• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 05:19:06
Алматы
+35°

14 Қараша, 2017 Әлеумет

Сән салонындағы оқиға... Сұлу болғанша, бақытты бол!

Әйелдер ең жиі келетін жер – шаштараз бен маникюр салоны.

Жұмыстың жеңілі жоқ. Әйтсе де, әйелдер ең жиі келетін жер – шаштараз бен маникюр салоны. Шолпанның маникюр салонына жұмысқа тұрғанына ат басындай алты жыл болса да, әр әйелдің саусағын қолына ұстаған сәтте маңдайынан қара тері бұрқ ете қалады. Не әдет екенін?! Әлде, адам терісінің нәзік тұсы болғандықтан ба екен? Әйтеуір, осы бір ішкі қорқыныштан еш арыла алмай қойды. 

Не түрлі саусақ ұстайды десеңші?! Быртиған, қисайған, көн тері тырнағын көміп қалған. Қырықтан асқан әйелдердің аптасына екі рет келіп, миын қағып алатыны тағы бар. Соларға апталық әрлеудің неге жетіспейтіні өздеріне ғана аян. Әлі бояуы ұшып, еті өсіп үлгермеген саусақтарды ұстағанда, қара тері көлдей аға жөнеледі. Арасынан саусақтары сүйріктейіне кездесе қалса, жібіткіш салынған жылы су ішінде сүйрік саусақтарды сипалай бергісі келетіні тағы бар. Қойшы әйтеуір, қым-қуыт әйелдер нөпірінен тұншықпай, жағаға шығуға арпалыспен уақытың өтеді. Бір ғажабы, саусағын ұстаған сәттен-ақ, әйел шіркін құлағы мәңгілікке бұралған радиоша сарнап қоя беретіні?.. Әдемі сөйлейтіндерге өзің де қосыла кетесің. Ал, былш-былш сағыз шайнап отырып сөйлейтіндері?.. Быррр.... 

Алғашқы жылдары әр әйелдің әңгімесіне құлақ асып, бірге талқыласып, кейіне күйіп-пісіп, ақылын тыңдамағанға шат-шәлекей боп жататын. Уақыт бәрін орнына қояды екен. Бүгінде, саңырауға айналды. Тыңдаған болып, отыра береді. Жұмысы біткен соң, бетіне жәймен жымия қарайды. Сол да жеткілікті. Тырнаққа жаққан бояуын үпілеген күйі кассаға қарай қайқаңдай бастайды. Жұмыс аяғы жақындап қалған кезде, толықша келген әйел келіп, алдына жалп етіп отыра кетті. «Кезекті тетіксіз радио сайрайтын болар ?» деген ойы далаға кетті. Үндемейді?! Быртиған саусақтарын ретке келтірудің қияметін ойлағаннан, Шолпанның көңіл-күйі бұзылып шыға келді. Амал жоқ. Жоспарды орындау деген пәлекеттен асып кете алмайсың. Бір қолының жартысын аяқтауға жақын. Быртиған саусақты әйел үнсіз?.. Іштей таңданған бойы жұмысын жалғастыра берді. Тырс... Быртиған қолға тамшы тамды... «Суымды шашыратып алдым ба?» деген оймен қасындағы еріткіш құйылған тостағанға қарап еді, орнында тұр. Екінші тамшы... Қайдан тамғанын анықтамақ болып көзін көтеріп қарап еді, көргеніне таң қалды?! Быртиған саусақтардың иесі үнсіз жылап отыр?! Жөпелдемеде не айтарын білмей сасқан Шолпан, кідіріп қалды. Жылауық әйелдің талайын көрген. Бірақ, тап мынауша үн-түнсіз жылағанын алғаш көруі. 

-Кешіріңіз... Сізге не болды? – деген сұрағы, үнсіздік әлемінде тұншықты.

Не де болса жұмысын тезірек аяқтағысы келіп, жылдамдата бастады.

-Мен оған көрсетемін?!

Мылқау әйелдің дүңк еткен дауысынан, Шолпан селк етті. Қорыққанын білдіргісі келмей, үнсіз жұмысын жалғастыра берді.

-Әдеміліп істеңіз!.. Мен бүгін ең сұлу әйел болуым керек?!

Түйенің жарты етіндей етшең әйелдің мына сөздері күлкісін шақырса да, күлмеуге тырысып бақты.

-Білгіштердің айтуынша, әйел біткен шетінен сұлу дейді?! Білгендіктен айтатын болар... Сіз... – дей бергені сол екен, - Өтірікті соқпаңыз?! Мен ол топқа жатпайтынымды білемін. Әттасы?!.. Құдай бермесе-бермей-ақ қойсын?! Сіздер ақшама ең сұлу әйел етіңіздер! Қанша ақша керек, алыңыздар! Бірақ, ана албастыдан әдемі болайын?! – деп, быртиған саусақтың иесі шәт-шәлекей болсын?!
Не де болса, әлдекіммен арада бақастық барын түсінген Шолпан, алдында отырған әйелдің шынымен кіріскенін көріп, ішін түрткен сайтан күлкісін әрең тыйып;

-Әрине?! Біздің сән салонынан ең сұлу әйел болып шығатыныңызға сеніңіз?! Өз басым, мына саусақтарыңызды тек бриллиант тағатындай әрлеп беремін, - деп, сөзінің шындығына көзін жеткізгісі келгендей жұмысын жалғастырды. 

Тап сол сәтте «Жансәулем?!» деген еркектің құлаққа майдай жағымды қоңыр дауысы естілді. Шолпанның қолы еріксіз кідіріп, дауысқа құлағын түре қойды. Бұрылып қарауға, алдында отырған нән әйелден бата алмай, жұмысын жалғастыра түсті. Нән әйел үнсіз. 

-Жансуәлем-ау, «әу» десең қайтеді?! 

Дәл құлағының түбінен естілген дауысқа басын көтере қараған Шолпанның алдында, қапсағай иықты, қарасаң көз тояттардай бойшаң жігіт ағасы тұрды?! Таңырқағаннан Шолпанның тілі байланды. Нән әйел үнсіз, долданып жылап отыр. Көздің құртындай жігіт ағасы нән әйелдің иығына қолын жәймен салып; - Жансәулем-ау, іздеп жүріп әрең таптым ғой сені?! – дей бергені сол екен, алдында отырған нән әйел;

-«Сәнияшты» көрсетемін саған?! Түбіркілез ауруынан тұрғандай тырқиған Сәнияға «Сәнияш» деп үзілесің де тұрасың?! Мен сенің «Сәнияшыңнан» асып түспей тоқтамаймын?! – деп, бұрқан-тарқан болды.

Көркем еркек ашуға басатын шығар деген ойы далаға кетті?!

-Жансәулем-ау, алтындай бес бірдей бала сыйлаған сенің қасыңда Сәнияш дегенің кім болыпты?! Мен оны жәй, берген тапсырмамды тас-түйіндей орындайтын қабылетіне бола сыйлаймын ғой. Жансәулем, жер бетінде сенен асқан сұлу бар деп кім саған айтты?! Мен үшін, әлемде сенен асқан ажарлы әйел жоқ! – деп нән әйелдің құлағының түбіне арша бойын иіп, нәзік иіскеді!..

Нән әйелдің көңілі бірден жадырап сала берді. Айнала тұрған әйелдердің көздерінен алуан түрлі пиғылдағы «оттар» шашырады. Күні бойы айнаға қараумен әуреге түсетін кассир келіншек: «Сұлу болғанша – бақытты болып дүниеге кел»?! – деп, күрсініп салды.

Шолпан жұмысын аяқтады. Нәтиже ойынан шықты білем, нән әйел сығырайған көздерін сықсита күлімсіреді. Әйел көздерінде теңізден терең мейірім барын Шолпан сол кезде ғана байқады. 
Бақытты екі жан, қолтықтаса сән салонынан шығып бара жатты...

Сая ҚАСЫМБЕК

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір