• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:43:43
Алматы
+35°

17 Қараша, 2017 Аймақтар

Шығыс Қазақстан Өнер музейінде «Менің Отаным - Қазақстан» атты көрме өтеді

Көрме Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналады.

2017 жылдың 29 қарашасы күні сағат 16. 00-де Шығыс Қазақстан Өнер музейінде Николай Павлович Аштеманың «Менің Отаным - Қазақстан» атты мерейтойлық жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтеді, — деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Шығыс Қазақстан өнер музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. Көрме Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналады.    

ШҚО    

Өскемен суретшілерінің арасында Николай Павлович Аштеманың есімі ерекше және лайықты құрметке ие. Ол – мэтр, кәсіпқой, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, шығармашылық тоқырау дегеннің не екендігін білмейтін кескіндемеші және график. 1986 жылы Н.П.Аштема Бакуде өткен «Каспий маңы республикаларының биенналесі» халықаралық байқауының лауреаты атанады, ал 1986 және 1987 жылдары оның жұмыстары Мәскеуде өткен көрмеге қойылады. 1991 жылы оның картиналары Харьковте өткен халықаралық графика және плакаттар көрмесінде, 1993 жылы Торонтодағы миниатюралар көрмесінде атап өтіледі. 1987 жылы Николай Павловичті КСРО Суретшілер одағының мүшелігіне қабылдайды. Содан бері оның өмір жолында қаншама көрмелер болды десеңізші! Тек Алматыда ғана жиырмадан астам көрмеде экспозициялары көрсетілді. 2003 жылы ол шығысқазақстандықтар арасында бірінші болып Президенттік мәдени орталығында (Астана) өзінің жеке көрмесін ашты. Жалпы, қылқалам шебері өзінің әрбір мерейтойын жеке сурет көрмесін өткізумен атап өтіп келеді. Биылғы көрмесі суретшінің жетпіс бес жасқа толуына арналып отыр. Өзінің дүниетанымы мен шығармашылық өлшемін көрсететін бұл көрмесін суретші «Менің Отаным – Қазақстан» деп атады. Осы орайда, бұл көрменің Тұңғыш Президент күніне арналып отыруының өзі кездейсоқтық емес екендігін, экспозицияның  көрме мазмұнына сәйкес келетінін айта кету керек.  Еліміздің бүкіл қоғамдық және саяси өмірінің реформаторы ретіндегі мемлекет басшысының образы көптеген жылдардан бері суретшіні толғандырып келеді, ал Н.Ә.Назарбаевтың портретін ол бірнеше рет салып, оқтын-оқтын түзетулер енгізіп отырды.

 Николай Павлович Аштема – Украинаның тумасы. Ол 1942 жылы 5-желтоқсанда Кировоград облысының Червонная Долина селосында туғанымен, суретшінің бүкіл шығармашылық ғұмыры Қазақстанмен байланысты. 1979 жылы ол Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітіріп, Өскемен қаласына келеді. Осындағы көркемсурет-өнеркәсіптік шеберханаларында Л. Агейкин, П. Шишов, В. Рапопорт, Б. Французов, Г. Мерқасимов сынды қылқалам шеберлерімен бірге жұмыс істеген. 1980 жылдан қазірге дейін ол ересектерге арналған бейнелеу өнері студиясына жетекшілік етеді. Николай Павлович Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің, Шығыс гуманитарлық институтының, Шығыс Қазақстан аймақтық университетінің студенттеріне сурет және кескіндемеден сабақ берген.

  Бұл көрме – суретшінің көпжылдық шығармашылық және педагогикалық қызметінің қорытындысы. Үш залда әр жанрдағы кескіндеме және графикалық жұмыстары орналасқан. Сіздер портреттер, пейзаждар, натюрморттар, сюжеттік суреттерді тамашалай аласыздар. Олардың көпшілігі алғаш рет қойылып отыр. Суретші әлі күнге дейін баспа станогы мен литография, офорт, меццотинто сияқты баспа графикасының көне тәсілдері мен құпияларын сақтап келеді. Гуашь – оның пленэрдегі жұмыс кезінде қолданатын сүйікті техникасы. Суретшінің акварелі мен пастелінің айқындығы мен көркемдігі оның майлы бояуының сапасынан ешбір кем емес. Н.П.Аштеманың кезкелген жанрдағы шығармалары өте жоғары, музейлік деңгейде салынған. Алайда, оған нағыз танымалдылықты оның патриоттық тақырыптағы жанрлық картиналары әкелді. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған  республикалық графиктер байқауында бірінші орын алған сол картиналары үшін суретші үкіметтік наградалармен - «ҚР Суретшілер одағының 80-жылдығы» медалі мен Әбілхан Қастеев атындағы медальмен марапатталды. Көрмеде сіздер, аты аңызға айналған Томирис заманынан бүгінге дейінгі тәуелсіз Қазақстанның тарихын көре аласыздар!

Біздің суретшіге классикалық тұрғыдан жетпіс бес жас дегеніңіз тіпті үйлеспейтін сияқты. Оның өмірге деген қызығушылығы мен еңбексүйгіштігі, шындығында, жасөспірімдікіндей. Пленэрде тау-таста жүгіріп жүру, шабыты келгенде түні бойы жұмыс істеу – Николай Павловичтың үйреншікті өмір салты. Барлық экономикалық, саяси және ішкі дағдарыстарын өз шеберханасында, кенеп-бояуларының жанында өткізеді. Ол үнемі шәкірттерінің ортасында. Оның зейнеткер замандастарымен бірге әңгіме соғып, сәкіде отырғанын елестету тіпті мүмкін емес, Мейлі, әрдайым солай болғай! Нағыз суретшінің  өмірінде «құрметті демалыс» деген ұғым болмайды.          

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір