• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 13:09:24
Алматы
+35°

16 Қазан, 2017 Оқиғалар

Шетел қазақтарына хат!

Өз елімізде демографиямыз өспей жатқанда, теңіздің арғы жағындағылардан не үміт, не қайыр?!

«Шетел қазақтары» дегенде ең алдымен есімізге Моңғолия мен Қытайдағы қандастарымыз түседі. Себебі, көп талқыланып та, айтылып та жүр. Бұл жақтағы қазақтар бізден әлдеқайда ұлттық құндылықтарына берік. Орта әсер етеді-ау. Не десек те, шетелдегі қазақтардың көп шоғырланған жері осы екі мемлекет. Жан-жағыңда қазақтар көп болса, салт-санаңды ұмыта қою, әсте оңай емес. Сол себепті де әңгімемізге көп қазақтың ортасында отырмаған Еуропа мен АҚШ-тағы қазақтарды арқау етпекпіз.

Еуропадағы қазақ диаспорасының алғаш қалыптаса бастаған жері – Германия. Мұндағы қазақтардың алғашқы легі 1961 жылы Германия мен Түркия арасында қабылданған «Еңбек миграциясы туралы келісімшарттың» шеңберінде 1962 жылдан бастап Түркиядан Германияға қоныс аударған. Осының арқасында Түркияға шоғырланған қазақтар Еуропа елдеріне көш түзеді. Бүгінде қазақ диаспорасы Германиямен бірге Франция, Голландия, Австрия, Дания, Норвегия, Швеция, Бельгия сияқты Еуропа елдерінде көптеп шоғырланған. Олар екіге бөлінеді: біріншісі, 1950 жылдары Қытайдың Шыңжаң аймағынан (бұрынғы Шығыс Түркістан) Пәкістан және Үндістан арқылы Түркияға көшкен. Ол жерден аталған «Еңбек миграциясы туралы келісімшарт» арқылы еуропалық елдерді жағалаған. Батыс Еуропа мемлекеттеріне қоныс аударған қазақтар өсіп-өніп, бала-шағалы болды. Екінші топ: сан жағынан алғанда аздау қазақтар. 1920 жылдың соңына қарай Қазақстанда жүргізілген «советтендіру саясатының» салдарынан туған жерінен үдере көшіп, Ауғанстан мен Иранға тұрақтаған.

Қандастарымыздың Еуропаға қалай барғанын білдік. Ол жақта қалай өмір сүріп жатқанын білмесек те, болжай аламыз. Ана тілімізге келсек, кез келген тіл күнделікті қолданып отырмасаң, ұмытылады. Еуропада кіммен күнделікті сөйлелесің? Ешкіммен... Отбасы ішінде ғана сөйлесуі мүмкін. Бірақ, ол қазақ тілінің қолдану аясын тарылтып қана қоймай, сөздік қорын азайтады. Білуімше, Германиядағы қазақ диаспорасы саналатын 250-ге жуық отбасы бар. Олардағы адам саны 1300-1500 арасында. Ойлай беріңіз, 250  қазақ шаңырағында қанша ұрпақ тәрбиеленіп жатыр? Мәселе: қалай тәрбиеленіп жатыр? Бұл елде жүрген біз үшін өте бір қорқынышты сауал. Жат елде, жат жерде қазақ тілінде еркін көсіле алатын, алақан жайып, дұғасын оқи алатын ұрпақ тәрбиелеу екіталай. Егер ондай ұрпақ тәрбиеленіп жатса, барша қазақ шексіз риза болар еді. Ендігі бір мәселе: ұлт санын көбейтуге Еуропалық қазақтар қаншалықты үлес қосуда?  Бұл сұрақ та адамға екітүрлі ой салады: біріншісі, өз елімізде демографиямыз өспей жатқанда, теңіздің арғы жағындағылардан не үміт, не қайыр?! Екіншісі, бір қазақ дүниеге келсе де қазақтығын ұмытпаса екен...

Еуропалық қазақтарға айтар халықтың бір ғана тілегі бар: мейлі, ет жемеңдер, қымыз ішпеңдер, мейлі, ерлерің шапан кимей, әйелдерің орамал тақпай-ақ қойыңдар, мейлі, домбыра да тартып әуре болмаңдар, тек ұрпақтарыңды «Сен – қазақтың баласысың!» деп өсіріңдер. Түпкі тектеріңді ұмытпаңдар!

Маржан ӘБІШ  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір