• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 18:34:08
Алматы
+35°

29 Қаңтар, 2018 Сұхбат

Сәуле Жанпейісова: Тұлпардың алдына есектің түсіп кеткені ұят

Кез келген кеш фонограммасыз өтпейтін болды. Жанды дауыста ән айту жайында ұсыныс түсе қалса, жұлдыздарымыздың есі шығады.

Дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова бүгінгі қазақ эстрадасына көңілі толмайтынын айтты. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында фонограмманы жою мәселесін тағы көтерді.

– Қазір ТМД елдерінің көпшілігі фонограммадан бас тартып жатыр. Мәселен, Әзірбайжанда мәдениет министрінің өзі әншілерін жанды дауыста ән айтуға міндеттеді. Ал біздің билік неден қорқады?

–  Нағыз таланттар бар, тек олардың жолын ашу керек. Димаш Құдайбергеннің өзі Қазақстанда жүріп танылған жоқ. Халық та, билік те оны Қытайға барып, әлгі байқауда өнер көрсеткен соң ғана мойындады. Өкініштісі, бүгінде біздің тыңдарманның құлағы бітеулі. Теледидардан кімді көрсе, соны таниды. Ал әншілеріміздің теледидарда қалай өнер көрсетіп жүргені бәрімізге мәлім. Дауыстары да, өздері де жасанды. Әрине, көрермен ондайға тез алданады. Кімнің нағыз, кімнің кемталант екенін олар ажырата алмайды. Соны арнайы органдар қолға алса деген тілегіміз бар.

Кез келген кеш фонограммасыз өтпейтін болды. Жанды дауыста ән айту жайында ұсыныс түсе қалса, жұлдыздарымыздың есі шығады.

Осы уақытқа дейін бұл мәселені көтергендер көп болды. Алайда шығып жатқан нәтиже жоқ.  Енді, міне, уақыты келген сияқты. «Сабақты ине сәтімен» демекші, бұл нәрсені ел ұмытпайды, біз ұмытпаймыз, соңына дейін күресеміз.

Кезінде фонограмма мәселесі көтерілгенде министрлік бұл процеске дайын еместігін айтқан. «Егер фонограмманы алып тастайтын болсақ, сахнамыз бос қалады», – дейді олар. Сонда біздің сахнамыз бүгінгі жұлдыздармен ғана өлшене ме? Фонограммасыз ән шырқай алатын таланттар қаншама? Сол таланттарымыз да жанды дауыспен айтпайтын болса, олар өздерін ары қарай дамытудың орнына, керісінше, өшіреді. Өнер де спорт секілді. Кез келген спортшы жарысқа үлкен әзірлікпен шығады ғой. Өнер де соны талап етеді.

– «Өнер жолы – ауыр жол» дейді ғой...

– Иә, әрине! Бірақ фонограмма арқылы біз сол ауырды жеңілдеттік қой. Қазақ эстрадасында шын таланттар жетіп жатыр. Дегенмен бәрі фонограммаға сүйеніп, әбден жалқауланып алған. Мүмкін артық проблеманы қажет етпейді, мүмкін өз-өздеріне сенбейді. Ең оңай жолды таңдап алып, сол бағыттан ауатын түрлері жоқ.

– Мына заманда бір ән айтып, танымал болып кеткен әншілердің санында шек жоқ. Әндерінің мәтіні мағынасыз. Жалпы қазақ эстрадасының «сөзі» қашан түзеледі?

– Бұл да – үлкен проблема. Қазақ радиосын Жүрсін Ерман басқарып отырғанда мен көркемдік кеңес құрамында болдым. Сонда жаңадан шыққан әндерді Роза Рымбаева, Кеңес Дүйсекеев сынды кеңес мүшелері отырып тыңдайтынбыз, кейін сұрыптайтынбыз. Сөздері мағынасыз болса, қайта жаздыруға жіберетінбіз. Әннің сөзі, әуені, аранжировкасы және орындаушысы деген болады. Егер осы төртеуі тең болса, ән халықтың жүрегіне жол табады. Ал қазіргі жастардың арасында әдемі ән жаза алатындар бар, алайда сол әннің сөздеріне көңіл бөлмейді. Кейде сол мағынасыз әндер әдейі жазылатын секілді. Себебі халықтың назары ең алдымен оғаш дүниеге ауады. Орындаушылары осындай дүниелермен алға түсіп кетіп жатыр.

Шыны керек, өнер де нарыққа кірген. Нарықта кім өзінің дүниесін қалай өткізсе, солай ақысын алады. Бұл үрдіс бізге шетелден келген. Қазақ әу баста ондай емес еді ғой. Бізде биік сана, терең философия, мазмұнды-мағыналы дүниелер болды. Қарабайыр сөзге, әнге құрылған туынды атымен болмаған. Сол жолымыздан жаңылып барамыз. Мұның бәрі ақшаның соңына түсіп, атақ қуғандардың кесірінен болып жатыр.

Сол себепті өнер жолы екіге айырылған. Ата-бабаның жолымен келе жатқандар және ақша табуды мақсат етіп, өздерінше жол салып жүргендер. Ондайлардың жолы қаншалықты ұзын немесе қысқа екенін уақыт көрсетеді. Бірақ тыңдаушыға әсері тағы бар.

– Неге бүгінгі жастарымыз сондай арзан дүниеге құмар? Шын таланттар неге бағаланбай жатады?

– Совет өкіметі тұсында қазақ музыкасында біраз қиындық болды. Қазақтың тарихын, батырлығын, қаһармандығын жырлайтын дүниелерге тыйым салынды. Соның кесірінен бүгінде жыр-дастандарымыз көп айтылмайды. Бірақ тәуелсіздің ақ таңы атқан мына заманда ешкім ешкімнің қолын байлап отырған жоқ. Қайтадан шығаруымыз керек, айтуымыз керек.

Бірақ өз тыңдарманымызды өзіміз құртып отырмыз. Телеарналарда халық әндері шырқалатын бағдарлама жоқ. Оны халық қайдан тыңдайды, қайдан таниды? Халық әндерін айтатын дәстүрлі әншілердің аяғына көбіне тұсау салынып жатады, қарымы да, қаржысы да жетпейді. Сол себепті жеке кештер өткізуіне мүмкіндік туа бермейді. Ал енді «танымасын сыйламас» дегендей, дәстүрлі әншілеріміз халық арасында онша атақты емес.

Сол үшін телеарналардан халық музыкасына арнайы сағат бөлінуі керек. Мұны да  мәдениет министрлігі шешуі керек. Министрліктің қаржысы кімге кетпей жатыр? Тіпті, Қазақстанда өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде бір де бір дәстүрлі ән айтылған жоқ. Біздің кешегі Әміре Қашаубаевтың өзі Францияда, Германияда ән шырқаған. Ал біз мына тұрған Астананың сахнасына шыға алмадық. Есесіне, шетелдің бар жұлдызын шақырды. Кетіп жатқан шығын. Сол қаржыны неге қазақтың игілігіне бөлмеске?

Шыны керек, дәстүрлі өнердің тыңдаушысы ауылда ғана. Қалада бар шығар, алайда бірен-саран. Телеарна түгел шоуға тұнып тұр. Танымдық бағдарламалар жоқтың қасы.

Енді айтыңызшы, бізден кейінгі келе жатқан ұрпаққа не қалдырамыз? Әлгі «Аллоны» ма, әлде «Жоқ-жоқты» ма?

Сол дәстүрімізді, қазақтығымызды елге таныту өз мойнымызға жүктелді. Ауыл-ауылды аралап, тұрғындарына концерт қойып берсем деген арманым бар. Негізі ол – арман емес, міндет.

– Өз салаңыздағы билік тізгіні қолыңызға тисе, ең бірінші не істер едіңіз?

– Мен барлық концерттік ұжымдарға ел аралап, халықпен етене жақын болуын міндеттер едім. Ең бастысы, тірі дауыста ән шырқауларын талап етемін. Мәселен, мен бір жылдары Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылында кеш өткізіп едім. Сол кезде маған ауыл тұрғындары: «68 жылдан кейін келіп тұрған алғашқы әртіс сенсің», – деп риза болды. Соңғы рет ол ауылға Роза Бағланова барған екен. Осындай жағдайларда ғана халықтың рухын көтереміз. Біздің міндетіміз – алдымен халықтың ұлттық рухын ояту. Оның үлкен тармағы – мәдениет, оның ішінде өнер. Қазақтың нағыз өнерімен елдің әр түкпіріндегі тыңдарманды сусындатқанымыз жөн. Біздің еліміз қурап қалған егін секілді. Соны жақсылап тұрып суарсақ, шіркін! Сонда ғана қалың қазақтың сұранысын қанағаттандырамыз.

– Тек фонограммамен ән айтып, халықты алдап, сахнаның киесін кетіріп жүрген әншісымақтарға не айтар едіңіз, қалай қамшылар едіңіз?

– Айтсаң, жексұрын боласың. Айтпасаң, ішің өртенеді. Өскелең жастар – үмітіміз. Таланттың бойындағы қырлары ашылу керек, жұлдызын жағу керек. Бірақ тұлпардың алдына есектің түсіп кеткені ұят. Ұят деген дүние бірінші орында тұру керек. Есектің өзі ұялуы керек, ойлануы керек. Бірақ Құдай есекке ойланатындай ми бермесе, оған айттың не, айтпадың не, бәрібір.

– «Дәстүрлі өнердің өз шаңырағы болсын» деп жүрген жандардың бірі болдыңыз. Енді, міне, «Аманат» өнер студиясы ашылып, дәстүрлі әншілерді дайындай бастады. Арманыңыз аз да болса орындалған секілді.

– Иә, былтыр ғана «Аманат» өнер студиясының бір жылдығына орай «Алатауды жаңғыртты домбыра мен комузым» атты қырғыз-қазақ концертін өткіздік. Бұл жоба ертеңгі жас өнерпаздарға үлгі ретінде ұйымдастырылды. «Аманат» өнер орталығы бабадан қалған өнерді жалғастырып, жас жеткіншектерді тәрбиелеуде талай жұмыс атқарды.

Аманат өнер студиясы

«Дәстүрлі өнердің осындай орталығы болса» деген арманым көптен бері көкейімде жүретін. Қанша жыл бойы аузымыздың суы құрығанша айттық, алайда ұсынысымыз қолдау таппай келді. Қолдау болмаған соң өзімнің қимылдауыма тура келді. Сөйтіп, Астанаға барып, «Аманат» өнер орталығын аштық. Тап сол кезде Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театры ашылып, бірден осында келдім. Содан бері осындамыз. Бізге Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қолдау білдірді. Ол кісіге алғысымыз шексіз.

Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театрын ашқанымызбен, әлі де көп шаруа қолға алынбай келеді. Тек бір жылдығы қарсаңында театрдың басшылығына жыршы Берік Жүсіпов келді де, бір жылдық фестивалімізді өткізіп алдық. Оған жан-жақтан 144 бала келді. Қырғызстаннан екі ансамбль, Якутиядан бірнеше өнерпаз қатысты.

Аманат өнер студиясы

Түбі бір, діні бір елдер арасында осындай фестиваль ұйымдастырып, достығымызды нығайтуды көздедік. Сол кездегі Атамбаевтың мәлімдемесі де бізге тосқауыл болған жоқ. Елбасымыз айтқандай, «Басшылар келеді, кетеді, ал екі елдің халқы қалады».

Тек осындай дәстүрлі өнердің билік тарапынан қолдау таппай отырғаны көңіл қынжылтады.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір