• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 03:44:59
Алматы
+35°

18 Қаңтар, 2018 Әлеумет

Сақ болыңыз! Телефоныңыз тыңдалуы мүмкін

Қазір смартфонға телефонмен сөйлескен әр адаммен әңгімеңіз диктафонға жазылады

Ұялы телефондағы әңгіменің жазылатыны ешкімге жасырын емес. Керек болса, арнайы қызметтер кез келген уақытта тыңдай алады.

Телефондағы әңгімеңіздің тыңдалып жатқанынан қауіптенесіз бе? Интернетте оны анықтаудың түрлі жолдары көрсетілген. Мәселен, сөйлесу кезінде телефоныңыз тез қызып кететін болса, токқа қосып қойғанда қатты ысыса, сөйлескен уақытта өз даусыңыз өзіңізге жаңғырып естілсе, қуат көзі жылдам таусылса – алаңдауға негіз бар. Әрине, бұлардың біреуі ғана сізге сәйкес келсе, ол құрылғының өз ақауынан болуы мүмкін. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ.

Былтыр құзырлы орындарға әлеуметтік желілердегі хабарламаларды оқуға рұқсат берілген. ҰҚҚ мен полиция қызметкерлері терроризмнен күдіктенсе немесе мемлекет тұтастығына қатер төнді деп есептесе, WhatsApp, Facebook сияқты мессенджерлердегі хабарламаларға қол сұғуға құқылы.

Сонымен қатар ҰҚҚ мен полиция қызметкерлері прокурордың арнайы санкциясымен күдіктілердің телефон арқылы айтқан әңгімесін қозғалған істің шеңберінде тыңдай алады.

Қазір интернетте өзге біреудің телефондағы әңгімесін тыңдауға жағдай туғызатын сайттар бар. Сұраған ақшасын төлесеңіз болды, қажет адамның телефондағы әңгімесіне құлақ тоса бересіз. Негізі Интернетте ашықтан-ашық өз қызметін ұсынатын сайттар заңмен қудаланады. Алайда мұндай бағдарламаларды жасап, жариялап жатқандар жауапкершіліктен жалтарудың түрлі әдісін ойлап тапқан.

- Интернеттегі телефонды тыңдауға арналған бағдарламалар заңсыз. Бірақ олар өз құқықтарын қорғау үшін ескерту жазып қояды. Мысалы, телефондағы әңгімесі тыңдалатын адамның рұқсаты қажет. Мұндай жағдайда жауапкершілік бағдарламаны жасап, өз қызметін ұсынғандарға емес, ол қызметті пайдаланған адамға артылады, - дейді заңгер Қайрат Жүкел.

Қазір телефонмен сөйлескен өз әңгімеңізді диктофонға жазып алуға болады. Ол үшін арнайы бағдарламаны көшіріп алсаңыз болғаны. Алайда жаңа заңға сәйкес, әңгімені диктофонға жазу үшін сұхбаттасыңыздың рұқсатын алуыңыз керек. Әйтпесе ол жеке өмірге қол сұғушылық болып саналады. Ол үшін әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз. Мұндай жағдайда моральдық шығынды өтеу жағы да қарастырылған. Әрбір Қазақстан азаматының жеке хаттары, телефонмен сөйлесуі заңмен қорғалады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір