• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 13:26:34
Алматы
+35°

14 Мамыр, 2018 Әлеумет

Рамазан айына байланысты ҚМДБ арнайы құттықтауы

Рамазан – жақсылық айы. Оразада әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады.

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

 

РАМАЗАН – РАҚЫМ АЙЫ!

 

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 

Қадірлі бауырлар!

Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын!  

Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, бірлік пен береке тілеймін! Баршаңызға Жаратқан Ием жар болсын!

Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дастарханы рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.

Таңғы сәресі әр шаңырақ үшін қуанышты сәт болса, кешкі ауызашар ағайын мен туысты, бір қауым елді имандылыққа ұйытқан, мерекесі мен берекесі үйлескен басқосу болатын. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ғасырдан ғасырға жалғасып, жаңғырып келеді.

Рамазан – рақым айы! Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамға Алла Тағала оны мейіріміне бөлейді. Кешіргенге – кешірім жасалады.

Рамазан – жақсылық айы. Оразада әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Хадис-шарифте айтылғандай, «адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады».

Осы ретте отандастарымды материалдық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-шараларға белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Кәсіпкерлерді рамазанның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға үндейміз.

 

Құрметті жамағат!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «2018 – Ислам және отбасы жылы» деп атады. Қасиетті айда қараусыз қалған қарттар мен мүгедектерге, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға, науқас адамдарға барынша қамқорлығымызды көрсетейік, ардақты ағайын! Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа.

Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін.

 

Құрметті қауым!

Он екі айдың сұлтаны – рамазан құтты, берекелі болсын! Қасиетті айда жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыздың бірлігі нығайып, берекесі арта бергей! Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болғай! Әумин!

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір