• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 01:44:31
Алматы
+35°

17 Қазан, 2017 Сұхбат

Рахман Омар, актер: Бүгінгі театрда драматургия жоқ, тың дүние аз...

еатрда біренеше жыл қызмет атқарып, талай еңбегі сіңген актерларымыздың айлығы мен жас актерлардың айлығының айырмашылығы небәрі  10 000 теңге.

Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының талантты актері, белгілі тележүргізуші Рахман Омар өзінің өнер жолымен, мақсаттарымен, әрі театрдың бүгінгі деңгейі мен ақсап тұрған тұстары жайында Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

– Рахман мырза, бірнеше жылдан бері театрда жұмыс істеп келесіз. Бүгінгі театрдың жағдайы, деңгейі жайында айта отырсаңыз...

«Театр – тірі ағза» деп бекер айтылмаған. Өзге мамандықтармен салыстырғанда театрда бүгінгі күнің ертеңгі күніңе мүлдем ұқсамайды. Сонысымен қызықты. Маған алтынмен аптап, күміспен қаптап керемет жұмыс орнын ұсынып, бірақ ол жерден рухани азық ала алмайтын болсам, онда аяғымды аттап баспаймын. Себебі қайта айналып театрға келетінімді жақсы білемін.

Рас, театрдың айлығы өте аз, бірақ құдыреті мол. Адамды ұстап қалатын, баурап алатын ерекше қасиеті бар. Театрдан шығып кетіп, бірнеше жылдан соң қайтып келетін актерларымыздың бары осыған дәлел. Оның құдыретін жай сөзбен түсіндіре салу қиын, сезіне білу керек.

Жалпы, бүгінде театрдың жағдайы жоғарғы дәрежеде десе болады. Заман ағымы қалай дамып жатса, театр да қалыспай заман ағымымен жүзіп келеді. Мәселен бүгінде сахнада LED экрандардың көп қолданылуын айтсақ болады. Көштен қалуға болмайды ғой.

Замануи қойылымдар да, тарихи қойылымдар да қойылып жатыр. Тек бір мәселе бар – бізде драматургия жоқ. Заманға сай жазатын драматургтер жоқ емес, бар, бірақ өте аз, некен-саяқ. Бәрі қайлатанады, тың дүние аз. Осы жағынан ақсау бар. Ал жалпы алғанда, театрдың тыныс тіршілігі жаман емес.

– Рахман Омарды тұлға ретінде ашсақ... Рахман Омар тұлғасының қалыптасу кезеңі қалай жүрді? Дүйім жұртқа сіз тележүргізуші ретіннде де, театр актері ретінде де таныссыз.

Негізі адам баласы болашақта кім болатынын білмейді ғой. Бірақ ананың сүтімен, әкенің қанымен даритын қасиет, түйсік болады. Сол адамды адастырмай, қашан да алға жетелеп отырады. Ең бастысы, адамды қалыптастыратын – қоршаған орта, қоғам. Адамның қоғамда қандай да бір орнын табуы, таба білуі қоршаған ортасына және өмір жолыңда кездестірген адамдарына тікелей байланысты. Ал менің өмір жолымда кімдер кездесті? Мектеп бітіргеннен кейінгі Т. Жүргенов атындағы өнер академиясындағы ұстаздарым, осы театрға жас, албырт шағымда келген уақытымды кездестірген Әмина Өмірзақова, Қасым Жәкібаев, Алтынбек Кенжеков, Досхан Жолжақсынов сынды тұлғалардың енді ғана көзін ашқан балапан актерға берген әсері, ақылы менің тұлға болып қалыптасуымна септігін тигізді.

Әмина Өмірзақовамен бір сахнада ойнадым деп мақтана аламын. Бүгінде оның өзі аңыз секілді. Сонымен қоса, Лидия Кәденова, Қадырбек Демесіновтармен ойнап жүрмін, бұл мен үшін үлкен мақтаныш.

– Тележүргізушілік жолға қалай келдіңіз?

Менің өмірімде кездейсоқ жағдайлар өте көп. 2000 жылдары «Мың бір мақал, Жүз бір жұмбақ» бағдарламасы түсірілер уақытта бәрі дайын, тек дұрыс жүргізуші табылмаған еді. Ал ертеңгі күні бағдарламаны көрсету керек. Сонда институтта менің жетекшім болған, әрі Хабар арнасында стилист болып істеген Асылбек Ыхсанов деген ағамыз бірден мені ұсынған екен. Сөйтіп, аяқ асты маған хабарласып, «осында кел, Қайнар Олжаев ағаң шақырып жатыр» деген соң, жүйіткіп арнаға жеттім. Барсам, студия дайын, тек мені күтіп отыр. Маған мәтінді ұсынып, көз жүгіртіп шығуыма екі сағат уақыт берді. Есім шыққан мен бір Аллаға, кейін өзімнің қабілетіме сеніп, тапсырманы өзімнің де, маған сенім артқан адамдардың да ойындағыдай алып шықтым. Кейін бұл бағдарлама мен үшін жазылғандай болып кетті ғой, халықтың көзіне де солай сақталып қалды. Сөйтіп телевидение саласындағы өз орнымды таптым. Одан кейін де бірнеше бағдарламаларды жүргізіп келемін.

– Театрда ойнау мен киноға түсудің айырмашылығы қандай?

Айырмашылығы жер мен көктей. Кино театрға жетпейді. Театрда бір қойылымның өзіне 2-3 ай дайындаласың, образға кіресің, рөлді сезінесің. Ал кинода мүлдем олай емес. Дегенмен киноға әзірге жолым ашылған жоқ. 50-60 жастан кейін де кино саласында жұлдызы жанып жатқандар бар. Сол сынды киноны менің әлі алмаған белесім деп білемін.

–Театрда сомдайтын рөлдеріңізді өзіңіз таңдайсыз ба?

Жас актерларға рөл таңдау мүмкіндігі берілмейді. Ал қалыптасқан, еңбегі сіңген, тәжірибесі бар актерлармен режиссерлар санасады, ақылдасады. Бірақ ондай жағдай жиі бола бермейді. Ол режиссер мен театрымыздың көркемдік жетекшісі екеуінің арасындағы шешілетін мәселе.

– Өзіңізге қандай образ жақын?

Берген рөлді алып шығу – біздің мақсатымыз, міндетіміз. Бірақ кейбір актерлардың өзінің ампуласы болады. Бірі комедиядан бағы ашылып, жанып жатса, трагедия, драмаға келгенде ақсап қалады. Ал менің жолымда комедия да, трагедия да, мелодрама мен драма да болды. Бәрін жоғары деңгейде алып шықтым деп айта аламын. Оның бағасын әріптестерім мен көрермендер ғана береді.

Дей тұрғанмен, жаныма жақыны – комедия жанры. Себебі комедияда адам импровизацияға бара алады.. Ал драмаларды, әсіресе тарихи драма болса, импровизацияға бару, сөз қосу үшін аса сақтық қажет.

– Образды жеткізуде қиындықтар кездесе ме? Бір рөлді алып шығу үшін, образға кіру үшін актер не істеу керек?

Шыны керек, менің өмірімде қандай да бір рөлімді алып шыға алмадым, ойнай алмадым деген өкініштер болған емес.

Жалпы, кез келген актерде әртістік бақылау, зерттеу деген болады. Бізге берілген образ автордың қиялынан туған образ. Соған ұқсас келеді-ау деген образды даладан, адамдардан іздейсің. Кей кездері өзге актерлардың ойынан ұрлайсың. Мұның бәрі адамның қиялына, ізденімпаздығына, фантазиясына байланысты деп білемін. Алдымен өзің іштей бірнеше мәрте дайындалып, режиссерға бірнеше нұсқасын көрсетесің. Әр күні келіп, өз қалауыңша ойнайсың, өзіне ұнағанын режиссер таңдап алады. Режиссер ақылды болса, актердың таңдауына еркіндік береді.

– Театр актері үшін ең керекті қасиеттер...

Ең керектісі – ішкі тәртіп, білім, оқу, іздену және еңбекқорлық. Осылар ғана.

– Театр сахнасында жүрсіз, киноға да түсесіз, тележүргізушілікпен айналысып, салтанатты іс-шараларды да жүргізіп үлгересіз. Осының бәріне уақытта қалай табасыз?

Шынымды айтайын, мен – жалқаумын. Бұдан да үлкен мүмкіндіктерге, биіктіктерге қол жеткізуім мүмкін еді, бірақ мен – жалқаумын. Әйтеуір, үлгеруге тырысамын, бірақ жалқау адамдардың қатарына жатамын.

– Болашаққа жоспарыңыз қандай? Өнер жолын жалғастырасыз ба?

Жас келе ақыл да кіре бастайды. Бүгінде жасым 44-те. 50-лерге таяғанда ұстаздық етуді ойлап жүрмін. Алайда ұстаздық ету үлкен дайындықты, қажет етеді. Балаға берерің, айтарың болу керек. Өзімді осы ұлы жолға дайындап, 50-лерге жақындағанда мақсатымды жүзеге асырсам деймін.

– Егер өнер әлеміне келмесеңіз, бүгінде Рахман Омар кім болар еді?

Саяхатшы болар едім. Мүмкін телевидение саласында саяхатқа байланысты  жеке бағдарламам болар ма еді...

– Рахман Омар отбасында қандай адам, қандай әке?

Отбасында өте ақкөңіл адаммын. Балаларымды қатты жақсы көремін. Көп әкелерді көремін, әкенің образын сомдап жүрген. Ал мен дос болғанды жөн көремін. Оларға бұйырып сөйлемеймін, бәрін ойын арқылы жеткіземін. Сонда балаң да саған сөз қайтармайды, әрі көңілді жүреді. Бәйтерегің түзі өсу үшін шыбық кезінде тәрбиелеу керек қой. Ағашқа суды махаббатпен құю керек, оның қайтарымы міндетті түрде болады.

– Өнер саласынан бөлек, ел білмейтін әуестігіңіз қандай?

Мен – аңшымын. Аңға жиі шығып тұрамын, құс атқанды жақсы көремін. Воллейбол ойнаймын. Және орыс моншасын жақсы көремін. Одан бөлек Алакөлде жеке пансионатым бар. Өзім сол жақтың тумасымын. Менің саяхатым – ауыл мен қала арасы. Алакөлге барып демаламын да, қалаға келіп қайта жұмысқа кірісемін. Бұдан асқан қандай демалыс бар?

– Биліктен орын бұйырса, өнер саласына қандай өзгерістер әкелер едіңіз?

Шешімін әлі таппаған мәселе көп. Өнерді ұстап отырған адам өзінің өнерінің тарихын жақсы білсе, бәрінің шешімін табар ма еді. Театрға еңбегі сіңіп, зейнетке шыққан соң қоғамға керексіз болып қалған қаншама актерларымыз бар. Олардың театрдан кейінгі өмірлері қалай өрбіп жатыр, соған біз үңілдік пе? Актер таңдау да үлкен жауапкершілікті қажет ететін мәселе. Театрдағы жас актерлардың ішінде өз орнын таппаған, бүгінмен ғана өмір сүріп жатқандары қаншама. Менің оларға жаным ашиды. Солардың көзін ашып, бағдарын дұрыстап беретін мүмкіндіктер болса деймін.

Оның бәрін тереңінен ойланудың қажеті жоқ, осындай ұсақ дүниелердің өзі жеткілікті. Сол кезде бәрі орнына келеді, түзеледі.

– Өзбекстанда билік, тіпті президентінің өзі өнер саласына, әсіресе киноға көп көңіл бөліп, қаржының көбін соған аударуда. Ал біздегі жағдай қандай?..

Алысқа бармай-ақ, актерларымыздың айлығына қарайық. Театрда біренеше жыл қызмет атқарып, талай еңбегі сіңген актерларымыздың айлығы мен жас актерлардың айлығының айырмашылығы небәрі  10 000 теңге. Олар 110 мың алса, біз 100 мың аламыз.  Сонда олардың 20-25 жылғы еңбегі қайда қалды? Міне, сұрақтың жауабы осы жерден-ақ айқындалып тұр. Өнер адамдары кенжелеп жатыр. Театр – еліміздің рухани бет-бейнесі. Алайда өнер адамдарының тұрмыс-тіршілігі жақсы деп айта алмас едім. Оны жасырудың қажеті жоқ. Бізді ұстап тұрған – тек театрға деген махаббат.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Гүлім ЖАҚАН

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір