• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 17:38:47
Алматы
+35°

23 Қараша, 2017 NEWS

Құрылысшы зары: Жарты жыл өтсе де, ЭКСПО құрылысынан жалақымыз әлі жоқ

Сәуір айынан бастап жалақысын сұрап жүрген құрылысшылар «Эстетика Мрамор» компаниясының табалдырығын тоздырды.

Қазақстанда құрылысшыларды қорғайтын мекеме жоқтығы қынжылтады. Жоғарғы білімі жоқ қазақтың ерлеріне күн көрудің бірден бір амалы саналып кеткен кәсіп - құрылысшы болу. Әдетте, ауылдарда әйелдер жұмыс істемейді, көпбалалы отбасын асырап жүргендердің көбі құрылысшы әкелер.

Тек жұмыс бергені үшін қуанып, ауылдардан қалаға келіп, жалақысын ала алмай алданып қалатындар қаншама. Екі-үш ай жұмысын істетіп алып, ақшасын беруге келгенде жүз айла тауып, құрылысшыларды сан рет сандалтатындардың жазасын кім бермек?

Тек кейбір үлкен мекемелер салып жатқан құрылыстарда ғана болмаса, өзге жұмыс берушілер құрылысшылармен ешқандай келісімшартқа отырмайды да. Оларды заң жүзінде жазаға тарту мүмкін емес болып қалады. Ал біреуді сотқа бермек түгілі, бір үзім нан таппай жүрген құрылысшылар жұмыс беруші тарапынан жасалған қандай қорлыққа болсын шыдап бағады. 

Алысқа бармай-ақ, мысал келтірсек, тіпті ЭКСПО нысандарының құрылысына қатысқан құрылысшылар жарты жылдан аса жалақысын ала алмай жүр. Бұл туралы Азаттық сайты анықтаған болатын.

Сәуір айынан бастап жалақысын сұрап жүрген құрылысшылар «Эстетика Мрамор» компаниясының табалдырығын тоздырды. Олардың жеті ай сандалуына кеткен шығынның өзі алар нәпақасына теңелген уақыт болды. Ал Астанада қалып, күтіп жүре беруге шыдамағандар ауылдарына кетіп қалғалы қашан. Олардан жалақы күткен отбасының халі қандай жағдайда екендігін ойлаудың өзі жаныңды ауыртады. 

18 жастағы Мүслім Нұритдин Астанаға Алматы облысының Бәйтерек ауылынан келген. Оның ЭКСПО құрылысына қатысқандағы мақсаты отбасын қыстан шығару үшін көмір сатып алу болған. Ол ашынып тұрып былай деді:

«Астанаға ойнап-күлу үшін емес, ЭКСПО-ны көру үшін емес, жұмыс істеуге келдік, бәрі тіршілік үшін...»

Соңғы он күн шамасында жалақы алмаған құрылысшылар Sembol компаниясы кеңсесіне күнде келетін болған. Олардың бірі, Қалімжан Сұлтанқұловтың айтуынша, әр келген сайын «Эстетика Мрамор» компаниясы өкілдері түрлі сылтаулар айтады: 

«Жоқ, қашып кетті. Келісімшартта менің рұқсатымсыз ақша берілмесін деген адам, келеді де қайта қашып кетеді, ұстай алмай қаламыз. Ол Түркия азаматы, тек атын ғана білеміз Шабан деген».

Тілшілер «Эстетика Мрамор» компаниясының басшылығымен хабарласа алмады. Құрылысшы топтың бригадирі Бахадыр Төлешовтың айтуынша, «ақшаны алған адам қашып жүр»:

«Біреуі Мәскеуге қашып кеткен, ал Қазақстанда қалғаны: «менің ешқандай қатысым жоқ, сотқа берсең де, кімге барсаң да өзің біл» дейді».

Есесіне Азаттық тілшісі компаниясының есепшісімен тілдесті. Есепші өзінің бетін бүркеп, аты-жөнін атаудан бас тартты. Ол компания басшысы Хасан Өзгенчтің іссапармен Ресейге кеткендігін айтады. Олар «Эстетика Мрамордың» жалақы беруге қатысы жоқ және енді жауапты  Sembol компаниясы екендігін айтады.

«Sembol бізге қаржы бөлмей отыр, сол себепті біз жұмысшылардың жалақысын бере алмаймыз. Егер олар төлесе біз бірден жалақыны береміз. Қанша ай өтті, маусым айынан бастап ақша әлі жоқ. Sembol тарапы ЭКСПО -да істелмей қалған жұмыстар бар екендігін айтып, соны сылтаулатып отыр».

Sembol компаниясының қаржы директоры Хайритдин аталмыш жағдайға пікір білдіргісі келген жоқ.

Бригадир Бахадыр Төлешов компанияның не үшін бұлай істеп отырғанына таңдануда, ол 33 миллион қаржыға құрылыстың салынып, соның ішінен жұмысшылар жалақысы берілу керектігін алға тартады.

Жұмысшылар Sembol компаниясын осылай қалдырмай, әлі де кеңсенің алдына жиналуын тоқтатпайтындықтарын айтады.

Бұл Қазақстанда құрылысшылардың еңбегін, төккен терін тегін пайдаланып, ақысын жеген мың жағдайдың тек біреуі ғана. Сондықтан, мұндай жағдайды болдыртпас үшін кез келген құрылыс жұмысына келіспес бұрын келісімшарт жасасу міндеттелсе екен.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір