• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 20:06:51
Алматы
+35°

18 Шілде, 2018 Денсаулық

Шахановтың алғысына бөленген Құрманбек Аймолда ине салудың хас шебері

«Алматыда ине салатын қандай мықты маман бар?» деп фейсбукте жазғаным есімде.

«Алматыда ине салатын қандай мықты маман бар?» деп фейсбукте жазғаным есімде. Әріптесім Мейрамбек Таубалдиев «Осы кісі анамды емдеді. Бір жылдан асты «ауырдым» деген емес» деп Құрманбек мырзаның нөмірін жазып жіберді. Менің Құрманбек Аймолда мырзамен таныстығым осылай басталды. Ақ халатты киген абзал жанның шын мәнісіндегі жанашырлығына, аузын ашса жүрегі көрінетін мейірімділігіне тәнті болғаным соншалық қалай «ағалап» кеткенімді байқамадым. Құрманбек ағамды іздеп бүгін тағы «Шипамед» дәстүрлі қытай медицина орталығына бардым. Бір ай бұрын емін-еркін кіріп, толғантып жүрген сұрақтарымның жауабын алып жүрген мен ағамен оңаша отырып сұхбат ала алмадым, өкінішке қарай. Дәлізде дәрігердің кеңесін аламын деп отырған ауру-сырқаудың саны өте көп. Жасы да, баласы да, кәрісі де бар. Уақытым бекер өтпесін деп кезек күтіп сарғайып отырған адамдармен тілдесе бастадым.

«Сөмкем қала берсін осында. Мен темекі шегіп келейін» деді бір кісі. Аң-таңмын. Диагнозын естуден, дәрігерге қаралудан шаршаған науқастардың арасында көңіл-күйі ерекше жадыраңқы адам екен. Есімін кейінірек білдім. Қарағандыдан ат терлетіп келген Сағындық деген мырза. Омыртқааралық дискінің жарығынан отырса да, жатса да белі ауырып, ақыр аяғында жүре алмай қалған қарағандылық азамат 8 жетінің ішінде дертінен құлан таза айыққанын мақтанышпен айтып берді. «Массаж алдым, ине салды. 50 жасымда, міне, жас жігіттей шауып жүрмін» дей отыра «Сендер, жастар, компьютер мен соткаға жармасып өмір сүресіңдер. Аз қимылдайсыңдар. Содан болар ауру-сырқаусыңдар» деп сынап алуды жөн көрді. Айтқаны рас-ау...

«Алматы қаласының тұрғынымын. 2009 жылдан бері созылмалы өткір панкреатитпен алысып келемін. Ауруым ушығып кеткені соншалық, тамақ жей алмаймын. Мұны «приступ» деп атайды. Екі айлап дәм татпаған кездерім болды. Жеймін де құсамын. 93 келіден 65 келіге бірақ түстім. Жедел жәрдеммен 12 қалалық ауруханаға түскенде маған төсек-орын бөліп, жатқызып емдеуден бас тартты. Сөйтсем, гастроэнтерология бөлімі ақылы екен. «Жатып емделу құқығынан неліктен айырып жатырсыздар? Жауаптарыңызды қағазға түсіріңіздер» дегенімде ғана ем алу мәртебесіне ие болдым. «Сенің «приступтарың» өттегі екі тастан. Ота жасап, алып тастаймыз» деп үміт сыйлады. Алайда ота жасалды, тас алынды, «приступтар» жалғаса берді. Таныстарымнан «Шипамедтегі» Құрманбек мырза жайлы естідім. «Осы дәрігерден қайыр болмаса, енді не істерімді білмедім» деп үміт пен күдік арқалап дәрігерге келгенде еңсем көтерілді. Ине салдыртып, система алып, шөп дәрі ішіп жүргеніме бір аптадай болды. Аллаға шүкір, «приступым» тоқтады. Тамақ ішіп жүрмін», - деп сыр ақтарды Серік Қасымов.

«Шипамедтің» басқа клиникалардан ерекшелігі – алыстан келген адам сол жерде жатып-ақ ем ала алады екен. Былайша айтқанда қаланың күйбең тіршілігінен демаласың әрі қажетті ем аласың. Емделушілердің қатарында ақын Мұхтар Шаханов барын білгенімде таңқалысымды жасырмадым. Кеше ғана 76 жасқа келген адуынды ақынмен жүздесіп, амандық-саулық сұраудың мүмкіндігі туды.

«Жазира қызым, кел, отыр» деп қолыма өрік ұстатты. Шахановша айтсам, адамды жынды қылудың ең оңай түрі телевизор екен. «Мынаны күндіз-түні көрген адам есеңгіреп қалады. Көк жәшікті қосқаныма бір-екі күн болды. Масқара ғой» деп ренішін айтқан ақын мені көріп қуанғандай болды. Жан-жағыма қарасам, жиһазы талғаммен қойылған, ауасы кең, көлемі жағынан орташа бөлме. «Мына аллергия деген бәле болды. Осында жатып ине салдыртып жүрмін» деді Мұхтар аға. «Шипамедтің» төрінде Құрманбек ағаның сізбен түскен фотосы рамкаға салынып, ілініп тұр. Осыған дейін де бұл жақта емделіп пе едіңіз?» дегенге ақын таңданды. «Бір кездесуде түсірілген сурет болуы керек. «Шипамедке» келуім бірінші рет. Ине салатын жақсы мамандарды білемін. Бірақ мына дәрігер ерекше ұнап жатыр» деп бүкпесіз шындығын жайып салды. Мұхтар аға, несін жасырайын, көп нәрсені тілге тиек етті. Бірақ ол басқа мақаланың өзегі болса керек...

Құрманбек аға кабинетінен шығып, массаж жасайтын кабинетке бара жатыр екен. "Маған қояр сұрағың болса, қоя ғой" деді. Келесі кабинетке жеткенше бір сұрақтың ғана жауабын әрең  ала алдым. «1977 жылғымын. Қытайдың Үрімші қаласында дүниеге келгенмін. Бейжіңнің «Ине-пышақ» академиясын оқып бітірдім. 2006 жылы елге көшіп келдім» деп тарқатып айта бастағанда «жағдайы ауыр екі науқасқа ине салу керек» деп көмекшілері сөзімізді бөлді. Мақала ешқайда қашып кетпейді деген оймен дәрігердің өз парызын орындауға тезірек көшкенін қаладым.

Құрманбек Аймолда

Анда-мында сандалтып, қырық бес сараптама жасатқызып, ақыр аяғында қате диагноз қойып, ем жазып бере алмай шаршататын заманда дәрігерге барып көрінуден жүрексінетін болдым. Олардың қаталдығынан, даусын көтеріп өктем сөйлеуінен, әлденеңе, әлдекімге асығып отыруынан шошисың. Осындайда Құрманбек ағамның қазақилығына қайран қаласың. Балдаққа сүйенген ата-әжелерді құшақ жая қарсы алуынан, «апа-ау» деп диалог бастауынан тектілігі мен мәдениеттілігіне риза боласың.  Біздің қазекеңе дәріден бұрын жылы сөз керек-ау деген ойға шомдым да аялдамаға тарттым. Ертең тағы «Шипамедке» барамын... 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір