• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 17:44:41
Алматы
+35°

20 Қазан, 2017 Денсаулық

Сарбаздардың  денсаулығы Отан қорғауға жарамды ма?

Олардан сұрмергендер тәрбиелеу қиын екені сөзсіз.

 

Еліміздегі  қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі денсаулық сақтауды дамытудың  2016–2020 жылдарға арналған  «Денсаулык» бағдарламасының  шеңберінде қызмет етуде. Бұл бағдарламаның басты бағыттарының бірі – тұрғындардың инфекциялық және әлеуметтік маңызы бар инфекциялық емес ауруларға, психикалық денсаулықтың бұзылулары мен жарақаттанушылыққа  санитарлық-эпидемиологиялық  қадағалау жасау болатын. Күз басталысымен  облыста  әскерге шақыру кезеңі басталды. Еліміздің Қарулы Күштеріне біздің өңірден қыркүйек-желтоқсан айларында 800-дей адам әскери қызметке қабылданбақ. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментіне қарасты жергілікті әскери басқару құрылымдары қыркүйектің 2-сінен бастап 200-дей адамды ҚР ҰҚК шекара қызметіне шақырған. Алайда барлығының бірдей денсаулығы Отан қорғауға жарамды емес екен. Күзгі мерзімді әскери қызметке шақырту қағазын алған азаматтар, оның ішінде жасы 18-27 аралығындағы жастар қазіргі уақытта медициналық тексеруден өтуде. Қорғаныс істері жөніндегі облыстық департаменттің медициналық қызметінің басшысы, майор Жасқайрат Нұрышевтің сөзінше, әскерге шақырылушылар арасында салмақ жетіспеушілігі көп кездесуде.

– Жасөспірімдер энергетикалық сусындар мен кока-кола өнімдеріне, тәтті шырындар мен фаст-фуд тағамдарына әуес.  Олардың бойы тез жетіледі де, салмақ өлшемі сәйкес келмей жатады. Бір жағынан,  қаназдық дертіне шалдықаны да белгілі болады. Әскери міндетін өтеуге құлшынғандар ағзаға пайдалы дәрумендері мол тағамдарды қорек қылуы керек, – деді Жасқайрат Нұрышев.

Дәрігерлердің айтуынша, әскерге шақырушылардың 25 пайызының көру қабілеті нашар болады екен. Оның бір себебін интернетті пайдаланушылардың қатары күннен-күнге көбеюмен байланыстырады. Қазақстанда оқушылар мен студенттер белcенді пайдаланатын «ВКонтакте» мен «Instagram» желілеріне 2 миллионнан астам адам тіркелген. Виртуальды әлемге құмар балалар смартфон мен компьютерге телміріп өседі. Олардан сұрмергендер тәрбиелеу қиын екені сөзсіз. Смартфондарды қандай қалыпта болмасын, қолдануға ыңғайлы жасалуы жас өркендердің омыртқасының қисық бітуіне де әсер етуде. Одан туындайтын түрлі дертті айтпағанда, сапта сымдай тартылып тұруы тиіс жауынгер сымбатына күжірейген жауырын мін болары анық. Денсаулық нысандарында жаңа технологиялардың жетіле түсуіне байланысты компьютерлік диагностикадан өткен жастардың ағзаларында ми, омыртқа, жүрек-қан тамырлары ауруларының белгілері бар екені ерте байқалған.

Соңғы уақытта әскери міндеттілер арасында жи кездесетін артосклероз ауруы азайған. Сонымен қатар, бұрын әскерге жарамсыз деп тануға себеп болатын аурулар қатары қысқарған. Мәселен, майтабан ауруының І және ІІ дәрежесі сарбаз денсаулығына кінарат болып деп саналмайды. Көру қабілеті нашарлағандарға да белгілі бір жасаққа қабылданады. Әрине, алдын ала  жан-жақты медициналық талдау жасалады. Жәнібек, Бөкей ордасы, Қаратөбе ауданындарында медициналық куәландырудан өткен азаматтардың көбінің бойы аласа болатыны байқалған.

Әскери міндеттілер нашақорлыққа қатысты тестілеуден де өтеді. «Биыл үш адамның есірткі тектес заттарға үйір болғаны белгілі болды. Біреуі анаша шексе, біреуі насыбай атқан, енді бірі мойындамады. Олар – нашақорлар емес. Бірақ әуестіктікпен  «дәмін татқан», – деп түсіндірді Жасқайрат Нұрышев. Оның айтуынша, наркодиспансерлік есепте тұратындардың тізімі қорғаныс істері жөніндегі құрылымдарға алдын ала беріледі.

Медициналық куәландыру облыс орталығында 12 бағытта жүргізілуде. Аудандардағы медициналық комиссия құрамында 7 дәрігер қызмет етеді.

Айта кетейік, облыс бойынша 27 мыңдай адам әскери есепте тұр. Былтыр 12 мың адам медициналық куәландырудан өткен. Дәрігерлер 80 пайызының денсаулығын әскерге жарамды деп таныған. Өткен жылы 1500-ден астам жігіт армияға аттанған болатын.

 Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір