• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 19:35:51
Алматы
+35°

18 Шілде, 2017 Ұлы көш

«Шекарада тоналған» ананың ақшасы толықтай қайтарылатын болды

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы осы істі мұқият зерделеп, Гүлжан Мәуітханның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмағанын анықтады.

Атажұртқа көшіп келе жатып, ақпан айында Майқапшағай кеден бекетінде 50 мың доллар шамасында ақшасынан айырылған, кеденшілер тарапынан «контрабандамен» айналысты деп айыпталған Гүлжан Мәуітханның ісін прокуратура қысқартқаны туралы кеше хабарлаған едік.

Бүгін тәркіленген ақша иесіне толықтай қайтатыны туралы қуанышты хабар тарады. Қуанышты хабарға себеп болған ШҚО прокуратурасының арнайы қаулысын Facebook парақшасында Ұларбек Дәлейұлы жариялады.

«Ал, Қаны бір Қазақтарым!
Жаратушы иеміз Гүлжан апайдың көз жасын көрді. Әділдік орнады. ШҚО прокуратурасы ресми қаулы шығарды. (Оларға мың да бір рахмет!)
Қуанышымызда шек жоқ!
Аналар жыламасын, Елім дейтін ердің еңсесі түспесін!», - деп жазған Ұларбек Дәлейұлы.

Толық мәтінді ШҚО Прокуратурасы сөйлесін:

«Қытай Халық Республикасынан келген оралманның ісіне нүкте қойылды

Облыс прокуратурасы оралман Гүлжан Мәуітханға қатысты іске нүкте қойды. Шекарада кеден бекетінде алынған ақшалай қаражаты оған қайтарылатын болады.

Осы жылдың 4 сәуірінде Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға оралмен ретінде көшіп келген Гүлжан Мәуітханнан шекараның кеден бекетінде декларацияда көрсетпеген 40 000 АҚШ доллары алынған. Гүлжан Мәуітхан Қытайда өз үйін сатып, осы қаражатқа Астанадан үй сатып алмақшы болған. Ол шекара арқылы ақшалай қаражатты өткізу ережелерін білмегенін түсіндірген. Нәтижесінде, «Экономикалық контрабанда» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. 
Зайсан аудандық соты Гүлжан Мәуітханды кінәлі деп танып, 40 000 АҚШ долларын мемлекет пайдасына алу туралы шешім шығарған. Апелляциялық сатыда сот ісін жүргізу тілі туралы талап сақталмағандықтан шешім бұзылған. 
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы осы істі мұқият зерделеп, Гүлжан Мәуітханның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмағанын анықтады, себебі, Гүлжан Мәуітхан Қытайдан ақшалай қаражатты құпия түрде әкелу ниеті болмаған деген қорытындыға келді. 
Бұндай шешім қабылдауға - егде жасында Қытай елінен атамекені Қазақстанға қайтуын мақсат етіп, өмір бойы жинаған дүние мүліктерін сатып, оралман мәртебесін алып, еліне оралған Г.Мәуітханды «экономикалық контрабанда» жасады деп айыптап, оның 40 000 АҚШ доллары қаражатын тәркілеу әділетсіз екендігі негіз болды.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы»

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір