі төңірегінде өрбиді.

Ербол Отарбаевты актер Санұржан Сүлейменов сомдады. Жауынгерлік қызмет атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған Ербол Отарбаевтың өзі түсірілім кезінде Санұржанға образға кіруіне көмек көрсетіп, кеңес берген.

15 наурыздан бастап көрерменге жол тартатын «Алтыншы бекет» көркем фильмі достық пен махаббат, қайсарлық пен сатқындықты, жат ағымның тарапынан төнген қауіп пен түрме өмірін суреттейді.

Кинокартинаның продюсері - кинематографист Данияр Ибрагимов.  Фильм режиссері – Cерікбол Өтепбергенов. Бұл оның режиссер ретінде түсірген алғашқы ірі жұмыстарының бірі болды. Сонымен қатар Серікбол Өтепбергенов фильмде түрме қызметкерінің рөлін сомдайды.

«Алтыншы бекет» көркем фильміндегі актерлік құрамның 80 пайызы – нағыз әскери қызметшілер, Ұлттық ұлан қатарында қызмет ететін жауынгерлер. Аталмыш фильм арқылы әскери қызметкерлер өздерін актерлік қырынан да көрсете білді. Фильмде Ұлттық ұланның әскери техникасы қолданылды.

Актерлер образға ену үшін жалғыз адамға арналған камерада отырған.

Басты кейіпкер Санұржан Сүлейменов колониядағы казармада бірнеше күн тұрып, сарбаздармен бірге жаттығуларға қатысқан. Екінші бас кейіпкер Жасұлан Өмірбек қатаң тәртіптегі колонияның бақылаушыларымен бірнеше күн жұмыс істеді.

Жабық көрсетілімнен кейін өткен  баспасөз конференциясында сөз алған продюсері Данияр Ибрагимов фильмді түсірудегі мақсатын айтып берді.

-«Алтыншы бекет»  шынайы оқиғаларға негізделген фильм. Ел тыныштығын күзеткендердің ерлігі жайында шағын орта ғана біледі. Біз фильм арқылы бұл жағдайды өзгеркіміз келді, - деді продюсер.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір