• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 11:40:55
Алматы
+35°

04 Шілде, 2018 Саясат

Сағынтаев: АХҚО органдары мен қатысушылары, қызметкерлері салықтан 50 жылға босатылады

АХҚО Батыс Қытай, Моңғолия және Еуропа елдері арасындағы қаржылық-экономикалық көпірге айнала алады

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Astana Finance Days форумының пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашуылуына орай инвесторлар үшін ұлғаятын мүмкіндіктер туралы айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz Премьер-министр сайтына сілтеме жасап.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Сіздерді еліміздің кіндік қаласы — бүгінде өзінің 20 жылдығын атап өтіп жатқан ару Астанада қарсы алып отырғаныма шын жүректен қуаныштымын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Астана – бүкіл Қазақстанның жетістігі. Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адамзат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал, біз салдық!».

Жас елорда егемен Қазақстанның қалыптасуын; біздің жеңістеріміз бен жетістіктерімізді; әлемнің дамыған экономикасының топ-30-дығына кіруге ұмтылған еліміздің болашағын бір арнаға тоғыстырды. Күні ертең ерекше оқиға — болашақ қаржы нарықтарына серпін беруге бағытталған, тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі ұлттық мегажоба — Астана халықаралық қаржы орталығының ресми тұсаукесері өтеді.

Бүгінгі диалог және сіздермен кездесу аса маңызды, себебі АХҚО алғашқы қадамын енді басып жатыр. Біздің әңгімеміз, сіздердің кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңыз бізге Қаржы орталығының жұмысын дұрыс үйлестіріп, оның мүмкіндіктері мен артықшылықтарын паш етуге септігін тигізетініне сенімдімін.

АХҚО жаңа буынның қаржы орталығы ретінде құрылуда.

Ол әлемдік қаржы орталықтарының классикалық функцияларын — өтімді және теңдестірілген капитал нарығын дамыту мен жеке тұлғалардың активтерін және әл-ауқатын басқаруды орындап қана қоймай, сонымен қатар дүниежүзілік қаржы әлемінің ең перспективалы даму бағыттарындағы қызметтерді көрсететін болады.

Біз АХҚО-ны қаржы технологиялары саласындағы шешімдерді құру мен дамытуға арналған финтэк-плацдарм ретінде қарастырамыз. Мұндай жұмыстар Masterсard және Visa, Microsoft және Tai Cloud Corp компанияларымен әріптестік негізінде басталып та кетті.

АХҚО 60-тан астам ірі қаржы институттарын, сондай-ақ Жаһандық финтэк-хабтар федерациясын қамтитын R3 халықаралық консорциумінің қатысушысы болды.

Астана халықаралық қаржы орталығы «жасыл» қаржыландыру құралдарын, механизмдерін және стандарттарын енгізу үшін тиімді алаңға айнала алады. Бұл орайда, клинтек саласында Жасыл қаржылар құзыреті орталығы, сонымен қатар БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы құрылып, жұмыс істеп жатыр.

АХҚО қаржылық қызметтерінің тағы бір ерекшелігі — исламдық қаржыландыру нарығының дамуына ықпал ету. Қазірдің өзінде АХҚО базасында Азия Даму Банкі және Ислам Даму Банкімен бірлесіп қажетті құқықтық және реттеушілік орта құрылды. Биылғы жылдың соңына дейін мемлекеттік исламдық құнды қағаздар — сукуктар эмиссиясы жүргізіледі. АХҚО-ны біз болашақта исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде көреміз.

Осылайша, Астана халықаралық қаржы орталығы жеткілікті дәрежедегі ауқымды қаржы қызметтерін ұсынатын болады. Әрине, оның бұдан басқа да артықшылықтары бар.

АХҚО клиенттері мен қатысушыларына не ұсынады, қандай пайдасын, мүмкіндіктерін береді?

Біріншіден, АХҚО Еуразияның перспективалы нарықтарына шығу мүмкіндіктерін арттырады.

Қазақстан АХҚО-ны әлемдік қаржы жүйесінің бөлігі ретінде қарастырады.

Әлемдегі ақша ағынын басқаратын қаржы орталықтарының жаһандық тізбегі бүкіл жер шары арқылы — Торонтодан Сиднейге дейін, Токиодан Нью-Йоркке дейін өтеді. Олардың әрқайсысының өзіндік бірегей саласы бар.

Астана халықаралық қаржы орталығының географиялық ерекше орналасуы Орталық Азия, ЕАЭО, Күнгей Кавказ, Таяу Шығыс елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік береді.  

Сонымен қатар Астана «Белдеулер мен Жолдар» жаһандық бастамасының жаңа трансқұрлықтық бағыттарының басты тораптарының бірі болып табылатынын да ескеру керек.

Сондықтан АХҚО Батыс Қытай, Моңғолия және Еуропа елдері арасындағы қаржылық-экономикалық көпірге айнала алады.

Мұның барлығы 1 млрд астам адамды қамтитын алып нарыққа жол ашады.

Екіншіден, АХҚО-ның тәуелсіз құзыреті.

Дүниежүзінің барлық қаржы орталықтарындағы тәрізді, құқық және сот жүйесі ағылшындық жалпы құқық принциптерін ұстанады.

Арбитраж орталығы, Халықаралық қаржы соты және тәуелсіз қаржылық реттеуші ретінде Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитет құрылды.

Аталған барлық құрылымдарды әлемге танымал тәжірибелі заңгерлер басқарады. Құрметті сэр Вульф және құрметті сот мүшелері, Джадж ханым, Доман ханым, мен сіздерге Қазақстан Республикасының шақыруын қабыл алғандарыңыз үшін және сіздер шын мәнінде әлемдік қаржы жүйесінің жаңа элементі ретінде Астана халықаралық қаржы орталығының негізін салушылардың бірі болғандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Өзінің географиялық және заңды басымдықтарын АХҚО салық артықшылықтарымен, жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режимдерімен, көлік қолайлылығымен нақтылайды.

АХҚО органдары мен қатысушылары, сондай-ақ олардың қызметкерлері салық төлемдерінен 50 жылға босатылады. Олар — қаржылық және қосымша қызметтерден түсетін кірістерге корпоративті табыс салығы, жеке табыс салығы, жер салығы және мүлік салығы.

АХҚО қатысушылары АХҚО Биржасының келісімшарттары мен ережелерінде қарастырылған кез келген валютаны пайдалана алады.

65 елді азаматтары, оның ішінде ЭЫДҰ барлық елдері үшін визасыз келу енгізілді.

АХҚО Органдарының қызметкерлері мен қатысушылары және олардың отбасыларының мүшелері үшін 5 жылға дейін мерзімге арнайы визалық режим қарастырылды.

Көліктік қолжетімділігі кеңейтілді. Бүгінде Астана тікелей әуе қатынасы арқылы әлемнің 9 қаржы орталығымен байланысады. Алдағы бір, бір жарым жыл ішінде кезең-кезеңмен жаңа халықаралық рейстер ашылатын болады: Сингапур, Токио, Нью-Йорк және т.б.

Осылайша, қазіргі таңда Халықаралық қаржы орталығының бірегей жұмыс механизмі құрыБіздің алғашқы ірі қадамымыз АХҚО Биржасына аса ірі ұлттық компаниялардың акцияларын жария орналастыру болмақ.

Біз IPO-ға ұлттық экономика алыптары — «Эйр Астана», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақтелеком» компаниялары шығарылады деп жоспарлап отырмыз.

2020 жылдың соңына дейін еліміздегі басқа да аса ірі «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта», «Таукен Самұрық» және «Қазақ Эйр» компанияларының акциялары шығарылады.

Бұл — бизнес пен инвесторлар үшін бірегей мүмкіндіктер.

Күні кеше ғана Астанада әлемнің 40 елінен 500-ден астам ірі кәсіпкерлердің және инвесторлардың қатысуымен жыл сайынғы «Қазақстанға жаһандық инвестициялар мәселелері жөніндегі дөңгелек үстел» өтті.

Инвесторлардың Үкіметпен тікелей диалог орнатуы, серіктестермен пікір алмасу елімізде жұмыс істеуге жоғары инвестициялық қызығушылық бар екенін көрсетті. Дөңгелек үстел аясында жалпы сомасы $4,8 млрд 30 жуық түрлі коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

 Біз инвесторлардың мұндай сенімін бағалаймыз!

Қазақстан Үкіметі барлығыңызды АХҚО қатысушысы болуға шақырады! Қазақстан өзінің жаһандық ашықтығын және сіздермен диалог орнатуға әзірлігін растайды!

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір