• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 08:40:49
Алматы
+35°

04 Маусым, 2018 Ғылым-білім

"Шетел студенттерінің Қазақстанға көзқарасы" атты телекөпір өтті

Такуро Оучи өзінің Қазақстанға келуіне "Алпамыс батыр" сынды эпостық жырларға қызығушылығы себеп болғанын айтады.

Токуро Оучи есімді жапон жігіті отанында Алпамыс батыр және Манас эпостық дастандарын өз ана тілінде оқып, қазақ пен қырғыздың дәстүрі мен мәдениетіне қызыққанын айтады.

Осы әуестігі оның Қазақстанға келіп білім алуына себеп болған. Такуро қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде қазақ тілін меңгеріп жатыр. Бұл туралы ол осы оқу ордасының қабырғасында өткен «Шетел студенттерінің Қазақстанға көзқарасы» атты қазақстандық телекөпір барысында баяндап берді.

– Мен Жапонияда жүргенде қазақ халқының «Алпамыс батыр, қырғыз халқының «Манас» эпостық жырларын жапон тілінде оқыдым. Бұл эпостық жырлар мені қатты қызықтырды. Жапон тілінде басқа эпостық жырлар жоқ екен. Сондықтан әдебиеттің осы жанрын зерттегім келді. Қазақстанға келіп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге оқуға түсуімнің басты себебі де осы", - дейді Такуро.

Жиында  қазақ тілінде таза сөйлеген Такуро өзін қазақтың тарихы да қатты қызықтыратынын атап өтті.

– Қазір осы оқу орнында қазақ тілін меңгеріп жатырмын. Қазақ тілін үйренумен қатар, осы елдің мәдениетімен, тарихымен, салт-дәстүрімен таныстым. Әсіресе, Айша бибі мен Қарахан баба жайындағы аңызды оқығаннан кейін екеуінің арасындағы махаббат оқиғасы мені қатты қызықтырды. Қысқы демалыста Тараз қаласына арнайы барып, тарихи ескерткіштерді өз көзіммен көріп қайттым, - деді студент.

Сонымен қатар Такуро Қазақстанда бір жылдан бері жүйелі нәтижелер беріп жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен де үш тілде танысып шығыпты.

Іс-шара барысында еліміздің әр өңіріндегі оқу орындары телекөпір арқылы байланысып, шетелдік студенттер Қазақстандағы білім беру саласы туралы ойларын ортаға салды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығы аясында өткен іс-шараға Италиядан келіп оқып жатқан Дарио Куаглиа, филиппиндік Энн Роуз Мендоза есімді студенттер қатысты.

Бүгінде қазақ әдебиетіндегі эпостық дастандарды жаттап, төл мұрамыздың қадір-қасиетін бағамдайтын жастар некен-саяқ. Дәл осы жанрдан жанына азық алып, еліміздің дәстүрі мен мәдениетін батырлар жырының мазмұнынан таныған шетелдік студенттер кейбір қазақ жастарына үлгі болса деген тілек бар.

Арайлы Жақсылық

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір