• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:55:32
Алматы
+35°

19 Сәуір, 2018 Аймақтар

Санаға - рух, жанға - жігер

Бұл – келешектің бағыт-бағдары

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының кафедра меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, «Құрмет» орденінің кавалері Гүлдана Сапарғалиеваның Алматы ақшамы газетінде Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақалсына қатысты мақаласы жарық көрді. Назарларыңызға аталмыш мақаланы ұсынамыз.

Біздің ұжым да Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын еліміздің бүгіні мен келешегіне берген нақты тапсырмасы деп қабылдады. Бұл – келешектің бағыт-бағдары, Қазақстанның болашақ өнер майталмандарын отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, эволюциялық жолмен дамуға, олардың сана-сезімінің ашықтығына тәрбиелеу. Ол – ғылым мен білімге, дүниежүзілік озық жаңалықтарға қабілетті мамандарды даярлау. Жаңғырудың басты шарты – санаға рух, жанға жігер беру.

Қазақстан Республикасының одан әрі қарай жетілуіндегі басымдықтардың бірі – интеллектуалды ұлт қалыптастыру. Еларалық байланыстарды нығайту, яғни басқа мемлекеттердегі өнер оқу орындарымен байланыс орнату, тәжірибелік, профессор-оқытушы қауымы аралық қарым-қатынас жасау, студенттермен алмасу, оқу-бағдарламасын қайта қарап, әлемдік оқу жүйесіндегі жаhандық оқу бағдарламаларымен сабақтастыру – біздің Өнер академиясының негізгі стратегиялық бағыты. Сонымен бірге, әлеуметтік болмыстың барлық негізін шарлап өтетін құбылыс ретіндегі мәдениет атты феноменнің терең қабылдануы – гуманистік қарым-қатынастың әлеуметтік-мәдени үдерісінің басты мақсаты ретінде қалыптасуына еңбек ету.

Дәстүрлі халық шығармашылығы мен орындаушылығының осы үдеріске өз  инновациялық жаңалықтарымен, ізденістерін дамыта отырып, әрі қарай әлемдік тұрғыда танылуға талпынуы бүгінгі күннің міндеті. Қазіргі білім берудің басты  бағыты – қайбір салада болмасын кәсіби маман даярлау ғана емес, түрлі ұлт өкілдерімен қоса жаhандық этностармен мәдени қарым-қатынасқа дайын гуманистік, демократиялық, адамгершілік, ізгілік құндылықтарына негізделген, мәдени және ұлттық толерантты, яғни төзімділік қоғамында өмір сүруге қабілетті және дайын «кәсіби білімі шыңдалған мәдени адамды» даярлап шығару болып табылады.

Өнер академиясында еңбек етіп жүрген профессор-оқытушы қауымы рухани құндылықтарды бойына сіңірген, болашақта бәсекеге қабілетті бола алатын мамандар дайындап шығару жолында тер төгіп жүр.  Біздің «Жеке ән салу» кафедрасы осы мақсатта студенттер арасында 10 бағытта: патриоттық; отбасылық; рухани-адамгершілік; саяси-құқықтық; лидерлік сапа; экологиялық және еңбек тәрбиесі; интеллектуалдық тәрбие; салауатты өмір салты тәрбиесі, полимәдени тәрбие, діни тәрбие негізінде ауқымды жұмыстар жүргізуде. Біздің жастар өте белсенді.

Жастарға сенетінін ылғи айтып жүретін Нұрсұлтан Назарбаев күні кеше сөйлеген сөзінде рухани жаңғыру аясындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, «100 жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі рөлі зор екенін айтты.

– Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті, – деген Елбасы бұл шараның бүкіл әлеуметтік-гуманитарлық сала үшін маңызды екенін айтып, оның бірқатар ерекшелігін атап өтті.

– Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Бұл кітаптармен танысуға мүмкіндік алған жастарымыз көп емес, – деген Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылған кітаптар қазақ тіліне түпнұсқадан аударылғанын айтты.

– Бұл – ауқымды энциклопедиялық ізденіс арқылы адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын кезең. Бүгінде зияткерлік даму үдерісінен туындаған тың серпіннің арқасында рухани революция бастау алып келеді, – деді Елбасы. Мемлекет тарапынан жасалып отырған осынау мол мүмкіндіктерді біздің өзіндік көзқарасы, пікірі бар сергек ойлы жастарымыздың дұрыс пайдалана алатынына сенемін.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір