• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 17:41:54
Алматы
+35°

19 Шілде, 2017 Саясат

Шетелдегі қазақтар туралы деректі фильмнің түсіру жұмыстары басталды

Жоба жұмыстары  Астана қаласында 2017 жылғы 22-25 маусым аралығында өткен халықаралық Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайынан бастау алды

Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен алыс-жақын шетелдерде өмір сүретін қазақтардың тарихы мен күнделікті өмірлері туралы «Қиырдағы қазақтар» атты 8 сериялы деректі фильмнің түсіру жұмыстарының басталуына арналған баспасөз конференция өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Баспасөз конференцияның жұмысына «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Евгений Кочетов, «Қазақстан тарихы» интернет жобасының жетекшісі Олжас Беркінбаев қатысты.

Аталған жоба Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Төрағасы болып табылатын Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының 25 жылдығына арналып отыр. Деректі фильмнің мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында ұлттық санамызды жаңғырту және төл тарихымызға тың серпіліс әкелу. Алыс-жақын шет елдердегі қазақтарды отанымызға оралуға насихаттау.

Жоба жұмыстары  Астана қаласында 2017 жылғы 22-25 маусым аралығында өткен халықаралық Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайынан бастау алды.

Конференция барысында сөз алған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев:

«Бұл жобаны Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Елбасы тапсырмасына сай қолға алуда. Жақында Мемлекет басшысы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шет мемлекеттердегі қандастарды қолдауға қатысты бірқатар тапсырма бергені белгілі. Соның бірі – оларды тарихи Отанына таныстыру, арадағы байланысты күшейту.Осыған орай, министрліктің тапсырмасымен «Қазконтент» АҚ-ның «National Digital History» порталы шетелдегі қандастарымыз туралы деректі фильмдер сериясын түсіруге кіріседі. Түсірілім қазақ диаспоралары шоғырланған 8 мемлекетте – Ресей, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Иран және Ауғанстан елдерінде жүргізіледі. Жобада сол елдердегі қазақтардың тұрмысы, тарихы, ерекше дәстүрлері, мәдениеті қамтылуы тиіс. 
Бұл шетелдегі қандастарымызбен арадағы байланысты одан әрі нығайтуға үлкен үлес қосады деп сенемін», – деді министр.

Түсірілім әлемнің әр еліне тарыдай шашыраған қазақтар қоныстанған сегіз мемлекетте, атап айтқанда Ресей (Астрахань, Омбы, Орынбор, Қорған), Түркіменстан (Түркіменбашы, Ташауыз, Ашхабад, Чарджоу), Өзбекстан (Бостандық ауданы, Ташкент, Шыршық, Ғазалкент),  Тәжікстан (Душанбе, Соғды, Таулы Бадахшан, Хатлон), Қытай (Үрімші, Құмыл, Қарамай, Баркөл, Шәуешек, Құлжа, Мори), Моңғолия (Баян-Өлгей, Қобда, Ұлан-Батыр),  Иран (Горган, Бендер-Түркімен, Тегеран, Мешхед),  Ауғанстан       (Кабул, Құндыз) елдерінде жүргізіледі деп жоспарланып отыр.

Деректі фильмді түсіру барысында ҚР СІМ бірлесе отырып, жоғарыда жазылған елдердегі ҚР елшіліктерімен бірлескен жұмыс атқарылады. Осы жұмыстардың нәтижесі ретінде жоғарыда аталған қалалардағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін, өткен тарихы мен салт-дәстүрлерін, мәдениетін көрсететін дүние көрермен назарына ұсынылмақ.

Сондай-ақ, National Digital History порталында экспедиция жұмысынан Live режимінде ақпарат таратылып, әлеуметтік желі пайдаланушылары мен интернет қолданушыларына тікелей ақпарат жеткізілетін болады.          

Жоба қазақ халқының мәдениетіне, тарихына және салт-дәстүрлеріне жаңаша тұрғыда қарауға, шетелдегі қазақтардың өмірін шынайы көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қоса Министр Дәурен Абаев: «Әлем бойынша шетте жүрген қандастарды елге жинаған санаулы ғана мемлекет бар. Солардың бірі - Қазақстан. Егемендік алған 26 жылда 1 миллионға жуық қандастарымыз елге оралды. Мемлекет басшысы жақында өткен Дүниежүзі қазақтарының 5-ші құрылтайында «Елім деген әрбір қазаққа әрқашан Қазақстанның есігі ашық» деді. Яғни, көш әлі тоқтаған жоқ, алдағы уақытта да жалғаса береді деген ойдамыз. Осы орайда, Елбасы тапсырмасына сай, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Қиырдағы қазақтар» жобасын қолға алып отыр», - деді.

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір